Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  97


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ОРДЕНДІ ӨТЕГЕН

(Балқашин ауданы «Приозерный» совхозының
малшысы, Еңбек Қызыл Ту орденді
бақташы Өтеген Тілегеновке)
Осы жаз ойда жоқта көрдік Сізді,
Жас өңді жан екенсіз қызғылт жүзді.
Қашанғы таныстардай қарсы алғанмен,
Əуелде есту қиын үніңізді.
Тоқтатқан жоқсыз істі бастай беріп,
Еркіңіз сіздің, сірə, тастай берік.
Тəмəмдап, тап-тұйнақтай етіп бəрін,
Көптен соң қол бердіңіз саспай келіп.
Шай үсті, жайғасқан соң келдің тілге,
Шешіліп, шерттіңіз сыр енді міне...
Сүйсініп, таңырқасып біз отырдық
Терең ой, теріңіздің кеңдігіне.
Шыдаған ширек ғасыр мал бағуға,
Əл қуат əбден лайық таңдануға.
Бір ғажап мекен-жайдай сізге қора
Бөленіп тұратұғын таңда буға.
Айтқандай асыл жарға сөзіңізді,
Алмайсыз жардан шегір көзіңізді.
«Қойшы», – деп қолын сілтеп, ол күлгенде
Қуантып кетті соның өзі бізді.
Жақсы əке, жайнап өскен ұл-қызы бар,
Нақ төрде «Жалыны» мен «Жұлдызы» бар.
Үй ішін мұнтаздай ғып күтіп тұрған
Күмісжан жеңгеміздің қымызы бал.
 Өтеген – мал бағудың майталманы,
Ақынның əзірге сол айта алғаны.
Еңбектің Қызыл Туы құтты болсын,
Қашанда қажырлы еңбек бол тарланы.
1971 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу