06.02.2022
  203


Автор: Сарбас Ақтаев

«ЖИЫРМА БЕСТІҢ» ЖЫРШЫСЫ

Шоқ шайнап, жалын жұтқан, от жайнап ару құшқан айхай жиырма бестің көзден бұлбұл ұшқаны қашан. Бірақ жасында жігіт бола біліп, жалғанды жалпағынан басқан кісінің не заман, не жылдар өтсе де оған деген сағыныш сарқылмайтын да тәрізді ғой. Асқарға талпынып, аспанда шарқ ұрмақ қыран


 


қиялдың алтын тұғырындай жиырма бес бір есептен азаматтың талай – тағдырын, болашақ бағдарын айқындайтын сын сағаты да сияқты. Себебі жиырма бесте желпінбеген жігіттің отызда серпіліп орда бұзуы, қырықта ес кіріп халық қамын жеуі, елуде ертеңін ойлап ел ағасы болуы неғайбыл. Сонан ба екен, осынау жігіт жасы ауызға алынса, жымың ете қап, жеңіл бір күрсінбейтін пенде кемде – кем. Ал ол жайындағы әйгілі ән әуелей жөнелсе, қай – қайсымыз да елең қағып, құлақ түрмей қоймаймыз.


Ертеден қалыптасқан дағды бойынша бірде ертеңгілік радионы ашып қалсам, кәдімгі «Жиырма бестің» аңырай шалқып жөнелмесі бар ма?! Дабылдай самғап, мамырлай келіп қонатын құстай, арындай басталып, дамылдай келіп тынатын ғаламат ән ғой, шіркін! Сазы да, сөзі де тұнып тұрған сурет. «Беріп кет сақинаңды мыс та болса, жүрейік ойнап–күліп қыс та болса», - деген ынтық жүректің ыстық сезімі ысқаяқ қыстың күнін жайма шуақ жаз етіп жібергендей. Көңілге лықсып құйылған әуен көз алдыңа көшпелі қыр тұрмысының сөзбен салынған суретін көлбең еткізеді. Саптама етігін босағаға сүйей сап, ақ отаудың есігін сыбдырсыз ашып, киіз байпақпен білдіртпей байпаң басып, оң жақтағы шымылдықты қармай берген жігітпен бірге сенің де жүрегің су етіп, денең діріл қағатындай.


«Қайғысыз ғазиз жүрек зарламайды, Екі жас бірін – бірі алдамайды.


Қаратас ұйқың келсе болар мамық,


Шын ғашық сұлулықты таңдамайды», -


деген ойлы күйлі шумағының әр жолы жеке–жеке мәтел боп кеткен зарлы–мұңлы, сазды сырлы ән «Жиырма бес екі айналып келмес саған...», - деп өксік өкінішпен аяқталғанда, өзің де әдетте: «Айхай, жалған!» деп көкірегің қарс айырылып ауыр күрсінерің қақ.


Сондай бір әсерге сүңгіп, өзімді–өзім ұмытып кетсем керек, диктордың


«Сіздердің тыңдағандарыңыз Салғараның әні – «Жиырма бес», - деген даусы шырт ұйқыдан шошып оятқандай селт ете түстім. Алайда диктор жаңсақ айтып қалған шығар деп, өзімді–өзім жұбатқан болдым. Жоқ, жаңсақ емес екен, әлгі әнді енді бір орындалғанда аталған авторды қайта қайталап әнтектікті тағы да асқындырып ойға қалдырды. Бұрын–соңды сал–серілер мен сазгерлердің арасынан Салғара дегеннің есімі ұшыраспаушы еді ғой. Қазақтың ән әуені мен күй әлемін, оның біртуар дара дарындарының өмірі мен өнерін зерделей зерттеген ғұлама ғалым, саңлақ сазгер Ахмет Жұбанов жұртқа жайған өрен өнерпаздар санатында ол және жоқ. Әлде әркім өз ауыл – аймағынан әлдебір ақын, не батыр шығаруды мұрат тұтып, аты қотанынан аспаған қайсы біреулерді қопақардай ғып көтермелеп жатқан қазіргі әншісымақтардың бірі емес пе екен? Бірақ ғұмыр бойы жайраңдаған жастық шақтың шашпауын көтеріп, әмәнда көзсіз күйіп, ессіз сүюді жыр еткен, айнымас адал махаббаттың мұңшысы, жалынды арман–жиырма бестің жыршысы болып, ел жадында жатталған Зілғараның аруағынан именбей, тапайдың тал түсінде баса көктеп біреудің малын айдай жөнелген барымташыдай, әнін белгісіз біреуге алып бере салғаны ұят емес пе екен?! Оның енді бір өлеңіндегі:


 


«Ішінде Атығайдың Зілғара едім, Еліме еркін өскен бір бала едім..


Жиырма бес қайта айналып келер болса, Дүниенің төрт бұрышын бұлғар едім»,


деген жолдары «Жиырма бестің» кімдікі екенін бұлтартпай–ақ айтып тұрған жоқ па. Сол баяғы балталаса бұзылмайтын ұйқас, ағынды жорғасынан айнымайтын ырғақ, бояуы қанық, бедері айшықты өлең өрімі біртума бірегей дарынның қолтаңбасы.


«Дүниенің төрт бұрышын бұлғар едім», - сияқты өршіл де өктем үн өнердің де, өлеңнің де мәйегін жастай еміп, жалғанды жалпағынан басып, дүниені оңды- солды сапырып жүрген ерке, еркін дарын иесінің аузынан шықса керек. Ал Зілғара сән–сәулеттің, ен дәулеттің қызығына жастай шүйгіп, барлықтан салдық құрып, ерлік пен серіліктің тізгінін тең ұстаған өнерпаз. Бұл жөнінде оны Арқаның сал серілерінің алдыңғы толқын ағасы десе де болады. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайды былай қойғанда, әйгілі Сегіз сері де оның ізбасары секілді.


Зілғараның ерте өсіп, еркін көсілуіне әулетінің дәулеті жетіп артылып жатты. Атығайдың Құдайберді – Бейімбет тармағының алғашқысынан тарайтын ол мыңғыртып мыңды айдаған ірі байдың баласы. Халық тарихының таусылмас шежіресі секілді Сәбит Мұқановтың айтуына қарағанда, оның әкесі Байтоқаның бір баласына ғана он мың қой, бес мың жылқы, бес жүз түйе біткен. Байтоқадан елге нұсқа, жерге тұтқа Зілғара, Шопан атты екі ұл туады. Шаруа баққан Шопаны ата дәулетінің ұйытқысы болып қалады да, шалдуар да алғыр Зілғара әуелі өнер қуып, сөз ұсайды да кейін атқа мініп ел ұстайды. Айналасын әнімен де сәнімен де, айбынымен де, ақылымен де баурайды. Демек, ол кезінде арынды сазгер ғана емес, жалынды қайраткер де болған кісі.


Орыс патшасының сенімді өкілі, бүкіл Сібір өңірінің әкімі Михаил Сперанскийдің жетекшілік етуімен жасалған «Сібір қазақтарын басқару жөніндегі жарғының» жобасы, яғни – «Жаңа ереженің» 1822 жылдың шілдесінде ресми мақұлдағаны тарихтан аян. Соған сәйкес қазақ даласында хандық билік жалпы жойылып, әкімшілік басқарудың жаңа жүйесі-дуандар, болыстар құрылатын, олардың басында төре тұқымынан шыққан аға сұлтандар мен сұлтандар отыратын болды. Алғашқы дуан Орта жүз хандығының кіндігі тәрізді Көкшетауда құрылып, оған әкесі қайтыс болғаннан кейін халқы іле хан көтеріп, бірақ бұл дәрежесін орыс үкіметі бекітпей бұлтаққа салып жүрген Ғұбайдолла Уәлихановты аға сұлтан етіп тағайындау келісілді. Сөйтіп, 1824 жылғы сәуірдің соңғы күндері осы өңірдегі атқамінерлер мен атақты адамдарды түгел жинап, Көкшенің батыс баурайындағы Үлкен шабақты көлінің жағасында дуанның ашылғанын жариялады. Оған қазақтың алты сұлтаны, жүз алпысқа жуық байлары мен алпысқа тарта билері қатысты. (В.Терещук. «Көкшеттау туралы хикаялар». 1992 жыл).


Салтанат рәсіміне осының алдында ғана ашылған Омбы облысының әкімшілігі мейлінше зор мән берді. Оны облыстық басқарманың бастығы, подполковник А.Григоровскийдің өзі басқарып, жиналғандарға жарғыны өз оқып беріп табан аузында аудартып, оны түсіндіріп тұрады. Содан соң сайлау басталып


 


бұдан бұрын белгіленгендей, дуанның тұңғыш аға сұлтаны Ғұбайдолла Уәлиханов болып, азуы алты қарыс атақты рубасылары Зілғара Байтоқин мен Мүсет Жәнібеков мәжіліскерлері боп тағайындалды. Бір ғажабы – осы рәсім жөнінде жоғары жаққа жіберілер сенім хатқа дуан басшылары түгел қол қояды да, астына аға сұлтанның емес, кеңесші Зілғараның мөрі басылады. Осы болмашы тетіктің өзі–ақ аға сұлтан көңілінің алаңдығын, ал орынбасарының орыс үкіметі алдындағы беделінің зорлығын аңғартатын секілді.


Шынында да, хан атанып, Орта жүздің билігін қолына енді алуға қамданған Ғұбайдолла үшін бір ғана аймақтың басшылығымен шектеліп қалу олқы соқты. Және оны өзі де қомсынып, іштей қатты қорланды. Оның үстіне орыс үкіметі мойындамаса, хандығыңды біз мойындаймыз деп емексітіп елші жіберіп, бір жағынан қытайлар да құйт–құйттап жатты. Сондықтан ол аға сұлтан сайланғанға көрсетілер сый–сыяпатты да алмай, майор атағы, жақұтпен зерленген алтын медаль, кәмәр белбеу, алтын қылыш сияқты тарту–таралғыға да мән бермей, дуанның ішкі–тысқы жұмысының ешқайсысына араласпай, Бурабай баурайынан Есіл жағасына көшіп, жайлауда жатып алды.


Дуан басқарудың бар ауыр жұмысы Зілғараның мойнына түсті. Аға сұлтаннан үміт үзген орыс үкіметі оның орнына адам іздеуге айналды. Облыс бастығы Сергей Броневский дуан атқа мінерлерін қайта жинап, Абылай Ғаббасовты аға сұлтан сайлап еді, ол да ағасы Ғұбайдолланың ізіне аумай, орыстардан іргесін аулақ салып, ауыл аймағымен орталықтан алысырақ көшіп кетті. Амалы таусылған үкімет 1825 жылы Көкшетау дуанының төрағасының міндетін атқарушы етіп тегі төре тұқымынан болмағанымен халық алдында абырой–беделі күшті, Дуан–үйінің мәжіліскері Зілғара Байтокинді тағайындайды. Шын мәнінде ол бұл міндетті дуан шаңырақ көтерген күннен бастап, барын салып, жанын салып белсене атқарып келе жатқан еді.


Елді ұстап, жерді сақтаудың тиімді де төте жолы орыстармен жақындасу екенін жақсы түсінген Зілғара төраға болысымен басқару ісін ширатып халық арасындағы түсінік жұмысын жетілдіре түседі. Ойлағанының бәрі орындалмағанымен, одан пайда да аз болмайды. Болыс басшылары жергілікті халықты орыстарға қарсы айдап салмай қайта олармен тату тұруға тыныш өмір сүруге шақырады. Қазақ ауылдарының өз арасындағы даушарлар да азайып, тыныштық орнайды. Ең бастысы орыстармен өзара пайдалы қарым–қатынастың үлгісін алдымен жаңа төрағаның өзі көрсетеді. Тату көршіліктен танбай, тиімді қатынастан қашпай, орыс үкіметіне, оның ант берген ақ патшасына адал қызмет етуге талпынады. Зілғараның бұл ынта–ықыласы мен ізгі ниеті көп ұзамай басшылықтың көзіне де түседі. Оған Сыртқы істер министрі К.Несельроденің Сібір губернаторына жазған мына бір хаты куә. «Сұлтан Ғұбайдолла Уәлиев адал қызмет өнегесін көрсете алмады. Сондықтан оларды назардан тыс қалдырып тоғызыншы сыныптағы старшын Байтокинді (Көкшетау өкілі) майорлыққа ұсыну керек», - деп жазады.


Жоғары жақтағы мәртебелі ортаның өзі мойындап, атақ–дәреже беріп құрметке бөлеген Зілғара Дуан–үйінің жұмысын жандандыруға белсене кіріседі. А.Лукин, А.Путинцев сияқты орыс шенеуніктерімен ақылдасып, тізе қоса отырып


 


күнделікті өмірдің қыруар шаруасын тындырады. Ел ішінде әлі де жетерлік тентектерді тезге салып, тәртіпті жолға қою үшін қаталырақ орыс заңын қолдануды қол көреді. Өйткені барлық малын айдап кетіп жалғыз–жарым адамды ғана емес, тұтас ауылдарды отына қаратып кететін барымташылық қылмысқа жатқызылып, жазаланудың орнына батырлыққа баланып, мадақталатын болды. Сондықтан да дуан аумағындағы болыстар мен ауылдар және жеке адамдар арасындағы даушар Ресей заңдарына сәйкес шешіліп жайғастырылып отырды. Барымташылық көріністері де назардан тыс қалған жоқ, біреудің малын ықтиярсыз айдап әкетушілер ұры саналып сотқа тартылды. Осы орайда атқарған жұмыстың жайын Омбыға хабарлағанда бір жылдың ішінде ғана ірі–ірі отыз үш іс қаралғаны белгілі болды. жаңа тәртіпті бұзып айыпты болғандар белгілі заң бойынша аяусыз жазаланады. Ресми қазылар мен қадрлардың әділ кесімі мен шешімі арқасында мыңдаған жылқы, отар–отар қой ақ–адал иелеріне қайтарылып, қаңырап бос қалған жайылымдар малға қайта толды.


Бірпара даулы іс соттың араласуынсыз бітімгершіл билердің шешімімен дұрысталып, ел іші тыныштық тапты. Жергілікті өкімет орындарынан көмек көріп қолдау тапқан жұрт талап–тілегін, арыз–шағымын айтып дуан орталығына жиі келетін болды. Олардың мұң–мүддесі мұқият тыңдалып, тиісті шаралар қолданылды. Аймақтың тыныс–тіршілігі бір арнаға түсіп, орыс өкілдері мен олардың қазақ одақтастары қыр халқының қалтқысыз сеніміне кіре бастады.


Осы жағдайды арнайы ел аралағалы шыққан Омбы облысының бастығы Сергей Броневский бірден байқап: «Мен бірқыдыру қазақ ауылдарын араладым, бірақ бірде–бірінен титімдей де қорқыныш үрей, сенімсіздік немесе наразылық дегенді байқағаным жоқ, - деп жазды. – Төре–төлеңгіттер мен старшындардың болмашы бөлігі ғана беймаза Ғұбайдоллаға елігіп Қорғалжын көлінен әрі қарай қиян қырға көшіп кетіпті. Тарпаң тентектігімен танымал сұлтан Сартай Шыңғысов басқалар сияқты өз болысымен қайта оралып, Сырымбеттің тау– тасындағы қыстауында отыр... Ханша Айғаным, оның ұлы Әбілмәмбет Уәлиев пен Етек Жандосов игі ниетімен ынта–ықыласы үшін қандай құрметке де лайық. Айрықша алғыс айтарлық бір адам – баяғысынша З.Байтокин».


Облыс бастығы сол сапарында дуанның болашақ орталығы үшін жер таңдап та жүреді. Оның көңіліне алғаш ұялаған Шағалалы өзенінің Елікті тауына қараған сол жағалауы болды. Батыс жағы тақтадай тегіс айдын дала. Қазақ–орыстардың егін егіп, жер сүрмесін сауып, тұрақтап қалуына қолайлы. Бірақ құрылыс бастала бергенде қала түсуіне қарсы қазақтардың шабуылына ұшырайды. Одан өзеннің оң жағалауындағы адырдың асты – Таймас асуынан теріскей тынышырақ жерді таңдайды. Бұл да болмаған соң ну орманды Бұқпа тауының шығысынан Қылшықты өзені ағатын, теріскейі айдын көл, түстігі мен батысы айнала тау, қорған тәріздес қойнауына тоқтайды. Сөйтіп, қазіргі Көкшетау қаласының құрылысы басталады. Әрине, құрылысқа қашанда қол күші, адам күші қажет. Сондықтан Зілғара мен мәжіліскер Мүсет жатпай–тұрмай ел аралап, жұртты үгіттеп қала құрылысына қазақ жігіттерін жинайды. Еңбегіне жақсы ақы алатынына көз жеткен олар бұған ат көлігімен келеді. Орыс үкіметінің отаршылдық саясатын енді сезген сайын дала қазандай бұрқ–бұрқ қайнап


 


жатқанына қарамастан бөренеден бұралған үйлер көбейіп, кент түзіліп те қалады. Бекініске қажет құрылыстар салынып біткен соң З.Байтокин, А.Лукин және А.Путинцев дуан үйін салуға рұқсат сұрап, 1829 жылғы наурыздың аяғында Омбыға барады. Бұған дейін бар мәжіліс, жиын киіз үйде емес жертөледе өтуші еді. Рұқсат беріліп, қаржы босатылған соң, казак–орыс станицасы кейпіне кіріп қалған Көкшетаудың дәл ортасынан Дуан–үйі кешені салынады. Оның төңірегінде дуан басшылары тұратын тұрғын үйлер бой түзейді. Оларға осы өңірден қазақтар арасында алғашқы болып Зілғара мен Мүсеттің отбасы кіреді. Ұзамай кент ішіне жақындары жинала бастайды.


Орыс патшасына адал қызмет етушілердің бұл жақсы, жайлы тұрмысы, әсіресе, төре тұқымның ашу–ызасын туғызбай қоймайды. Жарғы бойынша тек төрелерге ғана тиесілі мәртебелі қызметті қарадан шыққан Зілғараның дөңгелетіп алып кеткені төрелер мен төңірегіндегілердің зығырданын қайнатады. Жоғары жаққа қайта–қайта шағынып, тіпті бүкіл төре тұқымын жұмылдырып, Санкт– Петербургке дейін барып оларға аға сұлтан сайлауын қайта жүргізуге қол жеткізеді. Бұл тұста суық тиіп, сырқаттанып қалған А.Ғаббасов аяқ астынан қайтыс болады да, 1832 жылғы тамыздың аяғында Ғұбайдолла Көкшетау дуанының аға сұлтаны болып қайта сайланады. Ал оның ең жақын көмекшілері әрі дуан мәжіліскерлері болып Алтыбай Марданов пен Сейтен Боранбаев сияқты байлар тағайындалады. Сөйтіп, сегіз жыл аға сұлтан міндетін атқарып халқын іргелі жұртпен елдестіруге жанталасып мансаптап гөрі мақсат үшін тер төккен кемел ойлы көшелі қайраткер Зілғара Байтокин Есіл бойындағы атақонысына оралады. Ән салып, серілік құрып сауық-сайран қуатын жас емес, қалған өмірін ол жүйрік ат, ұшқыр тазы, алғыр қыран ұстап, саятшылықпен өткізуге арнайды. Оның үстіне өлең–жырдың соңына түсіп ақындыққа бой ұру атағы алты алашқа аян дүмбі тұқым үшін ерсі саналатын ұғым табиғи дарынын ұштаумен түбегейлі шұғылдануына тұсау болады.


Бірақ өлеңге деген құмарлық, өнерге деген жанашырлық оның ғұмыр бойғы жан серігі болғанға ұқсайды. Оның ауылы сол өңірдегі әнші–күйшілердің, ақын– жыршылардың алтын діңгек қағбасына айналады. Өнер жолына енді түскендері ес жиып, ат мініп, шапан киіп қайтып жатады. Олардың талабына тамыздық тұтатып, шабытын шамырқандыру үшін ауық–ауық қағып қалып айтып тастап тұрған Зілғара шумақтары ел аузында әлі бар.


Оның осынау ізгі дәстүрін балалары жалғастырып бертінге дейін қаймағын бұзбай алып келген. Оның баласы Әлібек батыр Ақан серінің өкіл атасы болып жас ақынның дарыны ұшталып, жалыны үдеуіне көп септігін тигізген. Жас Ақанның Құлагерін ұлы дүбір бәйгеге қосар алдымен Әлібек ауылына соғып, бата алуы содан. Батырдың бәйгенің алдын бермей жүрген екі торысы бар екен. Құлагерді көрген бетте–ақ ол: «Бала, атыңның әлі шықпаған бірер тері бар көрінеді. Біздің аттармен жарыстырып көрсең қайтеді?!» - депті. Бұл ақылды құп алған сері шабандоз баласына: «Шапқанда бір торыдан оз да, біреуімен құйрық тістесіп қана отыр» деп үйретіп қояды. Сол айтқаны аумай орындалып, Құлагер екі торының ортасында келгенде Әлібек: «Ақанжан–ай, сені мен аңқылдаған ақын


 


ғана ма деп жүрсем, әріден ойлайтын елшідей, ақылман мәмілегер де кенсің ғой. Әйтпесе мына құла алдына қара түсірейін деп тұрған жануар емес», - депті.


Әрине, Зілғараның аға сұлтандықтан кейінгі өмірінің бәрі саят құрып, сауықпен ғана өтті десек өнтек болар еді. Сол тұстағы алай-түлей қыр тіршілігін бұған соқпай кеткен ұлылы–кішілі оқиғасы кемде–кем. Төре тұқымымен, әсіресе Уәлихан әулетімен іштей бақталас дүрдараз болып жүрсе де, жеме–жемге келгенде оларды қыр халқына талатпай, әділ қазы ара ағайын бола білді. Ал Кенесары жігіттері жайбарақат жатқан ауылын шауып, талап–тонап кеткен соң оған қайтып иілмеді де жібермеді. Қайта орыс үкіметінен қарулы қол алып қашан Хан Кенені Арқадан қуып салғанша дамыл–тыным тапқан жоқ.


Ал Зілғараның ақындығын айтқанда, ол өлеңді өнер деп санағанымен, оны өмірлік кәсіп қылмаған кісі. Тек көңіл күйлерін ара–тұра жырмен өріп, әнмен өрнектеуден аспаған. Демек, ол өлеңді еңбек емес, ермек деп ұққанға ұқсайды. Әйтпесе билік қолында тұрғанда, айналасында хатшылары қаумалап жүргенде ауыздан шыққанын қағазға түсіртер еді ғой. Сол себепті оның бірде-бір өлеңі өзінің көзі тірісінде қағаз бетіне түспеген. Әйтеуір, айтылғандарының кейбіреуін құйма құлақтар көкірегіне қотарып, жадында сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізді. Қазір Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының қорында, ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбековтің қолында оның ел аузынан жиналған біраз өлеңі бар. Сол аз дүниенің өзінен оның ақындық екпіні, сазгерлік серпіні айқын байқалады.


Оның ел аузында сөзіне сазы сай "Сексен бес" деген бір әні бар. Тыңдасаңыз, "Жиырма бестің" жалғасы екеніне еш шүбә келтіре алмайсыз. Ойнақы әзілмен астарланатын әр сөзден өмірге деген құштарлық лебі есетін сияқты.


Сексен бес келіп қапсың қалжыратып, Айтамын, қайтіп өлең алжып жатып. Әлі де бір сұлуды қартайтар ем,


Ми берсе майға қосып балбыратып. Молдеке, қоя тұршы иманыңды, Берейін дүниеде жиғанымды.


Оқыса иманымды қыз молдасы,


Тамақтан иіскер едім ең әуелі Тамұққа бізді айдаса, бізді айдаса, Шалдардан біздей-біздей жүзді айдаса. Тамұққа таршынбай-ақ барар едім, Алдымнан арқан бойы қызды айдаса, —


деп тәмәмдалатын әннің "Аспан шырлай бозторғай, сол бір өткен заман-ай! Е-е-ей қыздар- ай, қош есен бол-ай..." деген қайырмасының өзі- ақ "Жиырма бесті" еске түсірмей ме. Бұл қарттықтың уысына сыймай, жастықтың уыз шағын қимай, махаббат, қызық мол жылдарын жоқтап жатқан адамның жан айқайы сияқты. Соның өзінде де уақыт салмағына үн-жұрғасы түспей жан қыжылын қалжыңмен шығарған қуақылық қандай десеңізші.


Жалпы, Зілғара ұзақ жасап, тоқсанға тақағанда дүние салған кісі болуы керек. Сәлем бере арнайы келген ел адамдарының біріне:


"Ағарып кетті менің сақалдарым, Азайып кетті және қатарларым.


 


Түн болса түндік жауып келеміз деп, Көңіл желпіп қайтады тоқалдарым", —


деп әзіл айтатыны осы ойды тағы да айғақтайды. Оның үрім-бұтағы да аз болмаған. Сәбеңнің, Сәбит Мұқановтың айтуына қарағанда оның төрт әйелінен он төрт ұл туған. Олардың ұрпақтары баршылық. Өз басым, солардың бірі, таңдайынан шаң шыққан шешен, алғыр азамат қазір Көкшетау қаласында тұратын Құбаш Әшетовті жақсы білемін. Кезінде қала партия ұйымын басқарған, бірақ турасын айтып, туғанына жақпайтын тік мінезі бар. Бәлкім бұл оның тектілігінен де шығар. Ал Зілғараның інісі Шопан ұрпақтарынан көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мақтай Сағдиев пен белгілі қаламгер, аудармашы Нияз Сыздықов арамызда жүр. Шүкір, екеуінің де үрім-бұтақ зәузаты жетерлік. Жанашыр зерттеуші шығып, архив қазынасын ақтарса, Зілғара жайында тың деректерді көп табуға, ел ішін аралап жинай білсе, белгісіз өлеңдерін жазып алуға болар еді. Әйтпесе оның азын-аулақ мұрасының өзі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп қалар түрі бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу