Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  147


Автор: Жарасбай Нұрқанов

МЕРЕКЕ МЕРЕЙІ

Сəуір өтті,
тəуір өтті тамырдай,
Тағы жетті масатылы мамыр – Май!
Еңбекшілер мерекесі ежелден,
Аяулы күн – адамзаттың жарындай.
Бұлт күркіреп,
нұр сіркіреп,
жай ойнап,
Жұпар аңқып,
тұрған балқып бар аймақ.
Танысына таңырқаған адамдай
Күн əлемге, əлем Күнге қарай ғап.
Жұмысшы жұрт күннен бұрын оянған.
Тойға келіп тоғысқан-ды ой-арман.
Көшелерде адам селі аққандай,
Жердің жүзі жеті түспен боялған:
Жарқын жасыл,
күрең қызыл,
шаңқан ақ –
Шарлар ұшты, көкке қарай шалқалап.
Пүліш гүлдер күміс күнге шағылып,
Жалт-жалт етіп жатыр бүгін шартарап.
Алаңдарда адам тасып келеді,
Қолдарында – көрсеткіші, дерегі.
Жер мен көкті тұтастырған тулардың.
Қандай ғажап, жел ойнатқан желегі.
Көкте жүзген көгершіндер – таң құсы,
Көңілдерін ұшырғандай бар кісі.
Ұлы Отанда жаңғырыққан ұрандар –
Халқымыздың ақ жүректі алғысы.
 Ел қамына,
Ер бағына арналған
Барша ниет туған асыл арманнан.
Жөніміз – сол.
Жолымыз – оң,
аумаймыз.
Парасатқа негізделген бағдардан.
Мейрам күнгі мерейіміз тым асқақ.
Мерекеміз берекеге ұласпақ.
Ақ пейілді аян етіп,
баянды
Құйқылжыта тартшы, құрбым, құлаштап!
Май – мереке,
қызу тулар жайнаған.
Май – береке,
қызу еңбек қайнаған.
Шабыт қалай шалқымасын бұл күні,
Шат күлкілі
шадыман жүз – айналам.
1 мамыр, 1966 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу