Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  103


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ҚЫС

Ақша қар – қыста жауған аспаннан нұр,
Аппақ ұл – күні кеше басталған жыл.
Тынымсыз сағат санап, күнге қарап,
Өседі жылдамырақ басқадан бұл.
Есейген сағат сайын тəулік батыр,
Күн көзін дөңгелентіп келе жатыр.
Əркімді ақ сəулеге бөлегендей,
Əркімге өмір өзі береді ақыл.
Əр тəулік өз үлесін тауысады,
Дүйсенбі сейсенбіге ауысады.
Сəрсенбі сəтін беріп жолаушыға,
Бейсенбі қауырт іспен қауышады.
Көбейіп жұма күнгі жиналыстар,
Сенбіде сексен түрлі қиналыс бар.
Кешіне жексенбінің жетсек, шіркін, –
Оңаша ойлануға жаным құштар.
 Болғанмен қыстың əр кез, əрқалайы,
Айнымас қаһарынан қаңтар айы.
Ұйтқытып апта сайын ақ боранын,
Үш дүркін үскірігін қайталайды.
Сездіріп бізге қаңтар қыстың кəрін,
Сары аяз сақылдаған айтады əнін.
Кезінде ол да қызық өзінше бір,
Келмейді қазір бірақ қайталағым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу