Өлеңдер ✍️

  05.02.2022
  123


Автор: Светқали Нұржан

«Көңілдің кейбір кездері» жыр - шоғырынан

Кездерде кейде қара бұлт айды бүктеген,
Үйіме үнсіз үгіліп, қайғырып келем.
Талықсып жатып содан соң кетемін ұйықтап,
Ұйықтап кетсем түсімде сәйгүлік көрем ...
Мінем де шабам алдымнан аңғарлар қаптап,
Таулардан орғып өтемін, заңғарларды аттап.
Жарықтың жылдамдығын да жолда қалдырам,
Мен болсам — арман, тұлпарым — арманнан да әппақ!
Жосылтам, шіркін!
Борайды жаңа өлең қардай. —
Тұлпарым қандай сол шақта және мен қандай?!
Аңсау бар жанда ес-түссіз! —
Тым-тым алыста
Тек мені күтіп жатқан бір ақ әлем бардай ...
... Аққу сындымын бүгінде айдыны — қырау.
Ақ әлемге барып жерлер ем қайғыны мынау. –
Өңіме қарап, апыр-ау, шаппайсың ба енді,
Түсімде көріп жүретін сәйгүлігім-ау!..
* * *
Кейде маған әрбір адам бір құдай ...
Мезі қылып күлгін жұлдыз, күлгін ай,
Жындыхана ауласынан сытылып
Қашып шыққан қаңғып жүрем жындыдай.
Күйзелгенде қара таппай жаны ізгі,
Қарға жазам Аллаға айтар арызды ...
Машинаның бәрі "жедел жәрдемдей",
Адам біткен ақ халатты тәрізді.
Кілең жендет бас жағыма жиналып,
Тас төсекте жатардаймын қиналып.
Зытып берем:
жаны — қара, халаты — ақ
Дәрігер келіп қалатындай ине алып.
Сөйтіп жүріп бәз біреуге соқтығам,
Соқтығам да түк түсінбей көп тұрам.
Оның айтқан барлық сөзін көтерем,
Әрине әлгі жұдырығын жеп тынам.
Содан соң-ақ есімді аздап жиямын,
Ұяттау боп көрінеді қиялым.
Мұрынымның қанын сүртем жалма - жан,
Тірі жанға жоқ болған соң зияным.
Сәлден кейін кәдімгідей жай табам,
Толқын дүние орнығады шайқаған.
Араласып кете барам халықпен,
Жындылармен табысқандай қайтадан ...
* * *
"Жер тартып жүр". —
Осы сенің індетің.
Көрге тығып тыну ойдың міндеті.
Арқалап ап қасіретін жалғанның,
Жерге сіңіп баратырсың күнбе - күн.
Құрбан болған мен деп қалма бір ғана,
Ойдан опа таба алмаған кіл дана.
Әуел баста сыбағаңды бөлгенде
Лайық жүк артсаң етті тұлғаңа ...
Сен өлгесін той жасайды ел көзге ұрып,
Жеңсіз көйлек кигізеді бөз бүріп.
Көрге енетін сәттегі ауыр қайғыңды,
Бөліп алар жұртың жеңіл сөз қылып.
Өп - өтірік аяғансып күллі жұрт,
Қорым жаққа асығады дүрлігіп.
Қып - қызыл боп көрдің аузы ашылып,
Жұһа құсап жұта салар қылғынып.
Орын тиер, бәлкім, жұмақ, тозақтан,
Әзір хабар келген емес о жақтан ...
Жаның ақ бұлт болып ұшып кетеді,
Тәнің әбден қажығанда азаптан ...
Сені жеген сана — құртқа не айла бар? —
Серігі өлең дана ымыртта ойға алар.
Тек табиғат жоқтап сені,
Ақ бұлтың
Еңіреген қара бұлтқа айналар ...
* * *
Әруақ қонып қақалғалы Ақ нұрға,
Мұңазамды талай айтқам тағдырға.
Енді, міне, шабыт үнсіз сарқылып,
Бір тас таба жатыр табыт - тандырда.
Қақ жарылып бүтін кеудем біртұтас,
Кейпімді ашты: іші — көмір, сырты — тас.
Тұл домбыра бас жағымда сүйелген,
Өлген шабытқа қойылған құлпытас.
Естілмейді тірі бейне — тірі әуен,
Сұр аждаһа елес берді дырау өң.
Лебімен тартып ала жөнелді
Мен танымас, мен көрмеген бір әлем.
Көрінді алдан Лауһұл — Махфуз тақтасы. —
Құлпы кілті шиқылдайды тат басып.
Жүйке шекті үзіп кете жаздады,
Тіршіліктің тарс жабылған қақпасы ...
Өкпем — киіз, шұрқ тесік қып біте - мұң,
Ескермеппін қапылыста түтерін.
Ажал қолы суыратын шақ келді - ау,
Көздеріме кірген күннің тікенін.
Алып тынар құзыр екен жыршылық. —
Өліп барам, сөніп барам тұншығып.
О, Жасаған! —
Ақ нұр еніп жаныма,
Кетті кенет құлпытастан үн шығып...

18.11.1989 ж.
* * *
Тағы алдады алдамшы өмір — саудагер,
Қайда барам тұттай сәби - өлеңмен.
Күл боп кетті көзімдегі сәулелер,
Су қараңғы тірлік кешіп келем мен.
Жеңіп әбден билеп алды есті үрей,
Жарығымды жұтып қойды құрдым көр.
Жанұшырып бауыздалған ешкідей,
Жендеттерден сауға сұрап тұрмын мен.
Жексұрындар күліп менің сөзіме,
Мынау бал деп, нәжіс жақты қолыма.
Ине тығып түйсігімнің көзіне,
Шыны шақты сәби - сенім жолына.
Тікенденіп гүл билеген ғажап бақ,
Уыз-нұрды үсік ұрды аптапта.
Бір топ жендет мазағымен азаптап,
Тағы бірі кетті итеріп батпаққа.
Дыбысы бар, өздері жоқ тобыр кіл,
Айналамнан өтіп жатыр топтала.
Түк көрмеймін. —
Әлде шын-ақ соқырмын,
Әлде мынау күллі дүние ... қап-қара ...

19.02.1991 ж.
* * *
Тойдым мынау тірліктің ойынына,
Кіл әулекі — сүйенген сойылына.
Аңдиды да жүреді мені әлдекім,
Без қара тас тығып ап қойынына.
Шығармай жүр бұл жан дерт — тығырық хал. –
Осы сырды өтермін ғұмыры ұқпай.
Неге екенін білмеймін, мені көрсе
Түйіледі қабақтар, жұдырықтар.
Асаулықтан болсақ та бастыққандай,
Тағы кімнен шығады қастық қандай? —
Елестейді адамдар, жүрегінің
Орынына құдды бір тас тыққандай.
Желге ұшқандай қуатым, парасатым,
Жер құшқандай серт — көкпен таласатын. —
Жеті түнге тығылам содан кейін,
Жан таба алмай жарықтан жарасатын.
Тигеннен соң жүрекке жұдырық көп,
Ол сорлының емес - ау мұңы бітпек.
Әлсін - әлсін селк етем, әлдебіреу
Тас атардай желкемнен тығылып кеп.
Тағы, міне, сол сезім жармасты тың,
Ол жабысса дегбірім, қалмас құтым.
... Жалт қарасам: ақшиып жалғыз көзі
Бұлт - тасы бар төніп тұр — Албасты-түн ...

02.03.19991 ж.
* * *
Балауса едім, алау-сенім қолымда,
Ешкімге де мәлім емес есімім.
Бақыт, бақтың өсіп гүлі жолымда,
Аттаған ем әппақ әлем есігін.
Әппақ әлем ... кенет мүлдем құбылды,
Ақ нұр десем ақ қар екен мұп-мұздай.
Май шамдардың кірпігіне жылындым,
Ол шам улы сілекейін жұтқызды - ай ...
У сілекей қайта шықты. — Запыран.
Өзегімді Зардан ащы күлкі іреп;
Запыраннан өлгендердің атынан
Жыр оқитын болдым мен де күркіреп.
Ерте жылап қоймауы үшін кеш күлген,
Бақыт-гүлдің қалдырыппын сояуын.
Қорғансыз - ақ, армансыз - ақ кештім мен —
Дүниенің жеті түрлі бояуын.
Оңып кетті көзімдегі қарашық,
Жолым бұлдыр, жүрер болдым шам алып.
Жетпіс түстің жықпылында адасып,
Қалдым ақыр қара түнге қамалып.
Ақ нұр емес, май шам ғана қолымда,
Уын, Зәрін несібемнің еңсеріп;
Азап, сордың жуасы өсіп жолымда —
Қап - қара әлем ... шаққа келем теңселіп.
Естіледі бүкір дауыс, қисық үн...
Нұр себездер кірпігіме шық қонса.
Түнекті енді үңгіп бағар Түйсігім —
Жуам солып, гүлім қайта шыққанша ...

1991 ж.
* * *
Мына ғұмыр қандай қиын, жан Алла?! —
Зәрлі өмірден еш келісім таппадым.
Жылан уын құйдым сосын қаламға,
Терісімен көздерімді қаптадым.
Жыр жазамын сарыүйектің уымен,
Қамсыздарды шағып алар өлеңім.
Мен озалда Жарасым боп туып ем,
Аян болды Қайшылық боп өлерім.
Нені іздегем мына өмірден,
не білгем? —
Сансыз елес салып кетті түсіме із.
Ай - дарақтың нұр - тамырын кемірген
Қар - аждаһа үсігі ұрды тісі — мұз.
Әлім бітті беремін деп елеске өң,
Елеспенен оңышқан жан оңа ма? —
Күнім құрсын құбыжықпен кеңескен,
Әруақпен де күңірендім молада.
Кіммін сонда? —
Тірі жүрген құр жаным,
Итшілеген күл ғұмырды кешем кеп. —
Ақындардың бүгін айтқан жұмбағын
Ертең атты ессіз келіп шешер деп ...
Жан Аллам - ай! —
Әр бер сұп - сұр әуенге,
Көзіңді алдап күнелтпесін көрбет сұм ...
Жыланға дос, емес ем ғой әуелде,
Дәуіт, дәуіт!
Бесігімді тербетсін! 
Ей, Жасаған!
Естірмісің шыңғырсам? —
Ақ нұрыңды аямай - ақ құя сал.
Болар едім назарыңды бір бұрсаң —
Удан Дәрі жасай алар миясар ...

1991 ж.
* * *
Қалмады түк те көңіл бірлейтін,
Соңымнан қанша сөз де ерттім.
Қабағы қату өмірдің кейпін
Келген-ді сонша өзгерткім.
Өзгерткім келіп өмірімді бір
Басымды тауға, тасқа ұрдым.
Қойдан жаралған қоңыр үнімді
Талады талай қасқыр - мұң.
Соңына да еріп қандыбалақтың,
Жарыместермен жанастым.
Қаншама мәрте бәңгі — кабактың
Тұмандарында адастым.
Жұтқанмын неге аяр уды арам,
Сойғандай тамшы тасты іреп...
Сеніппін бекер: Ай Ару маған
Жұлдыздан шашу шашты деп ...
Тепкіге талай тезекше көнгем,
Ардағы таңба өше ме? —
Қыдырғам қалай жезөкшелермен
Күмірә - күлкі көшеде!?.. 
Обыр пиғылдың Зәндәм құлқыны
Төнген-ді неше құртқалы.
Мәймөңкелік пен жалған күлкінің
Мөрі ғой әжім ұрттағы ...
Жақсылармен де таныстым ән сап,
Тоналған шақта тұлдыр бақ.
Досыммен қанша қауыштым аңсап,
Жапырағымыз сыбдырлап.
Атандым қазір құсадан "қаңғыр",
Бейопа — күлкі, сауық — тұл.
Көзімнен менің құсаяқ жаңбыр
Сірке тамшылап жауып тұр ...
Өмірден солай сырғанап келем,
Өзгерді оның қабағы.
Тек Ажал сұп - сұр бір қабақпенен
Мүсіркеп маған қарады.
Жырымды аяқтап жазармын дейтін,
Қиын ба жұртты сөзге ерту?! —
Алайда маған — Ажалдың кейпін
Керек боп қалды өзгерту ...
29.07.1991 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу