06.02.2022
  534


Автор: Сарбас Ақтаев

ҚАСЫМ ТӨРЕ

Алмас тілді, адуын жырлы Махамбет батырдың:


 


Хан емессің қасқырсың, Қас албасты басқырсың. Дұшпаның келіп табалап,


Достарың сені басқа ұрсын, - деген шәлкес шумағы қазақ хандарының арасында тұңғыш зайырлы білім алып, қырда алғашқы мектеп ашып, өнер-білімнің өрістеуіне мұрындық бола бастаған Жәңгірді жадымыздан сызып тастатқыза жаздағаны сияқты, дабыл үнді төңкеріс дауылпазы Сәкен ақынның да Қасым төренің тарихи рөліне терісыңғай әсері аз болмаған ау, деп қаласың. Атақты


«Көкшетау» дастанындағы:


Баласы Абылайханның Қасым төре, Жасынан сотқарлығы басым төре.


Бір күні тау ішінде келе жатты,


Өзіндей бір топ жігіт қасында ере, -деп өңкей сотанақ сотқарлардың ортасында найза ойнатып келе жатқан сұлтаннан салған бетте-ақ көңіл суытып, көгілдір таулардың иесі мен киесіндей болған ақ бас бураны атып салуы тіптен түңілтіп, хан баласының қаныпезерлігіне көз жеткізбей ме? Тас боп қатқан сол бура аңыз болса да, халық арасында Қасым туралы қатыгез қанішер деген ұғым туғызғаны бесенеден белгілі. Оның үстіне арынды ақынның :


 


Хан деген жерге тамған қанға құмар, Дірілдеп өлім күткен жанға құмар;


Жазықсыз бейпіл жатқан елді шауып,


Типыл ғып жер күңіренткен даңға құмар, - деген жыр жолдары кешегі кеңестік солақай саясатқа тамыздық тастап, хан атаулының бәрін қаныпезер, би атаулының бәрін сөз қуған алаяқ деп көрсеткен тұста Қасым тұрсын, оның алты алашқа аты аян әкесі, қазақтың ұлы ханы Абылайдың өзі сан саққа жүгіртілген жоқ па?


 


Рас, Абылай ханның жасы елуден асқанда дүниеге келген кенже ұлының қой аузынан шөп алмас момын болып өспесі белгілі. Қараған нәрсесін алып, қалаған жеріне барып, еркін ерке өскен баланың тентек болмауы мүмкін де емес қой. Туғанынан-ақ өбіктеп дүйім елдің төбесіне көтергені тағы бар. Бұқар жыраудың ол туғанда: «Басыңа біткен күніңіз, құтты болсын ұлыңыз!» деп құттықтауы да тегін болмасқа керек. Ал Барон Услар «Қазақ даласындағы төрт ай» атты жолжобасына Қасым төренің 1762 жылы туғанын еш дүдәмәл келтірместей етіп атап көрсетеді. Көмекей әулиенің құттықтау жырының да сол кезде айтылғаны күмәнсіз. Оның тарихи дерек-себебі де барлышылық.


ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай Еділ қалмақтарының жері тарылып, танауы қусырыла бастайды. Орыс патшасының мегзеуімен Дон қазақтарының мыңнан астам түндігі Еділ мен Илеу өзендерінің аралығына келіп қоныстанады. Қалмақтар отырған өлкенің терістігінен келіп, немістер ірге тебеді. Жайық бойында жаңадан қазақ станицалары бой көтере бастайды. Қытай өкіметінің тепкісіне шыдамай Іле өлкесінен ауып келген Серен бастаған торғауыттармен онсыз да өріс-қонысы тарылған қалмақ ақсүйектерінің апшысы қатты қуырылады. Қалмақ ханы Убаши Астрахан губернаторы Н.А.Бекетовке алпысыншы жылдардың ортасында екі мәрте шағым етеді, одан жоғарыға да арызданады. Патша өкеметі даулы аудандардың мәселен шешуді, ұзын арқан кең тұсауға салып, созып жібереді де, ақыры Еділ қалмақтары дүр көтеріліп, Алтайға қарай бет түзейді. Оны көрген орыс өкіметі Орск бекінісінен генерал-майор Трауберг бастаған әскер шығарады. Бұл әскер босқан елді біраз жерге дейін қуып барып, ара-тұра айқасып қалып, өздері де шығынданып, оларды да шығындап кері қайтады.


Қанша шығынданғанымен қашқан халық кері қайтпайды. Әсіресе, олар үшін Мойынты өзеніне жеткен тұс қиын соғады. Осы өңірде қалмақтар Абылай бастаған қазақ хандары қолының қоршауында қалады. Жоңғарияға барар жол кесіледі. Амалы таусылған Убаши Абылай ханға елшілер жіберіп мыңнан астам қазақ азаматтарын қайтаратынын мәлімдейді.


Елшілер, әсіресе, кіріптар елдің елшілері тарту-таралғы, сый-сияпатсыз келмесі анық. Олардың әкелгенін айналасындағыларға үлестіріп беріп, тартуға келген қаракөз қалмақ қызын Абылайдың өзі алады. Бұқар жыраудың:


 


Қасым ханның шешесін, Хан Абылай алған-ды... Жабы деген қалмаққа,


Тырнағын солай салған-ды, - дейтіні сонан. Осы Топыш ханымды жыр-аңыздарда қалмақтың ұлы ханы Қалдан Сереннің қызы екен дейді. Оны Абылай алғанда Қалдан Сереннің өмірден озғанына ширек ғасырдан асқан-ды. Сол себепті оны торғауыт Сереннің қызы деген шындыққа жақынырақ шығар. Мейлі ол кімнің болса, оның қызы болсын, ең бастысы, қалмақ ханшаның Абылайға кенже ұлын тауып беруі ғой.


Кенже ұл қазақ ғұрпында қашан да шаңырақ иесі. Сондықтан оның жасында сәл өзімшілдеу, сәл өркөкіректеу, тіпті тентек боп өсуі ықтимал. Алайда,


 


еркін, ерке өскен бала есер емес, есті тентек болса несі бар. Хандардың ішінде алтын тағын балаларының біріне көз тірісінде қиған алғашқы әмірші Абылайдың кенжесінен үміт күтуі де заңды еді. Көкшетаудан Түркістан жаққа көшерде ол елдің жақсы мен жайсаңдарын жинап, осы ойын ортаға салғанда түрлі себептермен ұсынысын өткізе алмайды. Бір бастан :


 


Атаң Абылай шақырды, Хан сайла деп Қасымды. Уа, сайламаймын Қасымды, Болмай жатып басыңды, Хан болып елді ұстай ма


Осындай, долы ашулы?! деп Керей, Әлдебек шешен шықса, бәсентиын- қаңжығалының атынан Айтбай батыр тұрып:


Уа, Абылай, хан ием, Бақытты туған адамның Артық та болар талабы. Сайламаймыз хандыққа, Қасым деген балаңды.


Хан болғанмен айырмас, Арам менен адалды.


Сен сүйіп қатын қылғанмен,


Арғы заты арам-ды, - деп салады. Тентек деген аты тарап кетіп, оның үстіне қалмақ қызынан туған Қасымды жан салып жақтайтындар көп болмай, әкесінің орнына Орта жүздің ханы боп Абылайдың үлкен ұлы, илі-қайыстау, сөзге үйірлігі жоқ үндемес Уәли сұлтан сайланып кетеді.


Телі тентек деп жүрген Қасымның соңдағы шыдамдылығын, іші қанша өртенсе де, шу шығармауын, ешкіммен сөз жарыстырмай, көптің шешіміне мойынсұнуын, аға жолына таласпай, әке ұйғарымына бас шұлғуын ашуын қашанда ақылға жеңдіре білетін естілігі демеске бола ма! Хан тағында қырық жылдай отырса да халқы үшін ауыз толтырып айтарлықтай құнды ештеңе жасамай, қарақан басының қамымен қалт-құлт етіп күн кешкен босбелдеу ағасына қанша ренжігенмен ол сыртынан сөз жүгірткен емес. Қайсыбіреулердей жік шығарып, қарсы топ та құрған жоқ. Өзіне сеніп тапсырылған өңірлерде әділ билік құрып жүре береді. Тіпті ағасы дүние салып, орнына оның үлкен ұлы Ғұбайдолла отырғанда да сайдың тасындай сен тұр, мен атайын кілең көкжал алты ұлы бола тұрып, қарсылық көрсеткен жоқ. Қайта қолдан келген көмегін жасап, ақыл- кеңесін беріп отырды.


Кейін патша кеңесшісі М.Сперанскийдің Сібір қазақтарын билеу жөніндегі жарлығына сәйкес хандық билік жойылып, орыстың әкімшілік билігіне жақын жаңа жүйе жасалғанда Ғұбайдолла Уәлихановты алғаш құрылған Көкшетау дуанының аға сұлтаны етіп сайлап, алдап түсіреді. Арқа жерінде ғана ондай жеті дуан құрылып, бүтін бір жүздің ханы жеті дуанның бірінің ғана басшысы болып қалады. Қапы соққанын білген ханзада қызметке зауқы соқпай, халықтың қарсылығына қарамай қазақ қырында қалалар мен бекіністер сала бастаған орыс


 


өкіметінің отаршылдығына қарсы көтерілген Қасым төренің үлкен ұлы Саржан бастаған көтерілісшілер қосынына кетіп қалады. Одан патша өкіметінің айла- шарғысына арандап, қолға түсіп қалып итжеккенге айдалып кете барады. Сонда батыс Сібір әскери губернаторына арнайы хат жазып: «Әкем Абылай мен ағам Уәлидің заңды мұрагері болып, хандыққа Ғұбайдолла бекітілген», -деп оның қазақ даласынынң заңды билеушісі екенін айта келіп, тұтқаныннан дереу босатуды тұңғыш талап еткен де Қасым төре болатын. Әйтпесе , ел арасы бүлініп, ереуіл атқа ер салынатынын, оған тек өкімет жауапты болатынын қадай айтып, қатты ескертеді.


Қасым төренің тілегін орындаудың орнына патша әкімшілігі оның өз ізіне шырақ алып түсті. Бұл екі ортада отаршылдық қыспақ пен жаңа жарғының жүзеге асуына қарсы көтерілген халықты бастап, жиырма екінші жылдан бері кескілескен күрес жүргізіп келе жатқан тұңғышы Саржан сұлтан аяқ астынан опат болады. Орыс өктемдігіне қарсы күреске ол Ташкент күшбегінің қоластындағы қзақтарды да тартқысы келіп, Ұлы жүз жеріне бет алады. Содан секем алған күшбегі Қасым төреден тізе қосып күресу үшін келісімге келейік деген желеумен ұлдарын келіссөзге жіберуін өтінеді. Қанқұйлы күшбегі опасыздық жасап, Саржан мен Есенгелді бастап, келіссөзге келген жиырма адамды табан астында қырып салады. Ағаның азаттық туын құлатпай інісі Кенесары сұлтан іліп әкетеді. Патша өкіметі осының бәрінің бастау кезінде Қасым Абылайхановтың өзі тұр деп түсініп, оны тұқым-тұяғымен құртып жіберуге тырысады. Бұны айғақтайтын деректер толып жатыр. Әлбетте, Қасым төре жасы жетіп қалғандықтан, ту ұстап, топ бастап, тікелей айқасқа шықты деген дерек жоқ. Тек қапияда құрбан болған сайыпқыран ұлдарының кегін қайтару үшін Ташкенттің бір беглербегін айламен алдап түсіріп, жүз елу жасаулымен бауыздап тастады деген сөз бар. Қарт қыранның қолынан ол да келуі мүмкін. Бірақ ақ берен киіп, семсер асынып, соғысқа тікелей араласпағанымен, күрес көрігін қыздырып, отаршылардың зәре- құтын қашырып, берекесін кетіріп жүрген қаһарман ұлдарына ақыл-кеңес беріп, жол-жоба көрсетіп, қажет жерінде басшылық жасап отырғанын жоққа шығаруға болмас. Сол себепті орыс үкіметі сан түрлі, сан түсті жансыздары арқылы алдымен соның басқан ізін аңдытып, ұрымтал жерде ойсыратып соғып жіберуге бұйрық береді. Оның бір дәлелі Ақмола дуанының мәжіліскері Меньковичтің 1837 жылғы желтоқсанда жоғары жаққа жолдаған баянхаты.


«Көктем шығысымен Қасым Абылайхановтың алабүлік әулетін түп тамырымен құрту үшін батыл шаралар қолдану керек, - деп жазады ол. – Әйтпесе, бір біздің жердің ғана емес, өзге де ішкі дуандардың есерсоқ қазақтары ойына келгенін істеп, қолымызбен жасағанымыздың бәрін бытшыт қылуы ықтимал. Олардың бәрі Қасымның ықпалына еріп, біздің үкіметке қарадай қарсы, әсіресе, орыстарға бағынғысы келмей жаңа округке кіргенге дейінгі еркіндігін аңсайды». Ақтау бекінісінің әскерлерін басқаратын Симоов деген осы ойды одан әрі өрбітіп:


«Азиялықтарға тән томаға тұйықтық олардың ой түпкіріне де, ниет пиғылына да бойлатпайды, ал істің нақтылы жағдайы маған былай деп баяндауға батылдық береді. Сіздің жоғары мәртебеңізден хорунджий Рытов пен төрт урядникті, жиырма екі қазақ пен бір фельдшерді мерт еткен бүлікші бұзықтар көзге түссе-ақ


 


қатаң жаза қолдануды өтінемін. Бұл мақсатқа Қасым Абылайхановтың қандыбалақ қарақшы тұқымын тұздай құртқанда ғана қол жетеді» - деп жазады.


Енді бір баянхатта Қасым балаларының, әсіресе, Кенесары сұлтанның Рытов жасағының көзін құртудағы көздегені Ақмола дуанына шабуыл жасау екенін, қоршауға алынған дуан орталығына Ақтау бекінісінен келер көмектің жолын қырқу екенін баяндайды. Әйтеуір, көтерілген халықтың әр қимылын қалт жібермей жоғары жаққа хабарлап отырады. Соған қарамастан қырда көтеріліске тілектестер көбейе түседі. Ол да патша әкімшілдігінің құлағына күн сайын жетіп жатады. Тағы бір хатта Торғай бойында жатқан Қасым төреге қосылу үшін көшіп жатқан болыстардың тізімі беріліпті. Олар – Сайдалы Жанмурзин басқаратын Алтай-Байдалы, Қуандық Байғызовтың қарауындағы Әліке-Алтай, Ермешек Есқариннің қоластындағы Қойлыбай-Шағырай, Арыстан Құдаймендиннің билігіндегі Тінәлі-Қарпық, Жадай Айшуақовтың иелігіндегі Малай-Қалқаман, Ботай Тәнеев билік ететін Төбет-Темеш, Ертай Алтынбаевқа бағынышты Алшын- Жағалбайлы болыстары. Бұл болыс басшыларының бәрі рубасы билер мен сұлтандар. Қасым Абылайхановпен олардың балалары бұл кезде Торғай өзенінің жоғарғы бойына қоныстанып, бағаналылықтармен және қыпшақтармен көрші тұрып жатқан-ды. Ал орыс әкімшілігі әлі ішкі округтер құрамына кірмеген бұл рулар Қасым балалары жағына шығып кетіп, көтерілісшілер қатарын көбейтіп жібере ме деп қатты қауіптенетін еді.


Жыл тәулігінің әр маусымына орай, күрес қимылдарының барысына байланысты Қасым төре ауылы бірде Торғай мен Ұлытауға, бірде Сыр бойы мен Қаратауға көшіп қонып жүрді. Кейде Ақмешіт пен Әзірет Сұлтанға да соғып кететін.


Бірақ қайда барса да басқан ізін аңдып, патша тыңшылары мен жансыздары қыр соңынан қалмаған сыңайлы. Олар сұлтанның әрбір қадамын қадағалап жоғары жаққа тек жағымсыз жағынан жеткізуге тырысты. Сондай деректерге сүйенген Сібір кеден округінің бастығы 1838 жылдың наурызында қаржы министріне, мәселен, былай деп жазды.


«Сіздің аса құрметті құзырыңызға Санкт-Петербургқа келгеннен кейін алған ақпарларымды баян етуді борышым санаймын. Өткен жылы қазан айында бұрнағы жылы Ташкент күшбегі ұстап алып, бауыздап өлтірген атышулы тонаушы Саржан сұлтанның әкесі Қасым Абылайханов өзінің қарақшыларымен Сырдария бойына келіп, өзен жағалай көшіп жүрген халықтармен қосылып, оларды Орынбор мен Троицкіден шығып тікелей Бұқарстанға өтетін сауда керуендеріне шабуыл жасауға ұйтқыттады. Сол себепті кейбір бұқар керуенбасылары Қызылжардағы өкілдікке арыз айтып, жаңадан белгіленген Ақтау бекінісіне үміт артып отыр. Зайыры, былтырғы жылдың аяғындағы қазақ даласында етек алған аласапыран толқулар сол Қасымның айдап салуымен басталса керек. Алғаш олар онша елеулі боп көрінбей, Ақмола дуанының хабарламасы бойынша шешуші шаралар қолданылмаған сияқты. Біздің ішкі дуандар құрамына енбеген қазақтар тарапынан болған сол толқулар өрши түсіп, ақыр аяғында нөпір тобырға айналыпты. Ұзын саны үш мың адамнан асқан ол


 


тобырды бүлікші Қасымның тағы бір ұлы Кенесары басқарып, қырда біздің саудагерлерді тонап жүрген көрінеді.


... Мұндағы шетелдік және ресйлік азияттардың айтуынша, Қоқан ханының Саржанды өлтірген бұрынғы күшбегіні қайта шақырып алып, оған Ташкенттің билігін қайтарып беріпті.


Бұның бәрі бейресми жиналған деректер. Алайда, артық-кемі болғанымен дұрыс шығар деп ойлаймын. Қайткенмен де, жедел әрі батыл шаралар керек. Көктем туып, жер жылынысымен Қасым әулеті қарақшылармен қотарылып Хиуаға қарай көшпек деген сөз бар. Сөйтіп, Ресейге қарсы қылықтары мен зұлымдықтары үшін жауап беріп, жазаланудан құтылып кетпекші.


Қалай дегенмен де, алғашқы кезде орыс ұлықтары көтеріліс көсемі Кенесарыдан гөрі оның әкесі Қасым төреден көбірек қауіптенген тәрізді, Қырдағы қарекет қимылдың бәрі соның ақылымен өрістеп отыр деп ұққаны анық та. Қарт төренің Ресейден бөлек дербес ел болуды армандағаны рас. Бұл жолда ол көрші Қоқан, Хиуа хандықтары көмек қолын ұсынар деп көп үміттенді. Құдіретті орыс патшалығынан қаймыққан олардың тілі тәтті, діні қатты әміршілері көмек орнына сырттан қанжар сілтеді. Қасым қарт та сол екіжүзді сатқындықтың құрбаны болды.


Сұлтанның бұрынғы хат жүргізушісі Құдайқұл Майлыбаевтың 1840 жылдың маусымындағы куәлік-хабарламасына қарағанда, Қасым төре Абылайханов ұлы Көшек, қызы Бопай, Алтай болысынан екі рубасы Тәтей Жұманов және Ханкелді Қошаевпен бірге Хиуамен достық қарым-қатынасы үшін Ташкент күшбегінің әмірімен ұсталып, тұтқынға алыныпты. Бұл деректі сол тұтқыннан қашып шыққан, ұдайы сұлтанның қасында болған урядник Гаврилла Першиннің айғақтамасы айқындап, аша түседі.


Кенесары сұлтан қолға түскен орыс адамдарының бірді-екілісін ылғи әкесіне жіберіп отырады екен. Қасым төре оларды табанын тіліп, жұмысқа салып, құлдыққа ұстамай, ішіндіріп, киіндіріп, өз төңірегінен көп ұзатпайтын көрінеді. Тіл білетіндерімен емен-жарқын әңгімелесіп, әр алуан жайларды сұрап біліп отырса керек. Орыс мемлекетінің жай-күйін, әкімшілік құрылымын, әскерлерінің жасақталуын діттеп, зерде елегінен өткізетін болған. Сол тұтқындардың біразына кәдімгідей іштартып, дінге кірсе үйлендіріп, басына жай, алдына мал салып беруге де уәде еткен. Солардың бірі өзі Ақжол атап кеткен осы Гаврила Першин еді.


Қасым төре Ташкент күшбегінің арнайы шақыруы бойынша көктемнің аяғына таман жолға шығады. Жанына жақын адамдарымен қоса Ақжолды да ертіп алады. Ұлы мен қызының айтуына қарағанда, кездесетін жер шекарада тұрған Созақ қорғаны болады. Қорғанға келіп олар күшбегінің келуін күтіп, бірнеше күн тұрып қалады. Күткен кісісі келмеген соң олар Әзірет Сұлтан (қазіргі Түркістан) қаласына да барып қайтады. Сөйтіп жүргенде арада бір айдан артық уақыт өтеді.


Бұл кезде беклербек те сапарда жүрген еді. Бұқар әмірі сарайымен арада күрмеуі қиын бір мәселе туып, соны шешуге кетсе керек. Қасым төре сарылып жай жатпай, күшбегінің датқа баласына үш мәрте хат жолдайды. Үшеуіне де


 


ешбір жауап ала алмайды. Күшбегінің намысқа тиіп қорлау үшін жорта шақырғанына көзі жеткен қарт сұлтан жағдайдың нашарлығын енді біледі. Сөйтіп, санасы сансырап отырғанда Хиуаға жіберген кісісінен ол елдің әміршісі сұлтанды бүкіл тұқымымен өз қанатының астына алуға келісіп, күтіп отыр деген хабар келеді. Төре солай қарай көшуге бет түзейді. Жолға шыққан бетте Созақ қорғанынан көп ұзатпай Ташкенттен жіберілген сыпайлар оларды ұстап, түгел тұтқындайды. Жолдастары мен Ақжол да қолға түсіп, қатты таяқ жейді, бет- аузына жара түседі. Бірнеше ай Қасым отбасынан бөлек тұрып, қазының болмашы наны мен ботқасын қанағат тұтып, жарымқұрсақ жүруіне тура келеді.


Бірде ол тұтқында жүріп, Қасымның қызы Бопай ханшаның бұны әкесіне білдірпей күшбегіне сатып қойғанын құлағы шалады. Болған жайды ол табан аузында Қасым төреге хабарлайды. Төре әуелі күдіктеніп, ақиқатқа көзі жеткен соң Бопайға қайтарып ал деп әмір етеді. Бұйрық тіл қайтармай орындалып, Ақжол басына бостандық алады. Үміті алдап, сенімі орындалмай, өкініштен өзегі өртеніп қапаланған, қорланған қарт сұлтан жиі ауыратын болып, ақыры төсек тартып жатып қалады. Сонда оған жиі кіріп халін біліп тұрған осы Ақжол ғана болады. Басқаларға рұқсат етілмей, қарауыл басқа ешкімді ауруға жібермейді. Бір айдан соң ауруы әбден асқынып қыркүйекте Қасым төре дүние салады. Беклербек жоқ болып, оның жерлеуге рұқсаты алынбай сұлтанның мүрдесі жер құрсағына берілмей бір ай жатып қалады. Беклербек келген соң ғана ол Әзіреті Сұлтан кесенесіне жерленеді.


Әдеби, тарихи еңбектердің біразында Қасым төрені Ташкент күшбегі Созаққа алдап шақырып, басын алған деседі. Алдап шақырып алғаны анық. Бірақ сұлтан ауырып өз ажалынан өлгенін мұрағат деректері дәлелдеп отыр. Алайда, аты алты алашқа әйгілі, айбарлы есімі көрші хандықтарды ғана емес, орыс елі сияқты ұлы мемлекетті тітіреткен Қасым төре сияқты әйдік тұлғаны қорлап, құсалықтан өлтіргенше, бір-ақ шауып, басын алғаны артық еді-ау. Оның үстіне тілі ұқсас, діні бір ағайындас ел бола тұрып, ұлық мүрдені топыраққа тапсырмай бір ай жатқызу мұсылмандықты былай қойып, жалпы адамгершілікке сиятын қылық емес қой. Өлім алдында кешірілмес кінә да, күнә да болмауы керек. Анайы заманның, жабайы қоғамның адамы да қатыбас, қаныпезер, қорқау болғаны-ау, сірә.


Тарихи тұлғаларды саралауда кешегі кеңес дәуірінде «ақ», «қара» деген екі- ақ баға болғаны белгілі. Соның салқынынан әлі де арылып болғанымыз жоқ. Сол енжарлықтың салдарынан Қасым төре де тарихымыздан өзіне лайық орнын әлі ала алмай, данышпан әкесі Абылай мен қаһарман ұлы Кенесарының екі ортасында қала береді. Ал шын мәнінде ол қазақтың екі ұлы ханының арасындағы алтын көпір емес пе, елі азат, жері бат дербес мемлекетті армандап, алдымен әулетін, сосын дүйім елін соған үндеген біртуар нар тұлғаның өзі ол.


Асылы, табиғатта да, тарихта да адам таңғаларлық бір қызық жайт бар. Бір атадан туған балалардың бәрі бірдей болмайды. Сол сияқты Абылай ханның үлкен ұлы мен кенже ұлының ұрпақтары арасында да бір-біріне кереғар қайшылықтар бар. Уәли әулеті орыс өктемдігіне бірден бас изеп, оның өнер- білімін үйренуге ден қойса, Қасым әулеті отаршылдық саясатқа қарсы әлбеттен-ақ өре түрегеліп, өмір бойы күресіп өтті. Ол қандай қиындық болса да, алапат ауыртпалықтарға қарамастан, орыс отаршылдығына, Орта Азия хандықтарының қастандықтарына, неқилы басқыншылықтарына қарсы сол күрес аттай алпыс жылға созылып,Саржаннан басталып, Кенесарымен шарықтап, Сыздық сұлтанмен бір-ақ бітті. Соның бастау көзінде Қасым төре тұрғаны күмәнсіз.


Халқы үшін коң етін кесіп беріп, жанын да, қанын қиюға қашан да әзір болған, елінің қамы мен болашағын, оның тек еркіндігін, дербестігін армандай отырып көксеген оны ұлтжанды азаткер тұлға десек шындықтан әсте шалғай кетпеспіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу