Өлеңдер ✍️

  06.02.2022
  118


Автор: Светқали Нұржан

Кездесу

Баллада

"... Болмашы бір қызықтай оңай кеткен,
Менен жылдам құтылдым, деп, ойлап па ең?
Жо - жоқ, қалқам, сен бұлай қателеспе,
Бекер еріп жүрсің ғой жат елеске.
Жұлдызбен қаш!
Бәрібір құтқармаймын,
Жетер, енді, өзің деп жұтқан қайғым.
Мен қумаймын ізіңді, қуар жырым,
Көз жасыңмен жүзіңді суар бүгін.
Атыңды айтпай тынбаймын бұл ғаламға,
Мен осылай шыңдаймын,
Шындағанда!
Білсін, алдап аспанда ай,
Көкте Күнді,
Серттен тайып, жасқанбай кеткеніңді.
Атыңды айтам, болғанды жасырмаймын,
Басылмай-ақ кетсе де басыр қайғым.
Жаз мерекем болса да, күз берекем,
Өлеңіммен өзіңді іздеп өтем!
Қараңғыдан іздейді шырақ алып,
Табады да, жарыққа шығады алып.
Мендей жынды ғашықтан шыдам арып,
Қылығыңа ұятың шырақ жағып,
Жүзіңді ыза, жүректі күнә қарып,
Өз ісіңе жүрерсің жылап алып.
Не сезімге ене алмай, не сенімге,
Төңбекшірсің түнімен төсегіңде.
Қасіреттің қаны ұйып қабағыңда,
Кетер, бәлкім, естілмей хабарың да,
Күліп бара жатармын жанарыңда,
Бөгде жанмен отымды жағарымда.
Жүрек сенен басқаны ұнатпаған,
Сенен бастау алған-ды бұлақтағы ән.
Серті менен сенімін құлатпаған,
Адам ғана жетеді мұратқа әмән.
Жанарын - күн, қадамын гүл аптаған,
Мен басқаның жанынан тұрақ табам.
Мені қорлау - бақ па, әлде, бұл өзгеше?
Сынып түсті сыр толы мінез - кесе.
Мені мұңмен әзірше қамшылай тұр,
Тартып алам қамшыңды, сәл шыдай тұр!.
... Осындай бір жасымда жыр жазғанмын,
Жүрегімнің түбінен мұң қазғанда ін.
Жүрегімнің түбінен ін қазған мұң,
Әдеті екен жылауық бұл жазғанның.
Мені айырып ішетін үш күнгі астан,
Ол қыз кетті жырыма пысқырмастан.
Бітсе болды көзге жылт, етке желік,
Одан соң да сан қызға өкпеледік.
Азға сыйлап сезімді, көпке беріп,
Еттің өзі бүл күнде кеткен өліп.
Желісім жол салатын, аяңым із,
Шақ жеткенде жолықты баяғы қыз.
Қыз дейміз-ау, ізі жоқ қыз дегеннің,
Танымайды екенмін іздеген күн.
Көп томар бас жан-жақтан араша аулап,
Отыр екен балақтан бала саулап.
Желік пен сән - бірі жоқ баяғының,
Тек көзінде қалыпты аялы мұң.
Еске сап ем баяғы кепті кері,
"Балалардан ұят-ты..."-деп күледі.
"Оқыдың ба жырымды, саған жазған?"- дегем:
"Өлең жаздың ба маған, жазған?!"
Сәл таңырқап, баласын шетке ысырып,
Ерін іздеп далаға кетті шығып.
Мызғып кетсем мал сойып, ет түсіріп,
Қойған екен шақырып көп кісіні.
Қоштасарда: "Ауылға, деп, кел тағы."
Ұстатып жүр қолыма көк қалтаны.
Дейді: "Еліңе сәлем айт, қатыныңа,
Кигізерсің көйлекті батырыңа..."
Күйеуі тұр. Қасиды күліп басын,
Әйелінің қонақ қып "сыныптасын".
Білемін, деп, бабаңды, арғы атаңды,
Беріп әзер қоштастым бар батамды.
Келем жолда еске алып көне күнді,
Қызға жазған баяғы өлеңімді.
Шамшылын - ай сезімнің.
Шалдуаттап,
Қызға қарғыс айтыппыз сандырақтап.
Бізден қарғыс алған қыз,
Көп балалы Ана бопты,
Ырыс пен баққа жарып.
Әр тілегі нұр болып,
Хаққа дарып,
Ұлт ұясын әлдилеп жатқаны анық.
Бізді жолда қалдырып, аттап ағып,
Кеткен екен алысқа пәк балалық.
Алтын аймен жанарды аптап алып,
Кез өтіпті ән салар баққа барып.
Қызға жазған жырымды жаттап алып,
Жарым отыр үйімде жоққа нанып.
Жырды сүйген қыз бізге жар болыпты,
Оның да енді шашына қар қоныпты.
Байлап берген бір қызға бар желікті,
Саған, саған, мың алғыс, тал көрікті.
Жасыл дәурен басынан гәккулеген,
Қанатын жай,
Сен де, Бақ,
Ақ гүлменен.
Біздерге жыр туғызып,
Басқаға ұлды
Туып беріп,
Талай қыз қасқа қылды.
Сен де есіңнен шығарма,
Жас шағыңды.
Қас қағысқан қастерлі қас-қағымды.
Біздің қарғыс жұқпайды, теріс келер,
Осылай деп құптайды Періштелер.
Керісінше, алғысы майдай жағар,
Мұнысы енді-түс шындық, айдай хабар.
Қар да нәр боп дариды қайтқанда ызғар,
Мың жасаңдар,
Біз қарғыс айтқан қыздар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу