Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  122


Автор: Светқали Нұржан

Маңғыстаудағы түн

О, казахи мои, древние и молодые...
Олжас.

Күн қызылы семіп, нұры жаңа өшті,
Жетіқарақшы көрінеді көмескі.
Түн тілінде тілдеседі менімен
Маңғыстауым — әрі жаңа, әрі ескі.
Сайқал түн кеп шашын сілкіп жаяды,
Жайған шаштың желі желпіп қояды.
"Әйт, шу, өйт, шу!.." —
Керуеншідей түйекеш,
Бесқаладан кіре тартқан баяғы.
Хиуалық қурайышты Құрбашы
Ай – қылышқа қолы жетпей ырғасып
Жатқанында,
Жерге түскен шөгерме —
Қарауытқан бағзы күмбез сұлбасы ...
Тыныштықтың тайып кетті безбені —
Арындаған тажал дауыс сезгенім ...
Жер жүрегін бүріп жатыр мұнара
Жезтырнақтай, бадырайған көздері.
О, Маңғыстау, айналайын, құт — ана,
Қорғалаған торғайыңмын бұтаңа. —
Дала қанын обырша емген құбырлар,
Ұқсап кетті жеті басты Жұһаға!
Боталары баяғыша боздайтын
Бәрі таныс суреттер — көзге айқын.
Бағзы менен Бүгін кеткен астасып,
Бұл не Дәуір — озбайтын да, тозбайтын?..
Тұрпаттары Әзірейілдей қарайып,
Түндегінің кетпек бәрі Зорайып.
Түтіндері қара түнге тығылып,
Тұрбалар түр өндіршегі сорайып.
... "Жау шаптылап!" —
Ұран отын жаққандай
Маң толған от.
Түн басады батпандай.
Тұрбаларға қарайды үркіп қариям —
Зеңбіректі әскер келе жатқандай ...
1989 ж.
* * *
Аспаным аңырады бұлтсыз қалып,
Ерлерім еңіреді ұлтсыз қалып.
Жел деген жендет шықты күрт сызданып.
Бұлттарды бір тауға айдап жиды апарып,
Ұлттарды бір халыққа құйды апарып —
Япырмай, ол не деген түпсіз халық!?
Бұлттарым тауды әзірге қызықтырар,
Бұлағын саусағына жүзік қылар,
Кемді күн гүлі сағақ үзіп тұрар.
Ұға алмас жел - жендеттей қырттың басы.
Жиылған қасіреттен бұлттың жасы
Сол тауды ақыр түбі мүжіп тынар ... 
Жел - жендет әлі талай оралады,
Жеріңнің бар асылын тонағалы.
Түзге ұшып елдіктің ақ орамалы,
Желменен қасірет те күрт тарайды. —
Білгенге бұлт та — қайғы, ұлт та — қайғы,
Қайғысыз Жер мен Елің не болады!?
Мен үшін таптырып ед қай жерұйық? —
Ұлиды ескі жұртта қайғы ерініп.
Сайларға бу шөгеді жаймен ұйып.
Бұлты жоқ көкте көшкен шудалана,
Ту далам айналғандай қу молаға —
Қарайды төбесінде ай мөлиіп.
Жеп мені тауысқан ба тағы - құлқын?
Жиылмай қалғаны ма сағым - ұртым?
Құри ма қайран жұртым, қалың ұлтым? —
Деп едім:
Теңіз шықты буы атылып,
Көкте ойнап қарқуар құс жүр ақырып!
Жебір тау құлап түсті уатылып. —
О, тоба - ай, орала ма - ей, тағы бұлтым!?.

1989 ж. Құрық кенті. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу