Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  134


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ТАҢ АТЫП КЕЛЕДІ

Таң атып келе жатыр баяу ғана,
Алтын Күн көзін ашты жаңа ғана.
Бөленіп ақ сəулеге керіледі,
Қарсы алған Жаңа жылды байтақ дала.
Жаңа Жыл – жарық сəуле, жұлдыз ба екен,
Құлпырған əлде кəмшат, құндыз ба екен?
«Жаңа жыл, жаңа күнім, келдің бе?» деп,
Қуанып, құшақ жайып тұрмыз ба екен?
Жаңа жыл – əлде нəзік сезім бе екен,
Сезінген соны бір сəт кезім бе екен?
Жаңа жыл, жаңа күннен дəмесі зор,
Адамдар, не дегенмен, төзімді екен!
Сүттен-ақ, судан таза жүргендіктен,
Бар шығар қиындықтар мені күткен.
«Жаңа жыл, жақсылығың көп болғай» деп,
Қараймын келешекке мол үмітпен.
Оянып елден бұрын таңсəріден,
Қаңтардың сусындайын кəусарымен.
Үлпілдек, жаңа ғана жауған қардай,
Кіршіксіз тазалықты аңсадым мен.
Таралған дүниеге таңғы нұры,
Армысың, Жаңа жылдың жаңа күні!
Əн болып сағынышым самғасын бір,
Əуені толқындатып жаңғырығы!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу