Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  124


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ҚҰТТЫ БОЛСЫН ҚУАНЫШ!

Уай, менің Сұлтанбегім, Зүбəйрашым,
Тойыңа келдік біздер шақырғасын.
Дегенде: «Қанатымыз үйленеді»,
Қалайша біздің əйел қуанбасын?
Ол шіркін Сұлтанбектің құрдасы да,
Құрбысы Зүбəйраштың, сырласы да.
Жасында алып қашқан өзім едім,
Əзірге қашып кетпей жүр қасымда.
«Айтқанды түсінеді күйеуім» деп,
«Шашымды жеңіл ғана түйемін» деп.
Əуреге түсті сонша біздің сəнқой:
«Бұл тойға жаңа көйлек киемін» деп.
Кешікпей, мезгілінде келіп тұрмыз,
Жағалай сөйлеуге де көніп тұрмыз.
Төрінде салтанатты той-думанның
Қанат пен Əйгерімді көріп тұрмыз.
Екі жас қол ұстасып қосылғансын,
Екеу боп үйлесуден жаңылмасын.
Толтырып жас отауды қуанышқа,
Сəбилер үсті-үстіне іңгəласын!
Бір тентек тартып тусын атасына,
Ақынның тілегі сол, батасы да.
Ей тəтті, ең сүйкімді немереңнің
Зүбəйраш, тайып жығыл кəкəсына!
Бұл сөзге жас жұбайлар күлімдесін,
Бір-бірін: «Айым» десін, «Күнім» десін!
Қосылған екі жастың мерейі үшін
Бүгін – той, бүгін думан дүрілдесін!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу