Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  215


Автор: Жарасбай Нұрқанов

СТУДЕНТТІК ДƏУРЕН

– Ал кəне, абитуриент, бізге кел, – деп,
Есігін айқара ашқан университет.
Маусымда тест тапсырып, балл жинаған
Балалар келді осында, болды студент!
Оқуға түскен ұлдар алақайлап,
Құлпырып шыға келді қыздар жайнап.
Жаңа лек, жаңа дүрмек дуылдаған,
Бас корпус, ардақты зал кетті қайнап...
Əудемде арайланып күншығысым,
Кеудемде шырылдайды жыршы құсым.
Көрсең ғой алтын күзде, алғашында
Су жаңа студенттер құлшынысын.
Сабаққа келе жатыр сағыз шайнап,
Құлақта плеері жəне сайрап.
Сөмкеде не бар-жоғын кім біліпті,
Иыққа асынуы сондай əйбат!
Білімді болғылары келсе шындап,
Оқуын бітіргенше емес тынбақ.
Бұларды тосады алдан дəрісхана,
Отыр ғой олар қазір дəріс тыңдап.
Апайдың кескінінен көзін алмай,
Ұл мен қыз ұғынады сөзін талмай.
Ағайдың əлсін-əлі «жалпайтқанын»
Жалықпай тыңдайтұғын төзім қандай?!
 Миы да көп оқудан ашып кеткен,
Бір мезгіл көзін ұйқы басып кеткен
Отырған əрең шыдап кей студент,
Ақырын лекциядан қашып кеткен...
Сабаққа келсе бір күн, келмей бір күн,
Кететін болды желдеп дүркін-дүркін.
Студент сайран салып жүрер еді,
Азғантай «стипентай» болса, шіркін!
Сабаққа он күннен соң өзі кепті,
Бұл жоқта не болғанын түсінбепті.
Бейтаныс бəтшағарды көрген доцент:
– Осы сен оқисың ба бізде? – депті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу