06.02.2022
  187


Автор: Сарбас Ақтаев

ӨЛГЕННЕН КЕЙІНГІ ӨМІР

Асылы, адамның табиғаты түпсіз тұңғиықтай тереңіне бойлатпайтын, кемелінен ойлатпайтын тылсым әлем тәрізді ме, қалай!? Біреулер ыңыршағы айналғанша көп жасайды, бірақ артында белгі болар із, айта жүрер іс қалмайды, есімі әу демде өшеді. Ал біреулер қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешкенімен артына (өшпес із, өлмес іс қалдырып, есімі мәңгі жасайды. Былайша айтқанда, біреу өзі жүзге жеткенмен, атағы күзге де жетпейді, ал біреу отызға жетпесе де даңқы ғасырға кетеді. Және бұлар тістің суындай аз болғанымен, алтынның буындай, айдың нұрындай жалтылдап, жарқылдап айшықты ғұмыр кешеді. Өлімін өмірмен, мәнді, мәңгі өмірімен ұластырып кеткен оларды халық құйрықты жұлдыздай ақты да өтті дейді. Өткен ғасырда қазақ ойының аспанына жарқ етіп шығып, жалт етіп ағып түскен жарық жұлдыз Шоқан Уәлиханов болғаны бүтінде баршаға аян. Дарынға бай байтақ даланың біртуар сол ұлы перзентінің дүниеге келгеніне 175 жыл толғалы тұр.


Әдетте өркениетті елдер оңтайлы сәтін орнымен пайдаланып, ондай ұлдарын ұдайы еске алып, әруағын тербеп әрбір қадамын айшықтай түседі. Жапан даладан дарыған жайбарақаттығымызға басып, біз тіс жарып, тұяқ қимылдатпасақ та, басқа ағайындар Шоқан туралы ұдайы ерте толғанады. Әсіресе, ата көршіміз


— орыс жұрты мен қырғыздар оны ертерек қолға алады. Осы орайда оның өзі кезінде білім алып, білікті азамат, байыпты ғалым болып қалыптасқан Омбы қаласында шығатын басылымдар белсенділік танытады десек, әсте артық емес. Бірақ, не пиғылы барын кім білсін, кейбір жарияланымдардың пікірі теріс-шалыс, дау-дамайға бейім. Сондай мақалалардың бірі анау бір жылдары "Ореол-экспрес" атты бейресми газетте жарияланғаны бар. Тақырыбының өзі "Қазақ ханзадасының ойыны ма... әлде өлгеннен соңғы өмірі ме?" деп айғайлап тұрды. "Жоқтан бар жақсы, қалай жазса да еске алып отырғанының өзі қайда жатыр?!" деп өзіңді қанша жұбатайын десең де, мақаланы" мазмұнына қарап мақсатын аңдап, авторының ындыны таза емес пе екен, деген ой тыншытпайды. Ендеше ең алдымен архив үңгіген тарихшы К.Канакидің жұмбақ жазбасын қайта оқып, дүдәмал долбарын алға тартайықшы.


"Вологда губерниясының ең бір меңіреу түкпірінде Юг өзеніне төніп ұйқылы-ояу бұйыкқан, санда бар да, санатта жоқ Никольск қалашығы тұр. Финляндиядағы үш жыл каторгадан кейін мұнда Григорий Потанин жер аударылған-ды. Тағдыр теңгесі жерге лақтырсаң, ұдайы бір жағынан түсе бере ме, бір сәт Потаниннің өмірінде жарық сәуле жалт етті.


"Құлазыған қоңыр күздің бір күнінде қоңыраулатқан аттар келіп қақпа алдына бас тіреді. "Апырай, тағы да бір жаққа жөнелткелі жатыр ма?" — деп ойладым. Бірақ біреудің атымды атап мені сұраған даусы құлағыма шалынды.


 


Енді қарасам, үй иесі әйел маған қарай біреуді ертіп келе жатыр... Өз көзіме өзім сенейін пе, сенбейін бе: мынау кәдімгі Шоқан Уәлиханов қой. Петербургтен мені іздеп Шоқан келген! Және жол жөнекей соққаны емес, әдейі іздеп келген мені. Айналайын Шоқаным, менің ежелгі досым ғой!..


Қуаныштан дабдырап тіпті есім шығып кетті.


Түні бойы жастыққа да қисаймай, көз шырымын да алмай, әңгіме-дүкенді қыздырып сөйлей бердік. Шоқанның келесі күні жүріп кетуі керек болды. Қайтсін, қызмет бабы солай. Ол қазақ полковнигі еді. Сенсеңіздер бар ғой, ол кеткенде мен баладай еңіреп жыладым. Аспандағы күнім сөніп қалғандай сезіндім..."


Баяндалып отырған оқиғаның бір алаңдатар, сыр андатар сәттері бар. Үзінді келтіріліп отырған оқига 1874 жылдың күзінде өткен. Ал Шоқан Уәлиханов 1865 жылдың сәуір айында қайтыс болған.


Ежелгі екі дос, ескі жолдас — Григорий Потанин мен Шоқан Уәлихановтың таңғажайып кездесуі кейінгісі дүние салғаннан соң табаны күректей он жылдан соң қауышуы болмақ. Кімді де болсын ойландырып, айран-асыр, таң-тамаша етпей қоймайтын оқиға.


Бұл қалай болганы сонда?


Потанин мен Уәлихановтың кездесуі жөніндегі деректі М.Х.Свентицкая 1927 жылы "Северная Азия" журналының 5-6-шы кітаптарында басылған "Потанин туралы естеліктерінде" жария етті. Кейіннен бұл жаңсақ деп табылды, Свентицкая ұмытып қалып, оқиғалар мен адамдарды шатастырып алған-мыс дегенмен доғарылган-ды. Бірақ кәміл көз жеткізер бұлтартпас себеп-салдар емес еді бұл.


Шоқанның дүниеден өткені ресми жарияланғанға шейінгі өмірінің бір жарым жылы жантөзгісіз тозақ болды. Ресей империясы оның түп ізіне түсіп, кез- келген сәтте тұтқындауға әзір тұрды. Отандастары оның әрбір адымын аңдып, қия бастырмайтын болды. Сондықтан шалғай ауылда Тезек төренің қанаты астында бұғып жүре беру оған қорлық сияқты көрінді. Бұдан құтылудың жалғыз жолы қараңды батырып кету. Бірақ о дүниеге емес, бұдан қырық жыл бұрын мүсәпір шал Федор Күзьмичке айналып тағын тастап ғайып болған Бірінші Александр патша сияқты көз көрмес, құлақ естімес жерге кету керек. Өңін өзгерткен сұлтанды Түркістанға шығарып салып "дүниеден осылай озуына" қол ұшын берген Шоқанды бек сыйлайтын Г.А.Колпаковский болды. Онда да ол Ресей сыртқы істер басқармасының тапсырмасын тындырымды орындап полковник атағын алады. Арада он жыл өткен соң Григорий Потанин оны осы полковник дәрежесінде көреді.


Олай болғанда бұл оқиғаның ұштығы А.Врангельдің Шоқан жайындағы естелігінде айтылғандарға сәйкес келеді. Шоқанды ол XIX ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысында Парижде ұшыратқанмын дейді.


Оның үстіне бұл пікірді сол жылдары Герценнің "Колоколына" атын қоймай біреудің дала тақырыбына қалам тартып тұрғаны да айқындай түсетін тәрізді. Өйткені о тұста бұл мәселені Шоқаннан артық ешкім білген жоқ еді.


 


Көрдіңіз ғой, қалай-қалай жақауратып, қалай-қалай жалтаңдататынын. Әруақты тебірентіп тіл тигізбегенімен де өлуі күмәнді, көмілуі дүдәмал деп отырған жоқпа! Оган илансақ Алтын Емілдің етегіндегі Көшен тоғанындағы қорымға жерленген ұлы ғалымның өзі емес, өзіне ұқсас біреудің мүрдесі секілді. Жалпы алғанда, осынау күмән-күдікте негіз бар ма? Мұндай қимыл- қәрекет қазақ деген халықтың мінез-құлқымен сыйыса ма деп ойланған автор болсашы. "Тисе терекке, тимесе бұтаққа"деп перген де кеткен. Сөйтіп, аққа қара, ақиқатқа жала жауып отырғанын аңғармаған тәрізді ол.


Ал, шынайы шындық қалай екен? Оны Шоқан жайлы мағлұматы бар әрбір азамат білуге тиіс. Оны үзеңгілес оқымысты орыс достарының, әсіресе қазақ халқының қамқоры болған Григорий Потаниннің жазғанына зер салсақ, қыр ұлының денсаулығы жасынан ақ дімкәстау болғанын білеміз. Зайыры, кадет корпусының тас қабырғаларында өткен күндер оның денсаулығына зақым түсірмей қоймаса керек. Оқып жүрген жылдары жаздай ауылда болып ақ ішіп, қымызбен емделіп, қуат жинап қайтып жүргенімен, батпандап кіріп, мысқыддап шығатын сырқаттан мүлдем құлан-таза айығып кете алмайды. Дегенмен, албырт жас ыңқыл-сыңқылға бой алдырмай, оттай ойнап, шоқтай жайнап жалындаған қалпы тарта береді.


Қашқария сапарынан оралғасын да аз-кем тынығып денсаулығын түзеудің орнына жұмысқа басымен сүңги жөнеліп ұшы-қиырсыз мағлұматтарды бір арнаға түсіріп аумақты-аумақты еңбектер жазды. Одан іле Петербургқа шақыртылып, астана зиялыларының алдында есеп береді. Тағы да түн қатып түс қашып көз шырымын алмай жасаған ұлан-асыр жұмыс. Патша ағзамның бұйрығымен Азия Департаментіне жауапты жұмысқа тағайындалған ол астанада сан-салалы қызметтің қайнаған қазанына түседі де кетеді. Әскери-оқу комитетінің Бас штабында, Географиялық қоғамда да істейді. Сөйте жүріп университетте лекция тыңдайды. Әскери-оқу комитетінің тапсыруымен Шығыс Түркістан мен Орта Азияның картасын жасап береді. Кіндік Азияның кемел білгірі ретінде қоғам мүшелерінің алдында қызғылықты лекциялар оқиды.


Атына алыстан ынтық орыстың озық ойлы демократ жазушылармен және ғалымдарымен жүзбе-жүз кездесіп, ауыз-екі сөйлесіп және бір өмір мектебінен өтеді. Елдің атағы әлемге әйгілі ығай мен сығайларына терезе теңестіру үшін жар құлағы жастыққа тимей, ертелі-кеш ізденіп, оқып үйренеді. Қисапсыз күш- қуатты, көп                 уақытты талап еткен бұл үрдіс өзі дімкәс денсаулықты тіпті титықтатып жібереді. Оның үстіне Нева бойының тұманды дымқыл ауасы да кәмекілі өкпеге кері әсерін тигізіп, дәрігерлер көкірек ауруының көкжөтелге айналып бара жатқанын айтып, жас ғалымды келер жаз дереу қырға аттандырады.


Астанада болған бір жарым жылда бір жарым ғұмырға жетерлік білім жинап, жан-жақты рухани байып қайтқан Шоқанның Сырымбет бауырында туған ауылында өткізген сол 1861 жылғы жазы өміріндегі елеулі бір белестей болды. Борлық бойындағы жаңа жайлауға көшкен бай ауылы ауырып келген жас жігіттің жақсы тынығып, денсаулығының түзелуіне барлық жағдай жасады. Дертке дауа таза ауа, шипалы ас, жақсы күтім, көңілді орта оны тез сергітіп, тез көтереді.


 


Оған арнап тігілген ақ отау үйдің төңірегі күнде той, күнде жиын, ойын- сауық болды да жатты. Жас ғалымның төңірегі кілең бір әнші-күйші, сал-сері, ақын-жыршылар: бірі ән салса, бірі күй тартады, бірі ертегі айтады. Әсіресе Шоқан қобызшы Қанғожаның Құрымбайын, әнші Олжанның Көкенін, ертегіші Қарекені қасынан екі елі шығармайды. Бәрінен бұрын Қанғожа ағасының қобыз бен домбырада, сыбызғыда орындайтын әсем сазды, ерке назды күйлері оның делебесін қоздырып, шабытын шарықтатады. Оның "бақыт — менікі, өнер — Қанғожанікі" деп мәтелге айналып кеткен қанатты сөзі де дәл осы жазда туды. Әкесі Шыңғыс та баласының көңілін аулау үшін Орынбай мен Шөже бастаған Көкше өңірінің атақты ақын-жыршыларын жиі шақырып, қонақ қылды. Шоқан олардан келген сайын жаңа жырлар, қиссалар, аңыз-әңгімелер жазып алып, халық қазынасымен сықалған зерде сандығын жасандыра береді.


Шоқанның ақ отауына ән-жырмен қатар мұң- зар да ат ізін аз салған жоқ. Көрші ауылдардан кун құрғатпай арыз-шағым айтып келіп, ақыл-кеңес алып қайтатын кедей-кепшік, жарлы-жақыбайлар қаншама. Олардың ауыр тұрмысы, азапты тірлігі ғалым жанына қатты баттады. Оқығаны аз қараңғы халықты қырда қорламайтын, тонамайтын ұлық жоқ. Қорлық-зорлық пен әділетсіздіктен аяқ алып жүре алмайсың. Көрнеу қиянатқа куә бола тұрып қол ұшын бермесең және болмайды. Бұл іс-қимыл жүрегі ізгі ғалым мен жергілікті әкімдердің арасын алшақтата түсті. Оған келіп Айжан деген қасіретті махаббат қосылып, кұлазыған күзгі даладай Шоқан көңілі де қоңылтақсып, өз ортасынан оқшауланып бара жатгы.


Қашанда қайғыдан қайрат шыңдай білетін күрескер жан әділетсіздік атаулыға жорық жариялап, мыңмен жалғыз алысуға кірісті. Халықты қараңғылық пен қанаудан, надандылық пен тонаудан, отаршыл әкімдер мен атқамінер топас байлардың езгісінен құтқарудың жолын іздеп, тордағы арыстандай аласұрды. Елді өгіздей өрге сүйреп, өркенін өсіретін де, еңіске тартып, еңсесін түсіретін де басшы деп біледі ол. Сондықтан жұртты көзі ашық, көкірегі ояу, оқыған- тоқығаны мол адам басқарғаны баршаға пайдалы. Оны өз өнегесімен дәлелдеу үшін ағартушы ғалым аға сұлтан сайлауына да түсті. Алайда адал перзентінің абзал ойын қалың ұйқыдан әлі оянбаған қараңғы елі түсінбей, қара күшке сенген қатал тобыр оны сайлаудан құлатып жіберді. Оған ағайын-туғандар сенгенмен арадағы түсініспестік қосылып достан да, дұшпаннан да көңілі қалып әбден торыққан Шоқан Омбыға кетіп қалады. "Баршамен жалғыз алысудың қиын екенін енді ғана көзім жетіп отыр, — деп жазды ол ақын досы Апполон Майковқа. — Ақиқат қанша жарқын болғанмен, уақыт тұманы күлтелеген жаңсақ жолды жарық түсіріп түзете алмайды екен".


Қаладағы жағдай және белгілі. Ию-қию тірлік, таусылмас қоғамдық жұмыс. Шоқан бұл жолы облыстық басқарманың заң комиссиясының жұмысына ат салысып, қазақтың билер сотының төркінін зерттеп, табиғатын ашып береді. Тағы да туған халықтың тарихына ден қойып терең бойлайды. Батыс-Сібір генерал- губернаторының өз ұсынысымен жаз бойы Орталық, Солтүстік Қазақстанды аралап, Атбасар, Ақмола, Баянауыл, Қарқаралы, Көкшетау дуандары қазақтарының құқықтық қарым-қатынастарын зерттеп, ежелгі қазылық ғұрпы


 


жөнінде көлемді еңбек жазды. «1863 жыл Сібірге қайта оралып, Омбыға келгенде мен Уәлихановпен бірнеше мәрте кездесіп, таныстығымды одан әрі жалғастырдым, — деп жазады сол кезең жайында Л.М.Ядринцев. — Ол бәз- баяғыдай сымбатты сұлу, ақжарқын алғыр, астананың сыпайы сырбаздығы тал бойында сол қалпы сақталған, бірақ бұрынғысынан өңі ашаң тартып, әлжуаздау көрінді. Өкпе ауруы меңдеп бара жатқан сияқты. Астананың алдың-дүлдің өмірі зардабын аз тигізбесе керек. Соған қарамай оның Петербургке қайта барғысы келіп жүрді. Неге екені белгісіз, ол ойынан айнып қырға кетіп қалды. Ал артынан оның Ташкентке шеру тартқан генерал Черняевтің жасағына ілесіп кеткенін есіттім".


Бәрі де осы Черняев жасағынан басталды. Орта Азияны тереңірек зерттей түсу арманынан арылмаған Шоқан генерал Черняевтің әскери экспедициясына шақырылды. Экспедицияның мақсаты — Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресейге қосу болатын. Генералға жолбасшы, адьютант әрі аудармашы болған Шоқан бұл міндетті жергілікті халыкден келісіп бейбіт жолымен шешу керек деген байламға келеді. Ол пікірін айтқанда, алғаш генерал да мақұлдайды. Әулие- Ата қамалына кірерде ғалым өз ойын тағы да қайталаған. Алайда патша үкіметінің отарлау саясатының сойылын соғушы содырлы ақкөз отаршыл М.Г.Черняев сөзінде тұрмай, көзіне қан толып, қарусыз бейбіт халықты қынадай қырып, аяусыз тапап жанышты. Оның бұл қанқұйлы қылығына, опасыз озбырлығына шыдай алмаған Шоқан табан аузында Алматыға тайып тұрды. Одан Алтын Емелдегі Тезек төренің ауылына барып, оның қарындасы Айсараға үйленеді.


Адам үшін үмітінің алдануынан асқан опыныс та жоқ, өкініш те жоқ. Алдыңғы қатарлы азамат деп имандай сенген генералдан көрген озбырлық пен опасыздық дүниеден баз кешіртіп, бүкіл өркениет атаулыдан түңілткендей болды. Қаншама жан салып, қан кешіп қызмет еткенде отаршы жұрттың өз есебі өзінде екенін бір-ақ біліп сан соқты ол. Жүрегін үңгіп жегідей жеген жан азабы оның діңкесін құртып, дімкәстігін үдетіп жіберді. Ол Жетісу генерал-губернаторы Г.А.Колпаковскийге жолдаған соңғы хаттарының бірінде: "Кеудем шаншып ауырады, өкпеден сары су шығаратын құсық тастың майы, болмаса сондай бір дәрі-дәрмек жібере алар ма екенсіз. Сонымен адал құлыңызды тіпті тәнті етер едіңіз", -деп жазыпты.


Ал 1865 жылдың басында ол әкесіне ақтық хатын жолдайды. Онда: "Әбден қажыдым, хал-дәрменім қалмады. Солып-семіп барамын. Саудыраған құр сүйегім ғана қалды. Кешікпей жарық дүниеден де көз жазатын шығармын. Маған енді қайтып ғазиз туғандарым мен достарымды көру бұйырмаған болды ғой. Оған енді ешқандай шара жоқ. Бұл менің ең ақырғы хатым. Қош болыңдар, баршаңды да құшып, аймалаймын", — дейді ол. Араға аз күндер салып Сырымбетке Тезек төреден Шоқанның дүниеден озғаны туралы суық хабар жетеді...


Әлгіндей ауыр науқасы күннен-күнге меңдеп, әл үстінде жатқан адамның аяқ астынан жазылып кетіп және он-он бес жыл тағы да алаңсыз өмір сүруі ақылға сияр ма?! Омбылық автор Мария Свинтицскаяның "Северная Азия" журналында 1927 жылы жарияланған мақаласына сілтеме жасайды. Араға жарты


 


ғасыр түскенде оқиғаның айы, күні, тіпті жылы шатасып кетуі ықтимал дегенге және дау айтпақ. Тіпті Шоқанның өмірі мен еңбегін алғаш зерттеп, талай естелік жазған, толық өмірбаянын тұңғыш қағазға түсірген Григорий Потаниннің шығармаларының ішінен осындай секем сезіле ме? Ол Шоқан жөніндегі алғашқы библиографиялық очеркінің өзінде-ақ: “Қаланы аларда солдаттарга жан түршігерлік тонау мен талауға рұқсат берілуінен оның төбе- шашы тік тұрып, Черняевтің жасағын тастады да, бірден Верныйға оралды, ұзамай Қытай шекарасындагы Тезек төренің ауылында өмірден отті" деп тайға таңба басқандай анықжазды емес пе! Артынан арага әлденеше жылдар салып, досының әке- шешесін әдейі іздеп барып, жазып қайтқан "Соңғы қазақ ханзадасының шаңырағында" атты очеркінде де Шоқанның тірі қалып, дүниенің төрт бұрышын түгел шарлаған тылсым тірлігінен ныспы бар ма?! Қайта Шыңғыс қарияның қазақтың ежелгі іштартар ғұрпы бойынша бұны сақалынан ұстап тұрып, көзіне- көзін тақап бетінен сүйгенін, сол арқылы шаңырағының сәні болған ұлын еске түсіргенін таң-тамаша боп жазды ғой Потанин.


Жалпы, Шоқанның ажалын ауруынан гөрі жан азабы жеделдетіп жіберген тәрізді. Шығыстағы адал күрескері болған ол орыс елінің отарлау саясатының сойқанын кейін сезді, кеш білді. Кеш білді де бармағын тістеп, өзін-өзі жеді. Смағұл Садуақасовтың: "Осынау сымбатты орыс армиясының офицері өмірінің соңында барлық орыс достарынан безіп, кең қолтық қазақтың шекпені мен қырдың саптама етігін киіп, сахараның шалғайындағы бір ауылда бұл пәниден көшті" — дейтіні содан. Сібір аймағының билеушісі Ядринцевтің өз қолымен жазған мақаласында Шоқан Уәлихановтың қазасы еуропалықтар үшін ескерту, бұл әр орыс адамын ойландырар сабақ, деп атап көрсетуі, әсте тегін емес. Ендеше Шоқанның өмірден ерте өткеніне қандай шүбә болуы керек. Олай болса жер астынан жіп шығарып, екі қүлағын тік шығарып Канаки мырзаның мынау далбастауына не жорық "Кәдімгі қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың" кері де. Кәне, енді Герценнің “Колоколымен" байланыс жасап, дала тақырыбына жазып тұрған Шоқан болмаса кім, бұл мәселені о тұста одан артық ешкім білмеген дегенге келейікші. Ең алдымен отыз жасқа дейін бес томга әрең сияр ғажайып, ғылыми, әдеби мұра қалдырған ағамыз құдай бергенін алып кетпесе, азын-аулақ хабар-ошармен шектеледі дегенге кім сенер. Сірә архив маманы Шоқанның аяғын іле- шала шыққан Мұхаммед-Садық Бабажанов пен Мұхамедқали Тәукин сияқты оқыған қазақтар болғанын, олардың да озық пікірлі баспасөзге жиі қалам тартып тұрғанын білмейтін-ақ шығар. "Колоколға" қатысып тұрған неге солар болмасқа. Рас, оларды Шоқанның өресімен өлшеу артық. "Оның деңгейіне олар тұрсын Небольсин мырза екеуміз де шендесе алмаймыз. Шоқан Шыңғысұлы — әзір қазақгар арасындағы жеке дара тұлға, айрықша құбылыс. Енді ондай құбылысты ұзақ күтуге тура келеді деп кезінде Бөкей ордасының билеушісі болған Л.Н.Плотников тегін мойындаған жоқ


Әрине, қоян көрген тазыдай, қашқан сөзді тұра қумай-ақ, көлденеңді көкатты не айтпайды деп қоя салуга болар еді. Бірақ омбылық тарихшының осыған дейінгі Шоқанға қатысты деректердің бәрін теріске шығаратын сынайы бар сияқты. Тас жармаса бас жарар бөтен сөз, бөгде сөз қашанда қатерлі. Оны дер


 


кезінде тойтарып тастамаса болмайды. Әйткенмен осының өзі айыл тартқызып, ойлантарлық жәйт.


Бір қызығы, омбылық тарихшы тагы бір әскери ірі тұлға Уәлихановтың болғанын білмейтін тәрізді. Ол Шоқанның немерелес інісі, кәдімгі Уәлиден кейін хан көтеріліп, қытайлармен байланысың бар деп Патша өкіметі тұтқындап, жер аударған Ғұбайдолланың баласы Болаттың ұлы Сұлтанғазы Уәлиханов. ¥лы ғалым өзінен айнымайтын, егіз қозыдай түр-түсі де ұқсас туысын жақсы білген, бірақәсіре пысықайлығы үшін онша жаратпаған. Ағасының аруағын сыйлады ма, әлде қазақ жұртымен біте қайнасып кеткен ғалым қарияны көзі тірісінде көріп қалғысы келді ме, әйтеуір Петерборға бір барғанда ол Вологдаға ат басын арнайы бұрып Г.Потанинге барып сәлемдескені анық. Асық досын, асыл досын сағынып жүрген Григорий Николаевичтің оны ''Шоқаным" деп қарсы алғаны және шындық. Сондықтан ол кездегі полковник Сұлтанғазының оның естелігіне Шоқан боп еніп кетуі әбден мүмкін ғой. Кейін генерал шеніне дейін көтерілген С.Уәлиханов та қаламы жүйрік жазарман болған. Бәлкім, "Колоколдағы" біраз дүние соның қаламынан шығуы да ықтимал.


Ал, біз ол тұрсын, халқымыздың біртуар бірегей перзенті Шоқан Уәлихановтың саналы өмірі мен сындарлы еңбегін түгел саралап, ой елегінен өткізіп үлгердік пе, өзі? Оған қатысы бар кез-келген деректі зерттеп білген артық емес-ау, тегі. Күні кешеге дейін оның бес томдығының тек қазақшаланған таңдамалыларын гана қанағат тұтып отырдық емес пе? Оның қазақ-қырғыздың түп-тегі мен Орта Азиядағы хандықтар, Шығыс Түркістан туралы еңбектерінің өзі-ақ тарихымызды тереңдеп түсінуге ден қойған қазіргі кезеңде тұтамы ту биедей қымбат та құнды дүниелер. Демек, Шоқан ғалым ретінде де, дарын ретінде де әлі еркін ашылмаған арал, телегей теңіз тарих. Оның рухани әлеміміздегі орнын айшықтай түсу үшін ғалымдар қауымы әлі көп тер төгуі керек. Сайып келгенде, Шоқанның өмірден озғаннан кейінгі ғұмыры — шабытты шығармалары мен тамаша туындылары ғой. Соны кейінгі кенже буын тереңірек түсінсін деп галымның бұрын аударылмаган тарихи шығармаларының біразын орыс тілінен тәржімалаган едік. Лайымда осы мәңгілік мұралар оқырман зердесінен орын тапсын дейміз.


 


 


Казақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрыкша қасиеті бар киелі, керемет күдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі казақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен каһармандығы жыр- дастандардың арқауына айналған.


Ш. Уәлиханов


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу