Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  130


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЕРЕЙМЕНТАУ

Ереймен – көшкен елдей таулар легі,
Таулардың сəскедегі саумал лебі...
Баяғы жаугершілік заманында
Батырдың жауына ойран салған жері.
Қалғандай қарт тарихтан көкшіл мұнар,
Мұнартқан биіктерге жаным құмар.
Өмірдің шыңдарынан көз алмасаң,
Бітеді бойға қуат, ойға құнар.
Айнала шөгіп жатқан шежірені
Аймалап, ақын көңіл елжіреді.
Ереймен қойын ерте тоғытқандай –
Көктемде Қарасорда сең жүреді.
Басында құпиясы құндақтаулы,
Кім көрген Жуантөбе – құмдақ тауды?
Қол үзіп, қоңылтақсып кетпеу үшін
Ат ізін тілейді екен құрғатпауды.
Жеткізбей Желтау жақтың жоталары,
Жанары жолаушының боталады.
Самсаған бағандарды қуалаумен
Сағыныш өз-өзінен тұтанады.
Армандай Сұңқарқия шаңытқалы,
Сұңқардай ұшқыр қиял шарықтады.
Етегін Ақшоқының қоныстанған
Ауыл тұр ерте бие ағытқалы.
Қойнауын көрген сайын Ырғайлының
Ойлауым істің бабын ұлғайды мың.
Іздесең таптырмайтын жерұйықтай –
Өзі екен шаруаға ыңғайлының.
 Жырласам дөңін дөңдей, тасын тастай,
Таулары Ерейменнің таусылмастай.
Бұрайын аттың басын Айғыржолға,
Кетем бе құрдастармен қауқылдаспай.
Жаңғыртып ұл мен қыздың жарқын даусын,
Шалқар тау таусылмаса таусылмасын.
Жалғайтын кешегі мен бүгінгіні
Тағынып тұрсын күміс қаусырмасын




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу