06.02.2022
  423


Автор: Сарбас Ақтаев

Шежіре шертер сыр көп

 


Жасыратыны жоқ, кешегі кеңес кезеңіндегі қасаң тәртіп тұсында атамыздың затын айту былай тұрсын, атын атауға батылымыз бармады емес пе. Әкеден әрі асып, түбіңді, тегіңді түгендей бастасаң, ұлтшыл деп түп ізіңе түсті. Соның салдарынан жеті атасын білмейтін жетесіз болып шыға келдік көбіміз. Шежіре атаулыдан ата қуып оқшауланудың нышаны деп ат-тонымызды ала қаштық. Ал, шын мәнінде, шежіре дегеніміз әр бұтағынан тарих сыры тамылжып тұрған мәуесі мол бәйтерек екен ғой. Оған біразымыздың көзіміз енді ғана, еліміз тәуелсіздік тізгінін өз қолына алған соң жетті.


Шежіре түзіп, халқымыздың түп тегін айқындауды көзі ашық қазақ оқығандары өткен ғасырда-ақ қолға алған көрінеді. Осының арқасында қазақтың төре, қожа тұқымдарының шежіресі тәп-тәуір жинақталып, кейінгі ұрпаққа оп- оңды жетті. Қазақтың түп тегі туралы Шоқан Уәлиханов кезінде көлемді еңбек жазып. Онда тіпті қырғыздардың да ататегін ажыратып ол Еуропа жұртшылығына он тоғызыншы ғасырдың ортасында-ақ таныстырып үлгерген.


Қазақтың үш жүзінің шежіресін жинап, ру-ру, тайпа-тайпаның кестесін түзуді қолға алған басқа да көзі ашық азаматтардың аз болмағаны анық. Алайда олардың жиған-тергенін көбіне орыс саяхатшылары пайдаланып, тіпті деректі алған адамдарының атын атуды да қажет деп таппаған. Тек поляк жазушысы Адольф Янушкевич қана қазақтың қайдан шыққаны жайындағы аңыз-әңгімені аузынан алғаш естіген Құнанбай би туралы жылы лебіз қалдырған. Әйтпесе, қазақ қырын зерттеген еуропалықтар оның кең байтақ қойнауындағы көл-көсір қазынасы сияқты, ел зердесіндегі тарихын да тегін олжа деп білсе керек. Сондықтан бізге халқы үшін қоң етін кесіп беріп, ұлты үшін отқа түсуге де әзір болған Шоқан деректерінің маңызы ұшан-теңіз.


Шоқан қазақ төрелерінің шежіресін Барақ ханнан, кәдімгі Әз-Жәнібектің әкесі Барақтан бастап таратады. Оның өз деректерінің алтын тіні етіп алдымен Әбілғазы Баһадүр мен Қадыралғали Жалайридың еңбектерін алғаны бесенеден белгілі болып тұрады. Әдетте қазақ төрелері Ежен ханнан тарайды деген пікір бел алып келген ғой. Ал, Әбілғазы оның Тоқай Темірден де Ежен сияқты Шыңғыс ханның Жошысының Батыймен (Сайын хан) бірге туысқан баласы. Сонда Шыңғыс ханнан Жошы, Жошыдан Тоқай Темір, Тоқай Темірден Өзтемір, Өзтемірден Қожа, Қожадан Бәдік (Бадақұл), одан Орыс хан, Орыстан Құйыршық, одан Барақ туады. Қазақ хандығының іргесін қалаған, халық Әз-Жәнібек атап кеткен Әбу-Сейіт осы Барақтың ұлы. Жәнібекпен бірге қазақ хандығының негізін қаласқан Керей Сұлтан – Орыс ханның немересі Болаттың баласы.


Шоқан шежіресі бойынша, Жәнібектен Сүйік, Қасым, Қамбар, Батыр, Тоқта-Күшік, Жабай, Тұрсын, Жәдік сияқты сегіз ұл туған. Сүйік – Кіші жүз ханы Әбілқайырдың алтыншы атасы. Әкесінен кейін Керейдің баласы Бұрындықтан


 


тақты алған Қасым – атақты Хақназар ханның әкесі. Ал Жәдіктен Шығай, Еңсегей бойлы Ер-Есім және Ондан сұлтан туады. Осы арада Шоқанның «Қазақ хандары мен сұлтандарының шежіре өрмегі» деген шағын жазбасына тоқтала кеткен артық болмас. «Сонымен, қазақ сұлтандарының бір желісі аңыз бойынша қызыл жалаулы сұлтандар деген атпен Орта Азиядан ғаламат оқиғалар аңсап аттанған жалғыз атты жиһанкез жігіттен тарайды, - деп жазады ғалым. – Төрелердің бұл тармағының төл басы әнгіме төңірегіндегі Құрамадан тамыр тартатын Ұзыноқты Ондан сұлтан. Бір тойда ол артығырақ сілтеп жіберген бе, белгілі бір құрамалықтың қанын ішіп, он екі құлаш оғын алып, қара арғымағына қарғып мініп, елінен кетіп қалғанын айтыпты. Сол бетімен ол әкесінің досы Әлібекке (белгілі Төле бидің әкесі) кеп мән-жайын баяндапты.


- Жақсы-ақ жігіт екенсің, -депті бек. – Саған жаным ашып тұрғаны. Бірақ бұл жерде қалуыңа болмайды. Шу өзенінен арғы өңірде төрелер мен қожаларды қадір тұтатын бір тайпалар көшіп жүреді. Қожа бола алмассың, ал төре болып танылуың әбден мүмкін. Өйткені өжет әрі атқан оғың мүлт кетпейтін мергенсің, соларға бар да, өзіңді төремін деп таныстыр.


Сөйтіп, ол әуелі Кіші Ноғайлыға, содан соң қазақтарға барады. Жаужүрек батыр жігітті жұрт төре деп біліп, жауға шапқанда қол бастар сұлтан ғып сайлайды. Әйгілі Ораз Мұхамед – осы Онданның баласы. Осылай дей тұрағанымен «Жылнамалар» жинағынаң авторы Жалайри Онданды Тәуекел хан мен Есім ханның бауыры деп атайды» (Шоқан Уәлиханов. Шығармалар. III том. Алматы, 1985 жыл.). бұл аңызға қарағанда, Ондан Сұлтанның түбінде бір кәкір бар сияқты.


Ал Шығайдан Тәуекел мен Есім хандар туғанына еш талас жоқ. Есім ханнан


– Жәңгір (тарихтан танымал Салқам Жәңгір), Құдайменде сұлтан (Сырдақ), Қайып хан. Салқам Жәңгірден Тәуке хан мен Уәли, Бақы сұлтандар өрбиді. Уәлиден кәдімгі қанішер Абылай, одан Көркем Уәли, одан Әбілмансұр (атақты Абылай хан) туады. Бақыдан – Ибақ, одан Сұлтанбет төре. Сәулеткер досымыз Шота Уәлиханов бертін түзген төрелер шежіресінде осы дерек негізгі алынған. Он сегізінші ғасырдағы орыс саяхатшысы, кезінде Сұлтанбет төремен талай кездесіп, сұхбат құрған Иван Андреевтің жазбалаларында Сұлтанбет Көркем Уәлидің бірге туысқан бауыры Жәңгірдің баласы. Кейінгі кеңес тарихшысы Евгений Кычановтың Шыңғыс хан туралы кітабының Алматыда «Жалын» баспасынан шыққан нұсқасына берілген шежіреде ол Көркем Уәлидің Абылай ханмен бірге туысқан ұлы болып жүр. XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары жөніндегі құжаттарда да ол көбінесе Абылайдың туған бауыры деп жазылады.


И.Андреев жазып қалдырған деректерге қарағанда, Сұлтанбеттен он төрт ұл туған, олар – Орыс, Иман, Тортан, Жәңгір сұлтандар мен Сейіт, Қарабас, Матай, Қарақас, Кәрібжан, Құлшық, Шаншар, Таймас, Бышқан, Мұқыш. Тортаннан елімізге енді мәшһүр бола бастаған Қанапияновтар әулеті тарайды. Көне құлақ қариялардың айтуына қарағанда, Сұлтанбеттің сұлтан атанған ұлдарының бірі деп жүрген Тортан осы Матайдың баласы секілді. Сәбеңнің, кәдімгі Сәбит Мұқановтың қазекем жеті атасына дейін жаңылмай барады да, арғы жағын бұлдыратып, божыратып жібереді дейтіні де осындайдан айтылған ғой.


 


Дегенмен, ата тегін тірнектеп тізіп, ел жадынан жинап жүрген зерделі қарттарға да құлақ аспай болмайды. Кезінде керекулік Естай Исаұлы Сұлтанбеттен тоғыз ұл қалған деп, солардың шежіресін қағазға түсіріпті. Сұлтанбеттің үлкен ұлы, Абылай ханның жұмсауымен Қытайға екі мәрте елшілікке барған әкесі сияқты, мәмлегерлік шаруамен көрші жұртқа жиі барып тұрған Орыс сұлтан. Одан Қанғожа, Қанғожадан Тәтен, Тәтеннен Арынғазы, Арынғазыдан Бәстеми, одан Мағауия туады. Күрлеуіт руының төресі болған екінші ұлы Иманнан Жантемір мен Жантөре туады, олардан қыруар ұрпақ тарайды. Үшінші ұлы деп жүрген Тортан әулеті жайында деректер жеткілікті. Сұлтанбеттің бір ұлы Үкібайдан Серғазы, Жанғазы, Бөлтірік атты үш ұл. Бөлтіріктен Бексейіт, Күнсейіт, Сыздық сияқты үш ұл туады, олардан ұрпақ баршылық көрінеді. Ботай деген бесінші ұлдан Самат пен Таңтөре Саматтан Абылай, одан Рамазан, Таңтөреден Әмірхан. Ақтілес руының төресі болған Матайдан Айшуық, одан Мәмбетәлі мен Менден. Жолаба қыпшақ руын басқарған Құлтай төреден Бегалы деген жалғыз ұл. Одан Нұрғазы туып, Нұрғазыдан Мұқыш, Мұхамеижан, Ахметжан, Қалижан сынды төрт ұл болған. Сағал қыпшақты билеген Құлшықтан Әбәйілда мен Матақан. Құлатай қыпшақты бастаған тоғызыншы ұлы Қараштан Әбілқайыр, одан Жүсіп төре.


Тағы да Шоқан шежіресіне зер салсақ, тағылым болар біраз жайға қанығамыз. Абылай ханның он екі әйелінен отыз ұл, қырық қыз болған. Бірінші әйелі Хиуаның ханы Қайыптың қызы Қарашаш ханым. Одан ұл болмаған, екі қыз туып, біреуін Қөқжал Барақтың ұлы Дайыр ханға, біреуін Құдайменде сұлтанға берген. Екіншісі, қарақалпақ бегі Сағындық-Шуақбайдың қызы Сайман ханымнан Уәли хан туады. Үшіншісі, Қытай асып кеткен қашқар бегі Кенже сарттың қызы Бабақ ханымнан-Шеген, Рустем, Осман, Сыздық, Әбітай мен Абдолла. Төртіншісі, қожа қызы әйгілі Сарғалдақ әулиенің қарындасынан үш ұл: Тоқа, Қосым және Арық. Бесінші, Қалдан Сереннің туысы, қалмақ бегі Хошу мергеннің қызы Топыш ханымнан Қамбар мен Қасым, аты-шулы кенесары ханның әкесі Қасым. Алтыншысы, қалмақ ноянының қызы Тоқта ханымнан – Сығай, Тағай, Сүйік туады. Жетіншісі, қара қырғыздан қолға түсен Татыш ханымнан біреуі Тәукенің Тұрсынына ұзатылған екі қыз. Сегізінші – қалмақтан қолға түскен, ел- жұрт Сұлу атап кеткен Өрес ханым, одан – Шама төре. Қалған төртеуі – Сайын- Көбен, Шаған, Мүнтім, Тулақ ханымдардың бәрі де қалмақ қыздыры. Олардан бала болмай, біреуі Қарашаш, біреуі Сайман бәйбішелердің қолында жүреді. Бір ғажабы – Шоқан шежірелерінде Абылайдың қазақ ханымдары, олардан өрбіген ұрпақтар атымен жоқ. Аңызға қарағанда, оған Арғынның Атығай-Қарауыл рулары ғана алты отау көтеріп бермеуші ме еді. Атақты Арыстанбай ақынның Хан Кенеге «атаңа алты қатын алып берген Атығай-Қарауылдың баласымын» дейтіні қайда?!


Сайман ханымнан Уәлиден басқа үш ұл: Әділ, Есім, Шыңғыс туған. Осылардың ішінде көбірек зер салынып, тереңірек зерттелгені Уәли хан әулеті. Жетісу қазақтарының ханы болған, Тезек төренің атасы Әділ туралы да азды- көпті мағлұмат бар. Есімнен Шалабай, одан Жұма мен Батырхан туғаны да белгілі. Ал Шыңғыс ұрпағы жөнінде әлі қағазға түскен ештеңе жоқ. Осы әулеттің


 


Кәбира атты құйма құлақ бір келінінің айтуынан жазып алған деректеріме қарағанда, Шыңғыстан Оңтай, Сейітқұл атты екі ұл туады. Оңтайдың бәйбішесі Ұмыттық Шұбыртпалы Ағыбай батырдың апасы екен. Оңтайдан –Жанбөбек, Әлжан, Бексұлтан, Сақып, Жақып, Күшен, Адай, Әпен деген сегіщ ұл. Жанбөбектен – Мұхитан, одан Пішенбай мен Кішібай. Кішібайдан- Балтабай, Сансызбай, Наурызбай. Бұл соңғысы күні кешегі белді партия қызметкері, профессор, жағрапия ғылымының докторы наурызбай Мұхитанов марқұм. Сақыптан – Сәдуақас, Мәлгәждар, Баялы. Сәдуақастан – Жұман, Жұмабек, Мәлгәждардан – Қанат, Баялыдан – Қазыбек пен Арыстан. Күшеннен – Шабан төре, одан рахмет.


Сейітқұлдан Құрман, Байқан туады. Байқаннан туған Придон Ұлы Отан соғысында опат болды. құрманнан – Әбутәліп, одан қалған жалғыз ұл Жанбала бар өмірін ағарту саласында ұстаздықпен өткізді. Оның немере інісі Қайырлы Құрманов – Көкше өңірінің көрнекті азаматы, Бурабай курортының бас дәрігері. Жалпы Шыңғыс әулеті баурайында Көкшетау қаласы тұрған Бұқпа тауынан батысқа қарай желі тартатын Елікті тауын мекендейді. Сондықтан оларды жұрт


«Елікті төрелері» атайды.


Кенже буынынан атақты Абылай хан шыққан Орта жүз төрелерінің бірер әулетінің ата тегін таратқанның өзінде қаншама мағлұмат пен мұндалап алдыңнан шығады десейші. Шынында да, шежіре шертер сыр көп қой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Бейбіт
Бейбіт 23.11.2022 12:30
Ақтілес руының төресі болған Матайдан Айшуық. Бұл қай Матай аға?

Пікір жазу