Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  113


Автор: Жарасбай Нұрқанов

КҮЗГІ ТАҢ

Аспаз құрбым сырғасы алтын,
Көзін ашып қарайды таң.
Асыл жанмен сырлас əр күн
Тамылжыған арайлы таң.
Таң сызылып сұлу қыздай,
Сергітеді суы мұздай.
Ерте оянып елден бұрын,
Су жылытып, ас қамдаған;
Бұлғаңдайды ерке бұрым,
Еш нəрседен жасқанбаған.
 От қасында жүрген жанның,
Алаулаған жүзі жалын.
Қыздың тəтті қиялдары
Жанған отпен бірге шалқып,
Өз ойынан ұялғаны –
Өңінде тұр нұрға балқып.
Дəмханасы қыз-қыз қайнап,
Қостың басы кетті жайнап.
Қостан шығып жуынған ер
Діріл қағып, гүрілдейді:
– Ыстық судан құйып жібер,
Күйсе мойным, күйсін мейлі!
Суы шым-шым. Қандай асыл.
Жігіт көңілі айран-асыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу