06.02.2022
  182


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

САЯТКЕРЛІК СЫРЫ

Өткенен қалған шежіре – Паң ақсақалдан саяткерлік сырын сұрау мақсатында үйіне келіп түстік. Ұзын бойлы, жылы жүзді отағасы бізді күлімсірей қарсы алды. Ауыз үйдегі тұғырда отырған қос қаршыға «қош келдіңіздер!» дегендей дүр сілкініп қойды.


Мұғалімдердің үгіт-насихат жұмысы және ата аналармен байланыс ісімен жүретіні белгілі. Келген бойда: «Саяси науқан ғой, келгендерің жақсы, әзір жұмысты қоя тұрыңдар! Күн түс боп қалды, шай ішейік» деп, дайын асқа шақырады.



  • Паң ата, менің келген жұмысым тіпті басқа. Қазақ халқының салт дәстүрі жоғалып барады. Қазіргі жігіттер алабажақ киім киіп, шашын барынша өсіріп,


 


шет елдің «Рок» музыкасы жазылған магнитафонды арқалап, көшеде жүргенді серілік санайды. Ал қазақ халқының ежелгі қанына сіңген дәстүрінде құсбегілік өнердің бір түрі деп есептелген. Мысалы, Ақансері, Балуан Шолақ, Мәди, тағы басқа көптеген ел есіндегі атақты азаматтарымыздың бәрі де құс салып, жақсы ат мініп, сол енерден ләззат алған. Қазақ – әрі ақын, әрі әнші, әрі ағаш шебері, әрі етікші, әрі зергер, әрі балуан, әрі атбегі, әрі құсбегі жігітті «Сегіз қырлы, сері жігіт» деп атаған. Осы бір құсбегілік сынды серілік өнердің тұтқасын ұстап, өмірлік жолдас етіп келесіз, ата дәстүрін жалғастырушы жастарға саяткерлік туралы баяндап берсеңіз? - деп өтініш жасадық. Паң атаның бет бейнесі шырайлана түсті



  • Біз ол кезде бала болатынбыз, - деп, сәл-пәл ойланды да, сөзін одан әрі сабақтады.

  • Өзімізден үлкен ауыл жігіттерінің іс-әрекетіне, өнеріне, жүріс-тұрысына еліктеп қалған кезіміз. Бір күні «Досымбет қаршыға ұстапты» деген сөзді есітіп, ағаның үйіне келдім. Бізге Досекең немере ағайын болып келеді. Ағаға сәлем беріп, құсты көруге келгенімд айттым.


Жан-жаққа жалтақтап қарауымнан сезді ме, немесе бала кезден тұрымтай қайырып, салып жүргенімді көруші еді, сол есіне түсті ме, «құс көрсең, жүр» - деп, шоланға ертіп апарды.


Тұғырда көзі тігулі көк қаршыға отыр екен. Сырты қоңыр көк, бауыры ақ шұбар, тұрқы ұзындау. Қаршығаға құмарта қарағаным әсер етті ме, «Інім, құс ұстаудың айла-тәсілін үйренемін десең, ертең менімен бірге «Күйтке жүр», - деді. Аға ұсынысын қуана қарсы алдым.


«Қорғантас» тауының Солтүстікке қараған құлама тік бетін үшке бөліп, Сайрамсу аңғарына үш қырат тіке түскен. Сол үш қыраттың ең үлкені де, қомақтысы да ортаңғы қырат. Қыраттың орта белінде ат сауырындай кезең бар. Кезеңнің күн-шығыс ернеуін ала бір түп сары ағаш шыққан. Сол сарыағаштың астын кеулеп, екі адам сиярлық орны жасалған. Кезеңдегі кішкене тегіс пен сары ағаш арасы 35-40 қадам. Міне осы жер Төс еліне белгілі қүсбегі «Досымбет күйті» деп аталады. С.Мұқановтың «Халық мұрасы», Ғ.Нұрпейісовтің «Бесқара»


 


деп аталатын еңбектерінде, тағы басқа әдебиеттерде құс ұстаудың халықтық тәсілдері әңгімеленеді. Ал Досымбеттің құс ұстаудағы әдісі өзгешелеу.


Досекең қыран құстың жемге түсер уақытын екіге бөледі. Біріншісі – ертеңгі шабыт. Ол – таңның атуы мен күннің көтерілу арасы. Екіншісі – кешкі шабыт. Ол – беткейдегі көлеңке ұзарып, күннің күші кеткен мезгіл мен күн батардың арасы. Осы уақыттар арасында ғана құстар торға ұрады.


Досекеңнің тор құру әдісі де өзгешелеу еді. Бұл кісі торды әр құсқа лайықтап өзі тоқушы еді. Ұзындығы 7-8 құлаш, ені бір құлаш тор жер түстес жіптен тоқылатын. Ал енді сол торды құру әдісіне тоқталатын болсақ; сәмбі талынан кесіп алынған тор шыбықты төрт бұрыш етіп, төрт жерге қадап, айнала тұтқанда жетегіндей етіп, торды кереді. Құс ілінгенде тор құлынтайдай етіп жасайды. Тор құлағанда ғана құс шырматылып қалады.


«Досымбет күйттің» бір ерекшелігі көктемде құстар келгенде және күзде құстар қайтқанда міндетті түрде өтуге тиістей күніне оншақты қыран күйттің үстінен ұшып өтеді. Досекең осы жайды ескеріп, торға тек ұзақ тігетін. Ондағы мақсат – ұзақ ұшқыр құс. Ұзаққа тек ерен ұшқыр қыран ғана ұрады. Қырандар жеміне шамасына қарап түседі. Нашар қырандар ұзаққа әуре болмайды. Сол үшін ұзақты жазда дайындайды. Ұядан балапан кезінен алып, асырап, оны да өзіне үйретеді.


Күзде құстар қайтқанда күн шықпай күйтке келіп, торын тігіп, асыранды ұзағын тіккен торының ортасына кішкене қазыққа екі аяғынан құсбаулап байлап, сонан соң, екі қанатының топшысының астынан ұзын шыжым жіппен байлап, жіптің бір ұшын сары ағаш астына тартып қоятын. Барлығы дайын болған соң, өзі сары ағаш астына жасырынып, екі көзі аспанда болатын.



  • Мынау қаршыға, анау тұйғын, немесе тұнжыр - деп, алыстан танитын. Көңіліне қонымды құс көрінсе, құмарлықтан дегбірсізденіп, тартылған шыжым жіптің ұшын қалай сілкіп-сілкіп қалғанын өзі де сезбей қалатын. Ұшуға талпынған ұзақты қыран алыстан байқап, ұшуын тез өзгертіп, қанатын қомдап, ауаны ысқыра тіліп, ұзаққа ұрады. Қыран биіктен ұрса, торға қағылмай тіке түседі. Мұндай жағдайда адам күркеден атып шығуы тиіс. Қорыққан қыран


 


«шар» етіп, ұзақты тастай қашамын дегенде торға ұрынады. Құс жерге жақын ұшып келе жатса, онда тордың сыртына ұрады. Құламалы торға шырматылған құстың қанат, қауырсынын сындырмай босатып алу қиынның қиыны. Қыранның бір қауырсынын сындырмай алу міндет. Оралған тор көздерін құстың құйрығына қарай бірте-бірте жайымен жылжытып, қауырсынның жатысына қарай шығарады. Тордан босанған құсты бөлеп, қимылдамайтындай етіп, жіңішке иненің көзіне жылқының бір тал қылын өткізіп, құстың көзінің астыңғы және үстіңгі қабағының жиегін біріктіріп, көрместей етіп, тігіп тастайды. Ондағы мақсат – көзі көрмеген қыран қолға тез үйреніп, тез жуасиды.


Досекеңнің екінші бір тәсілі – түнде қонақтап отырған құсты тұзақтап алу. Кешкі шабыт кезінде жақсы құс жарқ етіп көрініп, тез-ақ тоятын іледі. Алған жемінің жүнін жұлып, төс етіне енді бас қойғанда, құстың қарсы алдынан жата жылжып, өз бетіне кекіре сыпырғы ұстап, әр шоқыған сайын жақындай түсіп, шамаға келгенде ұзын сырық басындағы тұзақты асқан ептілікпен мойынға салу. Мұндай әдісті ол кісі кей-кейде болмаса, қолданбайды. Досекеңнің өз тәсілі былайғы жұртқа білгірлік болып көрінетін.


Құстың алған жемін асықпай жеп, тауысып ұшуын күтетін. Тойған құс кешкі қонаққа алыс ұшпайды. Қыранның ұшуына қарап, қай жердің қандай ағашына қонатынын білетін. Үш құлаштай қызыл қайыңнан арнайы жасалған сырғауылын тақымына қыса «Құс осы ағашқа қонақтады-ау» деген жеріне келіп,


«Ә, анау ағашта отыр екен» деп, тез табатын. Ағаштың түбіне мысық жүріспен келіп, ешкі майы сіңірілген шүберегін тұтататын. Ешкі майы иіссіз, түтінсіз болады, әрі жарық жанады дейтін Досекең. Аяқ киімін тез шешіп, балағын тізесіне дейін түрініп, жалаңаяқ құс отырған ағашқа өрмелейтін. Адам жоғары өрмелегенде, қашан да болса, ағаштың қимылдайтыны белгілі. Бірақ қонақтаған құс оған әсте ұшпайды.


Егер құс ұйықтамаған болса, мойынын тартып-созып, тартып -созып отыра береді.


Белгілі межеге жетіп, ақ қылдан есіп жасалған сырық басындағы тұзақты құстың мойнына салып жіберіп, тартып қалғанда, тапырлап, құстың құлап келе


 


жатқанын көресің. Кейде құстың қонақтаған ағашын таппай, түннің бір уағында көрген жағдайда жанып тұрған оттың қасынан жай ғана табиғи дыбыс шығарсаң, құс тез ұйқысынан оянып, топшысының астына тыққан тұмсығын жұлып алып, отқа мойнын созып, таңдана ұзақ қарап отырады. Міне сол кезде оңай тұзақтап аласың.



  • Мен Сайрамсу аңғарына тірелетін Алатау сілемін үш белдеуге бөлемін. Бірінші – Сайрамсу аңғары. Мұнда майда қырандар: ителгі, қырғи, тұрымтай, жағалтайлар мекендейді. Жазда осында балалап, кейбіреулері осында қыстап қалып қояды. Ителгі ғана ұясын тасқа, басқалары ағашқа салады.


Екінші белдеу – теңіз деңгейінен 1000-1200 метр биіктікте. Бұл белдеуден негізінен қаршыға, тұйғын, тұнжыр, құсұшқыры лашындар ұшып өтеді, бірақ мекендемейді.


Үшінші белдеу – бүркіттер мекені. Осында туып, балапанын осында баулиды. Ала қанат бүркіті қыста жылы жаққа кетеді де, Сарышолақ аталатын бүркіт осында қалып қояды.


Солтүстіктен қайтқан қырандар жазық даламен келіп, шығыстан батысқа қарай созылып жатқан ақ басты Алатауға кезігеді. Таудан тіке асып дала бүркіттері, күшігендер кетеді. Ал қаршыға, тұйғын, тұнжыр, лашындар тау бөктерлеп келіп, «Шақпақ» асуынан асып, Ақсу-Жабағылының етегін ала отырып, Қазығұрттың оңтүстік шығысындағы белден өтіп, жылы жаққа сапар шегеді. Осыны ақылға салып ойланып, «Қорғантас» тауы осы құс жолындағы тау ма деп шамалаймын. «Досымбет күйттен» қолға түскен қырандардың алдына ат беріп, қолқалап алып кеткенінің куәсі болдым, -деп кәнігі құсбегі сөзін аяқтады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу