Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  77


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ШАТТЫҚ ƏЗІЛ

«Əсем» дейтін алпыс қанат үйге еніп,
Елдің көңілі көркейіп тұр күйленіп.
Ақ түйенің жарылған сəт қарыны –
Темекеңнің тентек ұлы үйленіп.
Тосқан шақта дастарқанын жайып той,
Ашық-жарқын жайғаспауым – айып қой.
Емін-еркін, ас та төктің кезінде
Тойыңқырап алуға да лайық қой.
Алдымдағы алтын зерең шайқалып,
Қуанышым қалды білем байқалып.
 «Екі жастың бағы ашылсын, деймін мен,
Құшағына алсын бақыт айқарып!»
Қос жүректе көктей қалған сезім гүл
Қауыз ашып, қауышатын кезі бұл.
Ішпей-жемей масайраған жас жұбай,
Ендігісін айтқызбай-ақ өзің біл.
Қол ұстасқан киік жігіт, елік қыз,
Екеуінің қызығына келіппіз.
«Жас отаудың босағасы берік боп,
Шаңырағы биік болсын!» дедік біз.
«Тоғыз айдан он күн асты» дегенде...
Тоғыз айға жетпей əлде келем бе? –
Болашақ бір нəрестенің іңгəсін
Сонда тағы қоссам деймін өлеңге!
* * *
Төсінде сар даланың салған жорық,
Егінін ер диқандар алған орып.
Танаптың басында тұр қасын керіп.
Маңдайдың əжімдері шаңға толып.
Егінжай қалған кезде тақырланып,
«Аңыз» деп атапты ғой ақын халық.
Аңыздан асып түсті алтын орақ,
Шындықты айтар болсақ батылданып.
* * *
Күні кеше біздер де жас болғанбыз,
Айдын көлге қос аққудай қонғанбыз.
 Жарты ғасыр жұбай болып жұптасқан,
Енді бүгін желкілдеген орманбыз.
Жарты ғасыр жарасымды бойымыз,
Елу жылдан егіз біздің ойымыз.
Ағайынға жар саламыз, келіңдер,
Өмір жарқын, бүгін – алтын тойымыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу