06.02.2022
  166


Автор: Сарбас Ақтаев

МАЙОР МИЛЛЕР ЖӘНЕ ЖӘНІБЕК ТАРХАН

( Орыс елшісінің жазба туралы ізімен)


Шәкәрімнің шежіресінде қалмақ ханы Қалдан Сереннің қолында пенде болып отырған Абылай сұлтанды құтқару үшін Орынбор генерал-губернаторы И. Неплюев майор Миллерді жіберді деген жолдар бар-тын. Орыс елдің айдыны мен айбынын танытып , қазақтың болашақ ұлы ханын тұтқыннан құтқарып аман алып қайту арнайы тапсырылған майор, әрине анау –мынау мәмілегер болмасқа керек қой. Алайда ара-тұра кейбір тарихи туындылардан аты аталып қалғаны болмаса, ол туралы мағлұмат тым тапшы еді. Тек осыдан қырық жыл бұрын ғана қазақстандық ғалым Валентин Басин Мәскеудегі орталық архивтен оның Жонғар хандығына барған сапарынан күнделік ретінде қағазға түсірген жолжазба


 


журналының бірінші және үшінші бөлімінен тауып , алғашқысын 1961 жылы Алматыда жарық көрген «XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ –орыс қатынастары » атты құжаттар жинағына кіргізді. Жаны ізгі оқымысты өзі дүние салар алдында сол журналдың қолындағы фотокөшірмесін түгелімен бұдан шәкірті Ирина Ерофееваға тапсырып кетеді. Ұстаз аманатына адал тарихшы ол қолжазбаны өткен жылдың аяғында Қазақстанда немістілінде шығатын «Феникс» журналында толық жариялап, оған жап-жақсы алғысөз жазды. Онда қазақтың бұрынғы хан- төре, би-батырларының біразын көзімен көріп, көбімен дәмдес-тұздас болған орыс елшісі, мәмілегер Миллер жайында тың деректер бар.


Ұлы Петрдің сенімді серіктерінің бірі, сенаттың бас хатшысы, географ ғалым әрі ірі экономист Иван Кирилов 1734 жылы Петербургтан Уфаға сапар шегіп, жол-жөнекей Қазан қаласына соғып одан өз қол астына Пенза жаяу әскер полкін алады. Көпті көрген, кісі танитын кәрі тарланның көзі сол жолы нәсілі неміс жас офицер Карл Миллерге түседі. Әншейінде елеусіз, кішіпейіл, елгезек офицердің оған башқұрт, татар тілдерін білетіні ұнап, бірден іш тартады. Тапсырма беріп байқаса, білімі де, білігі де мол, алғыр да тапқыр әрі еңбекқор жас жігіттің бойынан дипломаттық дарын байқалады. Сондықтан сұңғыла Кирилов оны Орынбор өлкесіне ерте келіп, Сыртқы істер алқасының тапсырмасымен Кіші және Орта жүз қазақтарының шекарамен жапсарлас қоныстарына жиі-жиі жіберіп алып отырады. Саяси ахуалмен жергілікті жердің өзінде тікелей танысып, тап болған мәселені табан аузында шешіп, тапсырманың бәрін тап-тұйнақтай орындап қайтып жүреді. Оның үстіне көшпелі елдің тұрмыс салты, әдет-ғұрпы жайында қыруар дерек жинап, қырда жүріп ауызекі қазақ тілін жап-жақсы үйреніп алады. Қызмет бабындағы осындай сапарларда танытқан тамаша іскерлік қабілеті, мәмілегерлік қасиеті оны ұқыпты да жауапты, білімдар да белсенді қызметкерлердің қатарына қосты. Түркі тілдерін тәуір білетін зерделі де зиялы азаматты өлкенің кейінгі әкімдері де бауырына тартып, үкіметтің кез- келген күрделі тапсырмасын тайсалмай орындайтын келешегі мол көмекші деп білді. Патша үкіметінің қазақ даласы арқылы Орталық Азия елдеріне өтіп, сауда байланыстарын өрістетуге бел буғанда алғашқы керуенді бастап барудың Каарл Миллерге жүктелуі де содан болса керек.


Мұның онша да мұнша оңай сапар емес екенін К.Миллер бірден-ақ білді. Осының алдында жеті жыл бұрын бұл елдермен сауда қатынастарын қалыптастыру үшін орыс үкіметі полковник Иоганн гербер бастаған бір керуен жіберіп те көрген. Кезінде Петрдің тікелей өз тапсырмасымен Кавказ бен Персияда тәп-тәуір мәмілегерлік іс тындырып қайтқан Гербер саудагер кейпінде барып, қажет жерінде елшілік міндетін де атқарып кетпекші еді. Алайда сапары сәтсіз болып қазақ даласына табаны іліге бере Батыр сұлтан бастаған шекті жігіттерінің шабуылына ұшырап, керуен түгел таланып, өзі әрең қашып құтылып, Петербургке жерге қарап қайта оралған-ды. Бірақ сенім артып тапсырма беріп тұрған соң бас тартуға болмайды. Қажетті нұсқаулардың бәрін алып Миллер 1738 жылғы сарша тамызда Ор бекінісінен сауда керуенімен шығып түстік-шығысқа Ташкент қаласына бет алды.


 


Сарыарқаны көктей өтіп, Бетпақ даланы басып бір жарым мың шақырым жол жүріп, жетер жерге әне-міне қалғанда Түркістанға тақау Бескемпір деген жерде олардың керуені де тұтқиыл шабуылға тап болды. Ұлы жүздің Қойкелді батыр бастаған шымыр руының жігіттері керуенді түгін қалдырмай талап, елшіліктің бүкіл мүшелерін тұтқынға түсірді. Елшілік жетекшісі жалғыз Миллер ғана Қонай мырза деген бір ел ағасының арқасында аман құтылып, оғып-бұғып Ташкентке жетті. Шаһарда бірнеше апта білдіртпей жүріп, жергілікті тұрғындармен жиі араласып, осындағы Орта жүздің ханы Жолбарыспен байланыс орнатып мән-жайды баяндады. Осында келіп жатқан Орта жүздің белгілі рубасылары Шақшақ Жәнібекпен, Нияз батырмен және Жоңғар әкімі Қасқа ноянмен танысты. Солардың көмегімен келесі жылғы наурызда елшілік мүшелерін түгел қайтарып жинап алып, уақыт ұттырмай қайтар жолға қамданды. Ресейден орта Азияға ең алғаш Бетпақ даланы басып өткен тұңғыш саяханшының керуені маусым айында, әйтеуір, адамдары аман есен Ор қаласына оралды. Сауданы жолға қоя алмаса да ол елдер жайында қыруар деректер жинап, мол мағұлмат алып келген жас офицер қызмет бабымен жоғарылап, майор атағын алады. Әскери атағымен бірге оның елшілік мәртебесі де өсе түседі.


Қырқыншы жылдан бастап К.Миллердің есімі орталық және жергілікті өкімет орындарының қызмет құжаттарында жиі ұшырасады. Оны Орынбор генерал-губернаторлары қазақтың хан-төрелерімен, ықпалды рубасыларымен кездесуде ара ағайын сияқты сенімді мәмілегер, дәнекер етіп пайдаланады. Ол хандар мен сұлтандардың ордасына, қазақ ақсүйектерінің ауылына жиі барып, олардың талап-тілегін өлке басшыларына жеткізіп тұрады. Орыс әкімшілігінің олармен ресми кездесуін, келіссөздерін ұйымдастырады. Кезінде Орынбор өлкесінің әкімі В.Урусов Орта жүздің билеушілері Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанға жұмсап жауапты келіссөз жүргізуді жүктеді. Нәтижесінде олармен Ор қаласында хаттамалық рәсіммен ресми келіссөздер жүргізіліп, қос билеуші ақпатшаға адалдық жөнінде ант берді. Ханға қарағанда сөзге шебер, пікірі ұтқыр , ақылы алғыр Абылай сұлтан майорға сол жолы-ақ жақсы әсер қалдырған еді. Бәлкім, кейін Ресей патшалығына бодан болған Кіші және Орта жүз қазақтарына өктемдікті доғаруды талап етіп, тұтқындағы Абылайды босатуды сұрап Миллерді Жоңғар қонтайшысына арнайы жібергенде оның сұлтанмен осы жақындығы да ескерілген шығар.


Ал ол мың өліп, мың тірілген қазақ халқы үшін өмір мен өлім тайталас түсіп, үмітінен үрейі басым болған алмағайып ауыр бір шақ еді ғой. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан кейін бас біріктіріп, күш жиып өзіне-өзі еркін келе алмай жатқан қазақ елі қырқыншы жылдардың басынан бастап жоңғарлардың үстін-үстін шабуылына ұшырап, Есіл мен Тобыл бойындағы қоныстары қаңырап бос қалды. Он мың адамдық ойрат әскерлері енді Ырғыз бойындағы елді тарыдай тоздырып ордың төменгі ағысына дейін тықсырды. Орта жүздің біраз жері уақытша қалмақтардың қоластында қалды. Жеңіске желігіп алған Жоңғар әмірі қонтайшы Қалдан Серен әбден кердең кетіп, қазақ хандары мен сұлтандарына қатаң талап қоюды шығарды. Жоңғарияның саяси үстемдігін


 


танып, үш жүздің билігін қолыма бер, қазақтың қоныс, өрісін өзім билеймін, алым-салығыңды төлеп, Үргіме аманат жібер деп салды. Ұлы жүз онда болсын- болмасын Жоңғар хандығының қоластында. Қалмақ халқының мына талабын талқылап ақыл қосу үшін Кіші жүз бен Орта жүздің бір жарым мың халық өкілдері жиналып, қонтайшының бұйрығына мойынсұну керек болар деген байламға тоқтап Әбілқайыр ханға келеді. Осы екі ортада Орынбор әкімшілігіне Әбілмәмбет, Барақ, Батыр сияқты хан-төрелер қалмақ әміршісіне бодан болуға келісіп, аманатын жіберіп қойыпты деген сыбыс жетті.


Жоңғар қонтайшысының қазақ еліне бұлайша қыр көрсетіп тізе батыруға тырысуы, сайып келгенде, патшалық Ресейдің Орталық Азиядағы абырой- беделіне көлеңке түсіріп, оның қазақ даласындағы мақсат-мүддесіне нұқсан келтіріп, елеулі қатер туғызатын қылық еді. Қалмақ пен қазақ бірігіп тұтас мемлекет болып кетсе, ескі елес қайта жанданып, алтын Орданың жаңадан еңсе көтермесіне кім кепіл. Әйтсе шекарадағы орыс елінің түшіркеніп тыныш ұйықтауы неғайбыл. Сондықтан апаттың алдын алу керек. 1742 жылғы шілдеде Сыртқы істер алқасы Орынбордың жаңа генерал-губернаторы И.Неплюевке шұғыл хат жолдап, қайткенмен де Ойрат әміршісі Қалдан Серенге Кіші және орта жүз қазақтарының Ресей боданы екенін мойындатып, олармен дау-дамай, талас- тартыс туып қалса, оны тек орыс елінің Орынбор мен Сібірдегі әкімшілігі арқылы шешу керектігін түсіндіру қажет деп қатты қадап тапсырады. Бұл үшін қыр тұрмысын, елшілік ісін жақсы білетін, орыс өкіметінің ой-пікірін қалмақ ханына жеткізе алатын бір білімді офицер керек деп және нығарлады. Ақылды да айлалы әрі батыл Орынбор әкімі хатты алысымен жоңғар ханына жедел жіберер елшілікті жасақтауға тырысып, оны аттандырар оңтайлы сәтін күтеді. Ұзамай оның да орайы келе қояды. Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың ордасына Қалдан Сереннің хатын алып қонтайшының жаушылары Қасқа мен Мұрын нояндар жетеді. Онда қонтайшы әй-шәй жоқ “Әбілқайырдың баласы Айшуақ сұлтан ақбоз үйімен аманатқа жіберілсін, онымен бірге ең ықпалды тоғыз ру басы ере келсін, әр жүз түндіктен салыққа бір-бір қарсақтан әкелсін” деген бұйрық береді. Генерал- губернатор үшін бұл тосын жағдай емес еді. Өз жансыздары арқылы Жоңғар жаушыларының келгенін естіген ол дереу Миллерді шақырып алып жауапты тапсырмамен Әбілқайырдың ордасына жібереді. Ол саяси ахуалды аңдап хан мен Жоңғар жаушыларын Ор қаласына өлке әкіміне алып келуге тиіс болады.


Қыр халқымен, әсіресе ақсүйектерімен қашанда тіл табысатын К.Миллер бұл жолғы күрделі тапсырманы да ойдағыдай орындап, Кіші жүздің ханы мен үш жүздің 160-қа жуық өкілін қалмақ пен қарақалпақтың жаушыларын қоса Ор қаласына губернатор И.Неплюевке жүзбе-жүз кездесуге алып келеді. Кездесу кезінде генерал-губернатор Орта жүз бен Кіші жүз Ресейдің тікелей боданы, сондықтан Жоңғар ханының оларға ашықтан-ашық қоқан-лоққы жасап, аманат алуына, алым салуына ешқандай қақысы жоқ деп батыл мәлімдеді. Сол себепті қазақтар мен қалмақтардың ірің-кезек даулы мәселелер тек орыс үкіметімен келісе отырып шешілуі керек. Орынбор әкімі орыс пен ойрат арасындағы қатынастардың дұрыс өрбуіне жол ашар қазақ мәселесін ақыр-тақырына дейін


 


шешу үшін Қалдан Сереннің үргісіне майор Миллер бастаған арнаулы елшілік жіберетінін осы жиында әдейі хабарлады. Бұл шешімді келіссөзге қатысушылардың бәрі қуаттады. Ал Әбілқайыр хан мен Ерәлі сұлтан, Жәнібек батыр, Сұлтанбет төре майор көшінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның жол- жөнекей жүріп-тұруын қадағалап отыруға уәде берді. Шығыстың көшпенді жұртымен тіл табысуда тәжірибесі бар, Ташкентте болғанда Ұлы жүздің біраз ұлыстарын аралап көрген әрі қазақша судай оған кәсіби білігі мен жан-жақты білімі ескеріле отырып бұл жолы аса маңызды мәмілегерлік міндеттер жүктелді.


Генерал губернатордың он тоғыз тармақтан тұратын нұсқауында ең алдымен оның Қалдан Серенге жолдаған ресми хатын қолма-қол тапсырып, Ресей бодандығын қабылдаған қазақтардың ішкі ісіне араласпау жөніндегі талабын толық жеткізуді тапсырды Миллерге. Содан кейін мәмілегерлік қабілетін қалтқысыз жұмсап, жоңғар ақсүйектерімен арадағы бұрыннан бар байланыстарды пайдалана отырып қайткенмен Абылай сұлтанды қалмақ тұтқынынан босатып алуды жүктеді. Жоңғарияға бұрын түскен Сібір жолын шиырламай, қазақ ұлыстарын басып жүріп ескеріліп жолай Ташкент пен Түркістан қалаларын тағы да барлап, Ұлы жүз қазақтарының жоңғар бодандығында екенінің шын-өтірігін айқындау баса айтылды.


Сөйтіп құрамында прапорщик Николай Фазухин, геодезист Дмитрий Тохтаров, тілмаш Иван Ерофеев, Капрал Тихон Димитриев және қосшы алты Жайық қазағы бар Карл Миллердің елшілік көші 1742 жылғы 3 қыркүйекте жолға шықты. Сол күні кешкі сағат 10 шамасында Ор өзенінен өтіп қасында баласы Ерәлі сұлтан мен қалмақ жаушысы Қасқа бар Әбілқайыр күтіп отырған жерге келді. Ізінше ханмен қоштасып қайтқалы құпия кеңесші, Сардар әкім Неплюевтің өзі де жетті. Оны шығарып салған соң Әбілқайырмен сәлемдескелі келген Миллерге хан Қалдан Серенге хат жазып, оны жаушысынан беріп жібергелі отырғанын айтып еді, елші жоғары мәртебелі патшайымның атынан қонтайшыға арнайы жазылған генерал-губернатордың хатын өзімен бірге алып бара жатқандықтан жазбаша басқа өтініштің қажеті болмайтынын ескертті. Хан жазып қойған хатын табанда жыртып тастап, қоңтайшыға тілегін ауызша жеткізуді өтінді. Таң алдында олар аттанып та кетіп отыз шақырымдай жол жүріп, екінді кезінде Қарасу өзенінің жағасына келіп Өтеміс батырдың ауылына қонды. Мән- жайды сұаған батырға сапарының себеп-салдарын жасырмай толық баяндап әрі қарай аттанып кетті. Елші жасағы түстік-шығысқа қарай бағыт ұстап, Торғай өзенінің төменгі ағысын бойлап Қарақұмның терістік бөлігін басып, Ұлытаудан бастау алатын әлденеше өзенше-өзектерден өтіп Сарысулатып Қаратау баурайына да иек артты. Түркістан қаласының төңірегінде Миллер серіктерінің бір бөлігін ертіп талас өзенінен өтіп Шудың таудан шығар қылтасына шекараға таяп кеп тоқтады.


Осы арада оған Ұлы жүздің Үйсін руының Қоңыр деген бір болысы келді. Елші одан Қалдан Сереннің бодандығындасыңдарма ма, деп сұрап еді “бұрын болғанбыз, үш жылдан бері салық төлегіміз келмей одан бас тарттық” деді. Майор


 


орысқа бағынсаңдар олар сендерді сырт жауларынан қорғайды деп еді, ол:”Біздің қазақ еркін аңқау халық, міне сенің сапарыңды естіп, қалмақ ханымен келіскелі келеді, олар бір жағынан, қалмақ бір жағынан қысып, орыс әскерлерімен тізе қосып қазақтарды қырып, тұқымын тұздай құртып жібереді деп дүрлігіп жүр” деп салды. Бұл оған ондай ой орыстарда жоғын, жат пікірі болса қазақ ауылдарын баспай-ақ сес танытып сібір жолымен жүрер едік деп ақталды. Бұдан бұрын да жол-жөнекей ол үш жүзге аты мәлім беделді де белгілі Сары, Боқай, Жарылғап, Жанжігіт, Наурызбай, Қожакелді сияқты батырлардың, Алтайбай, Қара би, Мәмбетбай секілді ел адамдарының ауылдарында болып, бәріне де бара жатқан сапарының мақсат мұратын баяндап, орысқа бодан болған қазақтарға тиісуге ешкімнің қақысы жоқтығын, оларды патша әкімшілігі қашанда қолдап-қорғап отыратынын басып айтып, қазақ арасында орыс елі туралы жақсы пікір қалыптастыруға тырысты. Онымен жолыққан жақсы мен жайсаңдардың барлығы сапарына сәт тілеп, қолдан келген көмегін аямай қолдау көрсететінін айтып жатты.


 


Тек бұлтаққа салған Барақ сұлтан ғана болды. Ол арнайы жіберген Ерәлі сұлтанмен ақылдасып, шабарманнан ”тоса тұрсын, барамын” деген сәлем жолдайды және Үйсін руының азаматтарына елшіні бөгей тұрсын деп қолқа салады. Арада он күн өткенде ол Ерәлі сұлтанды ғана жіберіп өзі тағы да келмей қалады. Ыза болған Миллер оған ашынып татарша хат жазып Қожакелді мен Боранбай батырлардан беріп жібереді. Онда ол сұлтанды табаны күректей күннен астам күткенін, ақыры келмеген соң одан әрі көз сарғайтудың қажетсіздігін, ұлыс- ұлысты аралап, азық-түлікті азайтып, аттарды да арытып алғанын айтып әуелі мән-жайды баяндады. Содан соң Барақтың өзімен бетпе-бет кездессе, бұл сапарға жоғары мәртебелі патшайымның жарлығымен осы халықтың пайдасын көздеп шыққанын айтып, ақыл алса оның қалмақ ханына аманатқа баласын жібермеуін өтінеді. Амандық болса Қалдан Сереннің тұтқынынан Абылай сұлтанмен өзге де рубасыларын босатып алып қайтпақ үміті барын білдіреді. Сол күні яғни қыркүйектің 2 жұлдызында К.Миллер қасына Қасқаны ертіп, әрі қарай аттанады. Ерәлі сұлтан оны жиырма шақырымдай жерге шығарып салып кері қайтады. “Қасымда серіктріммен Байғұлақ пен Жәнібек батырдан басқа ешкім қалмады” деп жазды ол. Ерәлі арқылы үкімет сенатына жіберген жолжазба журналында.


“Қарашаның 15 жұлдызында қазақ-қырғыз ұлыстары тәмәмдалатын тұстағы Қарашатау деген жерге келіп атбасын тіредік”, деп елші журналының үшінші тарауын бастайды. Арадағы бір жарым ай мерзімде жазған бөлімі белгісіз жағдаймен бөлініп кетеді. Сондықтан сол кезеңдегі саясат сайысы мен тағдырлар тоғысын бақайшақтап білмегенмен, оқиға өрісін осы үшінші бөлімнен де байқауға болатын тәрізді. Зер салып, оқиғаларды саралап отырсақ , Жәнібек батыр елшімен еріп бұл жолы қалмақтарға бармағанға ұқсайды. Зайыры, бұдан төрт жыл бұрын К. Миллердің Ташкентке қалған керуеннің тоналған ізіне түсіп, исі қазақ халқына ұят келтірмес үшін шығынның орнын толтырғалы тонаушылардың түп ізіне түсіп, Ұлы жүз ұлыстарының ішінде қалып қойған


 


іспетті. Сондықтан елшінің жанында бас көтерер дегеннен жалғыз Байқұлақ қалса керек. Бірақ оның тағдыры оның тағдыры аса аянышты болып бітеді.


Елшіліктің ең басты мақсаты – жонғар әміршісімен жүзбе–жүз жолығып, қалмақтардың қазаққа дамыл–тыныштық беріп, ішкі ісіне қол сұғуын доғару жөнінде келісімге келу екені белгілі. Алайда хандық аймағына табан тиген күннен бастап қалмақтардың әрекеті орыс елінің өкілін қайткенмен де қонтайшыға кездестірмеу болғаны байқалады. Кейін мағлұм болғандай, хандықта көкшешек ауруы шығып, оған қоса қоқандықтармен соғысамын деп қалмақтар күйрей жеңіліп, қан жұтып қапа боп отырған ханын сондай қалпында жан пендеге кездестіргісі келмеген болуы керек.


Сондықтан бұларға ал беттен–ақ қоныр қабақ танытты. Орыс елшісіне бірден батпай, бар өшін олар алдымен оның қазақ серігі Байқұлақтан алды.


Өзгелерден оқшауырақ үй тігіп жайғаса бергені сол еді, әлгінде қандастарына кеткен Қасқа қасында Барғанғы дегені жаушы бар бірнеше қалмақ сау ете қалды. Келе ай –түй жоқ Байқұлаққа бас салып, аяқ-қолын байлап тепкілей бастайды. Жолда келе жатқанда бұл бізді күбінің битіндей жабыласың деп қорлаған. Онымен қоймай тұтқында жатқан өз тұқымының қызына айырбастағалы қолына түскен қалмақ қызын мазақ етіп қазақтардың қойнына салып берген деп араша бермей біраз төпеледі. Ақыры, бұлардың мені бастап келген қазаққа кол жұмсауларың осы арқылы орыс еліне, оның ақ патшасына қыр көрсету деп білемін деп елші зіл тастаған соң әрең тоқтаған соң әрең тоқтаған-ды. Содан бастап жоқтан көргені сылтау ғып, қит етсе оған тарпа бас салатынды шығарды. Қаңтар айы қытымыр болып, қар қалың жауып еді: құдайды азғырып заһарын төктірді, бұның қырына алғанға көктен жауын-шашын жіберетін айласы бар деп Байқұлаққа тағы тиісті. Ақыры, бірде маңайдағы жайсаңдармен, нояндармен әңгіме-дүкен құрып, мән-жайын, ой –пікірін біліп жүретін әдетімен бір нәннің үйінде отырса ауыр жараланып, бір жақ бүйірінен қан сауғалаған Байқұлақ кіріп келіп: «Бұларға сенбе, қарауылмен сені Ташкентке айдап, мені өртеп жібермекші» деп қасына қисая кетті. Артынан қуып ұстағалы келе жатқан оншақты адамды көзі шалып, дереу қолына садақ алып жебелерді суылдатып жібере бастады. Бірді–екілісі құлағанмен көпшілік қойсын ба, бұл қанжарын суырып ап ұмтылған бетте ту сыртынан келіп жабылып жықты да сүйрелеп ала жөнелді. Ертеңіне оның өлі денесін әкеліп шапқылап-шапқылап отқа жақты. Наразылық жариялаған елшіге: «Байбұлақты босқа қорғаштамаңыз, ол өзі жөн білмейтін, жүгенсіз адам екен, бір қалмақты таспен ұрып өлтірді, біреуіне пышақ салып алды, шашы топқа садақ атты, ең соңында қанжарын өзіне жұмсап өліп кетті, Манжа сіздің кісілерден сұрап, себебін анықта деп мені жіберді», деді ертеңіне Қаракөбен зайсан. Басқа қалмақтардың көргенінен–ақ қырына алып қыңыратқып жүргені Байқұлақ орыс елінің өкілдеріне төте жолды көрсетіп қазақ арасымен, кең даласымен алып келгенін кешпей жүр екен ғой. Ал бұл тұста Орынбор әкімшілігінен Тарған атағын алған Жәнібек батырдың немере інісі еді.


 


Шімірікпестен өтірікті шыңдай ғып, қатықсыз қара көжеге қаймақ тұрғызатын Қаракөбен Қалдан серінің оң қолы Сары Манжаның ең жақын серіктерінің бірі-тін. Осының алдында ғана жалпылдап келіп ананы-мынаны майордан алдап алып хатты Манжаға алып кеткен. Сол сумаң жайсаң тағы келіп мұны Манжа әмір шақырып жатқанын, елшіліктің бүкіл адамымен өзі бастап апаратынын хабарлады. Көптен күткен кездесу болған соң майор тіл қайтарған жоқ. Арнаулы киімін киіп, баруға жиналды. Әмірдің ордасына қалған қадам қалғанда бәрі де аттан түсіріп, қару-жарақтарын тапсыруын талап етті. Ұлы Ресей мемлекетінің офицері үшін семсер қарудан гөрі абырой–бедел бейнесі, онсыз ресми онсыз ресми жиынға баруға болмайды деп майор бас тартты. Ал прапорщик пен тілмаш, геодезист қылыштарын тапсырып киіз үйге қарусыз кірді. Қазақтар ат қаңтарған жерде қалды.


Есіктен кіре майор сәлем беріп, амандық–саулық сұрады. Содан соң Манжа жайғасып отыруын нұсқап бөстектің үстіне жастық тастатты. Жайғасып болған соң аз-кем үнсіз отырып әмір елшіден қай жерден келгенін, қай жолмен жүргенін , Жоңғар иелігіне қалай жеткенін сұрай бастады. Майор көп айтып бәрін қайталап қажеті болмас, барлығы да Орынбор өлкесінің әкімі әрі бас сардары генерал Неплюевтің хатында ашып жазылған, оны Қаракөбен әкеп тапсырған болуы керек, деп сөзді созған жоқ. Әмір оған хатты алғанын, генералдың тілек- талабымен танысқанын, тек майордың сапарға қайдан шыққанын,   қай колмен, кім қалай бастап келгенін білгісі келетінін айтты. Елші оған жоғары мәртебелі патшайымның жарлығымен Ор бекінісінен осылай аттанғанын, сапарының мақсаты өлке ісі сеніп тапсырылған генералдың қонтайшы Қалдан Серенге жазылған хатында айтылғанын баяндады. Ал жол жайына келгенде жаушылар Қасқа және Баранғымен бірге ұлы мәртебеліге бодан болған Орта жүз азаматы Байқұлақ көрсеткен жолымен жүргенін жасырған жоқ.


Манжа: майор онда патша ағзамның тура өзінен емес, қазақтың сөзін сөйлейтін генералдың жағынан келген екен ғой, - ал мен қалмақ жағының мүддесін қорғайтын басшымын, деп сес көрсетіп, сөзді бұрмалауға тырысты. Сонда да елде шешек деген дерт шығып әзір басылмай тұрғанын, сондықтан Қалдан Серенге ешкімді жіберуге болмайтынын, тіпті мұның өзі де ол жаққа бара алмай отырғанын дәптетіп жатыр. Оған елші елге тиген індетке өкінетінін, бірақ өзі ауру жайламаған сау өңірден келгенін, жүрген жерінде үйді оңаша тіктіріп , қызметші қалмақтар болмаса, бөтен–бастақ адаммен араласпағанын айтып, қайткенменде қонтайшымен кездестіруін өтінді.


Манжа сөзді тағы да бұрмалап :



  • Ұлы Ресей империясы мен Жоңғар хандығы баяғыдан бері одақ болып тату- тәтті тұрып келеді. Шырыш бұзып дау-дамай туғызатын олардың бодандары. Өз басым генералдың хатынан кейбір жансақтық пен жалғандықты байқадым. Оны әміршіге көрсетіп ренжітпей , жауабын өзім беремін , - деп салды.


-Оның ойын дұрыс түсінбеген боларсыз . Жаңсақ ұғып, жалғанға жоритын екідай пікір туып қалса түсіндір деп генерал мені жіберіп отырған жоқ па. Кәне, күмән туғызып күдік келтірер қандай пікірі бар? – деп майор ежіктей сұрады.


 



  • Өтірік айтып, арандатпақшы дейтінінім – қазақтар қашан орыс патшасының боданы болып еді?! – деді Манжа, - Екіншіден, ол сені ұлы мәртебелі патшайымның әмірімен жіберіп отырмын дейді. Ол бұл туралы ештеңе білмейтін болуы да мүмкін гой. Айтшы өзің, қазақтар орыс бодандығына қашан өткен? Ол Абылай сұлтанды босатыңдар , екі жақта бейбіт , тыныш өмір сүрсін деп жазады. Қалай өмір сүретінімді мен өзім білемін, ол үшін ақылшы ұстаздың қажеті жоқ.

    • Бұлай айтуыңыз бекер, генерал мырзаны босқа жазғырып отырсыз. Қазақтар патша ағымының бодандығында деп өтірік айтып отыр деуініз теріс. Құлақ қойып тыңдаңдар болсаңыз бәрін баяндап берейін, деп майор түсіндіре бастады.




- Кіші жүздің Әбілқайыр ханы күллі туысымен, тұтас ұлысымен көп жылдан бері орыс патшалығының қоластында. Оның ұлы Ерәлі сұлтанның патша ағзамның қызметін атқарғанына он төрт жылдан асты. 1738 жылы ол үрім- бұтағымен, бүкіл халқымен Ор бекісіне келіп ақпатшаға адалдығын айтып ант берді. Одан келесі жылы сіздің жаушыларыңыздың көз алдында сол антын салтанатты жағдайда қайта қайталады. 1740 жылы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан ұлысының бас көтерер адамдарын ертіп келіп өз өтінішімен бодандықты қабылдап, адалдыққа ант берді. Жәнібек тархан бастаған рубасылары да антынан ауымай патша ағзамға адал қызмет етіп келеді. Ол аз десеңіз, төменгі қарақалпақтар да кісі салып , бодандыққа қабылдауды қайта–қайта сұрап жүр.



  • Әбілқайыр ханды өзіміздікі деп отырсың.


Олай болса оны біздің шеткі ұлыстарды шабуға жұмсаған да сендер болдыңдар ғой, - деп қалмақ әмірі қағытып тастады. –Жарайды, қысылма, ондайға жұмсамайтындарынды білемін. Бірақ біз Ресеймен бағзыдан бері одақпыз, ал генералдың мұны өз бетімен шешім қабылдап өздігінен жібергендігін, биік мәртебелі патшайымның тікелей әмірімен аттанғандығын қайта қайталап , өзінше жүрген өлермен біреу емес, ұлы елдің өкілі екенін айтты.



  • Сенің ұлы елден келгеніңді біз білеміз, - деді бұған Манжа. – Бәлкім, патшаның жарлығымен барсын деп генералдың өзі айтқан шығар. Қалай болғанмен де саған құрмет көрсетуіміз керек. Сіздерге барған елшілерімізді аялай күтіп қабылдап жүрсіздер гой.


Жауап қайтарып: «Қалай ойласаңыз да өз еркіңіз, ұлы мәртебелінің атынан келгенім айдан анық» деуге оқтала берген майорға Манжа сөзді көп созудың қажеті жоқ, сөйлей берсе қай жақтан да шымбайға батырып, шамдандырып алар сөз шығуы кәдік, деп кідірді де:



  • Генералдың хатына жауапты өзім беремін.


Үш күнде ол жазылып әзір болады да ,сіздерден беріп жіберемін. Қалғанын генералдың өзі білсін. Патшайымға хатты көрсете ме, көрсетпей ме ол–өзінің еркі, -деді.


Елші кері қайтып аман-есен еліне баратын болса бәрін бастан-аяқ бастығына хабарлайтынын айтып, қайтарда өздерін Сібір жолымен жіберуді, ақшаға азық-түлік сатып әперуді өтінеді. Манжа бұған да жауап қайтарап қай жолмен кері қайтаруды өзі білетінін, азық–түлік сатып алуына қарсылық


 


жасамай , қайта жәрдем көрсететінін айтты. Сонан соң меймандарын шайға щақырып сапар кесемен ыстық шарап ұсынды. Дастархан басында сөз одан әрі жалғасты. Манжа әмір:


-Қазақтар ұлы Ресейдің боданы болғанда Тәуке хан Түркістанда тұрушы еді, ал оның Орта жүздегі немересі Әбілмәмбет хан бізге аманат етіп ұлын жіберген. Барақ сұлтан да бір ұлын қайтып алып екіншісін әкелмекші, -деді. –Сәмеке ханның баласы Исасейіт ханзада да бізде аманатта тұр. Ал хан тұқымынан болмаса да, жаны ізгі, жақсы кісі деп жүрген Әбілқайыр ханның біздің шеткі ұлыстарға көрсетіп жүрген қиянаты көп–ақ. Бұдан он төрт жыл бұрын біз оның ордасын шауып қатын–баласын тұтқынға алғанда, қайтып соқтықпасқа ант беріп, аманатқа ұлын жіберуге уәде етіп әйелдерімен балаларын әрең босатып алып еді. Бақсақ, алдап кеткен екен, енді сендерге сатылыпты.


-Базына-наз айтар болсақ, өкпе деген бәрімізде де жеткілікті, - деп майор бір ойдың ұштығын шығарды. – Бес жыл бұрын Ташкентке таяп қалған жерде орыс керуенін қалмақтың боданы болып отырған Ұлы жүздің қазақтары талап алды. Демек, оларды жұмсаған сіздер деп кінә артуға болады ғой. Сол көш–керуенде мен өзім болатынмын, -дегенде оны естігенін айтып, азарда-безер болған қалмақты бастырмалайтып майор өз уәжін ортаға салды. – Оны білмеуініз мүмкін емес. Өз әміршіңіз Қалдан Серен маған арнайы жаушы Байназарды жіберіп, керуінді кім тонағаны туралы нақты хабарын сұрап, менің өзіне келіп–кетуіме әмір еткен. Сол Байназардан бізді талаған қарақшылардың басы Қойкелдіге қызыл мөрін басқан хатта жолдаған. Қалыптасқан жағдайға орай ол жолы мен оған келе алмағанмын. Өйткені адал берілген Орта жүз азаматтары әдейі келіп алып кеткен.


«Мүмкін, жаушыны Қалдан Серен менсіз жіберген шығар», - деп міңгірлеген Манжаны майор бұра бастырмады. Дәл сол кезде оның Ташкентке таяу жерде көшіп–қонып жүргенін, мән-жайға майордың өз аузынан қаныққалы арнайы іздеп Жәнібек тархан келгенде, ол болған оқиғаны баяндағалы тура Манжанның өзіне тартқанын айтты. Қалмақ әмірінің аузынан «жоққа сот жоқ » демекші, «білмейтінен» басқа сөз шықпады. Осымен кері қайтуға келісіп тарқасты.


Арада үш күн өткен соң ақпанның бірінші жаңасында майорды Манжа қайта шақыртып алып, қолына құпия кеңесшісі сардар Неплюевке жазған хатын тапсырды. Ауызша айтар сәлеміңіз жоқпа деген майорға ол: «Ауызша айтар болсаң, менімен бірінші күнгі әңгімеңді баянда, басқа айтатын не бар. Қалғанын бәрі анау хатта», деді. «Қай жолмен жөнелткелі жатсыздар?» -деген елшінің сауалына: «Биыл қыс қатты, қар қалың болды, Сібір жолы қолайсыз, сондықтан Түркістан арқылы жүруге тура келеді. Ондағы Сейіт хан мен Төле биге, ұлы жүз қазақтарының ең басты ел ағасына хат жазып беремін. Олар сені ешбір бөгетсіз Әбілқайыр ханға аман-сау жеткізіп салады. Ар жағынан оның өзі біледі», - деді.


-Сенің өз отаныңа аман-есен ойдағыдай жетіп, кейін біздің ханға басты елші болып келуіңе тілектеспін, деді Манжа соңынан сөз қосып.


 


-Өзіңмен танысып алдық, онда осы жолғы қазақтардың жыртысын–жыртып келгендей емес, мүлдем басқаша қарсы аламыз.


«Бұның бәрі ұлы мәртебелі патшайымның еркіндегі іс қой», - деп майор онымен қош айтысты. Ертеңіне жанына ерген күллі кісілермен бірге осы ұлыстан аттанып та кетті. Оларды қасына он бес адамы бар Қотан деген бір қалмақ Жоңғар әскерлері тұрған жерге дейін шығарып салып, ол арадан отыз кісі бұларды Түркістанға дейін жеткізбекші. Одан Манжаның хатпен айтқан тілегі бойынша Сейіт хан мен Төле би бұларды аман-сау Әбілқайырға жеткізіп салмақ. Жолай олар Берік деген жерге тоқтап, отыз шақты қой және ұн-жарма сатып алды. Бұл арадан оларды Бәжі деген қалмақ бастап, Түркістаннан екі күншілік жердегі баяғы Қараша тауға алып келді. Ұлы жүздің белгілі ру басы Бәйітбай бұларды ілтипатпен қарсы алып Түркістанға өзі жеткізіп салмақ болды. Бәжі оған Сейіт ханға жолдаған хатты тапсырып кейін қайтты. Қалмақтардың олай қарай беттей алмай жүрген себебі бар екен. Түркістанда да шешек шаң бере бастапты.


Бәйітбай біраз жайды жақсы білетін сұңғыла, сөзуар адам болып шықты. Ол Орта жүзден Түркістанға Жәнібек тархан келіп жатқанын, оның бұрнағы жылы таланған орыс керуені үшін құн даулап, кінәлі шымыр руынан мың жорға алмақ болғанын, оның біразын жинап, енді Қойкелдінің өзінен айып алмақшы екенін, алайда қардың қалың түсіп, жолдың жабылуына байланысты оған жете алмай қалғанын –бәрі–бәрін дәптетіп айтып берді. Содан соң майордан Қалдан Серенге не себептен барып қайтқанын сұрады. Орыс елшісі патша ағзамның атынан, орыс еліне бодан болған Орта жүз бен кіші жүздің қазақтарын шауып, талауды доғаруын ескерткелі барғанын, бірақ індеттің қырсығынан қонтайшының өзіне жете алмай, генерал-губернатордың хатын өзім қолма-қол тапсырамын деп уәде еткен соң Манжаға тастап кеткенін айтты. «Сонда қалмақ басқыншылары қазаққа қайта қол көтерер болса, орыс әскерлері бізді қорғайды ғой?» -деген сұрағына:


«Қалдан Серен өз қолын қазаққа қайтып жібере қоймас, олай жасаса ұлы мәртебелі мейірбан патшайым қарауындағы елін қорғансыз қалдырмайтыны сөзсіз» -деп жауап берді.


-Біздің қазақ жорытып жүрген аң сияқты халық қой. Қайда кең дала болса, солай қарай жөңкейді, - деп күрсінді Бәйітбай. –Онда олардың қалмақтарға аманатқа бала жіберіп жүргені несі?! Мәселен, Әбілмәмбет ханның, Нияз бен Дәулетбай батырлардың бір-бір баласы қалмақтардың қолында. Өйткенше орыстың ұлы патшасынан рақым күтіп отырмай ма? Енді міне, бір қазақ екіге жарылды. Ұзынқұлаққа қарағанда, орыс әскеріне қарсы тұрар күш жер бетінде жоқ. Далада аң қандай көп болса орыста сондай қисапсыз дейді. Ендеше бізге қайсысы пайдалы болғаны?


-Орыс патшаларына бодан болған ба, әлде қалмақ қол астында жүрген бе дейсіз ғой. Оны уақыт көрсетер. Есте тұрар бір жәйт – орыс патшайымның ешкімге қастандық ойламайтыны. Ал қайырымдылығын аяққа басып қас ойлағанды аямайды. Және оның құрығынан ешкім қашып құтылмайды, - деп сөзін шегелей аяқтаған майор Бәйітбайдан Түркістанға кісі жіберіп, мұның


 


келгенін Сейіт хан мен Жәнібек тарханға кісі шаптыртып, Манжа әмірдің хатын Сейіт ханға жіберді. Қалмақ әмірі онда орыс елшісі Қалдан Серенге көңілге онша қонбайтын мәселемен келген екен, сондықтан қонтайшыға жібермедім, ал сен мұны ешбір шатақсыз Әбілқайыр ханға жеткізіп сал деп жазыпты.


Хабар алысымен Жәнібек тархан майорға ізінше Өмірзақ би мен Мергенді жібереді. Ұлы патшаның боданы болғанының белгісі ретінде тарханнан әкеліп олар майордың иығына жібек шапан жауып, ат мінгізеді. Жәнібек ұлы жүздің ішінде жүргенін, таланған керуеннің құнын өндіріп алу үшін Қойкелдіге бірге баруы керетігін айтып, майорға тезірек жетсін деп сәлем жолдапты.


Майор өз қосын Бәйітбайга тастап, дереу Жәнібек тарханға тартты. Жолда ол Қонай мырзамен кездесіп қалды. Баяғыда Ташкент түбінде бір ажалдан майорды алып қалган мырза оның осында келгенін естіп арнайы іздеп келе жатыр екен, шүйіркелесе кетті. Елші одан Қойкелдінің айыбын төлер ойы бар ма деп сұрады. Қонай Қойкелдінің бұрындары Жәнібекке мың жылқы бермек болып, артынан қожайынсыз, яғни майордың өзін көрмей, ештеңе бермейтінін айтып, уәдесінен тайып жүр, сізді көрсе ауызба-ауыз өзім келісемін деп қуанып қалар. Өйткені Жәнібек тым көп сұрайтын көрінеді, қырық мың жылқы талап етеді дейді.


Жәнібек тарханды ол ¥лы жүз Сұлтанкелді батырдың ауылынан тапты. Ауыл ағасы мейманды құрақ ұша қарсы алып, амандық-саулығын, сапар жағдайын сұрап жатыр. Оның орнына жауапты Жәнібек беріп қалмақтардың бұны Қалдан Сереннің өзімен кездестірмегенін айтты. "Олардың кездестірмейтіні баяғыда-ақ белгілі болған, — деп содан соң майорға қарады. — Сіз Манжаға келген бетте-ақ ол Қалдан Серенге екі жігітін төрт атпен шаптырып, орыс елшісі қазақ ордасы арқылы келгенін және генерал-губернатордан арнаулы хат әкелгенін хабарлап та үлгерген. Демек, Манжа сізді соның әмірімен кері аттандырып отыр. Өйтпесе хан жарлығынсыз ол тырп ете алмас еді".


Содан соң батыр жолсерік болып кеткен Байқұлақ жайын сұрап еді, майор кідіріп барып болған жайды баяндады. Ауыр күрсінген Жәнібек қабарып біраз отырып қадды да: "Оның өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін емес. Қалмақтар оны әдейі өлтіріп отыр. Қаһарымен қар жаудырып, алапат суық түсірді дегендері жай сөз, ең бастысы орыс елшісін жаңа әрі төте жолмен алып келді", — деп тоқтады ол. Одан әрі Жәнібек Түркістанга қайтыс болған анасын жерлегелі келгенін айтып, қыстың күні осында Қойкелді батырмен кездесіп, ол талаган орыс керуенінің құнын сұрағанда, ол екі мың жылқы беруте уәде еткен, оның аз деген тарханга тонауға қатысқан жүз отыз адам, оның бәрі үшін жалғыз мен жауап бермеймін ғой деп жалтарғанын, сонымен ештеңе өндірмей тарасқанын баяндады. Қойкелді енді сол айтқанын да әкеп бермей, түлкі бұлаңға салып бұлтақтатып жүрген көрінеді. Майордың өзі келіп қалғаны оңды болды, Жәнібекке сенбегенін иесінің өзіне берер деп үміттенді бәрі.


Майор Миллер Қойкелдіге өзіне ертеден таныс Қонайды жібермек болып еді, ол «ілік–жілік болсақ та, арамыз онша емес еді» мән-жайын айтып, оның тілін


 


бір тапса, осы табар деп өз орнына інісі Жаубасарды жіберді. Қойкелдіге барып қайтып, батырдың рубасыларын жинап алып ақылдасамын, олар не кессе, сол болады, ендігі сөз орыс командирінің өзімен ғана, Жәнібектің бізбен жұмысы болмасын, деген сәлемін айтып келді.


Жәнібек тархан мен майор Қойкелді жайлайтын Арыс өзенінің бойына келіп оларға іргелес басқа бір ауылға келіп түсті, Тархан оған өзімен еріп келген Торғай деген жігітті тағы да жіберіп, керуеннің құнын төлер-төлемесін нақты айтуын сұратқан екен ол: «орыс командирі қай ауылда қанша тұрамын десе тұра берсін, онымен өзіміз келісеміз, ал Жәнібек жөнін тапсын», -депті. Осы жерде Қойкелді ақылдасқан Орта жүздегі Мырзағұлдың Сатайы мен Қазыбек бидің інісі Байболат:


«Керуеннің құнын төлейтін ештеңе жоқ, орыс мұнда келіп не бітіруші еді, бізде қол астында тұрып жатырмыз ғой, түкте талап етпейді олар», -деп азғырып тастапты. Онымен де қоймай, мазалай берсе майорды өлтіріп таста, сосын тынышталасыңдар деп ақыл беріпті.


Ештеңе тындыра алмай салы суға кетіп майор мен дархан көрші тұрған жерге қайтып келді. Келгенмен Жәнібек жай жатпай Үйсінің ел ағаларын жинап алып алдарынан өтті. «Ұлы, Орта һәм Кіші жүз қазақтары Алаш алаш болғалы енші бөліспеген бір бауыр еді. Олардың бір-біріне қару сілтеп соғысқан кезі болған емес. Амал жоқ қолға қару алуға тура келіп отыр. Осы күзбен келер көктемде қайта оралатын шығармыз, енді тура генералдың өзіне барып, жасымның шарғайған шағында, сақалымның ағында ел-жұрттың алдында күлкі еткен Қойкелдіден кек қайтаруға көмек сұраймын. Онсызда бес жыл алдауына сеніп, айтқанына көніп уақытты босқа жібердім. Шыдамныңда шегі бар, орыс әскерін бастап өзім келемін. Тентектеріңді тия алмасаңдар, маған өкпелемеңдер»,



  • деп ашынған батыр сөзін айбат танытып аяқтады. «Қойкелдінің қылығы күллі қазаққа қара таңба болып отыр ғой. Кесірі өзіне ғана емес, осы отырған баршамызға бүкіл халқымызға тигелі тұр. Батыр, әлі де ақылға салып, Қойкелдіге не істесең соны істе, ал қол ертіп әкеп, елге ойран сала көрме», деп өтінді отырғандар. Жәнібек орыс әскерімен келсе, қарақшыдай түн қараңғылығын жамылмай, тапайдың тал түсінде–ақ келіп Қойкелдіні жолдастарымен алдын алып келуін талап етіп, болмаса іргесін түріп қойып ашықтан–ашық шауып алып ойран салатынын айтты. «Қойкелдіні қолтығына дым бүркеп құтыртып отырған Қалдан Сереннің өзі. Қалмақтарға арқа сүйеп, оларға қазір салықта төлемейді. Содан әбден дандайсып кеткен. Егер Жәнібек орыс әскерін әкелер болса бәріміз де солай қарай көшетін шығармыз. Қойкелді өз тұқымымен қайда барғысы келсе сонда кетсін» -десті жұрт. Бұл, оған айтылған ақырғы ақырғы үкімдей естілді. Ашуға мінген Жәнібек сонда да илікпей, келер жылы мені орыс әскерімен күтсін деп сес көрсетті.


Келесі күні қонаққа шақырылып майор Миллер мен Жәнібек тархан Қонай мырзаның үйіне келді. Сөз арасында мырза керуен талауға қатысқан шымыр жігіттерінің көбі бұған келіп, құнға не сұраса бәрін беруге әзір екенін, тек несін төлейміз деп Қойкелді ғана қырсығып көнбей жүргенін айтты. Оның үстіне Қонай


 


мырза майормен еріп Орынборға барып, генерал-губернаторға сәлем беріп, тағзым етіп әрдайым патша ағзамға адал қызмет ететінін көрсетіп қайтпақ ойы барын білдірді. Майор бұл пікірін мақұлдап, онда барғанда генерал Қойкелді жайында өз аузыңыздан толық еститін болды деп қойды.


Ертеңіне Бәйітбайдан жоғарыда айтылған сөз Қойкелдіге жетті ме, одан не хабар бар, берешегін әкелген жоқ па деп сұрады. Бұған ол өз ұлын жіберіп, құнды қалай төлеу жөнінде ақыл сұратыпты. Бәйітбай ерегісті доғарып, төле бірдеңелерді осы жолы бер ұлы мәртебелерінің атынан келген адамдардан кешірім сұра, деп ақыл айтыпты. Айтқанға көнбесе өз обалы өзіне. Сосын Бәйітбай майорға мәртебелі генерал мырзаға осы сияқты біраз атқа мінерлердің Қалдан Серіннің қолтығының астына кіріп, балаларын аманатқа жіберіп жүргенін жеткізуді өтінді. Ал патша ағзамға бағынып, бодан болған елдері тып-тыныш бейқұт өмір сүріп жатыр. Ұлы мәртебелі бодандыққа алса, қарауындағы үш жүз түндігімен соның қанатының астына бұның да көшпек ойы бар екен. «Бұрын тұрмысымыз жаманда болған жоқ еді, қалмақтар қәзіргідей басынбайтын. Кейінгі кезде құтырып кетті олар да. Зайырғы, орыстардан қауіп ойлайды–ау деймін. Ал сіздер оған бодан болған соң, басққа жаққа жалтақтамай іргені бір орында беркітіп отырмайсыздарма? Өз басым, Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің қалмақтарға жалтақтап, баласын не үшін аманатқа жібергенін түсінбеймін?!» - деп Бәйітбай Жәнібекке бұрылды. Тархан бір мырс етті де:


«Қаһарсыздан хан қойсаң –қасиеті болмайды, Үлгісізден би қойсаң –өсиеті болмайды.


Пірсізді пір тұтсаң – қаракеті болмайды. Адам бергеннің берекеті болмайды.


Айтуын орынды. Ақ патшаға арқа сүйеген алып даланың мазасын енді ешкім алмас. Дала кең, көшіп келсең ойып тұрып қалаған жеріңді береміз», - деп түйді сөзін.


 


Олар Түркістан қаласына келісімен бірден Сейіт ханның ордасына кірді. Хан жылы шырай танытып, жақсы қарсы алды. Майорға ол Манжаның тілегімен жолына азық-түлік әзірлетіп, көлігін ауыстырып тың аттар бермек болды. Тек ертең Қарнаққа барып қайтпақ тығыз шаруасы барын айтып, екі күннен соң оралуға уәде берді. Оған дейін осында алаңсыз тұра беріңдер деп өтінді. Бірақ ол үшінші, төртінші күні де келген жоқ. Меймандар әрі күтіп жатпай жолға шықты. Жәнібекпен қоштасқалы аттанар алдында қала имамы Найып-қожа келді. Жолда олар Сейіт ханды қалмақ жаушысы Торбамен қарсы жолықтырды. Қарақалпақтарға кетіп бара жатқан жаушы оларға бүгін кідіріп, ертең соғыңдар деген тілек айтты. Оған майор бұдан әрі жата берудің жөні жоқ, ас-су сарқылуға таяу, аттар ари бастайды, оның үстіне бұл өңірдің ұрылары да дамыл берер емес, күніне бір бір жылқыны жойып жібереді деді. Сөйтіп, хан қатты ұялып азық-түлік әзірлеп беретінін, ал ақ патша елшісінің сый-сияпатсыз аттануы әбес екенін айтып, бірер күн қалыңыздар деп жалынды.


 


Сөзге тархан араласып, хан жанында тұрған жаушыға қалтасында жүрген қалмақ әкімі Септенің хатын көрсетті. Жаушы оны оқып біздің әкім сізді мақтап, орта жүздегі ең басты адам депті ғой. Кәдімгі ұлы жүздегі Төле би мен Қойкелді батыр сияқты, деді. Жәнібек іле жауап қатып:



  • Төле бидің жаны ізгі жақсы, жайсаң жан екені белгілі, ал мені орыс керуенін тонаған қарақшы Қойкелдіге тек теңей көрме. Қалдан Сереннің қашанда сондай ұры–қарыны қолдап құтыртып қоятыны жаман. Сонда Септен де мені соған теңеп пе? – деп сәл кідірді де, ойын әрі қарай өрді: - Септеннің сес танытып қоқандауын қоймай жүргені жақсы емес. Тіпті бізді шауып алып Үргенішке қарай қуып саламын депте қорқытады. Ол үшін алдымен орыстарды өлтіруі керек қой. Ал біз ұлы орыс патшасының боданымыз, ол тірі тұрғанда бізді ешкімге талатып қоймайды.

  • Жәнібек батырға қыр көрсетіп қорқытпақ болып жүрген Септен оның ұлы мәртебелі патшайымның қанаты астындағы адам екенін білмеген ғой, зады, -деп майорда сөз қосты. Жағдайды пайдаланып елшінің пікірін біліп қалғысы келген жаушы одан: «Қалай, бізбен дос болып барасыз ба, әлде қас болып барасыз ба?» - деп сұрады. «Кек тұтып қас болатындай оқиға жоқ. Жалпы біз дау-шар дегенді қаламаймыз. Тек Қойкелді сияқты кейбір берекесіздердің шырыш бұзғаны болмаса..»деді майор. Жаушы оған Қойкелдінің орыс керуенін тонағанын айтып бұрнағы жылы Қалдан Серенге келгенін, қонтайшы ыңғайсыз іс жасағансын, енді қолыңмен жасағанды мойыныңмен көтересің, ол үшін мен Ресеймен араздаса алмаймын», деп шырай танытпай шығарып салғанын мәлімдеді. «Қалдан Серен олай деген болса, ол баяғыда–ақ төлейтін еді ғой. Орыс керуені тоналды, ал талап алынған қазына әлі қайтарылған жоқ» деп бұл сөздің шындығына күмән келтірген майорға жаушы: «Қазір қайтерге білмей, Қойкелдінің өзі де басын тауға, тасқа ұрып жүрген болуы керек. Бұқарға барса сия ма, ондағы қазақтар енді қабылдай ма? Ал Қалдан Серен ұрыларға ежелден ымырасыз. Сондықтан әрі ойланып бітімге келер-ақ» деген уәж айтты. Сірә, осы болжам дұрыс болған сияқты. Кейін Қойкелді батыр кінәсін мойындап, кешірім сұрап ат-тон айыбы мен екі мың жылқы құн төледі деген сөз бар.


Ханның көңілін жықпай Жәнібек тархан мен майор Миллер қалаға қайтып оралды. Сейіт құрақ ұшып қызмет көрсетіп қой сойып, қол қусырып қонақ етті, қазақша бас тартты, өзбекше палау ұсынды, ыстық шарап құйып биік мәртебелі патша ағзамның денсаулығы үшін ішті. Мың да бір алғыс айтқан майорға хан меселін қайтармай, қайта келгені үшін қуанышты екенін, мұны үлкен жұрттың өкілі ретінде аға деп құрмет тұтатынын, орыс елінің бұлардың тілегін де далаға тастамай, қабыл алатынына сенім білдірді.


-Сіз ұлы мемлекеттің елшісісіз, сондықтан да аға тұтып отырмын. Ағаға артар үмітімізбен қатар айтар аманатымыз да бар, - деп Сейіт хан мемлекеттің қанаты астына кіріп, өз ағам Әбілмәмбет хан және басқалар сияқты алаңсыз өмір сүргіміз келеді.


- Оныңыз орынды тілек, ол үшін көмек қолын созуға болады. Ұлық мәртебелі мейірбан патшайым рахымы түсіп бодандыққа алуы да ықтимал, - деді


 


майор. – Бірақ сіз Орта жүздің ханы болғаныңызбен Түркістанда тұрасыз ғой. Ал бұл өңір Қалдан Сереннің қол астында. Онсыз бұра басуға қақысы жоқ деп естіп едім. Басқа елдің бодандығындағы жұртты өз қанатының астына алса, патша ағзам әріптесін алдаған болып шықпай ма?!



  • Жалпы, біз Қалдан Сереннің бодандығында жоқпыз, - деді шынын айтып Сейіт хан. Бірақ бір–бірімізге тиіспей, бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Осы жолы жаушы жіберіп, майорды барар жеріне тезірек жеткізіп сал деп тілек айтып жатса, ол көрші қақысындағы қолқасы. Бұрын атам мен әкемнің иелігі Сыр бойын түгел алып жатушы еді, ал қазір мен тек Түркістанға ғана иемін. Қалдан Серен мұнда да тұмсық тығып, қаланы қожаларға менімен бірдей басқартып қойды. Сондықтан ұлы мәртебелі патшайымның бодандығына іліксем, деймін. Орта жүздің, Қоңырат руының басшыларымен әзір бұл жайында ақылдасқаным жоқ, кейін оларды жинап алып кеңесе отырып келісеміз де Орынборға өз елшілерімізді жібереміз. Айтып –айтпай не, бар үмітіміз майор мен, Жәнібек батыр, сізде. Орынборға жеткен соң сәлемдемеді генерал–губернатордың өзіне айтарсыздар, ол патшайымға жеткізер.


Осы сый-құрметтен кейін Карл Миллер мен Шақшақ Жәнібек жолға шықты. Түркістан иелігіндегі Қарнақ деген елді мекенге келіп ханның әмірімен майорға деп әзірленген екі қой мен бір қапшық талқан алды. Одан аттанғанда майор мен тарханды сәт сапар айтып шығарып саламыз деп жүзден астам адам жиналып біраз жер еріп жүрді. Бұл сәуірдің 3-ші жаңасы еді.


Арада екі күн өткенде оларға осы Түркістан төңірегінде көшіп–қонып жүретін Қоңырат руының қабырғалы адамы Мәмбетей келіп, Қалдан Сереннің тұтқұнында жатқан Абылай сұлтанды босатып, еліне қайтарғанын айтып сүйінші сұрады. Абылаймен бірге Әбілмәмбеттің аманатқа алынған ұлын да ханға қайтарып жіберіпті. Орта жүздің тұтқында отырған азаматтарын босатып, құн төлеп құтқарып алуға келе жатқан олардың ағайындарын Үргіге жеткізбей кері қайтарыпты. Қазақы қара бағдармен Мәмбетбайдың жанынды жүргендер елін шешек жайлағасын босқа құнына қалмайтын деп Қалдан Серен оларды әдейі босатып отыр ғой деп топшылады. Ал Абылай сұлтанды құтқару үшін генерал- губернгатордың патша ағзамның атынан қонтайшыға тікелей хат жазып арнаулы елші жібергенін, орыс елінің боданындағы адамды басқа мемлекеттің заңсыз ұстап отыруға қақысы жоқ екенін қаймана қарапайым қазақ қайдан білсін?!


Сәуірдің аяғында таман майор мен тархан табаны Орта жүздің шеткі ұлыстарының жеріне тигенде Абылай сұлтанның Қалдан Сереннің тұтқынынан босап шыққанын тағы да нақтылай түсті. Қонтайшы оған келген жақсылығының бәрін жасап отау тігіп беріп, кезінде қалмақтар шауып тонап кеткен Сандық деген Түркістаннан онша алыс емес қалашықты сыйға тартып, сарттар мен кәсіпкерлерді жинап қайта салдырып өзің билік жүргізерсің депті-мыс. Бұл долбарға құлақ қойған Жәнібек тархан өтірік сөзге шын төрелік беріп:


-Қалмақтардың қулығын мен жақсы білемін, - деді. – Бірақ басқаларды алдағанымен олар мені алдай алмайды. Дәу де болса, сый-сый-сияпат жасап, еншісіне ел беріп Абылайды өз жағына тартпақшы. Ол да бала емес, ойраттардың соңында сұмдық жатқанын білмейді дейсін бе. Орыстарға одақ болып тұрғанда


 


қазаққа ешікім де қоқан–лоққы жасай алмайды. Өз басым ұлы мәртебелі ақ патшаға әркез адал болғанмын, адал да боламын.


Осы сөзді тыңдап тұрған қазақтар әзір алаңсыз тыныш өмір сүріп жатқаны орыспен татулықтың арқасы екендігіне көз жеткізіп тәубеге келгендей болды.


Мымырдың бастапқы күні олар Ор өзенінің жағасына жетті. Жол– жөнекей көзбен көргенін, көңілге түйгенін К.Миллер қағазға түсіріп келген-ді. Онда Қалдан Серенмен тікелей кездесе алмауының тағы бір себебі бар да. Майор Жоңғар хандығында жүргенде тоғауыттардан шыққан Лекбай деген бір қалмаққа кездесіп, ол Қалдан Серенге бұны жібермеген себебі – тап сол тұста оған Қытай елшісі келіп жатқан еді дейді. Айтуларына қарағанда, Қытай еженханы қонтайшыға елшіні жалпы бітім жасасуға жібермеген тәрізді. Орыстар мен Қытайлардың арасында тату көршілік жөнінде келісім шарт бар. Ал орыстар қазақтарға әлсін-әлі шабуыл жасап, талап–тонап жатыр деп жоңғарларды тықсырмақ сыңайда. Сөйтіп қазақ елін, оның ен шалқар даласын өз уысына алмақ. Орыс генералы патша ағзамының атынан елшіні де сол үшін жіберіп отыр. ендеше алдын алып араға түсіп үлгеру керек, деген пиғылмен қытай жағы елшіні дәл сол кезенде қасақана жіберген. Оның үстіне қонтайшының өлді деп қойған інісі Шона тірі шығып торғауыттардан әскер жинап соғысқалы келе жатыр-мыс деген сыбыс және мазаны кетіріп тыныш ұйықтатпаған кез еді ол. Сонда да арнаулы елшінің сапары жеріне жетпегенмен діттеген мақсатын орындап тыңды.


Аты аңызға айналып, атағы алысқа кеткен Абылай сұлтанның жоңғар тұтқынынан босауы бір бастан осы Карл Миллердің еңбегі. Оны Шыңғыс әулетінің әйгілі перзенті Абылайдың өзі де мойындап елге орала сала қаракетсіздігі мен қауқарсыздығын бетіне басып, тұтқында жатқанда ат ізін салмағаны үшін Әбілмәмбетке балағаттап жазған хатында ашық айтқан деп жазады Орынбор әкімшілігінің басшысы генерал-губернатор Иван Неплюев.


Майорды Жәнібек тархан жанына екі адам ертіп, Ор бекінісіне аттандырады да өзі ауылына қайтады. К. Миллерді бекініске аттандырарда ол құпия кеңесшісі әрі сардар өлке әкіміне хат жазып беріп, Ұлы жүзде болған жағдайларды оған ауызша баяндауын тапсырды. Хатта ол кейбір жарамсақ қазақтардың төменгі қалмақтарға жағынып, жұғыспақ болып барып, содан жапа шегіп жүргендерін, ондай ақымақтарға өзінің іші жібімейтінін айтып, олардан аулақ әрі қауіпсіз болу үшін бұның өз ұлысымен Ор бекінісінің төңірегін жайлап, көшін-қонып жүруіне рұқсат етуін өтінді. Содан соң өзі сәлем беріп, сапар жайын баяндағалы келгенше Әбілмәмбет хан, Барақ сұлтан, Қазыбек би, тағы басқа ру басыларын шақыртып қоюын сұрады. Осы жылы Орынборда да генерал- губернаторды ішіне ала отырып, жоғары және төменгі қалмақтар жайында түбегейлі әңгіме жасап нақтылы пәтуаға келуі керек. Егер бұл жолы да уақыт өткізіп алып, Барақ және басқа ру басылары келмей қалса, соның салдарынан ел ішін іріңкезек жайлап, ақыры жалпы жұртқа опық жегізуі ықтимал, деп тәмамдады ол хатын.


Әрі батыр, әрі би Жәнібек тархан ұйытқы болған ол басқосудың қашан өткені беймәлім. Бәлкім, үш жүздің жақсы мен жайсандары, батыр бағыландары мен би төрелері бас қосса исі қазақтың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып,


 


бір таудың астына бірігіп, ешкімге де тәуекелді емес еркін ел болуы жайында толғаған шығар. Өйткені егемен еркін ел болу халықтың атам заманнан бергі асқақ арманы еді ғой.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу