06.02.2022
  110


Автор: Сарбас Ақтаев

Асылдың көзі, жасынның өзі

Бір күні хан Кене құрдасы Ағыбай батырды шақырып, алып түнде көрген бір түсін айтыпты:


-Көсе, кәне тыңдашы. Бүгін бір түс көрдім. Түсімде сен екеуміз аударыспақ ойнап жүрміз. Қайсысымыз басым түсер екенбіз деп ойлайтын сияқтымын.


«Әуелі кім арқалайды?», - деп сұрасаам: «Ел ағасы-хансыз ғой, алдымен сіз арқалаңыз!» - дейсің. Мен сені арқаламай, алдыма ғана өңгеріп көтеріп алдым. Ал кезек саған келгенде, құдды бір қаптағы тезектей иіріп арқаңа сала салдың. Үш жүзге түгел билік құрмағанмен, қазақтың ханы деген атым бар емес пе, бірақ, мыңбасы сенен кем соғып жатырмын. Сенің бағын арқанда, атақ-даңқың артында қалады. Біздің бағымыз болса... Айтқандай, атам Абылайдың әйгілі түсі есіңде шығар. Жалын құйрық жирен атымен жортып келе жатса, алдынан бір жолбарыс көкжал қасқырға айналып, оны бастырмалатып келгенде, бұлаң құйрық қудың қарны жарылып, ішінен бақа-шаян өріп шыға келетін. Ояна келе түсін өзі жорып:


«е, менен өрбіген ұрпақ ұсақтап кетпесе игі еді» деп күрсінген екен. Сол сияқты біздің де бағымыз маңдайымызға біткен, атақ-абыройымыз өзімізбен бірге кетеді- ау деп қоқамын. Әйтпесе, мен де сені арқама салып алмас па едім?! Әй, артымда қалғандар көптің бірі болып кететін-ақ шығар. Сірә, Сыздығымнан кейін солай болады-ау, зады...


Әке балаға сыншы емес пе. Сонда небары тоғыз жастағы Сыздықтың басқа балаларынан бір төбе, өз алдына бөлек тұлға болатынан сұңғыла әке әу баста-ақ білген тәрізді. Жалпы, Кенесарының екі әйелінен сегіз ұл өрбиді. Қыздай қосылған қосағы Күнімжан ханымнан – Жаппар, Тайшық, Ахмет, ал босаға аттамай жатып жесір қалған, әмеңгерлік жолымен алған Жаңылдан –Омар, Оспан, Әбубәкір, Сыздық, Жекей туады. Бәрі де сайдың тасындай сұрып, санаткер, саңлақ азаматтар болады. Кене хан опат болған жылы өзі айырықша үміт артқан Сыздығы он-ақ жаста екен.


Кенесары қайғылы қазаға ұшырағаннан кейін оның отбасы қалған халқымен Шуды жағалап, Қаратауды сағалап Түркістан қаласына қарай көшеді. Хан балалары алым-салық төлемеу шартымен төңірегіндегі қырық үй төленгіттерімен бірге Құдияр хан болып тұрған Қоқан хандығына қарайды. Негізінен Түркістан хакіміне бағынып, Қоңыраттардың ортасында тұрады. Молда жалдап мұсылманша оқып, барлығы да тәп-тәуір білім алады. Оқумен қатар олар атқа шабу, мылтық ату, семсер сілтеу, қылыштасу және найзаласу секілді әскери өнерді де үйренеді. Ер жетіп, ат жалын тартып мінісімен-ақ Тайшық, Сыздық және Ахмет төрелер әскери қызметке кіріп, соғыс тәсіліне жетіктігімен, ержүрек өжеттігімен көзге түседі. Сол үшін Қоқан хан ағайынды үшеуіне де пансат атағын беріп, әрқайсысын бес жүз жігітке бастық етіп қояды. Ағалы-інілілер осылай біраз жыл әскери қызмет атқарады.


Бұл орыс отаршылдардың Орта Азияға аранын ашып, шет жағалап шеңгелін сала бастаған шағы еді. 1860 жылы генерал Колпаковский бастаған орыс әскері Алматыдан шығып, Қоқан хандығына қарасты Тоқмақ қамалын талқандап басып


 


алады. Тәшкентті билеп тұрған Қанағат шаһ орыс генералының өктем қылығын ести сала қырық мың қолымен Верный бекінісін бетке алып жорыққа аттанды. Жорық сапасында Кене ханның үш ұлы да болды. Қанағатшаһтың жорығынан хабар алған Колпаковский әскерін шекарадағы Қастек бекінісі маңына ошарып, пәруаншының жолын тосып жатты. Асудан асысымен-ақ пәруаншы үш төрені қазақ, қырғыздан құралған жасақ беріп, Ұзынағаш бекінісін алуға жұмсады. Бекіністі алмаған күнде де жауды Қастекке жібермеңдер деп тапсырды. Тәсілқой төрелер шалт та шапшаң қимылдап, дұшпанның қару жұмсауына мұршасын келтірмеді. Зеңбірекпен қаруланған екі жүз солдат жаужүрек жігіттерге жартымды қарсылық көрсете алмады.


Тұтқиыл шабуылдың түрінен шошынған Қастектегі орыс әскері кері шегінуге мәжбүр болды. Колпаковскийдің өзі басқарған сегіз жүз солдат қазақтарды зеңбірекпен атқылап Ұзынағаштан тықсырып шығарды. Төртінші күн дегенде Қанағатшаһтың әскері келіп жетті. Келе шабуыл бастап-ақ еді, генерал жеті зеңбіректі түгел іске қосып, дүрсілдете атып берді. Оның оғынан қоқан сарбаздары баудай түсіп, қойдай қырылды. Сол шайқаста-ақ пәруаншы жеті жүз адамынан айырылып кері шегініп, Жиренайғыр бойына барып бір-ақ тоқтады. Келесі күні ол үш сұлтанды шақырып алып, қазақ, қырғыз жасақтарымен Алматыға шабуыл жасауды тапсырып, өзі Қастекке қарай аттанатынын айтып,содан күтетініне сендірді. Төрелер қасына қырғыз манабы Шадыман мен қазақ батырлары Сұраншы мен Байсейітті алып, бес жүз жігітті бастап, суыт жүріп отырып түнделете келіп бекініс түбіне жасырынып жатты. Ертеңіне таң азанда шабуыл жасап, қала сыртында жүрген төрт орыс пен бір шаруа қызын қолға түсірді. Сол күні түсте Қарғалыға соғып, Қастекке келсе пәруаншы жоқ. Бақса, Қанағатшаһ бұлар кеткен бойда-ақ кері қайтыпты. Бұларды орыс әскері соңыма түспесін деп Алматыға әдейі алдап жіберген екен. Үш сұлтан оларды Қайыңды-Ырғайтыда қуып жетіп, қолға түсірген тұтқындарын пәруаншыға тарту етіп,өздері Түркістандағы туыстарына қайтты. Қайтқанда да опасыздықтан опық жеп, салы суға кеткендей, еңселері түсіп, мойып қайтты. Алматы сапары үш сұлтанға да ой салған үлкен сабақ болды. Қоқан ханы қалың қолмен барып Ақмешіт түбінде де ақ патшаның өзі ғана әскеріне еш қайрат қыла алмап еді, бұл жолы да қырық мың сарбазбен орыстың сегіз жүз солдатынан жеңіліп қайтты. Ханында білікті билік, қолбасшысында түкті жүрек жоқ бұндай хандықтың ендігі жерде өзін-өзі қорғай алуы екі талай. Бұлай батылсыздана берсе, орыстар ұзамай бүкіл елін басып алары анық. Сондықтан әліптің артын күтпей-ақ, оңтайлы жолын, ыңғайлы жағын іздестіру керек. Әзір елін басып алып пенде қылмай тұрғанда орыс қызметіне кіріп алған абзал болар. Кенесары балалары өзара отырып ақылдасқанда Тайшық пен Ахмет, міне, осы байламға тоқталды. Алайда, ағасы мен інісінің шешімін Сыздық сұлтан қостай қойған жоқ. Білімі бар, қай жағынан да сауатты, салауатты төрелердің қай жерден болса да ойып тұрып орын табатынына көзі жете отырып ол:


-Ата-бабаларымыздың нұсқаған жолын, ұстаған бағытын бұзып орыс жағына шыға алмаймын. Олар Қоқанды алса, Бұқарға барамын, Бұқарды алса, ел


 


көп қой, басқа біреуін табамын.Әйтеуір, мұсылман баласымен бір боламын. Қайтсем де ата-баба жолынан айнымаймын,-деп бір-ақ кесте.


Осылай ағасы мен інісі өз қарауындағы елін алып Сыр бойына көшіп, Ақмешіт қаласына барып, Сырдария облысының әкіміне бағынатынын білдіріп, оп-оңды қызмет алып жатқанда, бұл Түркістаннан табан аударған жоқ. 1864 жылы Қоқан ханының пәрменімен Сыздық сұлтан Созақ пен Шолаққорғанның әкімі болып тағайындалды. Оған орыс шекарасын бақылап, назарда ұстау жүктелді. Әке жолын қуған жаужүрек сұлтанның орыс отаршылдарына, қоқан опасыздарына қарсы күресіне жаңадан жол ашылды. Сол жылы Орынбордан шыққан полковник Веревкиннің әскері келіп Түркістан қаласын қоршап, қала дуалының астын қазып, дәрі қойып жармақ болып жатыр еді. Соны естіген Сыздық төре жедел қол жинап түнделетіп Түркістанға жетті. Келсе қоқандықтар дұшпан жағына ауық-ауық мылтық атып жасқағаннан басқа мардымды ештене істеп жарытпаған көрінеді. Сұлтан өз жігіттерінің ішінен жүзін іріктеп алып, түн ортасы ауа қамалдан шығып, дуалдың астын қазып жатқан солдаттарға тарпа бас салып, бесеуін өлтіріп, қалғандарын қуып, мылтықтары мен аспаптарын алып қалаға оралды.


Шаһар  басшылығының  жайбасарлығы  мен   қарекетсіздігіне   шыдамаған Сыздық төре Түркістан әкімі Мырзадәулетке ойын ашық айтты:


-Бұлай бұғып отыра берсек, дұшпанға босқа жем боламыз. Одан да бәріміз түнде қамалдан тік көтеріле шығып, жау шебіне шабуыл жасайық.


-Әй, біздің сарттарды қаладан сүйреп шығара алмайсың. Егер сендер өз беттеріңмен шығып қарекет жасаймын десеңдер қарсылық жоқ, -деді әкім.


Бұл қимылдан құлақдар болған қаланың бас ақсақалы Жантай деген кісі сол түні полковникке астыртын хабар жіберіп те үлгерді. Түн ортасы ауа Сыздық сұлтан мен Құрбанхан Қосымұлы екеуі екі жүз қазақ жігітімен қамалдан шыққанда орыстардың әзірлік жасап аңдып тұрғаны бірден байқалды. Әйткенмен, нартәуекелге бел буып, шабуыл жасауға тура келді. Орыс жасағы оларды жақындатып алып зеңбірек пен мылтықтан оқ жаудырды. Сонда да жанкешті жігіттер жауған оққа қарамай, аттарын окоптардан қарғытып өтіп, қолма-қол ұрысқа кірісті. Орыстар жағынан қанша адам өлгенін кім білсін, айқас кезінде қазақтардан қырық жігіт және Құрбанхан мағзұм шәһид болды. Шайқас бір сағаттай созылып, екі жақ та өз шептеріне шегінді.


Ақыры, жарылыстан қорыққан Жантай бес күннен кейін Түркістан қақпасын өз қолымен ашып, орыстарды шаһарға кіргізді. Қоқандықтардың опасыздығына тағы да тап болған сұлтанның зығырданы қайнады. Амалы таусылған ол енді аранын ашқан апаттан Шымкентті аман сақтау үшін Түркістан әкімі Мырзадәулетпен бірге қосындарын алып, шығысқа қарай жол тартты. Өйткені, Алматы жақтан шығып, Әулиеатаны алған генерал Черняев бұл тұста тура Шымкентке бет түзеп келе жатқан еді. Қоқан тағына қолы жеткен қыпшақтардың көсемі Әлімқұл молда да бір аптадан соң көп әскер алып Шымкентке жетті. Черняев алдын-ала Түркістандағы орыс қолымен хабарласып, Шымкентке батыстан келіп ат қоятын үш жүз солдат шығартыпты. Әлімқұл молда бар әскерін жауып, алдымен генерал келіп жеткенше осы жасақтың көзін


 


жоюды ойластырды. Екі әскер Ақбұлақ деген жерде беттесті. Түс әлетінде әскерлер аттан түсіп, жаяу шабуылға шықты. Орыс жасағы зеңбірегін оқтап, мылтықтарын әзірлеп, алайда, оқ атпай, қарсыластарын жақындатып алып, үш жүз мылтықтан бірдей оқ жаудырды. Иін тіресіп келе жатқан жігіттердің алғы лебі жаппай құлап, қалғандары жерге жабысып жата қалысты. Тек ту ұстаған Сыздық төре ғана жүз қадамдай жерде жалауын жықпай бір сағаттай тікесінен тік тұрды. Солдаттар оны өршелене атқанда тудың шүберегі шұрық-шұрық тесіліп сау-тамтығы қалмады. Бірақ төреге оқ дарымай, құдай сақтап аман қалды. Бірақ төреге оқ дарымай, құдай сақтап аман қалды. Оққағары бар аруақты батыр екеніне жұрттың көзі тағы да жетті. Әлімқұл молда оны адам жіберіп әрең шақыртып алды. Сұлтан кейін қайтқанда жер бауырлап жатқан жігіттер де онымен бірге          қайтты.           Ертеңгісін               Әлімқұл   молда    зеңбіректерін   алдырып, орыстардың жасағы жасырынған топырақ қорғанды үсті-үстіне атқылап еді, бас көтеруге жарамай       дұшпанның         көбі          қырылып,             азы   ғана        қалды.   Сол   күні ымырттатын         Әулиеата   тарапынан           көп қосынмен      Черняев       келіп,   Түркістан жолындағы Қосдиірмен деген жерге қонды. Таң атқан соң генерал қырылған жасаған                тірі     қалған    солдаттарды    Түркістанға    қайтарып,         өз         қосынымен Шымкенттің шығыс жағына шығып, сап құрғызып солдаттарын ұрысқа даярлады.


Молда Әлімқұл да дарбазаны бекіттіріп, зеңбіректерді тамның төбесіне шығарып, ұсақ майлы оқтармен оқтап әзір тұрды. Мыңбай сардар мен Сыздық төреге бір-бір мыңнан сарбаз беріп, керней тартылғанда Қошқарата жағынан атойлап дұшпанға тарпа бас салыңдар деп тапсырды. Бұл екі ортада Черняев қосынын қатар қойғызып қорғанды атқыла бастады. Қапелімде қарсы жауап болмағанда мастаған генералдың бұйрығымен солдаттар енді мылтықты жүгіре атып, жақындай түсті. Сол сәтте зеңбіректер түгел от шашып қоя берді. Орыстардың от тигеніне де, тимегені де етпетінен түсіп жата кетті. Сол сәт керней тартылып, Сыздық пен Мыңбай сарбаздары атойлай ат қойып, тұтқиылдан тиісіп солдаттарды қан-жоса қылды. Аман қалғандары қашып барып генералына тығылды.


Черняев ұрысты одан ары созбай, кері шегініп кетті. Әлімқұл сарбаздары оларды Қосдиірменге дейін қуып барып, басшысы Шымкентке қайтты. Сыздық төреге ол жүз жігіт беріп, генералдың басқан ізін аңдып тұр деп Қатынкөпірге қойып кетті. Сұлтан Қосдиірмен маңына барып барлап көріп еді, түн ортасына қарай Черняетің Әулиеатаға қайтатыны мәлім болды. Сыздық дереу Әлімқұлға адам шаптырып жылдам жетсін, Әулиеатаға жеткенше түп ізіне түссек, қалжыраған солдаттарын қырып, генералдың өзін оп-оңай пенде ғып қолға түсіреміз деп сәлем айтады. Жіберген адам Әлімқұлға айтқан екен, обалы нешік, ол табанда сардарларын шақыртып алып ақылдасса, қашқан жауға- қатын ер, қуып қайтеміз, оларды өлтіргенмен орыс таусылмас деп, молданың тілін алмапты. Осылай қолға өзі түсіп тұрған жеңіс уыстан сусып шығып кетеді. Сол жылы Черняев Әулиеатаға қыстар қалады.


Сыздық сұлтан артынан ешкім келмей тағы да салы суға кетіп, Шымкентке қайтып оралды. Қоқанға қайтарында оны Әлімқұл молда өзімен ертіп бірге ала кетеді. Бұлар Тәшкентте жатқанда араға үш ай салып, Черняев әскері Шымкентке


 


қайта оралып, орталықтан жіберілген Мырзахмет күшбегінің шалағайлығын пайдаланып,шаһарға басып кіреді. Шымкентте бір айдай тұрып генерал Тәшкентке жорық жасайды. Ол жолы байтақ кентке тісі батпай, қайтып барып Шымкентте қыстап шығады.


Сол жылы қыс Тәшкентте болған Әлімқұл молда мен Сыздық төре босқа қарап жатпай, Шымкенттегі Черняевке білдірмей, Сарыағаш арқылы Түркістанды алып, генералды ол жақтан келер көмектен құралақан қалдыруды жоспарлайды. Шымкентке барар жолды кесу үшін сұлтанды алдымен жіберіп, ол Иқанды басып алғанда молданың атты қолы келіп қосылады. Қосынның келген хабарын алып Түркістаннан бір рота солдат шығып Иқанға келе жатқанда Шойынмола тұсынан Әлімқұл сарбаздары бір бүйірден тиіп, бір күн, бір түн шайқасады. Осы жолы баяғы хан Кененің тәсілімен талдарды кесіп, дөңгелете буып әрқайсысын он-он бес адам бетке ұстап, артынан домалата отырып жақындап келіп, қазақ- орыстармен қоянқолтық араласып, бәрін де қырып салады. Арасынан отыз шақты солдат қашып шығып кері қарай тартқанда оларды Сыздық төре тоқтатады. Осы ұрыста оның аты оққа ұшып, өзі жараланып анталаған жаудың ортасында қалғанда Бердібек деген батыр жігіт астындағы атын беріп оны аман алып шығады.


Ендігі бағыт тура Түркістанның өзі еді, алайда,молданың осылай қарай кеткенін естіп Черняев Тәшкентке аттанды деген хабар жетіп, олар хандықтың бас шаһарына қайтып кетеді. Әлімқұл дереу әскер жіберіп, генералдың алдын орап, жол-жөнекей қарсы шығып ұрыс жүргізіп, орыс қолын біраз бөгейді. Осылай уақыттан ұтып қалаға жетіп, қорғанысын күшейтеді. Тәшкентте он екі дарбаза болатын, соның бәрін бекітіп, тыстағы әскерлерді түгел ішкі енгізіп, әр дарбазаға бес жүз сарбаздан қойып, моола оларды күн сайын аралап жігер беріп жүреді. Черняев әскері түскен тұстағы дарбазаға Сыздық сұлтанды қойып еді, бұл жақта атыс жиі болып тұрды. Осылай ұрыс бір айға созылды. Бір күні атысып жатқан сарбаздардың бірінің жанына келіп ақыл беріп тұрғанда Әлімқұл молдаға бір орыс мергенінің оғы тиеді.


Ордаға алып барғанда бұл дүниелік емес екенін білген молда Сыздық төрені шақыртты. Ол келіп жеткенше өмірден өтіп кететінін білген Әлімқұл қасындағы сардарларға аманат айтты: «Бұл елді Сыздық төреге тапсырдым, мына жұртты сол басқармаса, басқаларын басшы бола алмайсыңдар», - деп көз жұмады. Сыздық келгенде ордаға қаланың күллі үлкендері жиналып қалған екен, сұлтанға олар молданың өсиетін хабарлады. Келесі күні қала халқының жиналысы болып, Сыздық төрені онша ықылас білдірмегеніне қарамастан қолтықтап Әлімқұлдың орнына отырғызды. Оны әскер басы етіп сайлап, Қоқан хандығы мен қазынаны түгел қарауына берді. Билік тізгінін қолға алған соң сұлтан үш күннің қызмет орнында көп отырып қалғандардың бәрін ауыстырып, бар жерге қолынан іс келетін жас адамдарды қойды. Қоқан жігіттерін қайта жинап, олардың еліне кетерде тоналған аттары мен киімдерін қайтарып, күллі әскерді соғыса алатындай халге келтірді. Түн баласы тыншып жатпай, ол дарбазаларды өзі аралап жауынгерлеріне жігер беріп, сый-сияпат үлестіріп отырды.


 


Әлімқұл қаза тауып, орнына Сыздықтың отырғанын естіген Черняев:


«Тәшкент тағы иесін енді тапқан екен» депті. Тіпті төреге арнайы хат жазып, жаңа орнымен құттықтап, өз өтінішін де айтыпты. Тәшкентті берсеңіз, сізге қай шаһарды қаласаңыз да алып берер едік, орыс өкіметі тұрғанда ол қалалардың билігі үрім-бұтақ, зәузатыңызға мұра болып қалады. Оған келісім-шарт жасап, ақ патшаның қолын қойғызып, мөрін бастырып берер едім. Қазір орыс қызметінде жүрген төрелер көп. Ал сіз Қоқанда жалғыз не бітіресіз, ойлалыңыз деп жазыпты. Сыздық сұлтан сәлем хатқа еш жауап қайтармай, қоғанысты күшейтіп ертеден қара кешке дейін атқылап дұшпанды маңайлатар болмады. Оның қажырлы қимылын көрген Қоқан әскерінің басшылары астыртын кеңес құрып «орыстардың қаланы ала алмайтын түрі бар. Олар кетсе қазақтың мынау төресі Тәшкент пен Қоқанды жалғыз билеп, біз далада қаламыз» деп Сыздықтың көзін жоюға сөз байласады.


Бұны біліп қалған тәшкенттіктер барлық басшы адамдармен сұлтанға келіп:


«Қоқандықтар деген опасыз халық! Өз хандарын өлтіріп жаман үйренген олар сол зұлымдығын сізге де жасағалы жүр» деп сақтандырады. Көңіліне күдік кірген сұңғыла төре табанда бір амал ойлап тапты. «Қоқандықтардың іштей жау екендігін білдік. Бәрімізді ең мықты дұшпан – орыс әскерінің қамап жатқаны мынау. Бұл қиындықтан шығу үшін Бұқар әмірінің қол астына кіріп, содан көмек сұрайық» деді. Жиналғандардың «ә, бәрекелдісімен» Бұқар әмірі Мұзаффа ханға тарту-таралғымен елші жіберді. Әмірдің шешімі көп күттірген жоқ. Тәшкенттіктердің тілегін қабыл алып, қаланы басқаруға қасына төрт жігітті ертіп Тайшыбек деген тоқсабаны жіберді. Әмірге шаһарды қорғап қалу емес, билігін қолға алу ғана керке болған сыңайлы. Көмекке келер әскерден үміт үзілді. Сыздық қала басшылығын тоқсабаға тапсырып ордадан кетті. Ол кеткен соң дарбазалар күзеті және басқа әскери тәртібі босаңсып, қарсы қимылдар да сиреп, көп ұзамай Черняев батыл шабуыл жасап Камелен дарбазасы арқылы кіріп, Тәшкентті басып алды.


Орыстар Тәшкентті алған соң Сыздық төре өз адамдарымен Бұқар хандығына қарайтын Жизақ қаласына келді. Қала бегіне сәлемдескеннен кейін, отбасы үйелменін Жизақ маңына қалдырып, жиырма жігітті ғана ертіп Мұзаффар ханға сәлемдесуге кетті. Бұқар әмірі Сыздықты жылы шыраймен қарсы алып, қасындағы жігіттерге дейін сый-сияпат көрсетіп, Жизақ бегіне мына төрелер мен жанындағы жігіттерге қазынадан жалақы төлеуге жазбаша жарлық берді.


Сұлтан Жизаққа қайтып келген кезде генерал Черняев қаладан бес шақырымдай жерге кеп тоқтаған екен. Төртінші күні ол әскерімен қалаға бет алады. Оларға көрші қалалардан келген халық әскері қарсы шықты. Бірақ халық әскері алғашқы зеңбірек оғы ортасына кеп жарылып, бірнеше адам мерт болғасын-ақ тым-тырақай қаша жөнелді. Зеңбіректен ата отырып, солдаттар қала бағына келіп кірді. Орыстар базарға кеткенін сыртынан бақылап жүрген Сыздық төре бақшаны тасалап кеп дуалдың сыртынан алпыс мылтықтан бір мезетте оқ жаудырды. Көшеде топталып бара жатқан солдаттардың біразы топалаң асып, біразы жараланды. Жағдайдың қиын екенін көрген орыстар керней тартып, ілгері кетіп қалғандарын шақырды. Кері оралғандарға тасада тұрған қазақтар оқ


 


жаудырып, біраз атысқаннан кейін орыстар шегінуге мәжбүр болды. Қаладан шыққан соң солдаттарының бас-аяғын жинап, генерал келіп түскен орнына оралды. Сол арада бір апта жатып, Сырдария жаққа кетті. Бұқар әскері соңына қанша түскенмен мұздай қаруланған орыс қолы маңайлатпады. Сол күндері Жизаққа келген әмірдің қалың қолын Черняевтің соңынан салды.


Қалың қолдың ішінен ерлік көрсетіп те, көзге түсіп те жарытпайтынын сезген Сыздық сұлтан өз бетімен қайрат қылғалы әмірден орыстарға Шардара жағынан шабуыл жасауға рұқсат беруін сұрады. Әмір мұны мақұлдап, жол шығынына мың тіллә бергізді. Сұлтан Сыр бойындағы елден жігіт жинап алмақ оймен Шардара жаққа аттанды. Жолай құм арасында босып жүрген жұртты көріп, олардан Черняев әскерінен төрт жүз солдат келіп Шардара қамалын, маңайдағы ауылдарды ту-талақай тонап жатқанын, содан шошып жұрттың құмға қашқаның білді. Жергілікті қазақтан бір жолбасшы алып орыстар жүрген жаққа тартты ол. Көп ұзамай жүк артқан түйелер мен тағы басқа малдарды айдап бара жатқан жүз қаралы атты қазақты көрді де, бұйрат құмдарды тасалай келіп тарпа бас салды. Орыстар да өліспей беріспеуге бел буып айқаса кетті. Қолма-қол айқаста қазақ –орыс атаманы мен бір офицер Сыздыққа бетпе-бет келіп қалды. Офицердің тапаншадан үш рет атқан оғы төреге дарымай, ол екпінмен келіп офицерді де, атаманды да қылышпен шауып түсіп, астындағы арғымақтарын олжа етті. Олардан басқа тағы да алты орысты өлтіріп, отыз ат олжалап, қазақтардың талап алынған мал-мүлкін қайтарып бергізді. Бірен-саран жеңіл жараланғаны болмаса, қазақ жігіттері дін аман.Қашып құтылған атты қазақтар түнде ізім-қайым жоқ болды. Төре қоңыраттардан шағын жасақ жинап, өзенмен жоғары жүзіп келе жатқан орыстың бір кемесімен атысып, кемеге жағуға дайындап қойған отынын өртеп жіберді.


Сыр бойында жүріп сұлтан әмірдің Майдажыңғыл маңына жеңіліп Самарқанға қашқанын естіп, өзі де солай барып ханға өлтірген орыстарының бастарын, олжалаған аттарын апарып тарту етті. Әмір оған қатты қуанып, қыруар сыйлық беріп, өзін Бұқарға бірге ертіп ала кетті. Бұқарда жатып ол генерал Черняевтің Петербургке кеткенін, орнына Кауфман деген генерал келгенін, оның Жизақты алуға әзірленіп жатқанын естіді. Бұл жолы ол Кауфманға қарсы аттанған әмірге ермей, оның рұқсатымен өзінің сегіз жүз сарбазын алып, Қазалы жаққа тартты. Сыздық сұлтан келе жатқанын екі жүз атты қазақты Хиуа жақ беттегі Сарыбұлаққа аттандырады. Төрені ілгері аттатпау тапсырылған жасақ бұлақтан екі шақырымдай құм төбеге жайғасып, алпыс адамын аттары мен түйелерді суарып келуге жібереді. Іздегенге-сұраған, дәл сол сәтте бұлақ басына сұлтан жігіттері де келіп жеткен еді.Олар мал суарып жатқан солдаттарды түгел қырып, малдарын тартып алды. Құм төбенің астында жатқан жасақтың қалған мүшелері бұл қырғынды сексеуіл, жыңғыл бұталарын жинатып, оларды оқ өтпестей етіп буғызып, төбенің үш жағынан бірдей домалатып орыс жасағына жақындай берді. Ойламаған жерден жау шыққанын көрген атты қазақтар да алдына тасаланар құм үйіп, атысқа кірісті. Бірақ бума тасасынан оқ боратқан қазақ азаматтары олардың басы қылтиғандарын қағып түсіріп отырды. Сондықтан солдаттарға құмнан қазған үңгірде бұғып жатудан басқа лаж қалмады. Сонда да қызған құм мен аптап


 


ыстыққа шыдамай алмай, үш дүркін шабуылға шығып еді, үшеуінде де көп шығынға ұшырады. Сұлтан оларды осылай үш күн зықысын шығарып, тапжылтпай ұстады да төртінші күні бастарына сауға беретінін айтып, қағаз жіберді. Бірақ оған жауап болмады. Сосын Ақмешітке жіберген барлаушылары келген соң Қазалыдан тағы да үш жүз солдат шығатынын естіп, қолға түскен аттар мен түйелерді айдап кейін қайтты. Құм үңгірде қалғандардың қаншасы өлі, қаншасы тірі екенін біле алмай кетті. Кейін сұрастырса, он сегіз ғана тірі қалыпты.


Ауыл аймағын, ағайын-туғанын сағынған әрі ұзақ жорық жолында шаршап- шалдыққан жігіттерін елді-еліне таратып, ең сенімді серіктерін ғана ертіп, Сыздық төре Бұқар қоластындағы Тамды қыстағына барып түсіп, сол арадан құмдағы оқиғаны айтып әмірге хат жолдады. Әмір оған тағы да разы болып төренің Қышкөпір жаққа кеткен әскеріне көмекке баруын өтінді. Жолай ол Жизақтың Қышкөпірге бара жатқан жүз солдатқа кез келіп, олармен де бір сағаттай соғысып, орыстар шегінген соң ұрысты одан әрі созбай сол жерже түнеп қалды. Ертеңіне Қышкөпірге барғанында әмір әскерлері орыстардан тағы да жеңіліп, шегініп бара жатқан үстінен шықты.


Келер жылы генерал Кауфман Самарқанға аттанды. Оның бетін қайтаруға әмір бар әскерін жібергенмен, орыстарға еш қайран жасай алмай, қаланы оп-оңай беріп қойды. Генерал қолы одан Каттәқорғанға бет түзеді. Осы жолы да Бұқар әскері түк қайрат көрсете алмай, алғашқы соққыдан соң алды-артына қарамай қашты. Сол ұрыстан кейін соғыс тоқтап, Бұқар әмірі орыстармен бітімге келді. Орыстармен екі арасының ақыры қалай болатынын күте тұр деп Сыздық сұлтанды ол қазақтар мен сайын құм, кең сахарадағы көшпелі елдің барлығына бастық етіп жібереді.


Әмірдің үлкен ұлы Әбдімәдік әкесінің орыстармен жасаған бітіміне қарсы болып, әмірге бағынбай қойған бектердің көмегімен өзін хан көтертіп, Ғиссар, Күләб, Қаршы жағынан сойылын соғар қол жинады. Әмірдің ешбір қиянатын көргем жоқ, қарсы шығуым шариғатқа қайшы келер деп ханзаданың қолқа салғанына көнбеген Сыздық төреге жүз алпыс дін қайраткерінің қолын қойғызып, мөрін бастырып, қайтадан хат жазып бүлікшілер оны да өз жағына тартап алды. Сұлтан сөйтіп тағы да бір сұрапыл шайқастарға басымен сүңгіп кетті. Енді оған орыс жасақтарымен қоса, Бұқар әмірінің әскерлерімен де соғысуға тура келді. Соғыс болған соң жеңіс те, жеңіліс те бірге жүретіні белгілі ғой. Ол қазақ арасынан әскер жинап Нұратаны басып алғанда, әмірдің оған қарсы аттандырған он үш мыңдық қолына шұғыл шабуыл жасап, бәрін өзіне қаратып алды. Келесі жолы жіберген әскеріне де алдыңғылардың аяғын құштырып, сарбаздарын тағы да он мың адаммен толықтырды. Үргенішке бет алған Кауфман қолын құм ішінде тосып, ауық-ауық төтеннен ұрып, тұтқииылдан соғып көп зиян келтірді. Ал орыс генералы мен Бұқар әмірінің әскерлері екі бүйірден келіп қысқанда қос соққыға шыдамай бас сауғалауына тура келді.


Ендігі үміті Үргеніш еді, оның ханы орыстармен келісіп шаһарын өзі ашып беріпті. Хиуа ханы екі жақтан келіп шүйілген Кауфман мен Веревкиннің тегеурініне шыдамай, елші жіберіп, орыстармен келісім жүргізіп жатыр екен.


 


Амалы құрып сұлтан өзіне қарасты елді аралап түрікпендерге барып қосылу үшін Әмударияны өрлеп тартып кетеді. Бір күні қызылдың құмы жағынан қырық шақты шабандоз шығып, дарияға қарай құлайды, Тоғайды тасалап қараса, түрікпендер екен. Сосын жанына үш жігіт алып қараса, түрікпеннің біреуі Сыздық төрені тани кетеді. Сұлтан Бұқарда болғанда он мың адамын әмірге көмекке әкелген Мұхаммеднияз сардар екен. Табан аузында ол жүгіріп келіп амандасып, тізгінін ұстап төрені аттан түсіріп алады. Жөн сұрасқанда Сыздық бастан кешкенінің бәрін баяндады. Әмір әскерлерінің қатын-баласын тұтқындап, Бұқарға алып кеткенін де жасырған жоқ. Үргеніш жақтан мал алғалы бара жатқан түрікпендер оны еліне алып кетіп, Нұрберді ханның үйінде қонақ етіп бір қыс қыстатты. «Қазақ пен түрікпен – ағайынды халықпыз. Ал сіз қазақ ханының баласысыз. Пана тұтып келген екенсіз, исі түрікпен боп көтеріліп әмірден кегіңізді алып берейік»- деп еді, нақақ қантөгісті қаламаған төре рахмет айтып, өзін Ауған жаққа Гератқа жеткізіп салуын ғана өтінді.


Түрікпен ханы мұны да құп көріп, атқосшыға қырық жігіт қосып беріп Сыздық сұлтанды шығарып салды. Ауған ханының баласы Жақып сардар оның ерлік істеріне әбден қанық екен. Сұлтанды ілтипатпен қарсы алды. Гератта үш ай тұрған соң ол сардармен қош айтысып Балқы, Бадақшанды басып, өзіне бұрыннан таныс Қашқардағы Жақыпбекке барды. Кезінде Түркістанда әскер басы болып тұрып шаһарды орыс алған соң, Бұқар барып, одан Қоқан келіп, одан да абырой таппай бос жүрген жерінен Әлімқұл молда оны Қашқар ханына уәзір қып жіберген еді. Қашқарға жүрерде Сыздық төре қалтасына біраз қаржы да сап берген. Сонан да болар, бүгінде хан көтерілген Жақыпбек оны зор құрмет көрсетіп қарсы алып, үлкен бір лауазым беріп, өлген баласының әйеліне үйлендіріп, оны да ұлым деп атады.


Бұл келгеннен соң бір жылдан кейін Жақыпбек Қақардағы орнын мұрагерім деп жүрген баласы Бекқұлбекке мирас етіп, өзі Ақсуға барып, барлық әскерімен сонда ұзақ тұрып қалды. Ақсуды алғалы келе жатқан қытай әскеріне қарсы шыққан жолда Жақыпбек кененнен қайтыс боп, оның орнын өз өсиетінен тыс Хакімхан төре басып, хан болған соң ол Қашқарға қарай жорыққа аттанды.Оған Бекқұлбек бастаған жиырма бес мың әскер қарсы шықты. Жеңіс кезек алмасып, соғыс біразға созылды. Ақыры, Сыздықтың ақылымен Бекқұлбек таң алдында Хакімханға тұтқиылдан тап беріп, жеті сағат соғысып, дұшпанның екі мыңдай адамын қолға түсіріп еді, қалғандары да мұның жағына шықты. Осыдан соң ол Ақсуға барып, бір ай тұрып сол төңіректе қалалардың бәрін өзіне бағындырып, Қашқарға оралды.


Алайда төбеден жай түскендей тап берген қытайлардың қисапсыз көп қолына төтеп бере алмай, хан әскерімен Қоқанға қарай жылыстады. Тек Сыздық сұлтан ғана өз жасағымен қытайларға қарсы түн жарымына дейін соғысты. Сол соғыста сол қолыңа оқ тиіп ауыр жараланды. Жарасын елемей шаһардың шетінде түн ортасы ауғанша ұрыс салған ол,таң атқан соң Бекқұлбектін бүкіл әскерімен орысқа қарап кеткен хабарын алды. Лажсыздан ол да орыс алған жердің шекарасынан өтіп, Ош шаһарына келіп, әкіміне хабар берді. Ояз бастығы сұлтанның жараланып келгенін естіп, генерал-губернатор Кауфманға хабарлады.


 


Кауфман Сыздықты алдына алдыртып, қолын емдеуге дәрігер тағайындады. Жетпіс күнде жарасы жазылып, қолы қалпына келген соң қайта шақырып алып, онымен жеке сөйлесті. Ұсынған мойынды қылыш кеспейтінін айтып, орыс мемлекеті алдындағы күнәсінің бәрі кешірілетінін хабарлады. Сосын Бұқардағы әмірдің қолында қалған қатын-баласын алдыртып, өз тілегі бойынша Шымкент шаһарында жауапты қызмет істейтін інісі Ахметтің қасында тұруына рұқсат берді.


Осылай жиырма жылға жуық орыс отаршылдарына қарсы ымырасыз күрес жүргізіп, әсіресе, олар Орта Азияны жаулап алар тұста Түркістан өлкесінде қазақ жігіттері мен түрікпен шабандоздарын бастап, күшті қайрат көрсеткен қолбасшы, өжет те ержүрек жауынгер, қайтпас қайсар қаһарман Сыздық сұлтан озбыр күшке, обыр саясатқа бас июге мәжбүр болды. «Қазақ халқының өз алдына ел болуы үшін күрескен осы ең соңғы сардар, қытай әскері Қашқар қаласын алып, Тарым бойындағы Жақыпбек орнатқан белгілі мұсылман мемлекетін жойғаннан кейін Қашқардың ханы Бекқұлбекпен бірге 1877 жылы біздің қоластымызға келіп кірді» деп жазды бұл туралы кейін орыстың зиялы бір ұлығы Е.Т.Смирнов. Жоғары жақтың нұсқауы ма екен, ол 1886 жылы өмірбаянын өзіне жаздырып алмақ оймен Сыздықпен сөйлесіп, жазу жобасын жасап берді. «Алғашқы көргенінде осынау ойшыл, келбетті келген сабырлы адамның сахараның ештеңеден тайсалмайтын баскесері атанған, жетпісінші жылдары Түркістандағы алғы шебіміздегілердің үрейін ұшырған, күтпеген кезде және біздің осалдау тұсымыздан тап беріп, басқа қазақ, түрікпен топтарына қарағанда ерен қайсарлықпен өршелене шабуыл жасаған партизан, атақты шабандоз Сыздық екеніне нанғың да келмейді», дейтіні оның сонда. Алайда, Сыздық жазу жағына икемі болмады ма, кім білсін, оны інісі Ахмет төреге тапсырды. Ахмет өз әкесін қоса жазып, ағасының бастаған кешкендерін 1887 жылы қазақша қағазға түсірді. Қолжазбаны Сырдария облысының Санақ комитетінің төрағасы орысшаға аудартып, Смирновтың өзіне өңдетіп жеке кітап етіп бастырып шығарды. Бүгінгі біздің хикаямыздағы деректер де сол кітапша мен Ахметтің өз ұлы Әзімхан Кенесариннің архивінен алынды.


Сыздық сұлтан кейін қырғыздарға барып әкесінің атақты сарқасқа ерін таптырып алып, алдыңғы қасын сапасымен тілін жіберіп, білеу-білеу алтындарын алатын жолы жанында еріп жүрген нөкерлерінің ішінде жасы онда қырыққа жетпеген Жамбыл ақынның болғаны белгілі.


Сонда Жәкең:


Сәлем бердік, Алдияр, Орын бердің қасыңнан. Сен бір қалған көз едің,


Кенесары асылдан, - деген екен.


Шынында да, Сыздық төре тот шалмас асылдың көзі ғана емес, жарқ еткен жасынның өзі сияқты сан қырлы, терең сырлы, ерекше тұлға болған ғой. Тек осынау бір туар тұлғаның тарихымыздан өз орнын әлі де ала алмай жүргені өкінішті.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу