06.02.2022
  675


Автор: Сарбас Ақтаев

Аға сұлтан Қоңырқұлжа

Көкшетаудың қазақ орта мектебінен ауысып сегізіншіге келгенімде сынып жетекшіміз Сұлтан Кенесарин деген бір майдангер екен. Жасы отызға әлі келе қоймаған аласа бойлы, ашаң өңді, ақсары жігіт еді. Аяғындағы қара құрым етік, тізе тұсы төгіліп тұратын көк голифе шалбар, темекі түстес әскери жейде, белін қынай буған жалпақ қоңыр белдік артық еті жоқ сымбатты мүсінін ашып тұратын. Артық сөзге әуестігі шамалы ол сөйлегенде үстіңгі ерні мырс еткендей бір миығынан түріліп, үні тісінің арасынан сыздықтай шығып тек қана әмір беруге жаралған жандай көрінетін. Өзі де соған сәйкес әскери тәрбие мен дене шынықтырудан сабақ берді. Сөзі тақ-тұқ, жүрісі дік-дік, тұлғасы тіп-тіп оның тұла бойы тұрған тәртіп болатын.


Сол ағайдың зайыбы Қалима апай да бет біткеннің бәдендісі еді. Бастауыш сыныптарға сабақ беретін орта бойлы аршыған жұмыртқадай аппақ, көзі тостағандай дөп-дөңгелек, желең салынған ақ бөртпе шалысынан қап-қара қолаң шашы самайына қарай төгіле сәл бұйраланып тұратын. Ара-тұра жымиғаны болмаса, жарқылдап бір күлмейтін көркем келіншектің жүріс-тұрысы керемет бір келісім сазындай елең еткізбей қоймайтын. Ал сол күзде келген апайдың әкесі Әмірбек қарт ал дегеннен–ақ ауыл қарияларының қадірменді ақсақалына айналды. Бурыл сақалы омырауын жауып, сапарлы мұртты құлағына жететін балуан бітімді дембелше қарт күні бүгінгідей көз алдымда. Құйрық-жалы төгілген


 


тобылғы түсті тор биесін сағалдырығынан ұстап құдықтан суарып келе жатқанының өзі сурет сияқты да. Түпті түгендеп, текті екшейтін кез бе ол. Ата сұрасуды былай қойып «халық жауы» атанып қудаланған әкеміздің атын аузымызға әрең алатынбыз. Бірақ, неге екені белгісіз, сол кісілер көзден таса болса да көңілде ұялап қалды.


Оқу бітіріп, білім қуып тұс-тұсқа тарап кеттік. Қызмет бабымен жан-жақты жүрдік. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін бір жылдан соң Қызылсая орта мектебіне мұғалім болып келген Кенесариндер төңіректің талай толқын жастарына тәлім-тәрбие беріп, сол ауылда түбегейлі тұрақтап қалды. Осыдан бес- алты жыл бұрын Сұлтан ағай өмірден озып, жолым түсіп орнына кіріп шыққанмын. Көңіл айта отырып, сыры кетсе де, сыны кетпеген сырлы аяқтай бетінде бір тал әжімі жоқ, бәйбіше тартқанымен онша толмаған тәлімген жеңгемізбен біраз әңгімелескенім бар.


-Ағайдың түбі Ақтөбелік деуші еді, топырағы Көкше жерінен бұйырды. Көкшеде туып-өскенмен түбіңіз Ақмола еді ғой, сонда Алтайдың қай атасына жатасыз? – деп сұрадым.


-Қарағым, біз төре боламыз. Қоңыр төреден тараймыз. Атамыз– Қоңырқұлжа.


-Қоңырқұлжа?..


-Иә, Қоңырқұлжа Құдаймендин. Жазушылар жер-жебіріне жетіп, тарихшылар топырақ шашып жүрген аға сұлтан Қоңыр төре менің бабам. Оның Аббас деген бір баласынан менің әкем Әмірбек туған. Ел басқарған азамат жұрттың бәріне бірдей жаға бере ме?! Бәріне жағамын десе, жалпақшешей болып, билік тізгігінен айрылады. Тым қатал болса, жұрт жақтырмайды. «Атқа міндің – ажалға міндің» деп халық тегін айтпаған ғой. Бетті, қатты басшы болғанымен, бабамыздың елге тигізген пайдасы да бар шығар. Соның ақ-қарасын айырып жазса ғой, - деп ауыр бір күрсініп тоқтаған еді Қалима апай.


Сонда менің көз алдыма шөп басында бурыл сақалын жел желпіп балуан саусақтары домбыра сағағын алқындырып, күй тартып отырған Әмірбек қария, сыртында жал-құйрығы төгіліп, үйездеп тұрған торы бие келіп еді. Апыр-ай, тегін адамдар емес екен-ау, жарықтық! Төре тұқымы деп талай тауқімет тартып, қуғын- сүргіннің неше атасын көрген ғой, жазғандар. Тұқым-тұяғы туралы тіс жармай өткен Сұлтан ағадан қай Кенесарының тұяғысыз деп те сұрамаппыз-ау!..


Қалима апайдың не жазса да ақ-қарасын айырып жазса деген сөзі ой салды. Қазақ әдебиетінде тарихи романның өзіндік мектебін ашып берген айтулы қаламгер Ильяс Есенберлиннің Хан Кене туралы атақты туындысы «Қаһарда» Қоңырқұлжа бейнесіне қара бояудың қалыңдау жағылғаны рас. Ол үшін авторды кінәлау әбес болар. Себебі әдебиетте сол тұста үстемдік еткен социалистік реализм әдісіне сәйкес, басты кейіпкердің бағын аша түсу үшін қарсы кейіпкерге қара күйені молырақ жағу заң болды емеспе пе. Сондықтан Қонырқұлжа ісінен де, түсінен де адам шошырлық қүшеңгел қаһарлы кейіпкер болып шыққаны анық.


Ал шын мәнінде тарихи тұлға ретінде Қоңырқұлжа қандай қайраткер болған? Оның түбі кәдімгі Керей сұлтанмен тізе қосып, тұңғыш Қазақ хандығының шаңырағын көтеріскен Жәнібектің өзінен тарайды. Жәнібектен –


 


Жәдік, Жәдіктен – Шығай, Шығайдан – Еңсегей бойлы Ер Есім хандар туған. Ер Есімнен – Салқам Жәңгір, одан туған әйгілі Әз Тәуке Қоңырқұлжаның төртіншісі атасы. Әз Тәукеден – Сәмеке, Сәмекеден – Есімхан, одан- Құдайменде. Осы Құдайменденің, уызы арылмай тоғыз атадан бері билік тізгінін ұстап келе жатқан төренің отбасында 1797 жылы Қоңырқұлжа дүниеге келеді.


Сөзінің дуасы, өзінің қуаты мол, епті де бетті төре баласы ел билігіне ерте араласады. Оның билік баспалдағымен тез биіктеуіне патша өкіметінің 1822 жылғы Сібір қазақтарын басқару жөніндегі жарғысы кең жол ашады. Орта жүз жерінде Ресейдің өз ішіндегідей әкімшілік-басқару жүйесіне ұқсас әуелі дуандар құрылып, соның жергілікті басқару орындарына қызметке тұрған Қонырқұлжа патша ұлықтарының көзіне бірден түседі.


Сарыарқада алғаш екі дуан Көкшетау мен Қарқаралыда халық бұрынғыдай емес аз-кем тыншып, жағдай біршама түзеліп, мектептер мен мешіттер ашылып жұрттың алды егіншілікке ден қоя бастаған тұста Қоңырқұлжа Құдаймендин, Досан Ханбабин, Сартай генерал-губернаторы И.А. Вельяминовқа Ақмола, Баянауыл, Аманқарағай сияқты өңірлерде жаңадан дуандар ашу туралы ұсыныс түсіреді. Сол ұсыныс патша әкімшілігінде қаралып, мақұлданғаннан кейін қырдағы әкімшілік дуандарының саны сегізге жеткізіліп, соның бірі – Ақмола дуанына аға сұлтан болып Қоңырқұлжа тағайындалады. Бұл 1832 жылдың қыркүйегі болатын. Араға бір жарым жыл салып оған патша армиясының подполковнигі әскери атағы беріледі. Аға сұлтан жаңа орында шынымен–ақ бел шешіп, белсене қызмет етті. Саржан – Сартай сұлтандардың бүлігіне ерген елдің басын құрап, атақоныстарына оралтып, жаңадан болыстар ұйымдастырды. Рас, олардың көбіне өз бауырлары мен балаларын басқарушы етіп қойды. Оған атышулы жарғы әбден мүмкіндік беретін еді. Жарғыда дуандардың, болыстардың басшылары тек төре тұқымынан тағайындалатыны атап айтылған болатын. Сондықтан оның екі бауыры Арыстан мен Бек, ер жеткен бес ұлы – Абылай, Әділ, Биғали, Жанәлі және Шыңғыс болыс басқарды.


Жоғары жақ Ақмола бекінісін салуды да алғаш осы аға сұлтан Құдаймендинге жүктелді. Бекініс салуға арнайы келген Шубин жасағына Қараөткелді көрсеткен де алғаш Қоңырқұлжа болатын. Ол кезде Есіл өзенінің осы өңірінде Жарөткел, Кеңөткел, Құмөткел, Тасөткел сияқты өткелдер көп болатын. Солардың арасынан қала салуға қолайлы, қорған болуға да, қоныс қылуға да таптырмайтын, оты-суы мол, тақтайдай тегіс осы араны таңдауы оның жер жағдайын да, ел жағдайын да жақсы білетінін көрсетсе керек. Қазір сол жерде Егемен Қазақстанның елордасы – Астана қаласының тұрғаны де тегін емес.


Дуанның басқару мекемелерінің ғимараттары салынып, Сібір корпусы құрамының әскери гарнизоны орналасқан бекініс тез арада пайдалануға беріліп, ол енді Ақтау, Жарқайын, Ұлытау бекіністерінің де құрылыстарына қол-ұшын беріп, көп көмек көрсетті. Осындай қалтқысыз қызметі үшін Анна және Владимир ленталарына тағылған екі бірдей алтын медальмен марапатталды. Ел жағдайын ойлайтын қай қайраткер болсын қол астындағы жұрттың хал-ахуалын айтып, болашағын бетпе-бет ақылдасуы үшін жоғары жақтың қабылдауында болуды көксейтіні белгілі ғой. Қоңырқұлжа да патша ағзамның өзімен жүзбе-жүз көрісіп,


 


ауызба-ауыз сөйлесуді армандап, Петербордың өзіне өтініш жіберген-ді. Құдаймендиндер әулетінің орыс өкіметі алдындағы айрықша адал еңбегін жоғары бағалаған патша әкімшіліг 1833 жылдың наурыз айында Батыс Сібір генерал- губернаторы И.А. Вельяминов пен Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант Сен-Лоранға Қоңырқұлжа Құдаймендиннің қасына төрт адам ертіп Санк- Петербургқа император Николай I-шінің мәртебелі қабылдауына келуіне рұқсат берілгенін хабарлайды.


Қоңырқұлжа қасына сұлтан Бұлқайыр Сарин, би Бекқожа Сапақов, старшын Игілік Өтепов және тілмаш, шоқынған татар Шахмаевты ертіп, 1834 жылдың ақпаныныда Тобыл қаласынан шығып, Мәскеу арқылы сәуірдің басында Санк- Петербургқа түседі. Аға сұлтанның ақ патшадан ең басты өтініші-қазақтарды әскери міндеттен босату, яғни қыр ұландарынан әскер қатарына адам алмау және оны арнайы сенімхатпен бекітіп беру болды. Екіншіден, дала халқын үкіметтің көлік қажетін өтеу міндетінен, яғни лауға ат, тасуға адам беруден босату туралы тілек білдірмек.


Кім білсін, алғашқы тілекті алға тартқанда ол Ресейдің көрші елдермен, тіпті қоластындағы халықтармен жиі қырқысып жатқан кезінде қандастары туған жерден жырақ жүріп босқа қырылмасын деп ойлады ма екен? Оның пайда-зияны бірдей болған сияқты. Әскери міндетін атқарып жер көріп, ел тани алмай қазақтар ұзақ уақыт көрбілте, жерқорқақ болып келді емес пе. Екіншіден, «қазақтар табиғатынан қорқақтау, жаңалықты бірден қабылдай қоймайды» деген уәжі де көңілге қонбайтын еді. Әйткенмен, екі ұсынысының екеуі де қабылданып қазақтан әскерге жігіт, лауға ат-көлік алынбайтын болады. Қыр қарақшылары мен барымташыларының жолын бөгеу орнату жөніндегі ұсыныс орыс елінің мүддесіне сай келгендіктен талқылауссыз-ақ қабылданады.


Қоңырқұлжа сол жолы ақ патшаның жеке қабылдауында бір емес, екі мәрте болып, алға қойған міндеттерінің, күрмеуі қиын мәселелерінің бәрін ойдағыдай шешіп алды. Ұлық мәртебелі императордың өз қолынан Андреев лентасына тағылған гауһар тасты алтын медаль алып, құрмет белгісі ретінде шенді шекпен киді. Бірге келгендердің бәріне де бір-бір алтын медаль мен бір-бір бешпент тиді. Төрт ай орыс астанасында болып, ол сол жылғы тамыздың ортасында елге бет түзеді. Жол-жөнекей Қызылжарға соғып, қарашаның басында Қараөткелге оралған ол аға сұлтандық қызметіне қайта кірісті.


Қоңырқұлжа Құдаймендиннің Петерборға барып патша ағзамның қабылдауында болып қайтуы оның абыройын Орта жүздің ішінде аспанға көтеріп, патша үкіметінің саясатына мойынсұнбай жүрген төрелер мен ақсүйектердің мысын басты. Ал 1836 жылғы мамырда оған ақ патшаның мейірімі тағы да түсіп ол Ресей империясының дворяндар тобына мәңгілік қабылданып, алым-салықтан мүлдем босатылды. Император Николай I нің өзі қол қойған дворяндық мәртебе жөнінде диплом тапсырылды. Оған жауап ретінде ол Батыс Сібір генерал- губернаторы П.Д. Горчаковқа алғысхат жолдап: «Баршаға мейірбан мәртебелі императордың өзіме және бүкіл әулетіме Ресейдің мәңгілік дворян мәртебесін берген жаңа белгісін алудан асқан бақыт бар ма! Келешекке деген игі-тілектеріңіз


 


үшін шын жүректен мың да бір алғыс айтамын» деп жазады Қоңырқұлжа Құдаймендин 1837 жылғы ақпанда.


-Омбы облыстық басқармасындағылар және Батыс Сібір генерал- губернаторлығының кеңсесіндегілер аға сұлтан Құдаймендинмен ұдайы санасып, ой-пікірмен есептесіп отырған, - дейді патша үкіметінің қазақ елін отарлау саясатын терең зерттеп, зерделі еңбектер жазып жүрген көрнекті ғалым, тарих ғылымының докторы Мұрат Әбдіров. – Мәселен, оның өтініші бойынша қазақтан әскер алмау жөніндегі патша қол қойған сенімхаттың көшірмесі қазақ қырындағы күллі дуандарға таратылды. Ал 1837 жылдың көктемінде Ақмола дуанының қазақтары екі жылға алым-салықтан босатылды. Сол жылы қоқандықтардың шапқыншылығы мен қыстың қаталдығынан жұрт бір жарым миллионаға жуық малынан айырылып, қатты жұтап қалған еді. Салықтан босатылуы елге едәуір жеңілдік әкелді. Бұл арада Сібір комитетіне мән-жайды түсіндіріп, талап-тілегін өткізе білген аға сұлтан Қоңырқұлжаның еңбегі зор. Оның өтінішін Николай патшаның өзі де мақұлдаған.


Бұл Кенесары Қасымов бастағын ұлт-азаттық көтерілісінің қазаны бұрқ- сарқ қайнатуға бет алған тұсы еді. Орыс отаршылдығына қарсы ту ұстап, топ бастап, күреске бекем бел буған қаһармандардың қай-қайсысының да алдымен патша әкімшілігінің құлақкесті құлы боп, сойылын соққан жандайшаптарына қатері тігіліп, қаһары төгілетін білгілі. Даланың бір қазанға басы симайтын екі бозқасқа қошқары, екі тарлан бөрісі Кенесары мен Қоңырқұлжаның арасындағы келіспес күрестің, бітпес таластың да себеп-салдары осында жатыр. Екеуі де ақыл-ойы, айла малы, күш-жігері жөнінен бір-біріне алдырмайтын ымырасыз айқастың адамы. Бірі тас қамал тәрізді орыс империясына арқа сүйесе, бірі бас көтеріп, кескілескен күреске бел байлаған халықтың тасқын күшіне сенеді. Сол арқылы елін отарлық бұғаудан азат етіп, Абылай заманындағыдай дербес хандық құрып ен далаға ешкімнің шеңгелін салғызбай, еркін сүруді аңсайды.


Қоңырқұлжа болса, оның құрғақ қиял екенін, бақайшағына дейін қаруланған әскері бар орыс патшалығына жалаң қолмен қарсы шығу алапат өртті сусыз сөндіремін деп аттанумен бара-бар деп біледі. Ол орыс елінің өнер- білімінен үлгі алып, шаруашылық жүргізудегі озық әдістерінен үйреніп барып үзеңгі теңестіруді ойлайды. Оның үстіне патша өкіметіне береген анты бар, қарауында қолына қараған қыруар халқы бар, сырттай бақылап, жоғарыдан әмір беріп отырған орыс ұлықтары бар ол іші қанша қан жыласа да көтерілісшілер жағына шығып кете алмайды.


Дегенмен де кейбір деректерге қарағанда, көтерілген халыққа бүйрегі бұрып Кенесарыға астыртын көмек қолын ұсынды деген де қауесет бар. Тіпті жазалаушы жасақтардан қашқан Кенесары жігіттерін өз қонысынан өткізіп жіберген кезі де болған көрінеді. Ол жайында қазақ жасақтарының командирлері Ақмола мен Омбыға да хабарласа керек. Мәселен, Ақмола дуанының мәжіліскері Менькович 1838 жылғы 4-қазанында Омбы облыстық бастығына: «Бүліктің бастаушысы деп анық айтуға айқын дерегім болмағанымен Байдалы болысының биі Аққошқар Кішкентаевтың еренсіздігінен қазақтар арасында толқулар байқалады, ал оны аға сұлтан подполковник Құдаймендин сырттан ғана бақылап, әділдікке сайып


 


отырған сыңайлы... Бұл арада Байдалы мен Әліке болыстарының қазақтары Қаракеңгір өзені мен Ұлытау бөктеріндегі қыстауларынан асып, Торғай бойындағы Қасым Абылайхановтың төңірегіне барып топтасқан» деп жазады.


Ұзамай-ақ сол жылғы желтоқсанның бірінші жұлдызында Омбы облысының бастығы полковник Талызиннің аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендинге жолдаған ашулы хаты келіп жетеді. «Бек қадірменді сұлтан, Аға сұлтан атағымен халықтың сеніміне ие болып, басшылықтың назарына ілініп отырған сіздің ең басты әрі қалтқысыз қам-қарекетіңіз өзіңізге сеніп тапсырылған өңірде, өзіңіз басқарып отырған халықтың арасында қатаң тәртіп пен тыныштық сақтау,- деп жазады облыс бастығы.


-Ал Сіз өз міңдеттерңізді жалпы ұмытып кеткенге ұқсайсыз. Рас, тек басшылықтың ғана көз алдында тәртіптің белсенді сақшысы болып көрінеді екенсіз, шын мәнінде округіңізде жаппай бейбастық етек алған: болыстар тарап, Қасымның телі-тентек төрелерінің төңірегіне топтасып жатыр. Ол сұлтандардың содырлары қазақ ауырдарын тонап біздің бір тілмашымызды қолға түсіріп, енді Ақмола елді мекенін талқандау арқылы біздің қырдағы билігімізді құлаптақ пиғылда. Ал аға сұлтан бола тұра Сіз, дуанда отырма, ауылыңызда шалжиып жатырсыз.


Осыдан кейін өзіңізге заң бойынша қандай жаза берілуі керек деп ойлайсыз? Алайда өзіңіздің адал берілгендігіңіз бен басшылықтың бұрынғы ілтипатын ескере отырып, өз атағыңызға сай борышыңызға мұқият қарамағаныңыз үшін қатаң сөгіс беремін. Осы хатты алысымен дуандағы орныңызға дереу келіп, аймақта тыныштық орнағанша тапжылмай отырасыз. Төлеңгіттерді алға салып, бабаларыңызды бірден күдікті болыстарға аттандырып, қазақтардың заңға қайшы қылықтарының алдын алып, тыныштық орнатуды және бүлікшілердің іс-әрекетін бақылауды тапсырыңыз. Мұны бұлжытпай орындау борышыңыз».


Екі оттың ортасында қалу деген осы. Әйткенмен ант берген патша өкіметінің бұйрығына мойынсұнбай бола ма, тапсырманы алысымен аға сұлтан өз балалары Жаналы мен Шыңғысты көтерілісшілер қосынына жіберді. Алайда олар Тінәлі-Қарпық және Темеш болыстарына келуін келгенімен, одан әрі кенесары ордасына аяқ басуға батылы бармады. Әдеттегі жайбарақат көшіп-қонып жүрген қазақтардың орнына ұлы дүбірге еріп, жаппай атқа қонған, жерін басып алған басқыншылардан кек қайтаруға тас түйін бекінген сарбаздарды көріп, олардың алдағы жоспарларынан да еш мағлұмат ала алмай салдары суға кетіп кері қайтты. Енді аға сұлтан күн сайын Кенесарының шабуылын күтетін болды. Көтерілісшілерден өзі мен отбасын қорғау үшін әскери жасақ жіберуді өтініп, облыс бастығымен жиі-жиі хабарласып, хат жазысып тұрды. Сондай хаттарының бірінде Кенесарыға қосылған қазақтардың барлығы өзін жек көретінін жасырмай:


«Кенесары Қасымов Ресей өкіметіне адал берілгендігім үшін сазайымды тарттырып, елеулі зиян келтірудің жолын қарастырып жүр. Оған іш тартып еріп кетуге әзір жүрген осы округтің қазақтары да жағдай жасап отыр» деп жазды. Айтқандай-ақ, 1838 жылдың басында Кенесары Қоңырқұлжа мен оның ағайын- туыстарының ауылдарына шабуыл жасап, он екі мың жылқысын айдап кетті. Осы


 


барымта шабулы туралы капитан Құлеке Ескенин Батыс Сібір корпусы командирінің адъютанты Спиридоновқа: «Бүгін мен сұлтан Кенесары Қасымовтың Қоңырқұлжа Құдаймендин мен оның бауырларының бар жылқысын айдап әкеткені туралы хабар алдым» деп жазды.


Сол жылы Қараөткелден шыққан Қоңырқұлжа және әскери старшын Карбышев бастаған 500 солдаты бар жасақ қарымта шабуыл жасап, Жыланшық бойындағы Айраққұмда отырған Көшек Қасымов пен Сейдақ бидің ауылдарын тонайды. Шабуыл кезінде отыз шақты қыз-келіншек, 25 еркек өлтіріп, 80 адам тұтқынға алынады. Оның есесін Кенесары күзде дуан орталығы – Ақмола бекінісін жермен-жексен етіп қайтарды. Түнде Қарбышев пен Қоңырқұлжа аз ғана жасағымен қамалдан әрең қашып шықты. Аға сұлтан дәл сол бекініс үшін болған алапат айқаста қолға түссе, сол шайқаста шәйіт болып кеткен Басығара батырдың орнына құрбандыққа шалынар ма еді, қайтер еді...


Ақмола бекінісінің күлі көкке ұшқаннан кейін көтеріліс ошағы Ырғыз, Торғай төңірегіне ойысып, Қоңырқұлжа Құдаймендинге дуан орталығын жаңадан салуға тура келеді. Көтерілісшілерге қарсы күресі, шашырап кеткен елдің басын құраудағы еңбегі үшін оған 1841 жылғы ақпанда Орта жүз аға сұлтандарының арасында ең алғаш әскери полковник атағы берілді. Ол Ақмола дуанының аға сұлтаны болып үш мәрте сайланып, арада үш жыл үзілісі бар он бес жыл бағы таймай билік тізгінін ұстады. Елу екі жасында өз еркімен құрметті демалысқа шыққанда оған билер кеңесі Нұра бойындағы Бұғылы тауының төңірегін мәңгілік иеленуге шешім шығарды. Өмірден өткенше ол сол өңірді мекендеді.


Ақмола дуаны сияқты ұланғайыр аймаққа ұзақ жылдар бойы үздіксіз билік жүргізген аға сұлтан қарауындағы халықтың қамын жеумен қатар, өсіп-өнген әулетінің, өз басының пайдасын да ұмыт қалдырмаған шығар. Алайда дүние қуып, қарауындағы елін қан жылатпаған секілді. Оның некелі үш әйелінен он сегіз ұл, алты қыз туған. Бірақ олардың бірде-бірінің мыңғыртып мыңды айдаған байлығымен аты шыққан емес. Сонда да кешегі Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары олардың ұрпақтарынан қуғын көрмегендері шамалы. Жоғарыдағы Қалима апайдың, Әмірбек атайдың бертінге дейін тегін жасырып, ашық айта алмай келгені әсте тегін емес. Cұлтан ағай да солай болар. Бабалары жауласып өткен екі әулеттің ұрпағы бір-бірімен табысқанын айтсайшы!..


Ақмола дуанының алғашқы аға сұлтаны патша әскерінің полковнигі, кезінде үкіметтен талай марапат пен сый-сияпат көрген Қоңырқұлжа Құдаймендиннің есімі ұзақ уақыт ұмыт қалып, аталмай келді. Көркем әдебиетте ол тек жағымсыз жағынан ғана бейнеленді. Бәрі де бұрынғы билік тізгінін ұстағандар шетінен қанаушы, тонаушы деген ұшқары пікірдің салқыны ғой. Өзі өмір сүрген қиын қыстау кезеңіне сәйкес қарама-қайшылығы көп аса күрделі тұлға болған Қоңырқұлжаны өз заманына, өз қоғамына адал қызмет еткен өз дәуірінің перзенті десек қателеспеспіз. Ең болмаса, бүгінгі әлемге әйгілі Қазақстан астанасы орнында осыдан жүз жетпіс жыл бұрын бой көтерген қаланың іргетасын қалаған қайраткер десек те жетіп жатыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу