06.02.2022
  330


Автор: Сарбас Ақтаев

Сыздық сұлтанның серіктері немесе белгісіз батырлар

Бар кінәсі кешірілгеннен кейін патша ұлықтарының кеңсесінде жауапты қызмет істеп жүрген інісі Ахмет төренің қасында тып-тыныш тұрып жатқан Сыздық сұлтан аяқ астынан уәләят орталығы – Ташкентке шақырылды. Барса, генерал-губернатор Сыр жағалап Қазалы жаққа жүргелі жатыр екен. Кінәз жер жағдайын жақсы білесіз ғой деген желеумен Сыздықтың өзімен еріп жүруін қалайтынын айтты. Әйткенмен, үлкен ұлықтың іш пікірі белгілі еді. Кешегі әкесі Кенесарының жолын жалғастырып, орыс үкіметіне қарсы жиырма жылға жуық кескілескен күрес жүргізген хан ұлының ақыры патша билігіне бас иіп, оның өкілетті өкіліне еріп жүруінің өзі отаршылдардың кез келгенге айтқаның істетіп, айдауына жүргізетінін паш етіп, жергілікті елге сес көрсетудің бір көрінісі болатын. Оны сұлтан да сезді. Сезе тұра бір жағынан бодандықтың бұғауында бұлқынған халықтың хал-жайын көзбен көріп, аужайын байқайын деген оймен қарсылық білдірген жоқ.


Сол сапарында ол тосын оқиғаға тап болды. Мыңбұлақ маңындағы бір бекетте қонып жатыр еді, түнде жалғыз отырған оған: «Ассаламағалейкум!» деп бір еңгезердей ақсақалды орыс кіріп келіп қолын ұсынды. Сосын бір қолына ұстаған табақшадағы екі бөлке ақ нан мен бір тәрелке қантты алдына қойды. Іле шығып кетіп бір стақан шай алып келді. Аң-таң қалған төре ақсақал алдына жайғасқан соң:



  • Айтшы, сен өзің кімсің? – деп сұрады.

  • Тақсыр, баяғыда Сарыбұлақтың басындағы құм төбенің үңгіріне қамап кеткен көп солдаттың бірімін ғой. Сіздің келгеніңізді естіп, жүзіңді бір көрейін деп әдейі келдім., -деді егді орыс. Сыздық оның мән-жайын, бұл жақтағы жағдайын сұрай отырып:

  • Сол ұрыста үңгірге қамалып жатқан сендірдің жаныңа сауға бердім, сыртқа шығыңдар, деп үш рет қағаз жазып жіберіп едім ғой. Шықпай қалғандарыңның себебі не? – деді сол оқиғаны еске алып.

  • Қағазыңызды көруін көрдік. Біразымыз шығып бағынатынымызды айтайық, иілген басты қылыш кеспес деп емексіп едік. Көпшілік шықсақ та өлеміз, шықпасақ та өлеміз, енді айқасар халжоқ, деп жатып алды. Көптен асып қайда барасың. Әйтеуір, жетінші күні Қазалыдан көмекке келген солдаттар үңгірде ынырсып өлгелі жатқан жерімізден шығарып алды. Өлмегеннің аз-ақ алдында шала жансар жатқандарымызды аузымызға су тамызып әрең тірілтіп алды олар, -деді қарт солдат.

  • Сонда нешеуің аман қалдыңдар?

  • Сол үңгірде жатқандардан он сегізіміз ғана тіріліппіз.Қалғандарының бәрі өлген екен.


Орысқа он сэр ақша беріп, қоштасқан төре ол кеткен соң бір ауық ойға шомды. Бұл оның Бұқардан шығып, жол-жөнекей қазақтардан екі жүздей жігіт жинап, Арғын Жәуке батырдың інісі Өтетілеуді қасына ертіп Қазалы тұсынан Қармақшыны алып, сол елді көшіргелі келе жатқан беті еді. Қызылдың құмымен бірнеше күн жүріп Мыңбұлақ маңына таянғанда алға жіберген шолғыншы келіп,


 


Сарыбұлақтың басына ұзын саны екі жүзден астам солдаты бар қарулы жасақ келіп жатқанын хабарлады. Генерал Кауфман Сыздық сұлтанның осылай қарай бет алғанын естіп, бірден тойтарып тастау үшін Қазалыдан арнайы аттандырған жасағы еді бұл. Бұйрат-бұйрат құмдарды тасаланып келіп, қазақ жігіттері астына мінген аттары мен айдап алған малдарын суарып жатқан алпыс орыстың жоқтауын бір-ақ асырып, құм төбенің сыртында бейқам жатқан жасаққа


«Абылайлап» ат қойды. Қапелімде аттарынан айырылған солдаттар абдырап, бір төбенің басына шығып атысқа кірісті. Сонда олардың арасынан қолында еш қаруы жоқ бір қазақ «Есет,Есет!» - деп ұрандап шыға келді де, тура Сыздық төренің алдына кеп аттан түсіп, алдиярлап бас иді.


-Орыстардың арасында жалғыз неғып жүрсің? –деген сауалға ол:


-Затым Жағалбайлы, шаруа жайымен қалаға келген жерімде ықтиярсыз ұстап алды да, орыстар жол көрсетесің деп зорлап ертіп әкетті. Жаңа жігіттеріңіз атойлап ат қойғанда сіз екеніңізді біліп, өлсем қасыңызда жүріп-ақ өлейін деп әдейі келдім, - деп жауап берді. – Тақсыр енді сізге бір қызмет көрсетейін. Маған мылтық беріңіз.



  • Солдаттардан түскен мылтықтан таңдағаныңды ал, - деп рұқсат берді төре. Жағалбайлы жігіт бір мылтықты таңдап алып, орыстарға қарай тура шауып атқан сайын бір-екеуін түсіріп отырды. Атқаны мүлт кетпейтін мерген екен, сол күні одан жау түсірген жауынгер болған жоқ. Күн батып, қас қарайған соң екі жақ та ұрысты доғарып, орыстар төбенің басында жатып қалды. Сұлтан жігіттері бұлақ басына түнеп шықты. Екі жағы да от жағып түнімен қарауыл қойып, бірін бірі бақылады.         Ертеңгісін   шолып        көрсе     орыстар              жағы   біраз   шағындалып қалыпты, сонда да қарауы бекем де берік. Сыздық өз қосынын екі бөліп, біреуін төбенің екінші жағына шығып, орыстарға ту сыртынан ат қоюға жұмсады да, өзі бастаған топты осы беттен шабуылдауға қалдырды. Өлсең де айрылма деп туын ала атты Адай сопыға ұстатты. Атой сап айқасқа тұра ұмтылған жігіттерге дем бергелі төре атын тебінсе орнынан қозғалмайды, бақса бауыздауынан оқ тиген екен. Жан-жағына қараса төңірегінде Өтетілеу батыр мен Адай сопы ғана қалыпты. Аттана берген жағалбайлы жігіт жалма-жан ерден қарғып түсіп, атын қылышын жалаң ұстап жауға қарай жаяу тартқан сұлтанның алдына әкеп тосты.


Жолдасы үшін жон арқасын оққа тосып, қоң етін кесіп беруге әзір жігіттің сойы деп сондайда айтса болар. Әттең, есімі есте қалмағаны өкінішті-ақ.


Ал Адай сопы төменгі Адай елінен шыққан Баймұқамбет деген жігіт. Астына ала ат мініп жүретін. Соған қарап жұрт оны Ала атты Адай сопы атап кеткен. Сопы дейтіні айтқаны келетін көріпкелдігі де бар. Бірде Қожент төңірегіндегі бір тауда түнеп төмен түскенде сопы: «Тақсыр, шүйінші беріңіз, осы жолы аяқ астынан бір олжаға батамыз» дейді. Шынында да Қожент қаласының төбесі көрінген кезде шаһардан жиырма нарға жүк артып шығып келе жатқан керуен көзге түседі. Жан-жағына күзеткен жиырма-отыздай солдат бар. Тұтқиылдан бас салып төре жігіттері солдаттардың көзін құртып, керуенді түгел қолға түсіреді. Енді қараса араларында Адай сопы жоқ. Бұған не болды деп аңтарылып тұрса, қанжығасында бір орыстың басы бар ол аңыратып келе жатыр. Әлгінде сытылып шығып кері қалаға қарай қашқан бір солдатты қуып бара


 


жатқанын біреулер көрген екен. Ақыры қуып жетіп, басын кесіп алып қайтыпты. Жүрек жұтқан сайыпқыран деп соны айт!


Сол олжасымен олар жолсыз жонмен жүріп бір бұзылған ескі қорғанға келмей ме. Сол қорғаннан бір топ солдат шығып тұра шабады. Сұлтан бес-алты жігітке олжа аттар мен түйелерді айдатып ілгері жіберіп, қалған сарбаздарымен орыстарды күтіп алып, құмардан шыққанша қылыштасып ұрыс салады. Біраз шайқасқан соң орыс солдаттары тегеурінге шыдай алмай қашып барып батпақты бір шалшық суға тығылды. Түп ізіне түскен қазақ жігіттері қамыс арасына тығылып жатқан жерінен тауып алып көп орысты өлтіреді. Тарақты Есенгелді батыр мен Сыздық төре соңынан жігіттерін түгендесе арғын Бекқали деген бір ер азамат оққа ұшқан екен.


Атақты арғын Жәуке батырдың інісі Өтетілеу отаршылдарға қарсы күресте көп қайрат көрсеткен ержүрек азамат болатын. Қоян-қолтық айқаста қаншама дұшпанды жер қаптырып, жанын жаһаннамға жіберді. Тұтқынға түскеннің өзінде бірнеше орысты өлтіріп қашып шықты. Опасыз Бұқар әмірі Сыздық сұлтанмен жауласқанда қатын-баласын қолға түсіріп бендехана қамап, жігіттерін таратып, жалғыз Өтетілеуді ғана Кауфманға беріп жіберді ғой. Орысқа тізесі көп батқан батырдың кінәсін кешіре алмай генерал оны атқызып жіберді.


Жәуке батырдың жасы бұл кезде алпыстан асып қалған-ды. Алпыстан асса да жерін жаттан қорғап, елін бостан ету үшін түн қатып, түс қашып әлі де аттан түспей келеді. Кәрі тарлан жағаласа кетсе, талай дұшпанды қазірдің өзінде жер жастандырады. Жеме-жемге келгенде алдында ажал тілін сумаңдатып өрт тұрса да, от тұрса да ай-түйге қарамай беріп кетеді. Оны Кәттақорған түбінде Кауфман қолымен айқаста өз көзімен көрген. Генералға төтеп бере алмай Әмір әскері тегіс қашып, артынан түре қуған орыс солдаттары мұсылмандарды қырып жатқанда Сыздық сұлтан жүз шақты сарбазымен бір бүйірден тиісіп, ту сыртынан ұрып патша жасағын көп шығынғы ұшыратады.


Төреден қашып құтылған солдаттар алдыңғы жасақтарға хабар беріп, кері оралған жүз қаралы қазақ-орыс аттан түсіп Сыздықтың жолына кесе-көлденең тұра қалып оқ жаудырады. Алдында елу қадамдай жерден бір бастық оларға бұйрық беріп тұрады. Соны көрген Жәуке батыр топтан суырылып шығып, атына қамшы басып жалғыз тұрған орысқа ұмтылады. Қапелімде сасып қалған орыс төресі, батырдың мысы басты ма, мылтық та атпай, бұйрық та бермей қалшиып қарсы қарап тұра береді. Жәукені нысанаға алып сығалап тұрған солдаттар ол жақындағанда барып бірден оқ атады. Бірақ жауған оқтан жасқанбаған батыр ағызып шауып келген бойда орыстың төресін найзамен шаншып түсіреді. Сосын аттан түсіп, оның беліндегі оқшантайын шешіп алып, мылтығын иығына асып ерге қайта қонады да, төренің сәйгүлігін жетелеп дін-аман, есен-сау қайтып келеді. Көзсіз батырлық деген осы. Басшысынан айырылған соң солдаттар серкесі өлген қойдай топырлап бей-берекет мылтық атып, топ-тобымен кейін қашады. Қарт батырдың сол ерлігі Сыздық сұлтанның есінен ешқашан кетпек емес. Ондай өрт қимыл, ерен өжеттік болмағанда бұның өзі тұтқиыл торға түсіп, тұтқынға алынары сөзсіз еді.


 


Ойлап отырсақ, Сыздық сұлтан серік іздеп сарсылмаған да екен. Батылдығы мен батырлығы емес, төңірегіндегілерге деген мейірімі мен пейілін көргендердің бәрі онымен жақын танысып табысуға, жұғысуға тырысады. Тіпті ерден ердің несі артық деп, кеудесіне нан пісіп жүргендердің өзі бір көргеннен-ақ айдың айналасындағы жұлдыздай айналшықтап, оның сеніміне еніп, серік болуға жанын салады. Мәселен, Назар батырмен таныстық тұп-тура осылай болды. генерал Кауфманның қарулы қолы Самарқанды басып алуға аттанғанын естіп Сыздық сұлтан қазақ арасынан мың жігіт жинап алып, отаршылдардың жолын кесуге аттанды.


Жол-жөнекей аялдаған ауылдар «қазір халыққа Кауфманнан гөрі Назар гәлчаның (тау тәжігі) қиянаты батып тұр» деп зар илейді. Бақса, тау ішінде тұратын әлгі баскесер төңірегіне өзі сияқты содырлады топтастырып, өткен- кеткенді тонап, маңайдағы ауылдардың мал-мүлкін талап, елдің үрейін әбден ұшырыпты. Өзі адам аяғы баспайтын биік таудың басынан қорған соғып алыпты. Осы түскен ауылдың да жүз түйесін айдап әкетіпті. Талайлардың жылқысын үйір- үйірмен айдап алып жойып жіберген. Тоқты-торым дегенің оларға тіпті сөз емес. Өзі бұқар әміріне де, орыс патшасына да мойынсұнбайды, өзінше сай өрлеп, сойқан сап, сайран құрып жүрген бір жан көрінеді.


Осыны естіген соң сұлтан Назарға адам жіберіп, елден талап алған мал- мүлкін қайтаруды талап етті. Барған адамдарын Назар батыр: «Мен де ешкімнен кеммін деп жүрген жігіт емеспін, өзіме өзім патшамын. Бұқар әмірі тұрсын, одан зорларға да бағынбаймын және алғанымды қайтармаймын да. Қолынан келсе Сыздық сұлтан мынау тас қамалды басыма құлатсын» деп қайтарады.


Мұндай қияс, қырыс жауапты күтпеген сұлтан жасағымен тауға тура Назардың өзіне аттанады. Нұрек тауының құзар шыңына салынған қамал шынында да тым берік екен. Екі жағынан баратын жар қабақты соқпақпен екі атты кісі қатар жүре алмайтын жолы да тым қиын. Сыздық сарбаздарын таудың етегіне тастап, арасынан ең жаужүрек сегіз жүз жігітті іріктеп алып, екі топқа бөліп, бірін өзі басқарып, екіншісін Жәуке батырға бастатты. Екі топ қамалға барып тірелер соқпақпен жоғары тартты. Олар жаяу өрмелеп қамалға таяп қалған тұста Назар батыр алдарынан адам шығарып, сарбаздар қазір қамалға тиіспей кері қостарына қайтса, соғыспай өзі шығып баратынын айтты. Төре келісіп кейін шегінді.


Назар да уәдесінде тұрып, жігіттерімен қамалдан шығып, кешке дейін елден алған мал-мүлкін қайтарып, жетпегенінің ақшасын төледі. Келесі күні ол әлеңкедей жаланған бес жүз жігітімен келіп Сыздық сұлтанға қосылып, Самарқанға қарай бірге аттанды. Содан бастап Назар батыр мен Сыздық сұлтанның жұбы жазылған жоқ. Төре қашан сарбаздарын таратып, ауыл-ауылға жіберіп өзі соқа қара басы Түркімен еліне кеткенше олар тізе қосып, білек біріктіріп ұдайы бірге жүрді.


Назар батыр озбыр орыс отаршылдарына қарсы күресте де, опасыз Әмір әскерлеріне қарсы шайқаста да алмас жүзді алдаспандай жарқылдап көзге ерекше түсіп жүрді. Ол қиуадан жол тауып, қиындықтан тез құтылып кетуге де шебер сұңғыла сардар еді. Әсіресе, ел ішінен әп-сәтте жігіт жинап ала қоятыны, ұрыста


 


ұрымтал тұстан беріп кетіп, дұшпанды үріккен қойдай дүркіретіп тұрымтай тұсына ыдыратып жіберетіні-ақ керемет.


Қазақ жерін қарсылықсыз жаулап аламыз да қапысыз табанға саламыз деп тарысыңдай келіп, сайын даланың пендесі боп өзі қазақыланып кеткен қарт солдатпен әңгімесінен кейін Сыздық сұлтанның көз алдына жорық жолдары елестеп, жора-жолдастары осылайша есіне түсті. Сайып келгенде, оның үзеңгілес серіктерден, қарулас достардан салымы жаман емес сияқты. Алғаш Қанағатшаһтың айтуымен Ұзынағаштағы орыс жасағына төтеннен шабуыл жасап тұрғанда, солдаттардың зеңбірек атуына мұршасын келтірмей тарпа бас салып, мылтықтырын тартып алып, елді мекеннен қасқыр тиген қойдай дүркіретін қуып шыққанда қасында ағасы Тайшық пен інісі Ахмет төрелер бар еді. Екеуі де әскери өнерді жете меңгерген ержүрек, өжет азаматтар болатын кейін Тайшық қоқанның әлім Бектібай, қаңлы Айдарбек, қоңырат Телқожа батырлар тәрізді үш әскер басының ортасына түсіп, үшеуі бірдей тап бергенде Тайшық Жалаңтөс батырдың ұрпағы Бектембайды түйрегенде найзасы аузынан кіріп, желкесінен шығады. Оны осылай жайратып, Айдарбекке ұмтылғанда бүйірден шүйілген Телқожа батырдың найзасы Тайшықтың сол жақ иығына тиіп, аттан аударып түсірмегенмен, ерен күшпен ерді ат сауырына дейін ысырап тастайды. Бұл қатерден аман құтылғанмен найза сынып, сүңгісі төренің денесінде қалды. Ақыры, сол жарадан ушығып хан баласы опат болды.


Ал Алматы бекінісіне шабуыл жасап, бес орысты тұтқындайтын сапарында Сыздықтың жанында Ұлы жүздің атақты батырлары Сұраншы мен Байсейіт болды. Сұраншының Жетісу жерін қоқан басқыншыларынан азат ету жолындағы ерлігі мен ерен еңбегінің айтары жоқ, Байсейіт болса, Хан Кененің қандыкөйлек серіктерінің бірі – Тойшыбек батырдың баласы. Қоқандықтар мен қырғыздарға қарсы күресте бұлтақтамай табандылық танытып көзге түскен жас түлек батырлардың бірі. Кенесары да оны еркелетіп, еркін ұстаған сыңайлы. Хан алдына еркін кіріп, әңгімелесе береді екен ол. Сонысын ерсі көрген әкесі:


-Балам, - баса-көктеп хан ордасына жиі кіруді қойсаңшы. Ханның мазасын аласың ғой, - деп ескерту жасаса:


-Е, мен Кен-ағама хан деп барамын ба! Батырмен батырша ақылдасу үшін кіремін де ордаға, - жеп жауап қайтарыпты. Сол Байсейіт әкесі опат болғанда он жасқа да толмай қалған Сыздық төреге тұңғыш жорық жолында жетекші болып, алғашқы адымының сәтті басталуына септігін тигізді.


Шаяндағы мешіттің ишаны қосым қожаның баласы Құрбанхан мағзұм да жолдастыққа адал, жаужүрек жігіт еді. Созақтың хакімі болып тұрған Сыздық Түркістанды орыс әскерлері қоршап жатқанын естіп, жанындағы бір топ жігіттеріне Құрбанханды қосып алып қалаға түнделетіп жетсе, ондағы қоқандықтар ара-тұра зеңбірек атып жасқағаны болмаса, бір жұма бойы қамап жатқан дұшпанға түк қайрат көрсетпепті. Ерегесіп егескен жау енді қамал дуалының іргесін қазып жарғалы жатыр екен. Сұлтан қасына Құрбанханмен және бірнеше жігітті ертіп, қақпадан жасырынып шығып іргені қазып жатқан солдаттарды қақ желкеден соғып, көбін қырып, қару-жарағын, құрал-сайманын тартып алады. Келесі күні айнала окоп қазып шабуылға әзірленіп жатқан орыс


 


әскерлеріне лап қойғалы қақпадан шығып тұра шапса, бір жансыздары арқылы құлақтанып қалған солдаттар оқ жаудырып қоя береді. Сонда да алған бетінен қайтпаған қазақ жігіттері аттарын ордан қарғытып өтіп, орыстармен қоян-қолтық араласып аянбай қылыштасады. Құрбанхан мағзұмның бір өзі ғана оншақты солдаттың басын қағып түсіреді. Алайда, қайран сабаз өзі де оққа ұшып мерт болады. Шымкентті Черняев жасағынан қорғауды арыстандай алысып шейіт болған Мыңбай батыр да осындай айбатына қайратты сай қаһарманның бірі еді.


Орыс отаршылдарының озбырлығына көне алмай, Бұқар әмірінің Хиуа мен Үргеніш хандарының опасыздығына төзе алмай Сыздық сұлтанның түрікпендерге өтіп, одан Ауған асып, әрі қарай Қарқария тартуға бел буған кезі еді. Бірақ қалай қарай бет алса да, Бұқар жерін баспай өте алмайды. Сондықтан сұлтан мәмілеге келейік деп қыруар тарту-таралғымен үлкен ұлы Сопыбекті бас қып елші жіберсе, әмір оларды тұтқынға алып, Сыздықтың өзін ұстап әкелу үшін әскер шығарады. Әмір қосыны сұлтан жігіттерін дарияның жағасында отырғанда келіп қоршап алады. Сонда сыздықтың алдына соңынан ерген қырық жігітінің басы әрі ақылшысы Жәуке батыр келіп:


-Мына сарттарды қырып салайық. Қарасы көп көрінгенмен бізге қарсы тұра алмайды, - дейді ақыл салып.


-Бұл қосынды қырғанмен артта орыс, алды әмір қолы тағы тұр, бір жағында



  • дария, бір жағында – шағыл құм, қайда барып бас сауғалайсың. Соғыс соғыс туғызады, қан қан шақырады, -дейді сұлтан. – Одан да бәріне рұқсат берейін. Ел- жұрттарыңызға қайтыңыздар. Нартәуекел, басқа салғанда бір өзім жалғыз-ақ көрейін.


Алайда Жорабек батыр бастаған Жолдыбай, Мұхамбет, Райымқұл, Ырсымбет сынды ержүрек жігіттер: «Сізден қалмаймыз, қайда барсаңыз, сонда барамыз, шықсақ төріміз, өлсек көріміз бір болсын», деп кісі басына екі аттан алып, азық-түлігін мол ғып әзірлеп бірге жүрген еді.


Таң намазынан кейін күн шашырай шыққан тұста сұлтан Әмір қосынының шетіне келіп:


-Міне, іздеген Сыздық төрелерің мен боламын, қатын-баламды, үй- жайымды қалдырып кетіп барамын, - деп айқай салды. – Ұстаймын десеңдер, келіңдер, келіңдер, ұрыспай беріспеймін, қырғын салмай тоқтамаймын.


Сыздық сұлтанның қарадай атына қорқатын сарттар қақ жарылып ортасынан оны өткізіп жібереді. Сондағы соңына ерген бес жігіт оны түркімен Мұхамеднияз батырға табыстап ауылдарына оралады. Шіркін, жолдасы үшін кеудесін оққа төсеп, қанын қиып, жанын беруге әзір қара қазақтың сол сайыпқырын жігіттерін айтсаңшы! Өзі өз болғалы Сыздық төре бар жақсылықты қарапайым халықтан, олардың арасынан суырылып шыққан жаужүрек жігіттер мен көзсіз батырлардан көріп келеді. Ал хан-төре, әмірлер оны тек қиынға салып, қиуасызға жұмсап, ақалын сауып, еңбегі мен ерлігін ғана пайдаланды да, реті келгенде сатып жүре берді. Баяғыда Қанағатшаһ пәрменші бұны генерал Колпаковскийдің мұздай қаруланған қолына қарсы сап, өзі бар әскерімен қашып кетті. Хиуа ханы болса, фон Кауфманның жасанған қолына айдап салып, өзі женұшынан жалғасып орыстармен келісім жасады. Кезінде қызметі көп сіңген


 


Бұқар әмірі қанқұйлы қас боп шығып, басқан ізін аңдып, көзін құртып жібере жаздады.


Ел билеушілерден тек аз уақыт Қоқан хандығын басқарған қыпшақ Әлімқұл молда мен Қашқар билеушісі Жақыпбек сарт қана оның адалдығы мен азаматтығын әділ бағалап, біреуі өлерінде өсиет етіп хандығын тапсырып кетті де, екіншісі өкіл балам деп жариялап, ұлының он екіде бір гүлі ашылмай жастай қалған жесірі, қытай қызы Меруертке үйлендіріп, тағының мирасқоры етпегенмен, әскери ақылшысы қылып, өз жанында ұстады. Жалпы, Сыздық төре төрт әйел алған кісі, олардан өрбіген ұрпақтар бірі жастай өліп, бірі жорықта опат болып, осы қытай қызынан туған Сәли ғана артында қалды.


Сол қарапайым халық, қалың қазақ жұрты Сыздық сұлтанды басына көтеріп, ерлігі мен өрлігін, жүректілігі мен жігер-күшін, айбаты мен қайратын, тапқырлығы мен табандылығын жыр-дастанға, аңыз-әңгімеге айналдырды. Сондай аңыздардың бірін халық ақыны Омар Шипиннің аузынан естіген Сырағаң, өзіміздің Сырбай Мәуленов айтушы еді:


«Ол кезде ондар шамасындағы ойын баласымын» - деп бастайды екен қарт жырау.


-Ауылымыз Ұлытаумен шектес Қарғалы өзенінің Шағырлы деген өткелінде отырған-ды. Сол жылы өзен қатты тасыды. «Өзен тасыса көңіл тасиды, өзен тасымаса көңіл жасиды.» деген қанатты сөз бар ғой халықта. Өзенінің жайылмасына шиендеп көкшалғын қалың өсті. Оның үстіне жаңбыр да жебей жауып, ойды-қырды құлпыртып жіберді. Шаруасы,бар тірлігі көк пен жерге байланысты ел көңілі көтеріліп бір жасап қалды. Сондай күндердің бірінде ауылға Кенесары ханның баласы – Сыздық сұлтан келеді екен деп жұрт қоңақ күтуге әзірлік жасап әбігерге түсті де қалды. Ақ жұмыртқадай шаңқан үйлер тізіліп, төренің өзі түсетін лн екі қанат орда тігілді. Түске таяу қасында төрт-бес жолдасы бар Сыздық та келді. Орта бойлы, жұқалтаң қағылез кісі екен. Жасы елудің ен ішінде. Қаумалаған халық оны қолтықтап аттан түсіріп ордаға кіргізіп төрге отырғызды. Бойы үйренген соң алқақотан қоршаған жұрт одан әрнені сұрай бастады.


-Жаныңызды он жолдасыңыз бар, жол жүріп келе жатып бір таудың баурайында қой бағып жүрген бір дәуге жолығыпсыз ғой. Дәу сіздерді үңгірте кіргізіп аузын түйедей таспен бастыра салыпты. Үңгір іші зындандай қараңғы екен. Сіз кіріп келе жатып төбеден жылтыраған бір саңлауды байқап қалыпсыз. Кешкісін дәу келіп жігіттердің арқасынан басып-басып жүріп қоңды біреуін таңдап алып, сирағынан ұстап тасқа соғып өлтіріп, отқа қақтап, етін бұтарлап жеп әбден тойған соң ұйықтап кетіпті. Түннің бір уағында сіз ұйқыдағы дәуді қылышпен шауып өлтіріп, қалған жолдастарыңызды күндізгі көрген саңлаудан шығарып қашып құтылыпсыз. Сол рас па? – деп сұрайды. Сыздық төре қатты тебіреніп, толқып ұзақ үнсіз отыралы да әлден уақытта:


-Қайран елім-ай, озбылардың оғынан, опасыздардың жаласынан өзімді қайда қоярға білмей басымды тауға да, тасқа да ұрып жүргенде мені дәумен алысты деп атымды дардай етіп даңқымды аспанға көтеріп жүргенін қарасайшы!... – деп көзіне жас алды.


 


Қарт ақынның осы естелігінен-ақ Сыздық сұлтанның атақ-даңқы көзі тірісінде-ақ шартарапқа жайылып, ерлік істері ертегі-аңыз боп айтылғаны айқын көрінбей ме?! Бірақ бертінге дейін оның абзал есімі ел жадынан қасақана өшіріліп, орыс деректерінде оның аты біресе Садық, біресе Сыдық болып, азаттық жолындағы ерлік күресі теріс бағаланып, тек көлеңкелі жағынан ғана көрсетіліп келді. Соның салдарынан оның үзеңгілес серіктері, сайыпқыран батырлардың бәрі бірдей атаусыз қалды. Солардың үрім-бұтақ ұрпақтары болса, аталарының қаһармандық ісін еске алып, мақтан тұтсын деген оймен тарихтың осы бір тылсым парағын ақтардық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу