Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  138


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЕСТЕН КЕТПЕС

1
Өтті жылдар
Естен кетпес,
Отты жылдар,
Қырық бір, қырық бес.
Алаула, жыр,
Жалын тектес.
Жадымда жүр
Сонау қырық бір,
Сонау қырық бес...
2
Елге, жерге төнген ажал,
Қара құзғын, қара тажал.
Арайлы таң астаң-кестең,
Сол сəт, сол күн кетпейді естен.
Қара нөсер, қара боран,
Қарагүнем оқ бораған.
Кетпейді ойдан сол жаз, сол қыс,
Қанды майдан, қырғын соғыс.
Қара дауыл, қатер толы,
Қандай ауыр жорық жолы.
Қан майданды бастан кешкен,
Қайран əкем кетпейді естен!
Қаулаған өрт, қара түтін,
Өрт шалмаған кім бар бүтін?
 Жан-жүрегі жараланған,
Қайран баурым, қайран Тəбəм!
Өтті жылдар
Естен кетпес,
Отты жылдар,
Қырық бір, қырық бес!
3
Өрім-өрім жер мен аспан,
Өмір, өлім майдандасқан.
Дүниені сұрқия жау
Ойрандауы мүмкін еді-ау.
Жасқансын деп сонда дұшпан,
Өр кеудесін оққа тосқан;
Талай қыршын, талай боздақ,
Айтсам, бітпес, шерім қозғап.
Қырғын соғыс құрбандарын
Айтпай жəне тұра алмадым.
Жас жүрегі қалған тоқтап,
Қыршындарды жүрмін жоқтап.
Селдіреген қара орманым,
Жоқтамасам, кім болғаным?
Қан майданнан оралмаған,
Мəңгі уайым – олар маған!..
Өтті жылдар
Естен кетпес,
Отты жылдар,
Қырық бір, қырық бес.
 4
Қара қағаз, қаралы күй,
Күңіренбеген бар ма екен үй?
Қанша жетім, қанша жесір,..
Үнсіз ғана ағады Есіл.
Еш хабарсыз кеткендерді,
Өмір бойы күткендерді;
Елестетіп көріңдерші,
Қасіретін сезіңдерші.
Жойқын соғыс зардаптары,
Кімді, деймін, зарлатпады?
Кеудемізде запыран боп,
Азалы дерт айыққан жоқ.
Қолтығынан демей бергін,
Көрсең соғыс мүгедегін.
Майдангерлер, өңкей батыр,
Азайып та бара жатыр.
Бірден мұздап бүкіл денем,
«Соғыс» десе, тітіркенем.
Ұлы Жеңіс, үлкен бұл той
Оңайлықпен келген жоқ қой!..
Өтті жылдар
Естен кетпес,
Отты жылдар,
Қырық бір, қырық бес!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу