Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  151


Автор: Жарасбай Нұрқанов

АНАШЫМ

(Анам Күлсімге)
Сен барда ешнəрседен тарықпаған,
Мен едім өнер құсым шарықтаған;
Сездім ғой, ана, сенің мейріміңді,
Айналып-толғанудан жалықпаған.
Тұрмайтын қолды-аяққа балаң едім,
Пəледен сақтандырған панам едің;
«Ақсүтің ақталды ма, анашым» деп,
Көңілім əлі күнге алаң менің.
Сөз емес атақ, мансап, айлығымыз,
Біз-сенің «ой, құлыным», ай-күніңбіз,
Алдыңда, ана, сенің тəк тұрамыз,
Өзгені жасқантса да айбынымыз.
Ұл-қызың үйлі-баран, алшақтады,
Көзіңнен кейде маржан моншақтады,
«Жаным» деп, жанымызда сен жүресің,
Əкесі он баланың болсақ тағы.
Сусынға қымыз берген, шөліркесем,
Бар ма екен күміс ожау, кəрлен кесең;
Көңілдің сені аңсаған кездерінде
Күй болып күмбірлейсің, қайран шешем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу