Өлеңдер ✍️

  06.02.2022
  108


Автор: Светқали Нұржан

Қаңбақ хикаясы

Қарады да дүбіліскен жан-жаққа,
Әруақ бітті,
Желік кірді қаңбаққа.
Қозғап көрді тамырларын әуелі,
Табан тіреп әуелден жоқ салмаққа.
Содан кейін сайтан енді санаға,
"Атағымды асырамын далаға!.."
Ескертпесін естімеді тастың ол,
Күбірлеген: "шамала, - деп, - шамаңа!.."
Айналаны барлап біліп,
Шартарапқа шар лақтырып,
Шөп туысқа салмақ қылып,
Былай деді қаңбақ тұрып:
"Сендер, осы, мені кім деп, жүрсіңдер?
Ал, мен үшін, сендер таспен бірсіңдер.
Шығармасам атағымды алысқа,
Қадірімді жанымдағы білсін бе ел?!
Түп атамды тексеріңдер,
Тікен емен өкшені ілген.
Қозғалмайтын, сөз қонбайтын,
Сүмірейген сексеуіл ме ем!
Жапан кезіп жортақтарда,
Табанымен жан таптар ма?!
Пысқырып та қарамаймын,
Жарбай жеген - жантақтарға.
Түрлеріңе түкірдім сан,
Мен болар ең - тұқым қусаң.
Маған сәлем бере алмайды,
Мықшаңдаған мықыр жусан.
Бұрыла алман бағыт-беттен,
Кісендеулі ғаріп деп пе ең.
Аттанамын жолға түсіп,
Ата-бабам салып кеткен!.."
Қаңбақ - екем, саудаға сап сау басты,
Қарап тұрып жан-жағымен жауласты.
"Баба таудан бата алам!-деп,
Баталы ер атанам!"-деп.
Тамырларын жасқап шірік,
Топырағын тастап шығып,
Жырақтағы қарлы қара тауға асты.
"Уа, Қаратау! Кәне, маған бата бер!
Жолыма алаң болып жатыр - Отан, ел.
Бата беріп жолға сал да тергемей,
Тілеуімді іштен тілеп жата бер.
Сен жата бер, көзің алды іріңдеп,
Сендерге тән - тұралаған тұл індет.
Қайтып келем бір күндері "пірің" боп,
Жаһандағы ең желаяқ ұлың боп!.."
Бұлтпен қымтап көрпесінің жыртығын,
Көтерді Тау найзағайлы кірпігін.
Бата сұрап шошытқан нән дауыстың,
Көре алмады қандайлығын тұрқының.
"Өзі - әлжуаз, ірі шығар арманы!"
-Деген оймен тау батасын арнады.
Жолың болсын, иллаһи!.."-деп тау сонда,
Құм қолымен бетін сипап қалғаны.
Құм алақан сақалымен қауысып,
Жолаушыға бата беру тау ісі.
Бата сұрап тау жаңғыртқан қаңбақтың,
Содан кейін қалды естілмей дауысы.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу