Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  120


Автор: Жарасбай Нұрқанов

КОМБАЙНШЫ СЫРЫ

Таласып күзгі таңмен тұмса бөрте,
Керіліп, қатты есінеп тұрсаң ерте.
Ұйқыдан мұқым сергіп мұздай сумен,
Сүртінсең күн нұрымен жұмсақ, ерке.
Жүректі жүре жалғап, белді бусаң,
Дүр еткен моторыңнан шықса бу, шаң;
Шұбалған алтын арқан жинағандай,
Етегін алтын жалдың түре қусаң.
Бұралып қалбағайың жұтынғанда,
Жалғыз тал, жарты масақ құтылған ба?
Сол бетпен түскің келмес түстікке де,
Танаптар тақырланбай бүкіл маңда.
Қарамай қап-қара май, тозаңына,
Толқисың: «Қалдым ба, деп, оза алдым ба?»
Бүктелген бұйра десте, саулаған дəн
Самсайды ұзақты күн көз алдыңда.
Зырылдап барабандай уақыт шапшаң,
Қырындап кетіпті-ау күн, болыпты ақшам;
Біреулер көлденеңдеп қол бұлғайды,
Есепші, үгітші қыз – қарап бақсам.
Жалауды қадап жатыр, таққандай гүл,
Мұндайда, мықты болсаң, мақтанбай күл,
Дуылдап тұла бойың, бүкіл ойың,
Бір кесе түнемелден тартқандай бір!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу