Өлеңдер ✍️

  06.02.2022
  114


Автор: Светқали Нұржан

Тірлік айнасы немесе қабірден қашу

Баллада

... Сары уыз сәби — хабарсыз екем бәрінен,
Хабарсыз екем - ажалдың тіккен кәрінен.
Талмаурап жатып, кетіпті демім үзіліп,
Болмапты пайда мал дәрігер берген дәріден.
Хикаямызды қозғайтын болсақ әріден,
Бәріне куә қара аңғар менен сары дөң.
Сұрап ем кейін "Ақ мама" деген кәріден,
Қырқымнан сонда шықпаған екем әлі мен.
Зікірін тартып,
Дем салып маған үшкіре,
Шұрқырап түсе қалыпты мамам үстіме.
Араша сұрап арабша сөйлеп кетіпті,
Жалбарынғанда Жаратқан атты күштіге.
Сол сәтте, бірақ, ести қоя ма Жаратқан,
Болмапты нышан Жаратқан жатқан тараптан.
Жым-жырт боп маңай,
Тынши да қалған кәр ақпан,
Үруін тиып жабысқан желі балақтан.
Құранын шығып қыршын да кеткен перзентке,
Наласын төгіп жаналғыш деген жендетке,
Көтеріп мені, үй ішін ертіп жөнелген,
Көмбекке аяқ баспаған таза дөң бетке.
Қиянда — қыстау, шалғайда қалған ел, бейіт,
"Періште тәнін туған жерінен бөлмейік",
Деп алып көкем, мұз қатып жүріп мұртына,
Ұядай қылып қабірімді қазған тоңды ойып.
Қылды ма қабыл Жасаған Ие батаны?
Құрауыз қапты сонда алғаш ажал апаны.
іш тартып тұрған,
Ұйтқып бір кетіп жел кенет,
Жұлып кеп алған бетіме жапқан матаны.
Осымен тәмам,
Бұрғалы ажал мылтығын
Сан ақты сулар,
Сан ашты талдар бүртігін.
Кейіннен мамам еске алып соны:
"Үңілсем
Қимылдап жатыр екен, деуші еді, кірпігің..."
Ақпанның желі соғады кейде әлі үдеп,
Ескертетіндей:
"Бізді де, бала, таны!" — деп.
Мен таусап жүрмін тірліктің ащы-тұщысын,
Мамам-дағы өткен, көкем де кеткен бәрі жоқ.
Шатынап ажал, сынғанда тірлік айнасы,
Таусылады екен адамның амал-айласы.
Қимағаныммен оларды суық қабірге,
Ешқандай желдің тимеді маған пайдасы!
Шүкірлік етіп,
Жас келіп көзге ботана,
Қараймын сона-ау қабірім қалған жотаға. 
Қабірден қашып,
Қырқымнан шығып кеткелі,
Қырыққа келіп қалыппыз біз де, О тоба!
Талай нән жатыр мекенін тауып мазардан,
Тумағың хақ та, өлмегің парыз озалдан.
Одан да кейін сан рет кеттік сытылып,
Түкті қабағы түксиіп келген ажалдан.
Жел желіп жүрген, ей, менің жұмақ мекенім,
Жел айдап кейде өзіңнен жырақ кетемін.
Жел айдап кетіп,
Желіңді қайта сағынып,
Желмая болып, пәруана болып, жетемін.
Айларды асап, жылдарды жедік жіліктеп,
Кетерміз біз де көзімізде аунап тұнық көк.
Даламның желі!
Ақырет сағат соққанда,
Тағы бір рет кебінімді менің жұлып кет! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу