Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  142


Автор: Жарасбай Нұрқанов

БОТАҚАНЫМ – ЖЕЛМАЯМ

Көкшенің көк мұнарлы жоталары,
Қандай жан қайран қалмай өте алады?
Аймалап өркеш-өркеш тау шыңдарын,
Көңілім тосыннан жыр боталады.
Майысқан тілерсегі маймақ бота,
Жетілді күн шуақта ойнап бота,
Қарайды дүниеге жəудір көзбен,
Ойы жоқ өте шығар жайдақтата.
Соқтығып Аютасқа, Сиыртауға,
Жүргені өзі ілігіп қиын дауға.
 Төскейге төтелеген ботақаным
Құлықсыз ескі жұртты шиырлауға.
Жабулап көркем ойдың бозталағын,
Есілген шым жібекпен сөз тайладым.
Қазақтың өлең көші қаламайды
Биіктен бір мезетке көз тайғанын.
Қаракөк қарағайдан жамылғысы,
Тозбайтын жасыл мауыт жазы-қысы...
Орманын асыл жырдың ақын көңіл
Келеді кербез таудан асырғысы.
Сүйкеніп Бурабайға буыршыным,
Аңыздың білсем дейді туу сырын.
Қапыда қалғып кеткен Жеке батыр
Мəңгіге сақтаса екен сұлу сынын.
Алысқа мойын созған жоқшыдай нақ,
Оқжетпес сонадайдан оқшыраймақ.
Тұрғандай қолын бұлғап əлеуметке
Қиялдай көк буалдыр көкшіл аймақ.
Шуда бұлт аусын-жаусын,
келіп жүрсін.
Шыңда – құс, шытырманда елік жүрсін.
Ішінде көп таулардың,
көк таулардың,
Арманым: желмая – жыр желіп жүрсін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу