Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  117


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ТҮНГІ ЖАҢБЫР

Түннің бір уағында
Оянған кезім менің.
Қорықтым ба, қуандым ба,
Əйтеуір көз ілмедім.
Саулаған жаңбырдың да
Зар-мұңы бар ма дедім.
Сен дағы тыңдадың ба,
Үздігіп алған демін?
* * *
Бұл сөзіме қабақ шытып, қарағым:
«Бастың, – деме, – баяғы бір əуенге».
Сол əуенде арманы бар Даланың,
Арай таңға үміт артқан əуелде.
Сол əуенге құлақ түрдім жасымнан,
Сол əуенге шын көңілден толқыдым.
Сол əуенмен даусым менің ашылған,
Сол əуенге қосылғым кеп отырмын.
 * * *
Омырауға орден тағып көргем жоқ,
Кеудем таза, қызғаныштан өлгем жоқ.
Ақ сөйледім, адал жүрдім əманда,
Тек көкейде жалғыз арман сөнген жоқ.
Əкімдерден бір табан елге жақын,
Ақын болсаң, арман не, сөзің – алтын.
Неше жерден өкімет өзгерсе де,
Ұмытпаса болғаны туған халқың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу