Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  313


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЕРТЕ СОЛҒАН ГҮЛДЕР

(1937 жыл)
Неткен заман еді, мұздай суық лебі,
Сол бір сұмдық əлі мазалайды мені.
Қос үрейлі күндер, қорқынышты түндер,
Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер?
Кінəсі жоқ жандар, кімдер кінə таққан,
Күнəсі жоқ жандар, кімдер жала жапқан?
Аққа күйе жаққан, айтыңдаршы, кімдер,
Күрсінеді таулар, тұнжырайды көлдер.
Қайырмасы:
Отыз жетінші жыл,
Қасіретім бұл!
Тарқамайды шер,
Айықпайтын мұң –
Гуілдейді жел,
Мүжілгендей тас.
Көңілімізде – шер.
Көзімізде – жас.
Өңкей асыл боздақ, болды-ау күні қараң,
Олар көрген азап – өлімнен де жаман.
Елін сүйген ердің жау атанған кезін,
Ей, қазағым менің, жан-тəніңмен сезін.
Қарауытып орман, қалың тоғай түнер,
Орнымыздан біздер тұрайықшы түгел.
Тағзым етіп тұрмын, қыбыр етпей, үнсіз,
Егілмейтін іштей, кім бар екен мұңсыз?
Қайырмасы:
Неткен заман еді, мұздай суық лебі,
Сол бір сұмдық əлі мазалайды мені.
Қос үрейлі күндер, қорқынышты түндер,
Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер?
Ерте солған гүлдер, аянышты бəрі,
Ең аяулы жандар, есте болсын мəңгі.
Аза күнгі зарым, азалы жыр, əнім –
Аруақтарға дұға, қабыл етсін Тəңірім!
Мамыр, 2000 – 2003 жж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу