06.02.2022
  580


Автор: Сарбас Ақтаев

НАУАН ХАЗІРЕТ НЕМЕСЕ БІР ШАҢЫРАҚТЫҢ ШЕЖІРЕСІ

 


"... Бір кезде Шұңғырша Қарауыл аталатын рудан Бұқара Шәріпке оқуға жіберген Талас баласы Науан табан аудармай он жыл оқып, “он екі пәнді тәмәм ғып” туған еліне қайтып келді. Науан келгенге дейін “хан мешітінде" имамдық құру, бала оқыту міндеттерін Ғалиәкбар есімді татар молдасы атқарған. Ел екеуін салыстырып қараса Науан теңіз де, Ғалиәкбар шұқанақ. Сондықтан Шыңғыс имамдықты да, мудәрристікті де Науанға берді... Ол Көклан медресесінің үлгісімен “хан медресесінде" ұлдарымен қатар қыздарды да оқытуға ниет етті".


Сәбит Мұқанов. (“Аққан жұлдыз” )


Ойды ой қозғайды, сөзден сөз қоздайды, бір пікірді бір пікір түртіп оятады. Күтпеген жерде сап ете қалған мынау сәлем хат та жүрек түкпірінде талай жыл бойы қалғып жатқан бір пікірді оятып жібергендей болды.


 


Ұмытпасам, Сәкен Жүнісовтің “Ақан сері" романының алғашқы кітабы жарық көрген жыл болуы керек. Журналдық нұсқасын желе-жортып шолып шыкқаным болмаса, романды үңги оқып, ой елегінен өткізе қойған жоқ едім, аяқ астында ауыл жақтан бір хат алып қайран қалдым. Жазған адамын жақсы танимын. Өзіммен тай-құлындай тебісіп тете өскен түйдей құрдас үлкен ұлымен үйінде талай болып, ақыл-кеңесін, тағылымды әңгімесін тыңдаған қадірлі кісім. Қойы қоралас, қотаны аралас Ақан ауылының ақылшы ақсақалы. Кезінде аудан деңгейінде тәп-тәуір қызмет атқарып, кейін туған ауылында ұжымшарға басшы болған. Артынан асыра сілтеудің соғыстан кейінгі соңғы толқынына тап болып партия қатарынан шығып қалғанымен, азаматтық атына дақ түсірмеген. Бертін бұрынғы білімін жаңғыртып, тіріге — бата, өліге — дұға дегендей, дін жолын ұстанып та бір қауым жұртгың сауабын алған. Күнбе-күнгі баспасөзді жіті қадағалап, төл әдебиетіміздің тың туындыларын жібермей оқитын зерек, зерделі қариямен жүз көрісе алсақ әңгіме-дүкеніміз жарасып, біраз мәселенің басын шалатынбыз. Сол қадірмен қарт Шылымның Сейтіғалиы хатын ашына бастап, бірпара жерге барыпты. "Халқымыздан атақты бір адам шықса, соның атына да, затына да күмән келтіріп, тақа болмаса ата-тегін қазбалап, өзімізге қимай, өзге ұлтқа, бөгде жұртқа телитініміз не індет екенін түсінсем бұйырмасын!?" — деп шамырқана шамданып бастаған оның ең алдымен "Ақан серінің арғы атасы Малтабардың түбі өзбек еді" деп жазған Сәбеңе өкпесі қара қазандай екен.


"Біз арғынның ішінде Атығай-Қарауыл деген ел боламыз, ұранымыз — Қарақай! — деп сонан соң ақсақал шежіреге ден қояды. — Асылы, Қарауыл- Атығайдың ағасы Қарақайдың немересі. Терезесі тең болған соң атағы кіші атасымен бірдей шығып, аты бірге аталған. Әдетте Қарауылды "сегіз ата" дейді. Санай берсе одан әлдеқайда көп. Қарауылдан Мәшек туады. Мәшектен — Ақкісі, Бөлекей, Қарт. Сол Ақкісіден тарайтын Есенбай, Қараша, Ананай, Қоңырша, Атқы, Жауар, Мөнтік, Сары — "сегіз ата Қарауыл" атанып кеткен. Есенбайдан Жақсылық, Шұңғырша тарайды. Жақсылықтан Баян, Түгел, Тәйірберді, Құдайберді, Малтабар, Құлтабар туады. Ақан ағаның атасы, міне, осы Малтабар. Шоқан Уәлиханов Абылай Атығай-Қарауылға хан көтерілердің алдында Жақсылықтың бір байының қолында тұрды деп жазады. Ол он сегізінші ғасырдың басы. Жақсылық рудың атына айналса, бері қойғанда ол Дәулетбайдың жетінші атасы. О тұста өзбек өз алдына ұлт болып айқындала қойды ма екен?! Олай болса, біреу жалған айтып, Сәбеңді жаңсақ жолға түсіріп жіберіп отыр.


Ал енді Ғабеңнің Науан хазіретке деген көзқарасы күні бүгінге дейін өзгермегенін былай қойып, тұңғыш түсірген келіні, үлкен ұлының жанжары Мәрзияны оның тоқалы деп жіберуі тіпті мұсылман баласы үшін обал. Хазірет бірінші алғаны жастай қайтыс болған соң, екінші рет үйленгені рас. Бірақ бәйбіше-тоқал ғып қатар ұстаған емес. Міне, ағалары салған сүрлеуден шыға алмай, өз түлегіміз Сәкен де, кәдімгі Шоңайда мұғалім болған Нұрмақтың баласы жазушы Жүнісов Ақан ағаң мен хазіретті тағы да қырқыстырып, Науанды соқыр сенімнің сойылын соққан, барып тұрған қаныпезер қатыгез ғып көрсетіпті.


Жарайды, асарын асап, жасарын жасаған Сәбең мен Ғабеңе қарсы сөз айтып райынан сен қайтара алмассың. Қайтсін, олар да кезеңіне қарай көсіліп, заман


 


ығына жығылған шығар. Алайда әлі жас, өзіңмен шамалас, қадамдас, қаламдас досың Сәкенге сөзің өтуі керек қой. Біле білсеңдер, Науан хазірет Көкшетау дуанында тұңғыш мешіт салғызып, медресе ашып, осы өңірдің жастарына алғаш хат танытып, көзін ашқан ғұлама ғалым, үлкен ұстаз. Сол ағартушылық қызметі үшін патшаның жергілікті әкімшілігіне жақпай қалып, Итжеккенге жер аударылып, Үркітте абақтыда отырып, азап шегіп, жәбір-запа көрген. Дін адамдарының бәрі бірдей дүбәра емес, олардың да білімі терең, білігі кемел, ақылмандары аз болмағанын қашан ғана ұғынар екенбіз?!" Хаттың қысқаша мазмұны осы.


Айтса айтқандай, бұрынғының бәрін бұрыс, бүгінгінің бәрін дұрыс деп алақайлап жүріп, асылды ластан, алтынды мыстан айыра алмағанымыз-ау! Өз басым осы хатты оқығанға дейін Науан хазіреттің патша өкіметінің тұтқынына түсіп, Сібірге айдалғанын естімеппін ғой. Ол жөніндегі бар білігіміз "Ақан сері — Ақтоқты" пьесасындағы пайымнан әрі аспапты. Есіме енді түсіп отыр. Қазақ драматургиясының алтын қорына қосылған осы туындының тұңғыш жеке кітап болып басылған нұсқасы қолыма түсіп, оқып шыққан шәкірт шағым. Дінге қасаң көзқараста тәрбиеленіп, қожа-молда дегенге келекелей қарайтын бейкүнә балалығым ба екен, аузынан алланы түсірмейтін анама:



  • "Науан хазірет, Науан хазірет!" деп пір тұтып, аузыңнан тастамайтын баяғы бас молдаларың барып тұрған мұзжүрек мейірімсіз екен ғой. Жын-шайтан ақын- жыршыларға жақ жүресің деп тоқалын тірідей көміпті, — дегенім бар.

  • Тек, оны кім айтып жүр!? — деп селк ете қалған анам марқұм мол денесімен бұрылып бетіме бажырая қараған-ды. — Аруаққа тіл тигізбе, аллаға шехиетті боласың. Біреулер бұрыс мағлұмат беріп жүрген ғой. Жалпы, хазірет жарықтықтың тоқалы болды деген жалған сөз. Ал Мәрзия — оның үлкен ұлы Қалымтайдың келіншегі. Кәдімгі Шөбек нағашыңның Баялысының қызы. Қалымтайды жастығына қарамастан хазірет қайтқан соң халық қалап Көкшетау мешітіне имам сайлаған. Аласапыран заман ауыртпалығын көтере алмай, өмірден ерте өтті ғой марқұм. Әйелі әлі тірі деген. Жалғыз қызының қолында Жамбыл жақта тұратын болса керек. Бұрынғы жақсы мен жайсаңның жұрнағы қазір тұрымтай тұсына тоз-тоз боп бытырап кетті ғой, — деп ауыр күрсінген анамның ойын әрі қарай әкем өрбіткен-ді.

  • Ақан ағаң мен Науан хазірет қырғи-қабақ болып, айтысып-тартысып өтті деген тіпті қисынға келмейтін қате пікір. "Бұйдалыда бота тату, бөріктіде бажа тату" дейді ғой атамыз қазақ. Ең алдымен олар бір-бірімен бажа. Екеуі де Тінәлі қажының қыздарына үйленген. Жас шағынан бірер көйлекті бұрын тоздырған үлкендігі бар Науанды Ақан ұстаз тұтқан, ғылым-білім үйренген. Хазірет те ағалық қамқорлығын одан аямаған. Екеуінің татулығына айғақ мынадай бір сөз бар.

  • Көкшетау қаласына бір келген сапарында әсершіл ақын себездеп тұрған жаңбырға елігіп, хазірет үйінің ауласында тұрып қалса керек. Сыртқа шыққан бажасы: “Ақанжан, жаңбыр жауып тұр, үстің су болады, үйге кірсейші" — депті.

  • Сонда Ақан: 'Жаңбыр жауа бастаса "Алланың нұрын жұтамын", деп түпсіз мұхиттың тұңғиғынан шығып, сәддеп деген балық аспанға аузын ашады екен.


 


Мен сол балық құрлы жоқпын ба, нұрдың суына жүзімді жуайын да" дейді. "Ақанжан-ай, бұны қайдан оқып жүрсің?" — деп сұрайды Науан. Бәлен шығарманың түгенінші бетінде деп ақын кітаптың атын айтады. Үйге кіріп кетіп ұзамай қайта шыққан хазірет: "Айтқаның айна-қатесіз!" — деп басын шайқайды. "Пәлі, соны да ұмытып қалып кітаптан қарап жүрсіз бе? " — деп күлген Ақанға хазірет: "Сенің ұмытпайтын себебің — сені атула оқытқан ғой, ал мені адам оқытқан" депті. Ақын әзіл-қалжыңын әрі қарай жалғастырып:



  • Аспаннан аррахман нұрын шашар, Қорқақтар су болам деп бұрын қашар.

  • Сол нұрдың бір тамшысы тие ме деп, Дариядан сәддеп шығып аузын ашар,

  • деп тақпақтай жөнеліпті. Осындай кісілер ірің-кезек болып, қырқысып жүрді деуге бола ма! — деп әкем де біраз жайдан мағлұмат берген-ді.

  • Қара басып кезінде соған мән бермегеніміз ғой қинайтыны. Сәкен де, өзім сияқты, көкірегі даңғыл, көңілі дария қазына қарттардың тоқығанынан гөрі, кітаптан оқығанын ақиқат деп ұққан ұрпақтың өкілі ғой. Алдағы әзір сүрлеуге түсіп алып таныс үрдіспен діндерді де, діндарды да соққылап, сойып шығыпты. Науан хазірет Тастан байдың талақ тастаған тоқалы, Қантай Сұлтанмұрат әншімен қашып кеткен Қадишаны ұрлатып алып, қырық дүре соқтырып қинап өлтіріпті-мыс. Араша түскен Ақанды көзге іліп ілтипатқа да алмапты. Ашынған ақын: "Еліңе, жеріңе ғәдалат бере келді ме десем, ғәдәуат еге келген екенсің. Мешітіңнен иман иісі шыға ма десем, қабір иісі шығады ғой. Таң атпай зарлап машырыққа қарап азанға шақырды ма десем, құбылаға құлап ажалға шақырған екенсің жұртыңды" — деп Наурызбай имамды бетің бар, жүзің бар демей тіледі де салады.


— Ал осылай өзінше ой түйіп отырған Сәкенге барып бірден: "Бауырым, ақиқаттың ауылынан алшақтап кетіпсің, ата-анамның аузынан бала күнімде өз құлағыммен естігеніме қарағанда, Науан хазірет қатыгез кісі болмаған және оның әділеттің ақ жібінен аттап кеткен сәтін де ешкімнен естіген емеспін", — десем ғой, мінезі мағлұм досым: “Бәрін бұрыннан білсең, біткен іске сыншы болмай, нағашы тұқымыңды өзің тірілтіп алсаң, баяғыда қайда қалдың!" деп сарт еткізуі ықтимал ғой. Сондықтан онымен сөйлесу үшін алдын ала дәл дерек, мол мағлұмат жинап, Науанды жақсы білген, дәрісін тыңдаған көген түбіндегі көнекөз қариялармен әңгімелесіп алған абзал. Осы оймен өзім жақсылығын көп көрген қадірмен қарт партия, еңбек ардагері Темірхан Жапабаевпен жолықтым. Өмір ағымымен өрелес отыратын, жаңалыққа жаны құмар зиялы ақсақал романдағы адамдар атының астын сызып, біраз жайды зерде елегінен өткізіп үлгерген екен. Ауыл жақтан алған хатымның мән-жайын баяндап, Науан медресесінің төл түлегі ретінде хазірет жөніндегі қазылық пікірін айтуын өтіндім. . .


— Саркен-ай, "Заманың түлкі болса, тазы боп бір шалып қал" деген қағидаға қайсымыз теріс ыңғай танытып, қияс кетіп едік. Дәуір талабына қайшы келмеуді көздеп, қиямпұрыстық көрсетпей, іштен тынып жүрген жоқ па талай жұрт. Абайдың бейнесін айшықтай түсу үшін қарадан шығып хан болған Құнанбайды да құрбан ғып, қасқыр мінез каһар етіп көрсетуге тура келді емес пе. Науан хазіретті де ішкі есебі нық, әліптен аспайтын діннің дойыр қамшысы ғып көрсетпесе, Ақан әділетті ту тұтқан арынды  ақын, алмастай өткір азамат боп


 


адақтап шықпас еді. Сондықтан Сәкенге өкпелеудің еш орайы жоқ, — деп тікірейіп тұратын қайратты бурыл шашын тарамыс саусақтарымен тарай жинап, жанары жаси бастаған қой көзін бұтағына қатқан қасат қарды сілки алмай терезеге төнген алма ағашына қадап, аз-кем үнсіз қалды.


— Ал, ағымнан ақтарылып, ақиқатын айтсам, жазушылардың көбі Науан хазіретті орынсыз ғайбаттап, қиянат жасап жүр, — деп ол сәлден соң бір ойдың ұштығын шығарып алды да, соны тарқата бастады. — Жақсы, Мағжан Жұмабаевтың оны жамандауын түсінуте болар. Ақан сері жырларын алғаш жинап, зерттеген және жиырмасыншы жылдардың басында-ақ ол туралы зерделі сөз айтқан жыр зергері ақын тілінің кей тұста діни атаулар араласып тарғыл тартып кететінін хазіретке жақын жүргендігінен көруі әбден мүмкін. Өзгелерінікі енді, ол дін басы болған соң қалай даттаса да сия береді деген әсіре атеистік.


Шынтуайтына келгенде, Науан хазірет бір дуан елге білім ұрығын еккен үлкен ұстаз. Ағартушылық қызметі Ыбырай Алтынсаринге жетпегенімен, одан олқы да болды демес едім. Хат білгізіп, қара танытып, талай қара домалақ ауыл балаларының көзін ашып, жүздеген ата-ананың алғысын алды. Бұқардан оқу бітіріп келісімен Көкшетауда мешіт салғызып, медресе ашуға кірісті. Мешітін көрмеген боларсың, медресе үйі бертінге дейін дін аман тұратын...


Көз алдыма балалық бал күндерім өткен Көкшетау қаласы келді. Карл Маркс даңғылы мен қазіргі Кенесары көшесінің қиылысқан жерінде бөренеден бұрап салынған ұзынша қарағай үй біз оқыған қазақ орта мектебі болатын. Ауласы атшаптырым сол үйдің шығыс бетінде баяғыда Валериан Куйбышев оқыған бастауыш орыс мектебі болушы еді. Ал олардың түстік жағы ашық алаң да, ортасында үлкенді-кішілі екі күмбезі бар мешіт тұратын. Біз бастауыш класта оқыған соғыс жылдары онда солдаттардың казармасы орналасты. Ол облыс ашылып, қала оның орталығына айналғаннан кейін ғана құлатылды. Ал астыңғы қабаты қызыл кірпіштен өріліп, үстіңгісі қарағайдан қиып жасалған сырты жасыл сырлы тақтаймен көмкерілген, шатыры қызыл қаңылтырмен жабылған медресе үйі бертін облыстық архив мекемесі болды. Тура Куйбышев мектебінің қарсы алдында Карл Маркс көшесінің бойында тұратын арасы кірпіштен өрілген қызыл бағандармен ұштастырылған өрнекті шойын құймамен қоршалған, оюлы дарбазасы бар сол ғажайып ғимарат бертін қаланың бас жоспарына "кірікпейтін" болып құлатылды да, орнына облыс бишігештері үшін бес қабат тұрғын үй салынды. Сөйтіп Науанның өзі тұрсын, ізі де қала төрінен өшірілгендей еді...


Мешіт пен медресенің қосалқы шаруашылығы болатын. Шәкірттердің азық- түлігіне де ауылнай-ауылнай, болыс-болыстан жиналған малды оқушылардың өзі күтетін. Жазда шөбін де шәкірттер шауып, үйіп алатын. Былайша айтқанда, қазіргі оқуды өндіріспен ұштастыру дегенді Науан хазірет сол кезде-ақ жүзеге асырған, — деп Темкең хазірет тәрбиесінің тағы бір қырын алға тартты.


Медресе дегенмен ол бірыңғай діни біліммен шектеліп қалған жоқ Онда есеп сабағы, кәдімгі төрт амалы түгел арифметика жүргізілді. Замана ағымын аңдаған сұңғыла ұстаз әліпби оқытып, тіл сындырар молдаларды ғана емес, сабақ беруге жаңаша оқыған мұғалімдерді тартып, орыс тілін де үйретті. Петр Тарлышев деген социал-демократ бізге орыс тілінен сабақ берді. Қазақшаға судай, ағып тұрушы


 


еді, шіркін. Өзіңнің атаң Өскенің Ыбырайы болыс боп тұрғанда ол соның тілмашы әрі хатшысы болған. Бірде қыстың күні көсем жегіп кәшауамен келе жатып Ыбыкең өзімен айтысып жүрген қарсы жақтың жаяу келе жатқан бір жігітін көлігіне мінгізіп алса керек. "Ағажан-ай, жыланды бауырыңа бекер басасың, — деп сонда Тарлышев басын шайқапты. — Жыланның аты жылан ғой, жылынып алған соң шағады". Түсінбейтін сөзімізді табанда қазақшаға аударып орыс тілін тез игеруімізге сол тілмаш көп пайда тигізді. Жаңаша оқуымыздың арқасы шығар, ер жетіп ел ісіне араласуымыз төңкеріс тұсына тура келген біз, Науан мектебінің түлектері: Темірбеков Айтжан, Көшімбаев Жәзит, Жүсіпов Әбутәліп және басқалар жаңа қоғам құруға бірден бел шешіп, белсеніп кірісіп те кеттік. Төңкеріс аудандық атқару комитетінің төрағасы болған туған нағашың Жәзит сияқты мен де Жыланды болысын басқарып, аудан коммунистеріне жетекшілік еттім. Кейін шаруашылық жұмысқа ауысып, Қазақстандағы тұңғыш ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындары '"Терісаққан", "Талов", "Дарбаза" кеңшарларының шаңырағын көтерістім. Онан ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты қызмет атқарып, ақыры астаналық облыстың бір мекемесін басқарып тұрып құрметті демалысқа шықтым. Осының бәрі Науан хазіреттің шапағаты. Соның медресесінен алған азды-көпті білімнің арқасы. Рас, дін жолын қуып молдалық қумасам да, оның үлгі-өнегесін, біз сияқты қарапайым қазақ шаруаларының балаларына тиген шапағатын ұмыта алмаймын.


Оның өзі де сондай ортадан шыққан. Ол жайында алаштың көсемі атақты Әлихан Бөкейхановтың жазғаны да бар. Шұңғырша болысында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген Наурызбай Таласов Бұқарда оқып, ғылымға ден қойып, үздік бітірген шәкірті ретінде медресеге ұстаздық етуге қалдырылған еді. Көкшетау өңірінің қазақтары өзімізге де ұстаздық ететін адам керек деп оны қоярда-қоймай шақыртып алады. Келген соң Дуанның бас имамы сайланып, мешіт салдырады, медресе ашады, сөйтіп қалың қазақ арасына білім шапағын шашып, талай толқын шәкірттер тәрбиелейді. Ал 1900-ші жылдардың басында жергілікті халықты шоқындырмақ болған патша әкімшілігіне қарсы шыққаны үшін тұтқынға алынып, жер аударылады. Дуан халқының қайта-қайта өтініш айтып, табандап сұрап отырып алғанының арқасында екі жылдан соң босап, елге қайтып келіп, сүйікті жұмысын одан әрі жалғастырды, — деп жазған. Біз ұстаз алдын сол сотталып келгеннен кейін ғана көріп, медресе табалдырығын аттаған шәкірттерміз. Біздің алдымыздағы толқыннан түлеп ұшқан Ақмағанбет, Бектас, Кәрміш, Мейрам, Насыр деген зиялылар дін жолынан аумай, өле-өлгенше уағыз айтып өтгі.


Науанның әкесі Талас туған жері — Баратайдың түбіндегі Жылгелді зиратында жатыр. Өзі 1910 жылы жетпіс үш мүшелінде дүниеден өтсе керек. Көкшетауда Қопа көлінің жағасындағы қалалық қорымға жерленген, — деп Темкең бәрін де тақтасына келтіріп, қолымен қойғандай ғып айтып берді.


Содан соң көп ұзатпай Сәкенмен кездесіп Науан хазірет жайында естіп- білгенімді, ел аузынан жиғанымды, көңілге түйгенімді ортаға салдым. Ойда жоқта үйіме жолданған Сейтіғалидың хатының мазмұнын айтып бердім.


 


¶              Ондай хаттардың бірпарасын өзім де алып, кейбіреуін оқып бетімнен отым шыққандай ұялғаным бар, — деп ол бірден мойындады. — Қайтсем Ақан бейнесін толыққанды етіп, ақын даусын асқақтата шығарам деп, кезіндегі кейбір қадірлі кісілерге көлеңке түсіріп алғаным анық. Әсіресе, Науан хазірет жайында алдыңғы лектің екпінімен кетіп, асыра сілтеп жібергенімді енді сезіп отырмын. Ол туралы қазірдің өзінде қыруар дерек жинап алдым. Ағайын-туғандарымен, үрім-бұтақ жұраттарымен жүздесіп, ашық-жарқын әңгіме құрып, біраз жайға қанықтым. Бірақ, амал не, бірінші кітап шығып кетті, екіншісі әне-міне басылғалы жатыр. Амандық болса, үшінші кітабымда Науан хазіретке қайта ораламын. Оның өмірбаянына жарық түсіретін бір жарқын бет хазіреттің патша өкіметінің қазақтарды шоқындыру саясатына батыл әрі ашық қарсы шығуы ғой. Келесі кітапта да патша өкіметінің қазақтарды христиан дініне мойынсұндырып, күштеп шоқындыру мәселесі кеңінен сөз болады. Оған Көкше өңірінде қасарысып қарсы тұрған дуанның жарлықпен тағайындап қойылған заңды молдасы Наурызбай Таласов, кәдімгі Науан хазірет. Ол Ақан сері Қорамсаұлы мен көмекшісі Қосшығұловты астыртын елші етіп, Түрік сұлтанына хат жолдайды. Осы үшін мемлекеттік құпия шараларды шетелге паш етті деп, патша отаршылдары оны он жылға Енесейге жер аударған ғой. Осы тұстағы көңіл күйі арқылы оның адамгершілік бітім-болмысын, биік парасатын ашып, ағартушылық қызметін көрсетпек ойым бар.


Жарқын бет дегеннен шығады. Қазақтарды шоқындыруға батыл қарсы шыққан бұл ерлік бір адамның өмірбаянындағы арайлы бет болғанымен, жалпы сол саясаттың өзі халық тарихындағы ең бір қайғылы кезең еді ғой. Сондай сын сағат қысылтаяң кезеңде азуы алты қарыс патша әкімшілігіне айбат шегіп, ақылды қаракет жасаған Науан хазіреттің қимылы шынында ел үшін еңіреп туған ердің қаһармандығы.


Ұлан-байтақ даламыздың ұшан-теңіз байлығын сүліктей сорып, сол иен-тегін қазынаны шөңгелі шеңгелінде ұдайы бүріп ұстау үшін қырдың ежелгі иесі — қазақтарға патша отаршылдарының жасамағаны жоқ. Қоқан-лоққының да көкесін көрсетіп, алдап-арбаудың, айла-шарғының да неше атасын ойлап тапты. Жұртты бөліп, бір- біріне айдап салу, өшпенділік тамыздығын тұтатып, ағайын арасына от тастау, іштен шықкан шұбар жылан — сатқындарды пайдаланып, іштей іріту — жергілікті патша әкімшілігінің жымысқы саясатының басты бағыттары болды. Осындай қулық-сұмдықтың, зымиян жымысқылықтың ақыры келіп, жергілікті халықты жаппай шоқындырып христиан дініне кіргізуге сайды. Дінінен, ділінен, тілінен айрылған халықтың басыр болған баспақ бұзау сияқты қайда айдаса солай жүретінін олар жақсы бағамдады. Мұсылмандар арасында православие дінін тарату жөнінде сондай ұсынысты тоқсаныншы жылдардың басында патша ағзамға түсіріп те үлгерді.


Сол құжаттың кейбір қағидаларын мың тоғыз жүзінші жылдың күзінде Көкшетаудағы қыркүйек базары кезінде патша әкімшілігінің жергілікті бір өкілі қала шіркеуінің басшысымен бірігіп жариялап жіберді. Онда алдымен Ресей империясына бодан болған халықтардың мүмкін қадерінше бір дінді ұстағаны


 


жөн екенін пайымдай келіп, оған жетудің "жолдарын" баяндайды. Бір бастан ауылдарда мектеп санын көбейтіп, оларда сабақ беретін қазақ мұғалімдеріне шәкірттердің орысша сауатын ашып, бір-бірімен орыс тілінде сөйлесуін қамтамасыз етуді міндеттейді. Мұғалімдер сол маңайдағы топтың білетін адамдарынан тағайындалып, соның ықпалында әрі бақылауында болуы керек- мыс. Молдаларды барынша қысқартып, қазақ арасында кісі қолынан мерт болу көп болғандықтан, өлген адамды поптың рұқсатымен және қадағалауымен жерлеуге тиіс. Қыздар мектебін ашып, қазақтың әйел балаларын орысша оқыту ләзім. Түбінде күйеуге тигенде ондай келіншектер бала туған соң еріне ықпал жасап, орыстар жағына шығарады дейді. Сонда қазакдша білім алу тезірек тоқтап, орысша оқу жеделдетіледі. Татарлар мен сарттардың әсерін тоқтату үшін ауылдарда шіркеулер мен мінәжат үйлерін көбейту қажет. Тақа болмаса, қыруар қаржы шығарып, мектеп ашып, уағызшы бергеннің өзінде де ырыққа көнбеді деп әскер шақыртып, крест үстінде қазақтарды күштеп шоқындырып, христиан дінін қабылдауын талап етеміз.


Ұзын-ырғасы осы тектес бұл хабар ашық күндегі нажағай шатырындай естіліп, жиналған жұрттың төбесінен жасын түскендей болды. Науан хазірет сол түні-ақ Түрік сұлтанына болған жайды баяндап, сәлем хат жазып, оны астыртын біреулер арқылы Стамбулға жөнелтті. Ал оның көмекшісі мұғалім Шәймерден Қосшығұлов төніп келген қатерге қарсы күш қосып қимылдауды өтініп, ұлы Абайға хат жолдайды. Ұзамай үкімет жарлығына қарсы әрекеттер жүргізді деп, екеуінің үстінен де іс қозғап, қуғынға ұшыратады. Көрінеу көзге қысастық қиянатқа шыдамаған жұрт дереу бас көтеріп жоғары жаққа арыз-шағым бере бастайды. Солардың бірі мың тоғыз жүз екінші жылғы ақпанның 27 жұлдызында Көкшетау қаласының тұрғындары атынан Дала генерал-губернаторына жолдаған Серкебай Әлімбаевтың хаты. Қазір Қазақстан мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған сол өтініштің мазмұны мынадай:


Көкшетау қаласы тұрғындарының өз күшімен жұртшылық қаражатына салынған мешіт бар. Облыстық басқарма оған 1886 жылғы 14028 куәлікпен молда етіп Мезгіл болысының қазағы Наурызбай Таласовты тағайындаған. Жұрт сайлаған Наурызбай имам содан бері өз қызметін ыждаһатпен атқарып келе жатқан-ды. Неке қиятын немесе ажырататын, нәрестелерді тіркейтін, өлгендердің жаназасын шығаратын, күніне бес уақыт жай намаз, жұма намаз, айт намазын да үзбей өткізетін еді. 1901 жылғы 20 мамыр күні ояз бастығы келіп Таласовтың қызметіне тыйым салып, іс қағаздарын алып кеткен. 19 қыркүйек күні сегіз болыс елдің би-болыстары мен игі жақсылары бас қосқан төтенше съезде ояз бастығы: "Сендерде, қазақтарда дін жоқ, бұдан былай шариғат жолымен іс атқаруға тыйым салынады" деген секілді сөздер айтгы. "Ендігі жерде бізде неке қию тоқтатылды, жаназа шығарылмайтын болды" дей келіп арыз иесі діни нанымдарға қысым жасалмауын, молдалардың қызметіне жол ашылып, еркіндік берілуін өтінеді (Сапар Байжанов. "Архив — айғақ". Алматы. 1988 ж.)


Талайсыз тағдыры Ақмола, Көкшетау, Омбы, Петербург арасында екі-үш жылдай созылған қатынас қағаздар дүрмегіне себеп болған Наурызбай молда акыры үш жыл мерзімге, ал Шәймерден мұғалім бес жылға бас бостандығынан


 


айырылуға кесіліп, Шығыс Сібірге, Иркутск губерниясына жер аударылды. Тағы да арыз-шағым, өтініш-тілек тасқынының, дуан тұрғындарының табандап сұрауының арқасында екеуі де мерзімінен бұрын босанып, елге аман-сау оралды. Науан хазіретті Енесейден Атығай Бабаназар мен Жанбатыр қажы алып қайтты. Ал Шәймерден Қосшығұлов II Думаға депутат боп сайланды.


Әрине, халық үшін төккен тер, еткен еңбек ешқашан ескерілмей қалмақ емес. Жетпіс жыл бойы темір құрсауда іштен тынып, булығып жүрген ел енді міне, өзінің абзал ұлдарына іздеу салып, санатқа қосып, қайта тірілтіп жатыр. Олардың өзі болмаса да көзіндей үрім-бұтақ, зәу-заты баршылық сияқты. Мынау кейінгі хат сондай ұрпақтың бірі, Науан хазіреттің екінші ұлы Қазезтайдың зайыбы Таласова Тоқайдан келіпті. Аты да, заты да таныс кісі тәрізді. Оны орта мектепте оқып жүргенде Қызылсая ауылында көргенмін. Орта бойлы, ашаң өңді, акқұбаның әдемісі болатын.


Қазезтайдың өзін де алғаш елу бірінші жылдың көктемінде сол Қызылсаядан көргенмін. "Тұтқыннан босап, Науан хазіреттің баласы келіпті осында” деген хабар дүңк ете қалған. Алқа-қотан қоршаған ақсақалдардың ортасында отырған жерінде барып сәлем бергенбіз. Үстінде ол күнде бізге таңсық шалбарының қыры сымдай қара костюмі бар сұңғақ бойлы аққұба ажарлы кісі екен. Жағасы кіршіксіз ақкөйлегі де кірпияз, кербез кісінің өңін аша түскендей-ді.



  • Ә, Есжан ауылындағы Ақтайдың баласы екенсің ғой. Онда біздің Шұңғыршаға жиен болдың, — деп жылы ұшырай қарап арқамнан қақты. — Сен осы Көшімбайдың Жәзитінің қарындасы Мәризадан туған шығарсың.

  • Иә, — деп шешемнің "Шұңғырша” ұрандының бәрін төркін санап, бәрі нағашың деп үйреткені есіме түсіп, басымды изеп жымиып қойдым.

  • Жарайды, оқыңдар, оқыңдар, жастар! "Білімді — мыңды, білекті бірді жығады” деп халқымыз тегін айтпаған. Оқығанның аты арып, тоны тозбайды. Алған білім әйтеуір бір жарып шықпай қоймайды, — деген-ді ол.

  • Қуғын-сүргінді көп көріп күдері үзілді ме, оқыған-тоқығаны біраз бола тұрып сол Қазезтай қызмет іздемеді. Қолына түскен жұмысты атқарып жүре берді. Бертін жасы еңкейіп, егде тартқанда ғана әке жолын ұстанып, аз уақыт молда боп жүргенін білемін. — Зайыбының хатынан оның сексен екінші жылы дүние салғанына көз жеткіздім. Асылдың тұяғы, алтынның сынығы еді ғой, жарықтық!


Тоқайдың хатында көңіл қояр бір пікір, құлақ түрер бір тілек бар. Кезінде Науан хазіреттің өзі бөренеден бұрап салғызған алты бөлмелі қарағай үйі Көкшетаудың ен ортасында, Пушкин көшесінде қаласы бүтін күйінде әлі тұр екен. Кезінде Ақан сері сияқты атақты адамдар, ол өңірдің небір зиялы игі жақсылары төрінде отырып, мәслихат құрған, қонақ болған құттыхана бүгінде көп қабатты үйлердің тасасында қалып, көзге қораш көрінетін сияқты. Соны жаңа жерге көшіріп, жаңғыртып ескерткіш тақта орнатса, осы аймақтың өткен тарихынан талай сыр шертер еді-ау.


Алайда әкесі қайтыс болған соң Көкшетау мешітінің имамы сайланған Қалымтай дүниеден ертерек өтіп, отбасы айдалып кетіп, үйі қазынаға түскен. Ағалы-інілі екі азаматтың өмір-бақи еншісі бөлінбегеніне қарамастан, ол үйге


 


Қазезтайдың иелік құқын қала басшылары мойындамаған. Марқұм көзі тірісінде қалаға келген сайын зайыбын ертіп өзі туған сол үйге барып, не сыртынан, не ішіне кіріп әкесіне бағыштап аят оқып, бетін сипап, ауыр бір күрсініп қояды екен. Кім білсін, кезінде атағы қазақ даласына кең тарап, қалың елге мәшһүр болған әкесі есіне түсе ме, әлде қыршынынан қиылып ешбір қызық көре алмай кеткен егіздің сыңарындай ағасын көз алдына елестете ме, әйтеуір осы үйге зарығып келіп, жабығып қайтатын көрінеді. Оның ағасы Қалымтайдан қалған жалғыз қыз Ұрқия қазір Шу қаласында тұрады. Қазақ университетін бітіріп, қырық жыл ұстаздық етіп талай ұрпақ тәрбиелеген, үлкен тәлімгер.


"Хазірет тұқымынан тірі жүрген екі әйел заты бір жерде тұрып, бір-бірімізге сүйеніш серік болсақ дейміз. Ғұмырымыз енді аз ба, көп пе, атамыздың шаңырағын қалпына келтірсек деген арман бар. Ол үшін ақ-адал өз үйімізді қайтарып берсе игі болар еді" — деп тілекпен түйеді хатын Тоқай. Әлбетте, орынды тілекке Көкшетау қаласының әкімшілігі кұлақ асуға тиіс. Үйдің ендігі заңды иесі осы екеуі екеніне ешкімнің шәгі жоқ.


Әйткенмен Науан хазірет тым тұлдырсыз, тұяқсыз да емес. Оның Хұсниабаттан туған Қалымтай мен Қазезтайдан басқа Ғазиза, Гүлсім деген екі қызы болған. Ғазизадан Талғат, Шәуқат, Әнуар деген үш ұл, Фарида атты қыз туған. Талғат Ұлы Отан соғысында опат болды. Қалғандары көзі тірі Көкшетауда тұрады. Ұзақ жыл сауда саласында жемісті қызмет атқарып, құрметті демалысқа шыққан Әнуар Хисматтулин қаланың белді де беделді адамы. Оларға жеке-жеке тоқтар болсақ бір шаңырақтың шежіресі жуыр маңда таусыла да қоймас. Қайткенмен, Науан хазірет халқымыздың тарихынан өзінің ұлағатты ұстаздық орнын алып, қабырғалы қайраткер, қажырлы күрескер ретінде ұрпақ санасына сіңірілуі шарт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу