Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  166


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ТАНЫСТЫҚ ТАНГОСЫ

Əркімнің жүрген бір армандап,
Асылы, ардағы болады.
Арманға жолығып қалғанда
Жүрегің жиірек соғады.
Той күнгі қуаныш əуені
Құйқылжып тұруы тəн болсын.
Билейік, құрбыжан, əуелі
Танысу тангосын.
Мыңдардың ішінде жалғыз жан
Көңілді өзіне бұрады.
Жаныңды сүйсінтіп, таң қылған
Күлкісі сыңғырап тұрады.
Аққу-қаз айдында құмартып,
Жұптасып жүзгендей сəн болсын.
Билейік буынды бұралтып
Табысу тангосын.
Уақыт зымырап өткесін,
Тойдың да тарқауы заңды ғой.
Кеудемде талпынған пəк сезім
Балапан күйінде қалды ғой.
Жан сырын жеткізіп айтарға
Арада дəнекер əн болсын.
Билейік, құрбыжан, қайтарда
Қоштасу тангосын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу