Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  340


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ҒАЖАП АДАМ

(Ғабит Мүсіреповке)
Үстінде қылау тұрмас қылап кісі,
Қашанда қалыбында бипаз ғана,
Ұнатып, келсе өзінің ұнатқысы,
Көзіне іле бермес жиһазды ана.
Сырдай ғып сирек айтар кəміл ойын,
Оған жат өсек, ғайбат, сырттан егес:
Түсірмей ғұмырда өз абыройын,
Басқаның бетін бекер жыртқан емес.
«Ру» деп ұрындырып, жұлқыстырмай,
Сипатын сынай сүйген ұлтымыздың.
Астарлы сөз орамы күміс қындай,
Ұстайды лыпылдатып күлкі жүзін.
Паң тартып, небір дөйге мойын бұрмай,
Дүмбілез, даңғойларға қабақ бермес.
Сезді екен селт еткізер ойын қылдай, –
Жассынып, жатсынбайды талапкерді еш.
Сақтанып салақтықтан, халтурадан,
Қояды əлсін-əлі пікір толғап.
Ашынып айтқанда сын ал турадан. –
Сезесің темір қысқыш, кірпі қолғап.
Өнердің шыңын алған үлкен шынар,
Ұната бермес əлі мақтағанды.
Той былай, толғанып ол жүрген шығар,
Рəсім, тəртібіне мəттағам-ды.
Ту етіп туған жұрттың ар-намысын,
Əр сөзді жанын қинап жазар əман.
 Даланың дара біткен ардағы шын,
Біздің бұл Ғабең деген – ғажап адам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу