06.02.2022
  185


Автор: Сарбас Ақтаев

Айғаным

Айғаным ханшаны Александр Бірінші патша да білген


 


Қазақ ханшасы Айғанымның орыс патшасы Александр біріншіге арнайы хат жазған–жазбағаны әзір беймәлім. Зайыры, ол заманда да баса–көктеп жоғары жаққа бірден шықпай, өтініш–тілекті сатылап айту заң болса керек. Сол себепті ханша хатын алдымен Батыс Сібір генерал–губернаторына жолдаған секілді. Оның тілек–талабына терең үңіліп, мұқият зерделеген губернатор өз кезегінде Сібір комитетіне пайымдама–ұсыныс түсіріп, өтініштегі ерекше көңіл бөлер жәйттерді баса көрсеткенге ұқсайды. Ханшаның ізгі ниеті онда да ой елегінен өткізіліп, әбден екшелеген соң ғана патша ағзамның құзырына жеткізілген сыңайлы. Одан патшалықтың қол астына енді ғана енген елдер үшін пайдасы болар ой–пікір байқаған патша арнаулы жарлық та шығарды. Сонда ұлы елдің ұлық мәртебелі басшысына ой салған бұл қандай пікір болды екен дейсіз ғой ...


Аты алты алашқа аян Абылайдан кейін Орта жүзде отыз жылдан астам хандық құрған Уәли қайтыс болғанда оның кіші әйелі Айғаным отыздың ішіндегі жап-жас қана келіншек еді. Ханның қара шыңырағында ордасының иесі болып қалған оның өзінен туған жеті ұлдың таққа отыра кетер кәмелетке толғаны жоқ– тын. Ол екі ортада елдің атқамінерлері бас қосып жіберіп Уәлидің бәйбішеден туған үлкен ұлы Ғұбайдолланы ақ киізге сап хан көтеріп те үлгерді. Көңіл айта келген Байдалы шешенге мұңын шағып: «Хансыз қанырап тақ қалды, қалың дәулет бақ қалды. Хан артындағы қара тұманның ортасында қарманып мен қалдым» деп өзі айтқандай, ақыл алтау, ойы жетеу боп жүрген ханшаның оған мән беруге мұршасы да келген жоқ. Алайда жұрт орданың тізгіні аза тұтып, қара жамылып отырса да ханның орнын суытпай, қарауындағылардан қамқорлығын аямай келе жатқан Айғанымның қолында деп ұқты. Сондығынан да ойдағы орыс ұлықтары, қырдағы қазақ жақсылары ат ізін үзбей ордаға ағылып жатты. Қалың жұрттың осы ықылас–пейілі ме, әлде өзінің табиғи қажыр–қайраты ма, ханша езіліп отыра бермей есін тез жиды. Белін бекем байлап, енді ол алдымен өз отбасының, қалды қарауындағы елдің қамын ойлап, келешегіне көз жүгіртті. Бағамдап байқаса, бәрінің де болашағы ұлы орыс елімен жақындасуда жатқан сияқты. Шығыс тілдерінің біразын жетік білетін оқығаны, тоқығаны мол ханша сондықтан орыс ұлықтарымен де ортақ тіл табысып, қырға шеңгелін салып, дендеп кіріп келе жатқан жаңа мемлекттің саяси һәм мәдени өміріне белсене араласуға ұмтылды. Ал Ресеймен жақындаса отырып, оған өз ұпайыңды жібермеудің бұлжымас бір жолы–орыстың тілі мен білімін игеру де, екіншісі– бірте–бірте отырықшылыққа көшу деп білді ол.


Ақылмен атасы Абылай кезінде Қалдан Серенге: «Орындай алмай кетіп бара жатқан үш арманымның бірі – елімді отырықшы ету еді» дегенін Айғаным жақсы біледі. Рас, тоз–тоз боп бытырап кеткен елін біріктіріп, жат табанында тапталған жерін тазартамын деп бар өмірін ат үстінде өткізген айбатты да қайратты атасы ол арманына жете алмай кетті. Ал сол арманның жүзеге асуы үшін отырықшылыққа көшуді бас болып беделі биік төре тұқымы қолға алса, бұның басқалар үшін өнегесі өте мол. Әрине, отырықшы елдің қонысы да, өрісі де тұрақты болуы керек. Оларды тұрақты етіп алуды да алдымен хан тұқымы бастағаны абзал. Осынау ойлар орыс ұлықтарының да көңілінен шығып, діттегенін дөп басты да дереу оны жүзеге асыруға кірісті. Оған патша үкіметі ұлықтарының өзара қатынас қағаздар алмасуы куә. «Орта жүз қазақтарының билеушісі марқұм хан Уәли Абылайхановтың жесірі Айғаным өткен 1822 жылдың қарашасында өз тұрақ–жайымен щекарамызға жақынырақ болу үшін Есіл өзенінің жоғарғы бойынан тұрақты көшіп-қонып жүретін және өзіне қарасты Құдайберді – Атығай һәм Уақ–Керей болыстарының қазақтары түгел сиярлықтай жер сұраған еді, - деп хабарлады Сібір комитеті Батыс Сібір генерал–губернаторы П.М. Капцевич 1823 жылғы 12 тамызда Түмен қаласынан жолдаған ұсыныс– пайымдамасында. Оның тілек–ниетін ілтипатпен қабыл алып, Қызылжар комендантына ханшаның қай жерлерді қалайтынын әрі сол өңірдің желіден


 


қандай қашықтықта болуы керек екенін өзінен егжей–тегжейлі сұрап білуді тапсырдым. Ханшаның өзіне қажетті мағлұматтарды алғаннан кейін оған жер бөліп, мешіт пен үй салуға жоғарғы басшылықтан рұқсат сұрайтынымды білдірдім.


Қызылжар коменданты өзіне жүктелген тапсырма бойынша Айғаным Абылайхановадан хат алып, діттеген құрылысы үшін оның өз болыстарының қыстаулары бар Атығайдың Ырсай мен Бәйімбет рулары отыратын Аютас деген жерді таңдапты. Ол болыстар Есіл өзенінің бойындағы Тұщысу (Преснов) бекінісіне қарама–қарсы жатыр. Алайда, ол Новгород пен Курск губернияларынан келетін шаруаларды қоныстандыруға таңдап алынған жер еді.


Айғаным айтып отырған жерлерді анықтап біліп алу үшін әрі биік мәртебелінің Сібір губернияларын басқару жайындағы жарлығы негізінде Новгород пен Курск губернияларынан жаңадан келіп қоныстанушылардың егін егіп, үй–жай салуына қолайлы жер іздегелі өткен маусым айының алғашқы жаңасында Сібір желілік қазақ әскерлері әскери кеңесінің старшинасы Леденеві қасына бір офицер қосып, арнайы іссапарға жібердім. Ол ханшаның өзін қатыстыра отырып, сол өңірдің күллі өрісін, шабындығы мен жайылымын сипаттап маған жазып жіберуге міндетті. Өткен шілденің 16 жұлдызында Г. Леденев маған мынаны мәлім етті. Айғаным өз қарауындағы Атығай һәм Ноғай– Қарауыл болыстарының қазақтарын жинап сұлтан Тортай Шыңғысовтың қатысуымен ақылдаса келіп, қыстауды әлгі болыстардың тоқайласар тұсы Аютастан емес, Сырымбет деген жердегі тау мен көлдің арасынан салуға бірауыздан пәтуа жасады. Аталған болыстардың алғашқысы Сырымбеттің етегінен басып, Есіл бойымен Ново–Никольск ретутына дейін көсіліп жатқан далаға ие болды да, екіншісі Сырымбет тауының сыртындағы ормандардан Борлық өзенін жағалай отырып, қанат жаяды. Уәли ханның жесірі Айғанымның тілек–талабын Сібір комитетінің қаперіне сала отырып, оның ой–ниетін іске асыру пайдасыз болмас еді деп санаймын. Сондықтан Уәли ханның жесірі Айғаным мен оның отбасы үйелмені үшін үй салып беруге Омбы облысының ішкі екі округін құруға бөлінген алпыс екі мын сомның бес мыңын жұмсауды өтінемін. Аталмыш дуандарды құрған кезде бұл секілді іс–әрекет басқа да беделді сұлтандар мен олардың бағыныштыларына ерекше елең еткізерлік сый–сияпат болады. Оның үстіне Омбы облысы құрылғанда қазақ даласында алғаш ашылатын дуанды хан Уәлидің үлкен ұлы Ғұбайдолла сұлтанның жанынан соның қонысына жақын жерден ұйымдастыру белгіленіп отыр» (Шоқан Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 5–том. Мақаладағы құжаттар мен хаттардың мәтіні осы кітаптан алынып отыр. Ред.).


Бұл ел санасында «Жаңа ереже» деген атаумен сіңген «Сібір қазақтарын басқару жайындағы жарғы» қабылданып, оны жүзеге асыру қолға алына бастаған кезең еді. Айғанымның өтінішін аяқ–қолын сайға тигізбей жедел орындауға кірісіп кетуге бір жағынан осы да себеп болған сияқты. Және жарғыдағы дуандар мен облыстардың басшылары тек қана төре тұқымынан сайлануға тиіс дейтін тармақтың қабылдануына ханшаның тікелей қатысы бар. Осы ойын ол жарғыны жасар алдында ордаға арнайы келіп, жергілікті жұрттың жай–күйімен, дәстүр–


 


салтымен танысқан граф М.М. Сперанскийге айтып, ұсынысы қабылданбаған жағдайда Санкт–Петербургке дейін барып, өз пікірін патша ағзамның алдында дәлелдеп беруге де бейіл екенін айтқан–ды.(Ирина Стрелкова. Уалиханов.). Сібір комитеті көп ұзатпай 1823 жылғы 19 желтоқсанда «Уәлидің Айғанымына үй салып беру туралы» шешім қабылдайды. Сол құжаттың шетіндегі ашық жерде:


«Сібір комитеті. Қазақ ханы Уәлидің жесірін қоныстандыру мәселесін қарау. 1828 жылғы 23 желтоқсанда қаралды. Түпнұсқада граф Аракчеевтің өз қолымен "Биік мәртебелінің өзі С.Петербургте 1824 жылғы 24 қаңтарда бекітті» деп жазылған ескертпе бар.


Шешімде негізінен Батыс Сібір генерал–губернаторының пайымдамасы толығынан мақұлданды да, оның өзіне ханым мен отбасы үйелмені үшін шағын үй–мешіт салып беру жүктелді. Онда да қырдағы атақты әулеттерді қоныстандыру үшін ең бір тамаша өнеге болып, басқа да беделді сұлтандар мен оларға бағынышты халықты отырықшы өмірге ынталандыруы ықтимал екені атап көрсетіледі. Ал патша ағзамның жарлығы істің барысын тіпті тездете түсті. Жалпы жарлыққа Александр Бірінші 1824 жылғы 28 қаңтарда қол қояды. Сол құжаттың толық мәтінін таныстыра кеткен артық болмас.


«Үкімет сенатынан бүкіл Ресейдің дара билеушісі ұлық мәртебелі императордың жарлығы. 30 сәуір, 1824 жыл. Тобыл мен Том генерал– губернаторы, жаяу әскер генералы әрі сардар Петр Михайлович Капцевич мырзаға.


Ұлық мәртебелі императордың жарлығы бойынша қаржы министірі мырзаның баяндамасы тыңдалды. Оның баяндауынша артиллерия генералы граф Аракчеев оған осы жылдың қаңтарында 24 күні ұлық мәртебелі бекіткен Сібір комитетінің ережелеріндегі төмендегідей баптарды хабарлайды:


Сібірдегі әскерлерге жер бөліп беру туралы.


Қазақ ханы Уәлидің жесірін қоныстандыру туралы. Батыс Сібір генерал–губернаторы қазақ Орта жүзінің иесі Уәли ханның жесірі өз тұрақ


–жайымен біздің желіге жақынырақ тұруды тілеп, Есіл өзенінің жоғарғы бойынан өзіне тұрақты көшіп–қонып жүру үшін қарауындағы Құдайберді– Атығай һәм Уақ–Керей болыстарының қазақтары түгел сиятындай жер бөліп беруді сұрағанын мәлімдейді. Желі басшылығы мұқият жинаған мәліметке қарағанда, сол Есіл өзені бойындағы шолып шыққан жерлер кейбір ішкі губерниялардан қоныс аударатын шаруаларға таңдап қойылған екен. Сондықтан Уәли ханның жесірі мен оған бағынышты бұратаналардың тілегі бойынша мекен–жай салу үшін Сырымбет тауының етегі таңдап алынып, сол арадан Есіл өзенін өрлей Сібір желісіндегі Ново–Никольск әскери қонысына дейінгі және Сырымбет тауының сыртындағы ормандардан басталып, Борлық өзенін бойлап кете беретін өңір бекітілді. Аталмаш өтініштің қанағаттандырылуын қолайлы да пайдалы деп тани отырып, генерал–губернатор ойға алған істі жүзеге асыру Уәли ханның жесірі мен бала–шағасына онша үлкен емес үй мен мешіт салып беру үшін қазақ қырында тәртіп орнатуға деп 1823 жылы бөлінген алпыс екі мың сомнан қалған соманың бес мыңын жұмсау керек деп топшылайды. Бұл шараны ол қажетті және аса ұтымды деп біледі. Өйткені ішкі дуандар құруды


 


нақты қолға алған кезде қырдағы аты әйгілі осындай әулеттерді қоныстандыру басқа да беделді сұлтандар мен оларға бағынышты халық үшін үлгі алар ең тәуір өнеге болып, бәрін де отырықшы тұрмысқа ынталандырмақ. Сондай–ақ Омбы облысы ашылғанда қазақ даласындағы алғашқы дуан Уәли ханның үлкен ұлы Ғұбайдолла тұратын тұсқа жақын жерден құрылмақшы. Осы ұсынысты қарай келіп, Сібір комитеті оны пайдасы аса маңызды, ілтипат көрсетуге толық лайықты іс деп танып, оны толық күшінде бекіту үшін биік мәртебелінің мұрсатын сұрайды.


Сібір комитетінің ұлық мәртебелінің өзі бекіткен ережелерін Өзіңіз және Үркіт пен Енесей генерал–губернаторларының һәм қаржы министрі мырзаның дәл әрі сөзсіз орындауын бұйырады.


Нақты қол қойған бас хатшы Николай Клоков.


Хатшы Пестель


Дәрежелі кеңесші Иван Беленкин.


Осы жарлықтың ізімен Сырымбетке іле–шала әскери құрылысшылар келді. Ермолаев деген порчук бұрын мешіт салуға қатысты көрмеген болып шығады да ғимараттың кіре беріс алдын теріс жаққа қаратып қояды. Оны байқап қалған ханша мешіт мұсылман тәртібіне сай салынсын деп генерал–губернаторға тағы да талап қойып, үйдің ішін сылап–сырлауды, бір голланд, бір орыс пешін орнатуды, қосымша келушілерді қабылдайтын қонақжай қосуды қазына есебінен тұратын үй мен монша, шошала-сарай, қора–қопса салғызып беруді сұрайды. Сөйтіп, Сырымбетке құрылысшылардың басқа жасағы келіп, орыс үлгісіндегі шағын қалашық салып береді. Бұл қазақ даласындағы мешіті, медресесі, моншасы, мейманханасы бар жаңа үлгідегі тұңғыш мекен–жай еді.


Осыған қарағанда, Айғаным анамыз ресми қағаздың құдіретін тым–ақ жақсы білгенге ұқсайды. Ері Уәли ханның мөрін қашан көзі жұмылғанша қолынан шығармауы сонан болса керек. Ал ол қағаздар тілмаш арқылы жазылып,оқылғаннан гөрі өз балаларының қолынан шықан қандай ғанибет. Әрине, ол үшін орыс оқуына беру керек оларды.


Өмір ағымын, заман ауанын жетік білетін ханша енді балаларына орысша білім беруге бел буды. Оның патша үкіметінің ұлықтармен жазысқан хаттарының біразы осы мәселелерді қамтиды.


Айғаным ханша 1830 жылдың 16 наурызында Сырымбетінде жатып, Көкшетау дуанының әкімшілігіне өтініш жасайды. «Ресей үкіметіне адал берілген менің ұлым сұлтан Шыңғыс Уәлиев орысша оқып, жазып, саясатпен шұғылданғысы келеді, - деп жазады ол. – Менің өтінішім бойынша облыс бастығы мырза оның омбы училищесіне қабылдануына келісімін беріп, оған баруына ауызша рұқсат та еткен. Сол себепті бір бұйрықпен облыс бастығы мырзаға баланы Омбыға алып барар көлік жөнінде ұсыныс түсіруіңізді барынша өтініп сұраймын. Осының бір хабарын күтемін». Соңына Уәлидің Айғаным ханшасы деп қол қояды.


Сол жылы сәуірдің 22 күні Омбы облысының бастығы генерал–лейтенат де Сент–Лоран Батыс Сібір генерал–губернаторына ұсыныс түсіріп, «Уәлидің Айғаным ханшасы Омбы училищесіне білім алуға ынталы ұлы Шыңғыс Уәлиевті


 


қабылдау жөнінде өтініш айтып кірген еді, - деп жазады генерал. –Сібір қазақтары жайындағы биік мәртебелінің жарлығы бойынша сұлтандар мен старшындардың балалары желі бойынша орналасқан әскери–жетімдер бөлімшесіне ғана алынуға тиіс екеніне қарамастан, өздері атағандай оқу орнында орысша білмейтін мұндай жастардың оқуы қиын соғады–ау. Уәли ханшасының ұлын қандай бөлімге ұсыну жөн болар екен? Уәлидің ханшасы ұлын зерек деп мақтағанын ескере келіп, оны Желілік казак училищесінің жанындағы азиялықтар мектебіне орналастырған дұрыс болар деп ойлаймын. Онда білімге деген қабілетін одан әрі шыңдап, орыс тілін үйренуіне барша мүмкіндік ашылар еді... Осы өтінішті жасай отырып, Уәлиевтің білім алудағы жетістігінен Орта жүздің ең атақты әулетінің мүшесі ретінде оның қырды қайта құрудағы үкімет қаракетіне қөмегі тиіп, басқа аталастарының училищемізге түсуіне ықпалы болар ма екен, деген пайдалы нәтижелер күтетінімді және жасырмаймын».


Араға ай салып сол де Сент–Лоран «Бек құрметті Уәлидің Айғаным ханшасына» деп, мамырдың 23 күні арнайы хат жолдап, өтініштің қабыл етілгенін хабарлап, баланың оқуға түскенде басқалармен ортақ асханаға барып жүруінің реті келер–келмесі жайында ақылдасып, мүмкіндігіне қарай Омбыдағы бір азиялықтар үйіне пәтерге қою дұрыс болар кеңес береді. Ол хатына іле жауап ала алмаған соң қыркүйектің 19 күні тағы да хат жолдап, «Жауабыңызды ұзаққа созбай, Көкшетау дуанының әкімшілігі арқылы жіберуіңізді осымен екінші мәрте сұраймын. Сонымен бірге Сіздің қаперіңізге мынаны салуды жөн санаймын. Пәтерін жалдар кісіні тағайындау тек өзіңізге ғана байланысты. Өз ұлыңызды кімнің үйіне қойғыныз келетінін айтсаңыз–ақ болды, оның ақысын да, ас суын да үй иесімен келісіп, үкімет есебінен өзіміз төлейміз» деп жазады. Бұл да ханшаның орыс ұлықтарының алдында қадірінің қаншалық екенін айғақтайтын бір мысал. Тегін де өзге елің адамдарымен қарым–қатынасты тек өзара тиімді негізде ғана жүргізіп отырған болса керек. Кәдімгі «есепті дос айырлмас» деген қазақы қағиданы берік ұстанудың үлгісі. 1830 жылғы 18 желтоқсанда жазылған «Уәли ханшасының Омбы облысының бастығы генерал–лейтенант әрі сардар Василий Иванович де Сент–Лоранға хатында да осы сарын айқын сезіледі. «Ұзақ жыл есен


–сау болуыңызды тілеп, өзімнің ең ізгі ілтипатымды білдіремін», - деп басталды хат. –Жоғарғы мәртебелі сіздің өткен қыркүйек айының 19 жұлдызында жолдаған


№1394 хатыңызды алу бақытына ие болғанымды құрметпен тағзым ете отырып хабарлаймын. Өткен күзде өзіңізбен Қызылжарда жүзбе–жүз кездесіп, келіссөз жүргізгенде ұлымды оқыту үшін Омбыға жіберту жайында өтініш айтып едім ғой. Сондықтан Сіздің отбасыңызға дегени қадір–құрметімді көрсету үшін Омбының өзінде болып қайтқым келеді. Әрине, Омбыға бару үшін жолай ұстайтын ақшаны жіберетін боларсыз деп күтемін. Өзіммен бірге балам сұлтан Шыңғысты да ала келемін. Оны бір татардың үйіне пәтерге орналастырмақпын. Өзіңізге мына жайды да мәлімдеудің артықтығы болмас. Менің балаларымның барлығы татарша хат таниды. Олардың бұрынғы генерал–губернатор Капцевич мырза маған арнайы бекітіп берген Құтмұхамбет Иманқұлов молда оқытқан».


Хаттың аяғына сенімді болу үшін деп Уәлидің Айғанымы өз мөрін басқан.


 


Айғанымның Омбы облысының бастығына 1831 жылғы 15 наурызда жазған тағы бір хаты мынандай:


«Жоғары мәртебелі өзіңіздің ең ізгі қамқорлық мейіріміңізге үміт арта отырып, Сізге төмендегідей өтініш–тілегімді айтуға батылым жетті.



  1. Орысша оқуға үйретіп, пайдалы ғылымдар бойынша тиянақты білім алып шығуы үшін балаларым Шыңғыс пен Төрежанды (ханың басқа әйелінен туғанымен Айғанымның тәрбиесінде өскен ұлы – С.А.) осындағы училищеге беруге мархабат етіңіз. Олардың алғашқысы жайында өзіңіздің жоғары құзырыңызға ауызба–ауыз баяндағанмын. Енді Омбының Азиялықтар училищесіне тобыл татары, молда Уәлитше Оразметовтың баласы Мұқаметқалиды да шәкірт етіп орналастырсаңыз деп сұраймын. Ол менің балаларыма серік болып, қажет жерінде оларға қызмете те көрсетер еді.
  2. Менің күнкөрісімді қамтамасыз ету үшін зейнетақы тағайындалуын қарастырсаңыз екен. Хан Уәлиден қалған мал–мүлікті жеті балама бөліп беріп, әлі кәмелетке толмаған ұлыммен (Шыңғыс) жалғыз қалады. Балаларымның бәрін де патша ағзамның қызметіне бағыштап баулысам деймін.
  3. Егін егу үшін әртүрлі тұқыммен және жер өңдейтін құрал–сайманмен жабдықтауға нұсқау берсеңіз екен. Қазақтарды жер жыртып, астық егуге үйрету үшін борышын өтеп болған бір қызметші татар жіберсе игі. Ұн тартатын диірмен салғызып берсе, нұр үстіне нұр.
  4. Амандық болса, Сіздің жоғары мәртебелі құзырыңызға кіріп, өзіңізбен жүзбе–жүз ұшырассам деген тілегім орындалатын шығар. Жол–жөнекей бір–ақ соғып генерал–губернатормен де кездеспек ниетім бар. Сол себепті маған өз жолақы ақша жібертіңіз.
  5. Менің жанымда жүрген екі би – Жандос Салықов пен Бекей Шапановты старшындыққа көтеріп, тиісті қағазы мен мөрін бергізіңіз.
  6. Пікіріммен санасып, жолда мені ертіп жүру үшін дуан әкімшілігі арнайы іссапарға жіберген, Көкшетаудан біз тұратын Сырымбет арқылы 600 шақырым жол жүрген, дуаннан жолақысын ала алмаған тілмаш Сейфуллинге тиесілі ақшасын беру жөнінде бұйрық етсеңіз».

Сенімді болу үшін соңын тағы да Уәлидің Айғанымының мөрі басылған. Хатқа қарағанда, ханшаның қамқорлық аясы да, қаракет ауқымы да айтарлықтай кең болғанын аңғару қиын емес. Өз балаларын ғана оқытып қоймай, солардың саясында басқа жастардың да білім алуына қол ұшын беру, елдің егіншілікпен айналысуына жағдай жасау, қарауындағы адамдар мен қасындағы серіктерінің қамын ойлау, керек бір қасиеттер емес пе. Бір ғажабы–оның осы талап–тілектері ұзын арқан, кең тұсауға түспей, табан аузына орындалғаны ғой. Әлбетте ол Айғанымның абырой–беделінің биіктігінің белгісі.


Оның қарауындағыларға деген қалтқысыз қамқорлығының тағы бір айғағы 1831 жылғы 15 наурызда Омбы облысының бастығы де Сент–Лоранға мынадай өтініші. Әдеттегідей ол да «Омбы облысының бастығы генерал–лейтенант әрі сардар Василий Иванович де Сент–Лоранға», - деп басталды.


«Сонау 1824 жылдың қазан айында мен өзімнің кішкентай балаларымды оқытып, хат таныту үшін жарлығы молда Құтмұхамбет Иманқұловты таңдаған


 


еді. Осы міндетті орындау үшін оны маған Қызылжар коменданты арқылы жоғары мәртебесі өзіңіздің алдыңыздағы әкім Семен Богданович Броневский бекітіп берген еді. Сол молда содан бері менің қасымда болып, өзіне жүктелген міндетті зор зейін қойып, құлшына атқарып келеді. Ол менің балаларыммен бірге қарауымдағы қазақтардың балаларын да жап–жақсы оқытып, барлығы 24 жастың сауатын ашып, хат танытып шығарды. Қазірдің өзінде 15 кішкекнтай балаға тәлім беріп, еркін оқып жазуға үйретіп жүр. Ииманқұловтың қызметі мен ынта– жігеріне өзім сияқты қарауымдағы халық та дән разы. Осы Омбыға келген соң сіздің ұлық мәртебелі құзырыңыз жоғары үкіметтің атынан өзінің ерен еңбегімен көзге түскен әртүрлі қазақ старшындарын марапаттауға ұсынып жатқанын енді ғана естідім. Сондықтан да Сіздің жоғары мәртебелі назарыңызға молда Имақұловтың қалтқысыз қызметі мен құлшынысты ынта–жігерін салғым келіп отыр. Оны осы жолғы марапаттан тастамасаңыз және келесі сый–сияпаттан қалдырмасаңыз екен деп сұраймын. Осы өтініш тілегім жоғары мәртебелі өзіңіздің махабат–мейріміңізден тыс қалмас деп Уәлидің Айғаным ханшасы. Ал оны орысшаға аударуға лауазымды кеңесші Дабшинский.


Ұстазды қадір тұтып, құрмет көрсетпей ұрпақ өспейтінін білген кісінің ізді ісі бұл.


Арыз–шағымға аса сергек басшы де Сент–Лоранның аймақтық бастығына мына бір ескертпесі де ерекше назар аудартады. «Уәлидің ханшасы басқа да билер мен старшындарын ертіп, маған келіп, мән–жайын баяндап, арыз–шағымын айтты. Қадым заманнан бері оларға тиесіл Қалқам–Өткел деген жерден бастап Есіл өзенінің жоғарғы ағысына қарама–қарсы жатқан ұланғайыр өңірге қазақтар ешқандай рұқсатсыз баса көктеп кіріп, ағашын кесіп, шөбін шауып, қыруар жайылымымен басып алған көрінеді. Олардың өтініш–тілегін өзіңізге жолдай отырып, Сіздің биік мәртебеңізге желідегі кордан бастықтары мен земство полициясының оларға бақылау орнатып, қадағалап отыруын ұсынамын. Ол өңірдің бірде–бір тұрғыны қазақтардың өрісі, қонысы, жайылымы бар жерден олардың ағаш кеспейтін болсын» деген бұйрық береді 1831 жылы 21 наурыз күні.


Шамасы, Айғаным сол жолы осындай өтініщ–шағымды Батыс Сібір Бас басқармасына да берсе керек. Оған Батыс Сібір генерал–губернаторы жаяу әскерлер генералы И. Вильяминовтың Омбы облысының бастығына сол жылы 9 сәуірде жазған қатынас–қағазы куә. «Уәлидің Айғаным ханшасы Тобылда болған кезінде баянхат жолдап, атап айтқанда, төмендегілерді талап етті. Біріншіден, бес болысына тиесілі Есіл өзенінің бойындағы Ново–Никольск редутынан Аютасқа дейін ұласып жатқан жеріне тиіспеуін сұрады. Кейбір казактар ол өңірден үй– жай және қора–қопсы салып, орманын отап, шөбін шауып, қазақтарды ығыстырып жүрген көрінеді. Сондықтан олардың өз малын азық–түлікке айналдыруына қаржысы жоқ деді. Екіншіден, Көкшетау дуанындағы аға сұлтан мен оның қазақтардан сайланған мәжіліскерлерінің қызметші ретіндегі жарғы бойынша белгіленген қызмет мерзімі бітті. Тәжірибеде қылаң беріп жүрген парақорлыққа жол бермес үшін жедел сайлау өткізу керек. Аға сұлтанның өзі, тіпті әкімшілік мүшелері де сайлауға араласпауға тиіс. Тек сонда ғана халықтың өз дауысы үстемдік құрады».


 


Осы үзінділердің өзінен–ақ Айғаным ханшаның қазақ даласын қызғыштай қорып, көзі тірісінде оны қанаттыға қақтырмауға, тұмсықтыға шоқытпауға бар күш–жігерін салғаны көрінеді. Былайша айтқанда, елдің анасы, жердің панасы болған ханша мүмкін-қадерінше туған жұртының өрісін тарылтқызбаған, өңірін таптатқызбаған. Сол үшін де елдің саяси өміріне белсене атсалысып, аға сұлтандардың сайлауына дейін араласып отырған және оның мейлінше әділ болуын қадағалаған. Әлбетте, мұндай ақылды да ойлы әрі алдағыны көріп, болжай алатын ханшаны патша ағзамның білгені сөзсіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу