Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  146


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ГҮЛНАУРЫЗ

Көгілдір көктем. Гүлнаурыз.
Еркіме менің қоймады,
Сызылып келген бұл Наурыз
Еркелік жасап ойнады.
Қалайша сөгем, мін тауып,
Жайдары болса дидары?..
Кенеттен бірақ қар жауып,
Күн суып кетіп, қинады.
 Себебін кімнен сұрайын,
Осынша қардың мол жауған,
Құбылған ауа райын
Жаңылдым тіпті болжаудан.
Мінекей, Наурыз биыл да
Бірде – қар, бірде – күншуақ;
Мыңғырған ойлар миымда
Өлең боп шықты бір шумақ.
Ойланып жəне азырақ,
Болғанша түзеп жырымды;
Қабағы Күннің жадырап,
Қайтадан Наурыз жылынды.
Тосыннан тосын тағы да,
Барады мүлдем күн ысып;
Бүгінгі тойдың қамында
Танылар кім бос, кім пысық.
Аумаған менің сəулешім,
Алаулап жүрген сияқты,
Сүйемін Күннің сəулесін.
Сүйемін нұрлы шуақты.
Жылғадан жылға – мың бұлақ,
Бəрі де бүгін жүгірмек;
Жағалай күлкі сыңғырлап,
Дүние тұрды күмбірлеп!
Күн ашық болса бүгін де,
Көшеге шықпай, кім шыдар?
Ұлыстың ұлы күнінде
Желпініп алған жөн шығар.
Аспандап жүрген көңілім,
Бəсеңдей көрме, төмендеп.
 Қыздырып Наурыз көрігін,
Қайтсе де бүгін өлеңдет!
Өйткені бүгін – мереке,
Тəуелсіз елім тойлаған.
Айнала қызу жəрмеңке,
Көркіне көзім тоймаған.
Өйткені бұл сəт ерен ғой,
Наурыздың нұрлы шуағы.
«Базарға барсақ» деген ой,
Өзінен өзі туады.
Жетер ме бірақ төзімі,
Көрдің бе жұртты жаңағы?
Базардан əркім өзінің
Керегін іздеп табады.
Іздеумен өткен ғұмыр ғой,
Өкініп оған қайтеміз.
Табыла бермес мұндай той,
Шалқуға əбден бар негіз.
Наурыздың нұрлы шуағы,
Қуантпай мені қоймайды.
Сүйсінтіп Наурыз думаны,
Жүрегім аттай тулайды.
Қалтада теңге қаншалық,
Соншалық думан жасарсың.
Əйтсе де шырқап əн салып,
Жасарсын көңілім, жасарсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу