Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  138


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЖƏБІРЛЕНУ

Екі ішекте – мұң мен шер
Ойлансаң, осы сөзге құлақ түріп,
Бізде бар өзінше тұрақтылық.
Тұрақты түрде дəйім қазағымның
Көретін көресіні, азабы мың.
Бейнетқор көп қазақтың біреуі – мен,
Сезілер кім екенім жүдеуімнен.
Мəз емес тұрғылықты елдің халі,
Өлең-жыр оны айтпаса, кімге дəрі?
Жүретін ылғи да бір үйсіз-күйсіз,
Үнемі қазақ, десем, үндемейсіз.
Болғанмен екі бірдей астанасы,
Қазақтың əлі де мұң баспанасы.
Талайға пана болған аздап қана,
Əрдайым əуресі көп жатақхана.
Қолайсыз жыл он екі ай жыры бітпес,
Төлейтін ақысы да азап тектес.
 Жарлыны қуып жатқан жатағынан
Дөкейдің ат үріккендей атағынан.
Ұдайы қазақ байғұс зар илеп жүр,
Жұбайы көз жасына нан илеп жүр.
Он сотық жері де жоқ үй салатын,
Қазақ қой қашанда сол қиналатын.
Көрсетер жұрттың өзін жұғымсыз ғып,
Көбіне қазаққа тəн жұмыссыздық.
Бір күрек екі қолға табылмады,
Қай қазақ жұмыс іздеп сабылмады?
Ауылдан қалаға жұрт ағылғанын
Орасан тауқымет деп қабылдадым.
Жалданып кəріске де, қытайға да,
Қазақтың ырысы бір құтайған ба?
Жем болып аңқау қазақ жүліктерге,
Қадірі кем болып жүр түріктен де.
Кеншілер қырылса да небір атпал,
Безеріп, мыңқ етпейді озбыр Миттал.
Ашынған айқай-шуға, ысқырыққа
Қожайын қарамайды пысқырып та.
Қорқыттың қайда барсаң, көрі боп жүр,
Қазаққа полицейлер бөрі боп жүр.
Кісіні бір сөз айтқан ұстап та жүр,
Кінəңді мойында, деп, қыстап та жүр.
Қазаққа тап беруден іркілмейміз,
Қит етсе, қазаққа тек зіркілдейміз.
Күйінбей қазақ бұған қайтіп шыдар,
Қазақты қайтсе де бір кемсіту бар.
Біздегі академик дегендерді
Бір кезде Школьник те билеп еді.
 Могильный деген біреу ессіз, тегі:
Жоқ, дейді, қазақта бұл Сегіз Сері.
Қымсынбай əлдекімнің бұлай деуі –
Қазақты қасақана жəбірлеуі.
«Мемлекет сендердікі, жер біздікі»
Деп көкіп жүрген жоқ па кей əулекі?
Бөтен боп көрінуге асығулы,
Басқаның бұл да бізді басынуы.
Бөркі де кейбіреудің қоқырайып,
Қазаққа қарайтындай одырайып,
Өзге жұрт секілді бір өте зия,
Қазақты менсінбеуде – тенденция!
Халықтар... ассамблея... деген бəле
Қорлап тұр қазақ елін, көрдің бе, əне...
Мен өзім ар-намысы бар кісімін,
Кетеді көтеріліп қан қысымым.
Жүрген соң қазақ байғұс зар еңіреп,
Менің де отырғаным есеңгіреп.
Осынау Жер бетінен Айға дейін,
Қазаққа жанашыр жан қайда, деймін.
Қазақтың бебеулетіп домбырасын,
Көз жасым омырауға сорғаласын.
Екі ішек мұңға толы, шерге толы,
Мен бүгін біразырақ шерттім соны...
...Əйтеуір: «тұрақтылық» десеңдер-ақ,
Тұрады көз алдымда сорлы қазақ.
Бір сұрақ лауазымы, шені барға:
Қазақты жəбірлеудің шегі бар ма?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу