06.02.2022
  634


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

ТАБИҒАТ ЗАҢЫН БҰЗҒАН ҚАСҚЫР

Бұл оқиға Абай атындағы колхоздың жылқышыларын жай түскендей етті. Июнь айының басында, жайрап қалған құлынды көріп, қиялдары сансаққа жүгіріп, ой шырмауында болды. Көктем шыға, жайлаудағы қос бөріні бәрі де көрген болатын. Содан кейін олар көзге түспей кетті де, жылқышылар сол маңда қасқырлардың бар екенін, тайдың табаныңдай іздерінен, байқап жүрді. Малға тимеулеріне қарағанда «апаны осы жерде болар» деп шамалады.


Қасқыр апаны жайлауға шыққан малдың төңірегінде болса, ол жердің малы аман болатыны әуелден-ақ белгілі. Өйткені бөлтірігі жатқан маңайдың малына қасқыр ешуақытта шаппайды. Бұл – табиғаттың ежелден келе жатқан қалыптасқан заңы.


Әдетте қасқырлар маусымға байланысты қоныстарын ауыстырып отырады, сонымен бірге әрбір ұялас қасқыр өздері аңшылық ететін арнаулы мекенді жеке иемденеді. Әр жұп өз мекенін басқа қасқырлардан аянбай қорғайды. Осындай ерекшелігі талай дәлелденген табиғаттың тылсым заңына сүйенген құрық иелері қасқыр апанына көрші болғандарына әуелде қуанған еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Жылқышылар түн баласына колхоз малын көз ілмей қорғағанымен, жағдай қиындай түсті... Жыртқыштар күн өткен сайын малға шабуылын үдетті. Бірнеше үйдің сауын биелерінің құлынын жайратып кетті. Адамдарды ашу-ыза кернеді...


 


Қарт жылқышы, кәнігі аңшы Сиқымбай Есенбаев аңшы досы Орынбасар Әлсейітовпен ақылдасты. Бар жайды баяндай келіп:



  • Мұндай алып қасқырды өмірімде бірінші рет көрдім. Төбеті ақшыл сұр, көкжал нағыз арлан, ал қаншығы төбетінен де үлкен, нағыз барыс өзі. Июнь айының басында елең алаңда «Борлы» асуына қарай кеткенін көрген. Соңғы кезде көзге түспей жүр. Ұрланып өз қорасына шабуды әдетке айналдырып алды. Бұл әсте тегін емес. Олар табиғат заңын бұзбауы тиіс еді. Оларға бір себеп болған. Ел болып енді жауыздарды құртпасақ, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдық,- деп бір тоқтады.


Ойластыра келе, үлкен дайындықпен қос аңшы тамақтары мен қақпандарын қоржындарына салып алып, қасқырдың көзін жоюға аттанды... Олар апта бой қасқырдың апанын таппай шарқ ұрды. Ақыры көмекке көктем келді. Түнімен жауған жаңбыр таң біліне тоқтап, күн ашылды. Ерте тұрған аңшылар із кезді. Көп ұзамай-ақ бір жырадан қасқырдың ізін лай бетінен анық көрді. Олар шиыр-шиыр іздерге қарап, қасқырдың жеке меншік биелердің үйірінде Қарақасқа айғырмен түні бойы арпалысқанын да байқады. Өйткені әбден сілесі қатқан айғыр үйірін қойнауға үйіріп, алда өзі жүр екен. Жануар адамды көріп, арқырай кісінеп жіберді. Онандай жерде, ішін жаңа ғана қасқыр жарған, өліп жатқан құлынды көрді. Аңшылардың кегі қайнап қасқырды қалайда бүгін тауып, көзін жоюға бекінді.


Олар тау жолының қиындығына қарамай, көліктерін бірде мініп, бірге жетелеп қасқырдың ізіне түсті. Қанша қиналса да, екеуі бір-біріне сыр берер емес. Қасқыр ізі терең шатқалды «Борлы» сайының қалың ағашты арнасына алып түсті оларды. Сай табанына жақын ақ шоқы тастың астындағы арша тұтасып, жабағы жүндей болып ұйысып қалған екен. Із соның ішіне кіріпті.


«Қасқыр осында болса шошып шығуы керек» деген оймен «Ай, ай, айт!» деп Орекеңнің дауыстағаны сол еді, тас түбінен қалың аршаны сатырлатып, бір алып қасқыр атып шықты:


«Неге келдіңіздер?» дегендей сес көрсетіп, қалшиып тұрып қалды. Ақ сұр омырауы әлігі құлынның қанына малынып, қызыл қоңыр түске еніпті. Қас қағым


 


сәттен соң, қорқу деген ойына кіріп те шықпастан жай ғана салпаң жүріспен тау бетіне қарай тіке тырмысып, өрлей жөнелді.


Қос аңшы қасқыр жымын бойлай, қалың ағаш жапырындысының астымен еңкейе түсіп, бұтақтарды қолдарымен ысырып, қасқыр апанына әрең жетті. Апан тас астындағы терең үңгіршеде екен. Әуелде үңгір кең болған көрінеді. Кейіннен тастар құлап қуыстың аузы тарылып, адам симастай болып қалыпты. Қасқыр інінде жатқан бөлтіріктердің қыңсылы естіледі. Бірақ өздері керінбейді. Аңшылар апанның аузындағы тас-топырақты кеңейтіп, амалдап ашып, күн еңкейе бере бөлтіріктерге жетті. Олар – алтау екен. Шамасы, төрт бес апталық болу керек. Адамға айбат шегіп, ырылдап қояды...


Қаншық қасқыр әр тас тасасынан бір қылт етіп, ұлып, қайта түсіп, маңайды торуылдап, ұзап кетер емес. Аңшылар мылтықтарының жоқтығына екініп, бастарын шайқап, бармақтарын тістеді.


Қарсы беткейдегі қалың жыныс арасына құлдилап келіп, қонып жатқан құзғын-қарғаларға қарап тұрған, Орынбасар:



  • Тағы да бір малды өлтіріпті-ау,-деді.

  • Барып, көріп келші, - деген сөзбен кеткен Орынбасар біраздан соң қайтып келді де, жыныстың арасында жараланған арлан қасқырдың өліп жатқанын және шамамен он шақты күн еткенін айтты.

  • Е,е, - деді Сыйқымбай, – қасқыр неге табиғат заңын бұзды, апанының айналасына неге шабуыл жасады десем, амалсыздан ауыз салған екен ғой. Арланы өлген қаншық алысқа ұзап кете алмай, бөлтіріктерін басқа жыртқыштардан қорып, көршіге қол салғаны сол екен-деді Орынбасарға. Ол да осы ойда еді.

  • Енді бөлтіріктерінен айырылып, жалғыз қалған қаншық ызалана жынданып, жылқыға тиісуі мүмкін. Малды топтап, күзетті күшейту керек. Бір- екі күн амалдасақ, қарайлайтыны қалмаған соң, оның өзі-ақ бұл жайлаудан безіп, қонысын аударады, -деді Орынбасар өз ойын түйіндеп.


 


Шынында да аңшының айтқаны келді. Қаншық қасқыр содан бері көрінбей кетті. Кәнігі аңшылардың айтуларына қарағанда ол өз қонысын басқа жерден тапса керек.


Аңшылар апаннан алған бөлтіріктерді аудандық аңшылар қоғамына тірідей өткізіп, әр қайсысына 50 сомнан ақшалай сыйлық алды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу