Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  133


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ДЕГДАР

Маңғаз деуге келер,
Биязы да тарпаң;
Қара сөзге шебер,
Ақын еді Тахаң.
Өмірде де кербез,
Өнерде де кербез.
Көзқарасы дербес,
Дегдар еді-ау əр кез...
Шалқар десе, Шалқар,
Кең өлкеде туған.
Ізгілікке іңкəр,
Жастай білім қуған.
Көкжиегі жаңа,
Ол тілейді – өріс.
Он сегізде ғана
Басталғанда соғыс.
Шіркін, сол бір дəурен,
Өршіл, асқақ кезі;
Айқасуға жаумен
Сұраныпты өзі.
Соғысқа да кірді,
Жүрек мұздап, ысып,
Өлімді де көрді,
Шіміркене түсіп.
Үрейленбей онша,
Көкейіне түйді.
Өмірді де сонша
Жан-тəнімен сүйді.
 Келді жауын жеңіп,
Қуансын, деп, Елі.
Дегеніне берік,
Ол майдангер еді.
Сондықтан ба деймін,
(Көрген құқай аздай)
Қиналғаны кейін –
Жеңіл-желпі жазбай.
Дала сырын шертіп,
Ой тербейтін еппен.
Боранға да елтіп,
Жазу оңай деп пе ең?
Көкірегі кемел,
Баппен қалам тартқан.
Қара сөзге шебер,
Ақын еді Тархаң.
Кім жазады мұны,
Шабыт оты маздап.
Бұл – Махаббат мұңы,
Бұл – керемет Лəззат!
Тілдің, сөздің нəрін
Білді дəмін татып.
Толғаушы еді бəрін
Баяу қоңырлатып.
Шырағың да сенің
Сөнбесінші, деді.
Ойлап жатып елін,
Мызғып кетті-ау, тегі.
Мəңгілікке бұл ер
Тыныштығын тапқан.
Ол – «Қаһарлы күндер»,
Ол – Тахауи Ахтан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу