06.02.2022
  235


Автор: Сарбас Ақтаев

НАМЫСТЫҢ НАРКЕСКЕНІ

Қазақтың мейірбан да бауырмал қайран қара шалдары-ай! Қайда жүрсе де еншісі бөлінбеген елміз деп ағайын-туыс іздеп, қарамыздың көбейіп, қатарымыздың толыға түсуін тілейді ғой, жарықтықтар. Сондай жаны жомарт, жүрегі ізгі екі қариямен алпысыншы жылдардың ортасында Қызылорда қаласында танысқаным бар. Облыстық Досаф ұйымының бастығы, бізге бөле боп келетін полковник Қаби Өтегеновтың үйінде Көкшетау жақтан келіп қонақ болып жатыр екен. Біреуі белгілі экономист, бертін ұзақ жыл Республика Жоспарлау комитеті басшыларының бірі болған Жарысбектің әкесі Әбутәліп те, екіншісі оның немере ағасы Төлеу екен. "Адам баласы сөйлескенше, жылқы баласы


 


кісінес-кенше" деген емес пе, әңгімеміз жарасын, әп-сәтте шүйіркелестік те кеттік.


-Шырағым, "көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра" деуші еді бұрынғылар. Ел аралап, көп жүретін көрінесің, осы Сыр бойында біздің біраз туысқандарымыз болуы керек, солармен кездескенің бар ма? - деп сұрады әлден уақытта Әбітең.


-Жоқ, олар бұл жаққа қайдан келіп жүр?


-Онда тыңда, айтайын. Баяғы Кенесары Наурызбай көтерілісінің ошағы Атығай-Қарауыл мен Қыпшақтың қонысы болған жоқ па! Көтеріліс басып- жаншылған соң бүлікке белсене қатысқан деп патша өкіметі, әсіресе, біздің қарауыл еліне қырғидай тиіп, малын айдап әкетіп, жанын байлап әкетіп, жерін тартып алып күн көрсетпейді қойды ғой. Содан ел туған жерін тастап, осы Сыр өңіріне қарай үдере көшуге мәжбүр болды. Көбіне-көп Қылды қарауылдар босып кетті. Жазы би Жанұлының, "Бала Баубек" атанған Баубек батырдың ұрпақтары Сыр бойлап, Бұқар асып кетті деген де сөз бар. Кезінде сол босқын туралы кет "Айқап" па, әлде "Қазақ" газетінде ме, "Қарауылдардың жер аууы" деген мақала да жарияланыпты. Солардың үрім-бұтақ, түқым-тұяғы осы жақта да қалған шығар.


Қарияның зердесінің зеректігінен гөрі келтірілген деректеріне таң қалып, басымды шұлғыдым да отырдым. Хан Кене бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің өзі сан-саққа жүгіртіліп, оны бұқара халықтың бостандық жолындағы күресі дегендер шетінен шекиетті болып, жаза тартып, жапа шегіп, зардабы енді тарап, зарары жаңа басылып келе жатқан кез ғой, оның тарихына тереңдеп үңілмек тұрсын, ауызға алуға да батпайтынбыз.



  • Сендер орысшылап ағайын-туғанды онша іздей қоймайсыңдар ғой. Баяғыда Самарқанд, Бұқарға кіре тартып, сауда керуеніне ілесіп, көлігін айдап осы жаққа келіп, үйленіп қалып койған да аталарымыз болған. Іздестірсеңдер солардың да үрім-бұтағын тауып алуға болады ғой. Үрім-бұтақ дегеннен шығады, сендер осы Наурызбайды кім деп жүрсіңдер?

  • Кім болушы еді, Қасым төренің кенжесі, Кенесарының інісі, Абылай ханның немересі.


-Жоқ, ол төре сенің атаң, Қарауыл. Қылды Қарауылда Арлан-Шамай деген ағайынды екі батыр болғанын естіген шығарсың. Солардың өздерінен де асқан өте жаужүрек, жан баласынан беті қайтпаған Қалақ деген батыр ағасы болған, Наурызбай соның қалыңдығы, Қозған Жолдыбай батырдың қарындасы Асылтастан туған. Орын келіп, қалыңдық, ойнап, ұзамай ұзатып алып кеткелі жүргенде қыздың ауылын Қасым төренің жігіттері шауып, айдай ару хас сұлуды төреге әкеп тарту етеді. Сөйтіп, іште келген Науан хан тұқымының шаңырағында шыр етіп, өмір есігін ашқан. Демек, жаны төре болғанмен, жаратылысы кара, Қарауылдың бір тамшы қаны, - деп шежіре қарт бір құпияның шетін шығарған еді. Әрине, тәуірдің бәрін туыс тұтып, жақсының бәрін жақын тартып, туған санайтын қазақы мінез ғой деп, қарт сөзіне онда сенгенім жоқ, қазір де күмәнім көп. Әйткенмен, ой елегіне енді салып қөрсем, ойланарлық сәттер бар сияқты. Асылтасты әкеп тартқанда Қасым төренің жасы алпысты алқымдап, бәйбішесі


 


дүние салып, тоқалы Қожақ-ханымнан бала көрмей, көңілі құлазып жүрген, қандай болса да бір жас иістен кет әрі емес кезі. Сондықтан есік көрген, бесік көрген деп таңдап, талғап та жатпаған шығар. Алайда, сүйгеніне қосыла алмай құса болған Асылтас тұңғышын қырқынан да шығара алмай, қайтыс боп кетеді де, Науанды Кенесарының бәйбішесі Күнімжан бауырына салып алады.


Өйткені, Қазақ-ханымның бауырында бәйбішенің кенжесі бір жарым жасар Әбілғазы болатын. Осылайша Наурызбай туған күннен бастап-ақ, тікелей Кенесарының өз тәрбиесінде болды. Батыр оны өз перзентінен кем көрмегенмен, ата баласысың деп өсірді. Ал хан тұқымының баласы білмейтін өнер, меңгермейтін білім болмауы керек. Алып күш иесі болатыны қаршадайынан байқалған Науанды Кене батырлық салт-дәстүрге тіпті ерте баулайды. Жалпы, Қасым төренің өзі де балаларының батырлығы мен батылдығын кішкентай күнінен сынайды екен. Көкше баурайындағы Күміс көлдің құмына балаларға көрсетіп қанжар көміп, биік төмен жасап, осыдан келіп қарғыңдар деп олардың бір шақырымдай жерге жүгіртіп жіберіп, көзге көрсетеді селебені ала қоятын көрінеді. Жүгіріп келіп қарғыда басқа балалардың жүрегі дауаламай ойқастап жүргенде, Науан әрлі-берлі қайта-қайта секіріп, тіпті жата қалып аунайды екен. Қашаған қуу, құрық, салу, бұғалық тастау, асау үйрету, ат арқасында тік тұрып шабу сияқты ат ойындарының да неше түрін жастай игереді. Келімді-кетімді әскери адамдардан, тұтқынға түскен орыс офицерлерінен, қала берді Кенесарының өз төңірегіндегі батырлардан семсерлесу мен қылыш қолданудың, найзаласудың түрлі тәсілдерін үйренеді. Ол он бес жасында жалаңаш қолымен қару жұмсамай аю алған екен деген де сөз бар.


Енді бір әңгімеде ол қарсы шапқан жолбарысты қағып ап алқымынан сығып өлтіріп, өңгеріп үйге алып келіпті дейді. "Кене аға, міне, мынау жыртқышты қан шығармай, қару жұмсамай-ақ соғып алдым", деп үй сыртында тұрған Кенесарының алдына тастай салғанда: "Тәйт әрі, бір мысықты өлтірдім деп осынша мақтанғаның не?!" деп бұрылып жүре беріпті. Бұл оның жас батырды табысқа мастанып, асып-тасып кетпесін деп сақтандыруы еді. Наурызбайдың қайтпас қайсар, қайратты да айбатты, білекті де жүректі болатыны барған сайын айқындала түседі. Бір күні Кенесарының ордасында батыр-бағландар мен би- шоралар бас қосып отырып: "Осы заманның асқан батыры Кім?" деген әңгіме төңірегінде пікір алысады. "Бүгінде Ағыбайдан асқан батыр жоқ" деген түйінге теңеп, бәрі оны мақтай жөнелді. Бұл әңгімені әлі жалау көтеріп                                                                       жорыққа араласпаған он бес жастағы Наурызбай босағада түсі бұзылып, сұп-сұр боп тыңдап отырады. Сол түні Ағыбайдың жылқы күзететін ҡезегі екен. Үркер тастөбеге шығып, түн ортасы болған кезде ай сәулесінің аясымен астына ақбоз ат мінген біреу ағып келіп Ағыбайға тап береді. Айҡаса кетіп Ағыбай найза саламын дегенде, қолынан қаруын тартып алып, өзін киімінен түйреп, үш рет басынан айналдырып лақтырып ҡетеді. Ағыбай біраздаң соң есін жиса аты қасында тұр, ал найзасы жоқ, Кенесары күзетін өзіне тән сынып тапсыратын қырық, арғымағы түгел. Ғұмыр бойы жаудан беті қайтып көрмеген батыр қатты намыстанып, терең күйзеліп үйіне келсе, найзасы өз үйінің алдында сүйеулі түр. Түнде болған жағдайды айтуға ұялып, Ағыбай түске дейін сүлесоқ боп жүреді де, ақыры бастан


 


кешкенін Кенеге кеп баяндайды: "Жын ба, пері мен, білмеймін, әйтеуір, бір ақ киімді ақ боз атты біреу мені найзасының ұшымен көтерді де,басынан үш айналдырып лақтырып тастап кетті. Найзасын денеме дарытпапты, бірақ киімімдегі орны мынау, Айтайын-ақ, деп едім, алайда айтпасыма және болмады",



  • дейді. "Е, кім дейсің ол, ойнап жүрген өзіміздің Науан-жан шығар?" депті жайымен жымиып Кенесары.


Өзі тәрбиелеп жүрген түлегінің қылығын кек тұтпай, қайта мақтан көріп Ағыбай да жайраңдап, жайылып сала беріпті, Жалпы, Кенесары түбім


сезіп қалар деп сезіктенді ме екен, әлде өзіне иілмей кеткен Арлан-Шамай сияқтылардан сескенді ме екен, Наурызбайды алған беттен-ақ, Атығай-Қарауыл батырларының маңына жолатпай, тәрбиесін тек Ақжолтай Ағыбай га ғана сеніп тапсырған, Алайда, сыбыс жата ма, кішкентайынан хан тұқымынан деп кеудесін өрлік кернеп, қөсемдікке қол артып өскен Науанның да құлағына сыпсың сөз жетіп, түбінің шикілігін аңдаған сияқты. Оның Есенкелдінің қызы Қарлығаш пен көңіл қосуы осыған меңдейді. Teri басқа екенін білмесе, ол туған ағасының қызына көз сала ма. Ал оны Кенесары біле тұра Науанды жазаламай, жанындағы серіктеріне қалай қатер тігуін немен түсіндіруге болады. Наурызбайдың тегін Мұхаң, Мұхтар Әуезов те білгенге ұқсайды. Оның "Хан Кене" драмасындағы Бопай мен Науанның оларға шарпысуын қазақ ғұрпында туған апа мен інінің аузынан шығар сөзге жатқызуға келмейтіні де содап болар. Ұлы жазушы жалпы қазақ үшін үлгі қылық, деп білген бе, Қарлығашты немере ағасының қызы деп көрсеткен.


Әлбетте, Наурызбайдың тегінде тұрған ештеңе жоқ, төре болсын, қара болсын мейлі, ол исі қазаққа ортақ тұлға, халқының азаттығы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, қасықтай қанын қиған қас батыр. Кенесары да оны атаның ұлы емес, адамның ұлы, хан тұқымының ғана перзенті емес, жалпы халықтың перзенті етіп тәрбиеледі, алдындағы, айналасындағы батыр ағалары да ел Қамын жейтін еңіреген едіге азамат етіп баулыды. Қашанда батырды пір тұтып, батырлықты жыр ететін халықтың жыр-дастандарында Кенесарыдан гөрі Наурызбай көбірек мадақталып, оның ерлік жолы он жеті жасында басталды дейді.Ал тарихи деректерге үңілсек, оның тұсаукесер ерлік қимылы он алты жасында Ақмола қамалын аларда айрықша көрінген. Бекініс үшін шайқас киімі кескі болып, қамалды қорғаушылар көпке дайын беріспей, қазақ салақшылары ұшьна тез тұтанғыш майлы шүберек байлаған жебелерді атқылап, қаланың көшелерінде өрт шыққан. Бекініске бірінші болып басып кірген Басықара батыр оққа ұшқан. Батырдың денесін тастамай алынған шептен бір адым шегінбеуді бұйырған Кенесарының әмірімен Ағыбай, Иман және Наурызбай батырлар бастаған жасақтар қалаға қайта басып кіріп, күлін көкке ұшырды. Осы жорықта жап-жас Наурызбайдың алғырлығы мен айлакерлігі көзге ерек түседі. Оның сілтеген семсерінен аман қалған дұшпан болмайды.


1838 жылғы тамыздың басында Ақмола бекінісі талқандалғаннан кейін Кенесары жігіттері бекіністер мен бекеттерге шекара шептеріне, тіпті дуандарға шабуылды жүйелі өрістетіп, дұшпандарының дайындаған пішіндерін өртеп, қатынас жолдарын талқандап, кәдімгі партизан соғысын жүргізеді. Жазалаушы


 


жасақтармен бетпе-бет келіп қалғанда оларды ойсырата жеңіп, ту-талақайын шығарады. Ондай шайқастардың ен ортасынан көбіне алып күш иесі албырт Наурызбай көрінеді. Сондай бір шайқаста оның жалғыз өзі дұшпанның он бес солдатын қылышпен шауып тастайды. Ал жекпе-жекте ол жан баласын шыдатпаған.


Ереуіл атын ерттеп мінген Кененің жақтастары сатқын сұлтандар мен көнекті сырттан салған бай ауылдарды да жиі шабуылдап шекара шебіне тақау қоныстанған патша құлықтары мен тілмаштардың малдарын айдап әкетіп, сауда керуендерін де қолға түсіріп жүрді. Акмола арқылы Тәшкент пен Хиуаға баратын керуендерді шабудағы көтеріліс көсемінің көздегені Ресейдің көп пайда түсіретін Орта Азия мен саудасының берекесін қашыру болатын. Оның азаттыҡ, жолындағы күрес үшін онша тиімді тәсіл емес екенін көп ұзамай түсінген Кенесары ізінше өзінің көптен көксеген мақсаты - орыс отаршылдарына қарсы бірлесіп күресу үшін Орта жүз бен Кіші жүз қазақтарының басын біріктіруді қолға алды. Ол өзінің жасауылдарын жіберіп, жұртшылық көңіл күйін, көтеріліске көзкарасын білгізіп, тізе ортақ жауына қарсы бірлесіп күресудің жолын қарастырды.


Орта жүз аумағындағы бытыраңқы бас көтерулерді біртұтас қозғалысқа біріктіре отырып, Кенесары Кіші жүздегі көтерілістің бастысы Жоламан Тіленшиевпен байланыс жасап, Табын, Тама, Шөмекей, Шекті сияқты өршіл- өжет, қайтпас-қайсар рулардың азаматтарын өз жағына тарты. Соның арқасында Торғай мен Ырғыз өңірі көтеріліс ошағына айналды. Алайда, екі жүздін де дүмді байлары уақыттың ағымын, орыстың аңысын аңдып, көтерілісшілерге жылы шырай таныту қоймаған-ды. Сол себепті олардың біразына тізе батыруға тура келді. Ондай алпауыт ауылдардың бірі Кіші жүздің Алшын-Жаппасындағы Тілеуқабақ әулеті, оның сен тұр мен атайын көзсіз батыр екі ұлы Әли мен Мұса.


Дені асыл тұқымды кіл арғымақ үш жарым мың жылқысы бар, көшкенде


ордасының өзін алпыс нарға артатын байдың шөпженді жауға ығын бермесін естіген Наурызбай қасындағы кілең көкжал қырық жігітімен Тілеуқабаққа өзі бармақ, болып, Кене ағасынан рұқсат сұрайды. Байдың ауылы ауылға айдын көлдердің ортасында, анау-мынау жолын тауып бара алмайтын жерде отырғанын, оның үстіне тасқыны тайдай тасты домалататын Үш бурыл суынан өте оңай емесін білетін Кенесары көп ойланып, ақыры інісінің қасындағы Алабай, Дулат, Жәуке секілді серіктеріне сеніп, бата беріп аттандырын салады. Бұл Жүсіпбек қожа бастырып шығарған "Наурызбай-Ханшайым" дастанында ерлік те адемі өрнектеледі.


… Хан Кененің інісі Наурызбайдың әлекедей жаланған қырық жігітпен келе жатқан хабары ұзын құлақтан әп-сәтте жетеді. Қанша жерден құлақтанғанымен байдың ауылы Әли, Мұсаға сеніп қозғала қоймайды. Батыр ағаларынан қарындасы Ханшайым әлдеқайда сұңғыла да сергек екен. Хан інісінің алған бетінен қайтпайтын, діттегеніне жетпей, көздегенін қолға түсірмей қоймайтын кайсарлығынан хабардар қыз қайранның алдын алу үшін қыз-келіншектерді жиып, алтыбақан құрып, жорықшыларды түнде ойын-сауықпен қарсы алады. Жас батырдың нендей мақсатпен жүргенін білген қыз жасанған жаудың алдын алуды


 


ойлайды. Олардың өткелді өздері-ақ тауып, көздеген жылқыны айдап алатынына көзі жеткен қыз әдісін тез өзгертіп, жігіттерге қол ұшын берген болып, жылқыға барар жолды өзі нұсқайды. Бұл қолбасы Наурызбайды торға түсірудің тәсілі еді. Әріден ойлайтын ақылды қыз екі елдің жаулығы өршімеуін көздеп, әрі туысқандық борышын өтеп: "өлімге, күшің жетсе. қия көрме, артыңнан Әли, Мұса ағам барар" деп ескертеді батырға. Жылқыны айдап әкетіп бара жатқанын да ағаларына өзі келіп айтады. Бірак Науанның күші басым болып, екі батырды да түсіріп кетеді. Қыз тағы да айлалап, ел есін жиып күшін біріктіріп, жанын қорғап, малын айырып алып қалсын деген оймен төре қолын үш күн кідіртеді. Алайда, сайдың тасындай сайыпқыран ерлерге ешкім батып қарсы шыға алмайды.


Содан ел намысын қыздың өзі жыртып, әкесінен бата алып, батырға өзі шығады: "Еркен пен ұрғашыға олжа түссе, тақсыр-ау сол олжаны қайсысы алар?" деп Наурызбаймен жолыққанда атам заманнан келе жатқан әдет-ғұрыпты алға тартып:


Жығылған қатты түсер қыр басынан, Жалғанда кім айырылмаҫ сырласынан. Бойына мін емес пе, тақсыр төре,


Жол сұрап олжа алғаның ұрғашыдан, - деп ердің намысына тие сөйлейді. Әділ сөзден аса алмаған мәрт батыр алған жылқысын түгел қызға қайтарады. Бар олжасын қызға қалдыра тұрып Науан:


 


Ханшайым, артық екен сенің ағаң, Еңбек қып алған малды бердім саған. Құрбандық Кіші жүзге болып кепсің Не сыйлық көрсетесің енді маған? –


дейді. Сонда алғаш көргеннен-ақ "сырттаны екен жігіттің" деп ұнатып қалған қыз: "Құдай қылса, қала ма пендеде хәл, тақсыр-ау, ұнатсаңыз өзімді ал!" - деп ойындағысын айтады. Сөйтіп, сапар соңы тойға ұласып, сол жылы күзде Науан барлық жол-жоралғысы мен Ханшайымды Ордаға келін қып түсіреді. Қырғи қабақ екі ел төс түйістірген құда, бас сүйістірген онда болып, ортақ дұшпанға қарсы бірге аттанады. Алайда, қуаныш ұзағынан сүйіндірмей келінінің ақыл- парасатына таңданған Кенесарының тілі өтіп, көп ұзамай Ханшайым көз тиіп өледі. Бұл Науан батырдың он сегізге енді ғана шыққан шағы екен. Сонан қайтып ол отау құрмайды. Бар ғұмыры жорықта өтеді.


Жорық жолы да ұдайы сәтті бола бермейді. Әдетте ең жауапты тапсырманы орындауға Кенесары Наурызбайды жұмсайды екен. Сондықтан оның тобы ылғи да соғыстың қауіпті тұсында жүреді. Ол қатыспаған бір де бір әскери шайқас жоқ десе де болады. Бірде оны хан Тройцкіден Бұқарстанға бет алған сауда керуеніне жібереді. Наурызбай ол жорыққа тұтқында жүргеніне үш-төрт жыл болып қалған, қазақтың тілі мен дәстүрін әбден біліп алған Николай Губинді тілмаш ретінде бірге ала шығады. Оларға жол-жөнекей жаппастықтардан зекет жинау тапсырылады. Он жеті күн жүріп арала аттарын тың сәйгүліктерге айырбастап алып, жаппастықтарға жетеді. Науанның екі жүз қолына отыз шақты Шөмекей жігіттері қосылады. Ауылда болыс Омар Мәтеновтің өзі болмай шығып, старшын


 


Мырзабек Құлманов алдын-ала құлақтаңдырып қойған елді зекет бермейміз деп хан жасағына қарсы көтеріп қаруланған қалың елді айдап салады, Олар отыз шақты жолдасымен Наурызбай җатқан ауылды қоршап алып, батыр, әйтеуір, жігігтерімен әрең қашып құтылады. Бірақ Наурызбайдың жетегіндегі атының жүгенін сыпырып әдейі құлап, орыс тілмаш жаппастықтарда қалып қояды. Бұл үшін Науан ағасынан сөз де естиді.


Сужарған-Алқау алқабында Жанғабыл би ұйымдастырған жасауыл қырғынында да Наурызбай осындай қатерден аман құтылып кетеді. Түп ізінен қалмай қуған қуғыншылардың біразын жайратып, өзі де Байтабын, Ыссық, Қонай, Төлеген тәрізді серіктерінен айрылады. Тіпті ол барлауға шығып, Өлкейек өзенінің бойында отырған Кенесары ауылын бетке ұстар келе жатқан, жанында Баймағамбет пен Арыстан сұлтандар бар, полковник Бизанов бастаған үлкен қолмен де қақтығысып қалады. Батырдың шағын тобы мұздай қаруланған әскерлер мен шегіні жүріп шайқасады. Шайқас кезінде Науан ауыр жараланады. Сонда да үйреншікті қырдан жол тауып, жау қолына түспей аман құтылады. Орынбор казак полкінің уряднигі Андрей Ивановтың айтуына қарағанда, Кенесары барлық мәселелер жөнінде көбіне-көп Наурызбай мен ақылдасып отырған. Өйткені, ол басқалардан ақылды да қайырымды болған. Қолға түскен орыстарды ұдайы қорғап жүреді екен. Шынында да, Наурызбай көтерілістің өн бойында елеулі қызмет атқарды. Ол әрдайым сарбаздардың алдында жүрген және соңына ертіп ерлікке жігерлендіре білген. Оның түр-тұрпатының, кескін- келбетінің өзі төңірегіндегілерді баурап алатын. Жайшылықта жайдары, қыз мінезді ол айқаста айбаттанып, адам танымастай өзгеріп кетеді екен.


"Наурызбай ұзын бойлы, дене бітімі сымбатты сұлу жігіт, - деп жазады қырғыз тарихшысы Б.Солтабаев. - Өңі қызыл шырайлы, жып- жылтыр, бет-әлпеті басқа қазақтарға қарағанда ашаң, атжақты, жанарынан ұшқын атқан қара көзі кісіге байыппен қарайды. Төбесіндегі жалтыраған маржан моншақпен өрілген айдары самайына дейін түсіп тұратын. Сақал-мұрт әлі шыға қоймаған. Айқасқа ол әрқашан түгі күлгін тартып құлпырып тұратын ақ боз ат мінетін. Шайқас кезінде ол оң қолын бос ұстап, шынтағына дейін түрініп, жеңін белбеумен қатты тартып буып тастайтын. Ол қарадай-ақ дұшпанының зәресін үшыратын. Оның шайқаста найзаны қос қолдап ұстағанын бірде-бір қырғыз көрген емес. Әдетте зілдей ауыр найзаны қандай кезеңде болсын бір қолымен ғана ұстауының өзі оның шын мәніндегі алып күш иесі екенін көрсетпей ме. Басына ол қызыл пүлішпен тысталған бұлғын тымак, үстіне тысы қара көк пүліш, іші қап-қара құйрықтары тізілген күзен терісінен тігілген ішік киетін. Ішігінің жағасы, жеңдерінің ұшы және ертегі айнала қара қоңыр құндыз терісімен көмкерілген". Осыған қарағанда, Науан батырдың Арқа сал-серілерінің дәстүрін қалай ұстанғаны өз-өзінен көрініп тұр. Халық, жырларында оны әрі әнші. әрі ақын етіп көрсететіні де тегін емес. Ондай дара тұлғаның тіл-көзге де тез ұшырайтыны заңды. Содан сезіктенді ме екен, бірде Наурызбай:



  • Ағеке, Кіші жүздің бір сыншы қариясы бар дейді, соған апарып мені сынатып көрсеңіз қайтеді? - деп Ағыбай батырға қолқа салады. Алшында Абыз деген көп жасаған дана қарт барын Ағыбай да, хан Кене де білуші еді. Жанына


 


жолдас ертіп Науанды алып Ақжолтай батыр сол қарияға тартады. Барса Абыз жағын торғын орамалмен таңып алған, мамық төсекте жатыр екен. Сәлем алып, ол аунап түсіп бүркеніп жатып қалады. Сол жатқаннан келесі түске дейін теріс қараған қалпы қозғалмай жата береді. Қонағасысын жеп қонып шыққан жігіттер қария қайтып тұрмас деп түске тармаса тықыршып қайтуға қамданды. Жас төре қайткенмен Абыздың бір ауыз пікірін білгелі ағаекесіне жалтақтайды. Сонда Ағыбай қарияның төсегіне тақала келіп:



  • Абыз ата, басыңызды көтермедіңіз ғой. Жанымдағы мына жігіт Қасым төренің кенжесі, Кене ханның інісі Наурызбай деген балаңыз, бағын сынатқалы өзіңізге әдейі келіп еді. Ал мен шұбыртпалы Ағыбай деген боламын, - дейді. Сонда Абыз басын көтеріп:

  • Е, Ағыбайым, сенің ұраның артыңда қалады, өз ұраныңды өзің естірсің, бағыңның бауы желкеңде екен. Ал Наурызбайға келсем, менің жасым, міне, жүз жиырмада, осы ұзақ ғұмырымда мұнан асқан ержүрек батыр көргенім жоқ. Көкжал бөрінің сырттаны сияқты, жігіттің сырттаны әрі сұлтаны екен. Бірақ адам баласына мейірімі аз сияқты, бағы маңдайында, жаса жиырма бестен аса қоймас. Сендердің келгеніңді мен білмей жатыр дейсің бе, тек бейбақ басым, байқағанымды айтуға өздеріңді қимай, қиналып жатырмын ғой, - депті. Абыздың айтқаны айна-қатесіз келгенін көрмейсіз бе. Наурызбай 1847 жылы қырғыздардың қолынан қаза тапқанда тұп-тура жиырма бес жаста екен.


Кенесарының Арқадан келіп Жетісуға табан тірегендегі ойлағаны Алатауды айнала шолпан жатқан Үйсін жұрты мен қалың қырғыз елін өз жағына тартып, аранын ашып келе жатқан орыс отаршылдығына қарсы көтеріп, жұмыла күрес, болатын. Оның үстіне Алатау баурайындағы Ұлы жүз ағайындардың көңіл-күйін білгелі Наурызбайды бас қып елшілер жібергенде сол өңірдегі елді билеп тұрған немере ағасы Рүстем Абылаевтың да сәлемі себеп болды. Ол ақылымды алса, орыс шеңгелін салған жерлерді тастап, өзімнің жаныма көшіп келсін деген еді. Келсе, патша өкіметінің айла-шарғылары бұл елдерді де, әсіресе, тау қырғыздарын шырмауықтай шарман, қыл мойнына құпия құрығын салып та үлгеріпті. Ұлы жүз халқын ереуілге дүр көтере ме деп қорыққан орыс үкіметі қарауында Абакумов, Карбышев және Нюхалов сияқты жасауылдардың жазалаушы жасақтары бар генерал-майор Вишневский бастаған әскер шығарады. Генерал ең алдымен Аякөз, Қарқаралы, Көкпекті, Қапал дуандарының басшыларын көтеріліс жетекшісіне қарсы қойып, оны қазақ-қырғыздың сеніміне кіргізбей, реті келсе Жетісудан жалпы қуып, көзін жоюды көздейді және жоғары жаққа солай уәде береді. Патша жансыздары рулар арасында алауыздық туғызып, дұшпандық отын тұтату үшін діндарларды да кеңінен пайдаланды. Әсіресе, Батыс Сібір мұсылмандарының басшысы ахун Әбрахманов Кенесарыға қарсы күшті жұмыс істеді. Ол ханның кейбір руларға көбінесе қырғыздарға қатысты қателіктерін қалт жібермей өзіне қарсы пайдаланып отырды.


Обалы нешік, соған қарамастан Дулат пен Шапыраштының Байсейіт, Байзақ, Бұғыбай, Саурық және Тойшыбек сияқты батырлары ел-жұртымен бірден Кенесары жағына шығып, алдымен Әулиеата, Меркені қоқандықтардан тазартуға белсене ат салысты. Алайда, орыс құлықтары мен жең ұшынан жалғасып,


 


астыртын байланыс жасап, сый-сияпат, қару-жарақ, алып отырған қырғыз манаптары ымыраға келмей қойды. Кезінде Абылайдың тізесі батқанын әлі ұмыта қоймаған қырғыз атқамінерлері енді оның ұрпағымен жақындассақ, биліктен мүлдем айрылып қаламыз деп қатты қорықты. Оның үстіне тыныш отырмай өз тумаларын айдап салып, көрші қазақ ауылдарының берекесін қашырды. Кенесарының елшілер жіберіп, ортақ дұшпанға қарсы қырғыз-қазақ болып бірге күресейік, алдымен елді қоқандықтардың қыспағынан құтқарайық деген ұсынысын кабылдамай, өре түре келді. Амалсыздан күш қолдану керек болды.


Күш қолданылған жерде әділдік сақтала бермейтіні белгілі. Наурызбайдың қырғыз ағайындарға әзірейілдей болып көрінгені де дәл осы тұс. Ол бірлескен күреске күшпен көтеріп көндіремін деп қырғыз айылдарына шүйлікті. Қарсыласқандардың бетін қайтарып, сағын сындырамын, қайтып бас көтерместей етіп қорқытамын деп, тіпті қатаң жазаларға да барды. Артық кетіп, қарсыласының жүрегін тірідей жұлып алған да кезі болды. Мұқаңның "Хан Кене" драмасында Бұғыбай батырдың аузына "бала ер де, батыр да. Осы жүрген қолдың үйдегі- түздегісінің ешбірі ол жағынан тең келмейді. Бірақ ерлікті жұмсайтын да, жұмсамайтын да жер бар. Ерлікпен жауды мұқатып, елді артымыздан ертеміз деп жүрміз ғой. Қызуы үстеген шағында Наурызбай жазығы жоқ, дос боларлық елде егер қылады" деген сөзді салуында мән бар.


Қызып кеткен шағында Наурызбай алдында от тұрса да тайынбай кіріп кете берген. Сонысынан талай қатерлерге тап болып, ұзаққа да түсіп қала жаздаған. Бірде "Абылай аспас асудан мен асамын" деп, дұшпанын дүркірете қуып жүріп, олардың айласын аңғармай, санаулы серіктерімен мұз аңғарда құрсауда қалып қойғаны да бар. Әйтеуір қиуадан жол тауып, қиыннан соқпақ салатын тапқырлығының арқасында аттарының тоқымын мұзға төсеп, жабысқан киізді жол қылып, аттарын жиілей айқаса жүріп, мұз құрсаудан әрең құтылған.


Наурызбайдың да, Кенесарының да қатыгездігін олардың өмір сүрген ортасымен, сол ортаның салт-санасы, мақсат-мүддесі күллі күрес әдісіне әсер еткенімен түсіндіруге болар. Ат жалын тартып мінгелі отаршылдарға жерімді бермеймін, елімді билетпеймін деп, жанын шүберекке түйіп, ұдайы қанды-қасап соғыста жүрген олардың қатал қимыл, қатаң шараға баруы еті үйреніп кеткен дағды да шығар. Соны оңтайлы пайдаланып, қырғыз манаптары Орман мен Жантай халқын Кенесарыға қарсы көтере білді. Жансыздары арқылы көтерілісшілер арасына іріткі салып, Дулат елін хан Кенеден бездірді. Бұл туралы бас манап Жантай Қарабеков Сібір қазақтарының шекара бастығына былай деп жазады: "Кенесары қайтадан шабуылға шыққанда қарсылық көрсетіп, кескілесе ұрысып, оларды үш күн қоршауда ұстадық, Сол сәтте сұлтан Рүстем мен би Сыпатай Әлібеков әскерін алып, олардан бөлініп, Кенесарыға не істесеңдер оны істеңдер деп тағдырын бізге тапсырып кетті. Бауырымыз Орман онда артта келе жатыр еді".


Орыс ұлықтарынан қару-жарақ, Қоқан бекеттерінің қосымша әскер алған Орман қолы жетісі мен қоршау құрсауы тарыла түсті. Және әскери кеңес шақырып, қоршаудан шығудың жолдарын ақылдасты. Алайда Наурызбайдың "Ағыбай мен Құрман батырға қосып екі жүз жігіт берсеңіз қырғыз шебіне шабуыл


 


жасап, қоршауды бұзып өтемін" деген ұсынысын ағасы мақұлдамай, әрқайсысы өз жасағымен құрсауды жеке-жеке бұзып өтпек болды. Кенесарының жасағы қоршауды Қара суық деген ми-батпақты, қорысы көп өзен арқылы бұзып шықпаққа бел буды. Өзеннен өту кезінде көп адам суға кетті. Соған қарамастан сарбаздар ханды аман алып шығу үшін барын салды. Осы сәтте көтеріліске қатысушы Қалиолла Әлібеков былайша сипаттайды: "Кенесарының жүздеген адамдары қара қырғыздардың желкеден тұрған соққысынан суға кетті. Бірақ өліп бара жатып, сүйікті сұлтанын құтқаруға тырысты. Өздерін құрбан ете отырып, олар сұлтанды суға батып бара жатқан атынан ауыстырып, өз аттарын беріп отырды". Бірақ қоршаудан шығу сәтсіз аяқталып, қырғыз манаптары Алмалы сай аңғарында Кене ханды қолға түсірді. Қоршаудан шығуға қанша тырысқанымен күші-басым жаумен шайқаста Наурызбай өзінің жасағымен қоса опат болды". дейді тарихи деректер.


Әйткенмен ел аузындағы аңыздарға, ол жайында жазылған жыр-дастандарға қарағанда, Науан батыр бұл жолы да аман қалып, бір топ қанды көйлек жолдастарымен қоршауды тағы да бұзып шыққан тәрізді. Ағыбай батыр туралы бір аңыз-әңгімеде қолға түскен Кене ханнан бірнеше күн бойы дерек болмай кетіп, есін жиып, қайратына қайта мінген Наурызбай Ағыбайға:



  • Не де болса, қалған үш жүз қолмен жау қоршауын қайта бұзып, Кене- ағамды құтқарайық, - дейді.

  • Науанжан, жау Кенені өлтіре қоймас, қалған күшімізді жиып, одан да қырғызға елші жіберейік. Құрулы қақпаннан аулақ болған абзал. Әйтнесе, дұшпанның зеңбірегінен қанымыз босқа төгілені. Әркім бет-бетімен қашып, тұрымтай-тұсына, балапан-басына тым-тырақай боламыз, дейді аға батыр.

  • Ей, аға еске-ау! - депті сонда Науан жылап тұрып. - "Екі қатынның баласы екі рулы ел" деген бұрынғының сөзі бар емес пе. Бір анадан тумағандығын жасады дейді ғой мені ел. Ондай өсекке қалғанша, мен Кене-ағамды жаудан не арашалап алайын, не бірге өлейін".


Осыны айтып Науан батыр үзеңгілес есіл достарымен қоштасып, ағасы тұтқынға түскен жерге қарай бет алады. Ол кіріп келгенде: "Айналайын-ай, енді бірер күн бөгелгеніңде сенен қорқып мыналар мені босатқалы отыр еді" деп жылап жіберіпті дейді хан…


Тұқым алып қаламыз деп қойнына күніне бір қыз салған Кене ханнан таулары шағылған қырғыздар ерен батыр балғын төреден де дәметті ме екен, жазалау жөніндегі мәміле тағы да бірер апта созылса керек. Осы жөнінде бертін шыққан мынадай бір әзіл әңгіме бар. Қырғыздың атақты жазушысы Қасым әлі Сәбеңді, кәдімгі Сәбит Мұқановты қонаққа шақырып, Майтөбенің тұсына дейін шығарып салыпты. Сонда Сәбең қалжындап:



  • Қасымәлі, осы біздің қазақтар қырғыздарға қарағанда ақсүйектер мен, қалай? - депті.

  • Е, сүйектерің аппақ болып әне жатыр ғой, дейді жұлып алғандай қырғыз қаламгері төбені нұсқап. Сәбең сұп-сұр болып кетеді. Сонда қасындағы Мәкең - Мәриям апай Қасымәліге күлімдей қарап:


 



  • Қасымәлі, оған несін шамданасың ауылдарында Наурызбай ағамыздың аузынан түскендей қырғыз жігіттері біраз бар көрінеді ғой, - деп әңгімені әзілге айналдырып жіберіпті.


Бұл әншейін ғана әзіл ғой. Алайда, соның өзі намыстың наркескені Наурызбай сияқты ұлы тұлғалардың аты халық, жадынан ешқашан өшпейтінін, әзіл-шыны аралас айтылса да, елді ерлікке, ерді елдікке, бұқараны бірлікке үндеп тұратынын аңғартса керек.


Ерлігі Наурызбайдың ерек еді, Хан Кене ақылы асқан зерек еді. Ортада оба ағаштай терек еді.


Екеуі қапылыста өліп кетті,


Қазақтың баласына керек еді, - деп қарт жыршы, халық ақыны Омар Шипин атамыз айтқандай, елімізге осындай нар тұлғалар әлі де керек-ау, өзі!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу