06.02.2022
  225


Автор: Сарбас Ақтаев

САРТАЙ СҰЛТАН

 


Саржан Қасымов бастаған халық көтерілісінің корнекті көсемдерінің бірі — сұлтан Сартай Шыңғысов. Тіпті оны жаңа ереженің енгізілуіне бірден наразылық білдіріп, Жарғыны жүзеге асыруға бірінші болып қарсы бас көтерген қайраткер десе де болады. Хан билігінің де қызығы мен шыжығын бастан кешірген көшпенді халықтың көбі жаңа жарғыны уағыздаушылардың жылмаң сөзіне ұйып,


 


тың тәртіптің тұрмыс жағдайын жақсартатынына сеніп, өзгерістерді асыға күткен еді. Ол өзгерістерге жалғыз-ақ Сартай сұлтан қарсы шықты. Төңірегінен қару- жарақ асынған шабандоздарды шығармай, өз болысының аймағына бөгде бір жанды жолатпай қойды. Казак-орыс әскерлерін көзге де ілмеді. Алайда Көкшетау дуанын құруға жауапты Омбы облыстық басқармасының төрағасы подполковник Антон Григоровский тарпаң төренің қияс мінезін көрсе де көрмегенсіп, өз жұмысын жүргізе берді.


Ел аралап, жергілікті жағдайды біліп қайтқан казактардан алғашқы хабар алысымен-ақ генерал-губернатор П.М.Капцевичке хат жолдап: “Құдайға мың да бір тәуба, жұмысым жақсы жүріп жатыр, — деп жазды ол. — Осындай сәттілікті Қарқаралы дуанын ашуға аттанған ілтипатты бастығым Семен Богдановичке де (Броневский) тілер едім. Оның өзіме жолдаған соңғы хатынан ежелгі ұры — тобықтылар өз пікірлестерін сұлтандар елді сатып жүр деп сендіргісі келетінін аңғардым. Менде әзір ондай сыбыс естілмейді. Ұзын құлаққа қарағанда, тек Уәли ханымының күйеуі ғана (Сартай сұлтан) Ғұбайдоллаға қарсы жеке басының наразылығын аңдатып жүрген көрінеді. Дегенмен, мен дала халқынан тек берілгендікті ғана байқаймын..."


Сартай сұлтан Уәли ханның туған інісі Шыңғыстың баласы. Хан дүние салғанда отыздан енді ғана асқан Айғаным ханшаны өсек-аяң ермес үшін ағайындар жиналып, ата-баба ғұрпы бойынша әмеңгерлік жолмен Сартайға қосқан. Бұл Абылайдың Сайман бәйбішесінен тарайтын төрелердің ішіндегі еті тірі, ақыл-парасатына алғырлығы сай, тағанды да табанды, бетке ұстар батыр мінездісі болатын. Ол Ғұбайдолланың әке орнына отырып, хан болғанына қарсылық та, қызғаныш та білдірген жоқ. Ал алдауға түсіп, дуан ашып, оның аға сұлтаны болуға келісім бергенін кешіре алмады.


1824 жылғы сәуірдің аяғында Көкшенің батыс бөктерінде үлкен Шабақты көлінің жағасында Көкшетау дуанының ашылғаны ресми хабарланып, Ғұбайдолла Уәлихановтың аға сұлтан болып сайланғаны жария етілген салтанатқа алты сұлтан, жүз алпыстай бай, алпысқа жуық старшын, молдалар мен көптеген төлеңгіттер қатысқанда олардың арасында тек Сартай төре мен оның нөкерлері ғана болмады. Ол өз бауыры Тортай Шыңғысовты да жиынға жібермей, жолдан кері қайтарды. Сұлтанның бұл қылығына облыс басшылары мән бермеген боп көрінді. Дегенмен, облыс бастығының (генерал-губернаторға берген ақпарында ел арасында іріткі салып, бұқараны толқытып жүрген бай-шора, би-болыс, төрелердің қасында Сартай сұлтанның аты айрықша аталып, оны ұстап, заң бойынша тиісті жазасын беру баса айтылып отырды. Шынында да, Көкше өңіріндегі халық қозғалысына жетекшілік жасап, ел басын біріктірген Абылай ханды айрықша қастер тұтатын Қарауыл жұртының өкілі ретінде ол өзінің іс- әрекетін көтеріліс басшысы Саржан батырдың қимыл-қарекетімен үйлестіріп отырды.


Жергілікті халықтың жаңа тәртіпке наразылығын Сартай сұлтан казак әскерлерінің басшысы майор Алексей Лукинге жазған хатында ештеңе де ірікпей ашық айтады. "Көкшетау дуанына келіп отырған, Алексей Максимович, сізге негізгі ілтипатымды білдіре отырып, сонымен бірге мынаны хабарлағым келеді,


 


— деп жазады ол ресми түрде. — Мен басқаратын халық дуанға келіп тұруға келісім білдірген емес. Оны олар қып-қызыл шығын көреді. Әрі дуанның салынуын елді де, жерді де тонау деп біледі. Сондықтан оған келудің өзін өлімдей көреді. Ел иесі патшайымның билік құрған кезі мен Абылай ханның тұсында мұндай дуандардың болмағанын ескере отырып, қадірменді майор мырза, біздің сыртымыздан сөз таратпауыңызды сұраймын. Өйткені біз жаратушы жалғыз құдайдың алдында күнәһар болып қалмау үшін өз дінімізді берік ұстауға бекем бел байлап отырған жандармыз. Оның үстіне Қасым төре мен хан Жұма шабарман арқылы маған екі мөр жіберіпті. Айтқан големдеріне қарағанда, бодандықа ешқашан бағынбайтын әрі дуанға ғұмыр бойы бас сұқпайтын көрінеді".


Хатпен жете танысып, Лукин оны Қызылжарға, ал ондағылар Омбыға жөнелтеді. Облыс басшылығы ондағы пікірлерден және өзге де дабылдардан өзгеше ой түйіп, Көкшетау округіне атты артеллериясы бар екі полк аттандырады. Орыстар мен қазақтардың арасындағы байланысты қалыпқа келтіріп, тыныштануына мұрындық болсын деп Орынбор өңіріндегі князь Шанышевтің баласы Мұхаммед-Рақым Шафеевті кеңсе қызметкері шенімен тілмаш етіп жібереді. Ал Лукин жасағы төңіректегі тыныштықты сақтай отырып, Меңіреудің қалың жыныс орманын шетінен кесіп, қала құрылысын өрістете береді. Алғаш қаланың Бұқпа тауының батыс беткейіндегі Шағалалы өзенінің жағасында Сартай сұлтанның ата-қонысы Елікті тауына қараған жазыққа салынуы да көп шу шығарды. Алғашқы құрылыстар өртеніп, шабуылға жиі ұшырай берген соң кент ақыры кеп үшінші орын — Бұқпаның шығыс баурайында Қопа көлінің жағасында бой көтерді.


Қазақтың сайын даласы сан түрлі оқиғалармен қазандай қайнап, теңіздей толқып, буырқанды да жатты. Бас көтерген ұлыстардың басылар түрі жоқ. Сондықтан олардың алдымен басшыларын қолға түсіріп, ереуілдеген елді басшысыз қалдыру керек. Ақыры, шиыршық атып, шиеленісе түскен жағдайды реттеу мәселесін қараған Омбының облыстық кеңесі осы шешімге келді. Ең алдымен Сартай сұлтанды ұстап, сотқа тарту керек деген байлам жасады. Себебі, көп қарсылық көрсетіп, жаңа тәртіптің енгізілуіне де, орыс бекіністерінің салынуына да қарсы шығып, қала құрылысына қисапсыз зиян келтіріп жүрген соның ұлысы болатын. Алайда аса сақ П.Капцевич бұл қаулыны бекітпеді. Онымен де қоймай, Айғаным ханшаның Сырымбеттегі мекен-жайынан мешіт салуға бұйрық берді. Оңдағы ойы — оны мұсылмандарды патша өкіметінің игі ниетіне иландыру, біртіндеп жаңа тәртіпке көшпенділердің етін үйрету еді. Осы арқылы ол Сартай Шыңғысовқа да, одан асса бүкіл бүлікшілерге жақсы атты көрініп, ықпал жасамақшы.


Бұл қадамның елді елең еткізгені анық. Алайда жаңа жүйеге жаны қас төрелер мен дүмділер халықты дүрліктіруді доғармады. Сартай сұлтан өзі уақытша ғана тыншыған сыңай танытты. Ал бай-шоралар ірге көтере бастаған бекіністерді жиі шабуылдап, жаңа құрылыстарды әлсін-әлі өртеп жіберіп жүрді. Бүлікшілер жасағы орыс елді мекендеріне ашық басып кіріп, ойранын шығарып кететін болды. Бірақ А.Лукин бастаган жасақ ойдағыдай қорғана отырып, құрылысты тоқтатпай жүргізе берді.


 


Дуанды жауып, қала түсірмеу әрекетінен түк шықпайтынына көзі жеткен Ғұбайдолла Уәлиханов аға сұлтан лауазымын сақтай отырып, хан атағын қайтарып беруін өтініп Санкт-Петербургке өз баласы Болат сұлтан бастаған өкілдер жіберді. Мәртебелі патша сарайы қырдан келген қонақтарға құрмет көрсетіп, сый-сияпат, тарту-таралғыны үйіп-ақ тастайды. Бірақ патша әулетінен шыққан жауапты адам хандық атақ қайтып берілмейтінін байыппен баяндап, қыр ұландарын кері қайтарады. Бұны білген аға сұлтан ашық та батыл қимылға көшіп, атақ-дәрежеден де, тарту-таралғыдан да бас тартып, қызметін тастап өз ауылдарын ертіп алып Қорғалжын көлі маңында жатқан Саржан мен Сартай сұлтандардың қосынына қосылып, келімсектерге қарсы келіспес күреске кіріседі.


Күрес ошағы Сарыарқаның сауыры — Орталық Қазақстанға ойысып, Көкше өңірінде өмір өз арнасымен ағып жатты. Көкшетау қаласы ірге көтеріп, Дуан үйінің құрылысы басталды. Жаңаша салынған жақсы үйлерге аға сұлтанның қызметін атқарып қалған Зілғара Байтокин мен мәжіліскер Мүсет Жәнібеков және дуан қызметіне кіріп алған қазақтар мен тілмаштар енді. Көшпелі ауылдан келіп, саңғыраған               сәнді       пәтерге       кіргендер    ағайын-туыстарын   қонаққа                  шақырып, түздіктердің аузын аштырып, көзін жұмғызған жаңа жайлардың даңқы қырға да кең жайылды. Бас көтеріп, бүлік шығарған сұлтандардың бұл шамына тиіп, шамырқандыра түсті. Олардың наразылығы күшейіп, қарсы іс-әрекеті өршіп кетті. Әсіресе, дуан өзіне қарасты аймақта бас көтерген Сартай Шыңғысовтың қарекет-қимылы айрықша болды. Облыс пен дуан әкімшілігі оны өз жағына тартып, жаңа тәртіптің жанашыры жасаймыз деген үміті желге ұшты. Тарпаң төре төңірегіне тың күштер топтастырып, жұрттың делебесін қоздырып, алды-артына қарамай ашық күреске шықты. Бұл бүліктің зарары мен салдарынан қатты қорыққан   Омбының  әскери                       басшысы     Сартайды                  қайткенмен қолға  түсіріп, тұтқындауға бұйрық берді. Бұл бұйрықты жүзеге асыру жүзбасы Чириковтың жасағына тапсырылып, ол оны ойдағыдай орындап, С.Шыңғысовты ұстап әкелді.


Сұлтан дереу Березовқа жер аударылды.


Әйткенмен ол айдауда онша көп болған жоқ. Мәселеге граф К.Несельроденің өзі араласып, оны әуелі Тобыл қаласына ауыстырып, сосын саяси көзқарасы мен білім-қабілетін саралап, сынап көру үшін Санкт-Петербургке алдыртады. Бір ғажабы, ол бұл сапардан Омбы облысы мен Көкшетау дуанының басшылығын ойран-асыр, таң-тамаша қалдырып, қырға алтын медаль тағып, азиялықтардың ғұрпынша шапан жамылып оралады.


Әрине, орыс астанасында қазақ сұлтаны Сартай Шыңғысовпен қандай әңгіме болғаны, қандай жүмыс жүргізілгені беймәлім. Бірақ оның төренің өзі үшін тиімді де жемісті болғаны, оны әуелі Қызылжарда, сосын Көкшетауда керемет сән-салтанатпен қарсы алулардың өзі-ақ аңғартса керек. Алғаш тұтқынға алынып артынан патша сарайынан табылып, ел-жұртына сағынып оралған бұл ұлттық батыр ретінде қабылданды. Жерлестері мен діндестерінің, қандастарының қошемет- құрметіне бөленді.


Бәрінен бұрын оны хан ордасы Сырымбетте жылы шырай, ыстық рай, кең құшақ қарсы алды. Әдетте ерінің кейбір көзқарастарына келіспей, орыстардың қазақ даласындағы рөлі туралы жиі айтысып қалатын Айғаным ханша сұлтанның


 


жан әлемінде болған күрт өзгерісті бірден сезді. Сезді де оған ханға лайық қабылдау жасады. Салтанатқа дуанның орыс мәжіліскерлерімен бірге шекара желісінің кеңесшілерін, төренің туған-туыстары мен құда-андасын түгел шақырды.


Шынында да, Сартай Шыңғысовтың орыстарға деген көзқарасы осыдан былай едәуір өзгерді. Абырой әпермейтін қырдағы оқиғаларға көп араласпайтын болды. Ал ондай ұрда-жық оқиғалар, қиуасыз қырқыс, таласты тартыс аз болмайтын. Кей жерде олар кең құлаш жайып, арнасынан асып төгіліп жатты. Бұған жаңа құрылыстың қарсыластары мен орыс өкіметі арасындағы келіспеушілік қана емес, ру мен ру арасындағы алтыбақан алауыздық та түрткі болып, араздық отына май құйып өршітіп отырды. Көбіне көп төре тұқымның дуан басынан қызмет алып, лауазымға таласуы кең етек алды. Олардың шамына әсіресе қызметінен бас тартып кетіп қалған Ғұбайдолланың орнын басып, атандай алты жыл дуанды жалғыз билеген қарадан шыққан Зілғара шешен қатты тиді. Мұның өзі Уәли әулетінің қолынан билік тізгіні сусып шығып бара жатқанын білдіргендей еді. Сондықтан аға сұлтан сайлауын қайтадан өткізіп, дуан төрағалығына әуелі Абылай Ғаббасовты, сосын Ғұбайдолла Уәлихановты қайтадан сайлауға Сартай сұлтан араласпай қалған жоқ. Оған бәрінен бұрын хан ордасының құты болып отырған Айғаным ханша белсене атсалысты.


Алдымен Айғанымның ықпалымен, сосын ағайын тумалардың акылымен Сартай сұлтан қоғамдық пікірі мен көзқарасын түбегейлі өзгертті. Орыс үкіметіне қалтқысыз қызмет етіп, жаңа тәртіпті орнықтыруға күш салды. Қырдағы жағдайдың едәуір өзгеріп, оңалуға бет алғанын аңдап, ондағы ру басылары мен би сұлтандардың рөлін байқаған Батыс Сібір генерал- губернаторы Вельяминов отыз үшінші жылдың өзінде-ақ Сібір комитетінің төрағасы, толық құпия кеңесші Князь Голицинге "Түздіктерді бодандыққа көндіріп, округтер құруға жәрдем жасап, ықпал еткен, адал қызметімен көзе түскен қазақтарды марапаттау" жөнінде ұсыныс түсірген еді. Сол тізімнің бас жағында бұрынғы бүлікші, бүгінгі бағынышты, аса ықпалды сұлтан Сартай Шыңғысов та болды. Сол жолы оған майор атағы беріліп, дуандағы әскери қызметке қабылданды.


Көңілі ойда-жоқта опасыздықтан опат болған жан досы, жақын туысы, үзеңгілес жолдасы Саржан батырдың азаттық пен әділет жолында көтерген киелі туын жықпай көтеріліс көрігін одан сайын дүрілдетіп, үдете түскен Кенесары жағында болса да, өмірі патша кеңсесінде қызмет етумен өткен өр де өжет, адуын да алғыр сұлтан Сартай Шыңғысовтың тағдыры осылай қалыптасты. Сөйтіп, қазақтың ұлы ханы Абылайдың тағы бір тұяғы жаны үшін арғы жаққа ұшып, бала үшін бергі жакқа келетін құс сияқты, жаны үшін патшаға қызмет етіп, ертеңінің қамы үшін күреске елеңдеп, екіұдай өмір кешті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу