Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  134


Автор: Жарасбай Нұрқанов

АРАЙЛЫ НАУРЫЗ

Арайлы Наурыз – жаңа күн,
Орнаған кезі өңірге,
Қарадым сол сəт даланың
Дөңкиген əрбір дөңіне.
Төбенің шықсаң басына,
Көкжиек біраз алыстар.
Төбеге шықтым асыға,
Жəй емес, мұнда мəніс бар;
Молайған менің кенішім,
Зорайған сайын əр төбе.
Қарауыл төбе – мен үшін
Өзінше биік мəртебе.
Бетімнен самал өпкенде,
Сезімтал көңлім елжіреп,
Қарауым сонау бөктерге,
Тұр ма деп гүлдер желбіреп?..
 Бар ма екен, дедім, бəйшешек,
Бар ма екен, шіркін, жауқазын?..
Құшағым толы гүлшешек,
Құмарым, дедім, тарқасын.
Жаратқан тəңірім əуелде,
Əсемдік үшін бізге арнап,
Үлбірей қалған əудемде,
Бар ма екен қырда қызғалдақ!
Сен де бір нəзік Гүлім ең,
Өзіңді мүлдем сағындым;
Сондықтан болар, күнімен,
Сарғалдақ іздеп сабылдым.
Айтайын бəрін ендеше,
Ретін тауып жөн сөздің;
Маржангүл іздеп мен кеше,
Қоңырау гүлге қол создым.
Іздесең, оңай табылмас,
Табиғи нəрсе ең тəуір;
Талпынған кісі тек тұрмас,
Талпына бердім əйтеуір.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу