Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  197


Автор: Жарасбай Нұрқанов

АЛТЫН ҰЯ – МЕКТЕБІМ

Шал ақын ауданындағы
Ленин орта мектебінің оқытушысы
Байтеленова Нұрсұлу Ахметжанқызына
Өмірдің сонау гүлгүл көктемінде
Оқып ем Ленин орта мектебінде.
Есіме, туған елім, сен түсесің,
Азырақ көз жіберсем өткен күнге.
Есілдің екі беті – қазақ елі,
Білімге құштарлығы ғажап еді.
Құлынын оқуынан қалмасын деп,
Оятқан таңсəріден əжем мені.
Аташым: «ə, құдай, деп, өзің қолда»,
Ат жегіп шығушы едік үлкен жолға.
Алыстан мен мұндалап тұрушы еді,
Осынау орта мектеп бізге сонда.
Көбейіп бала шəкірт оңнан-солдан,
Келетін Жаңаталап, Жаңажолдан.
Бəріміз балапан құс секілдіміз,
Жерорта теңізіне жетіп қонған.
Ақсудан, Жаңасудан, Еңбектен де,
Келетін Кеңес, Бірлік, Өрнектен де.
Мен өзім – Көктеректің көгершіні,
Дос болдым Төкенмен де, Ермекпен де.
Оянып өз бетімен ала таңнан,
Орал да келген екен Қараталдан.
Бесінші, біреу емес, екеу болдық,
Біз едік қатар самғап, қанаттанған.
 Көшкен кез алтыншыдан жетіншіге,
Желкілдеп жүргеніміз əлі есімде.
«Сол кезде мен де тентек болдым» десем,
Сөзіме, кейінгілер, сенесің бе?
Бір күні үзілісте көп ойнадым,
Білмеймін, Ақбаламен неге ойнадым.
Артымнан теуіп қалған əлгі Оралды
Класқа кіргізбейін деп ойладым.
Есікті тарс еткізіп жауып алдым,
Аяқты тірейтін жер тауып алдым.
Шіреніп тұтқасынан тұрдым ұстап,
Кім білген əр жағында дауыл барын.
Аласа табалдырық – əлсіз тіреу,
Кісіні күлкі етеді əлін білмеу.
Қолымды солқылдатып шыдатпай тұр,
Оралдан əлдеқайда мықты біреу.
Бекерге мен сіресіп тұрған екем,
Жарқ еткен көзілдірік алмасқа тең.
Есікті ашуланып жұлқып ашқан,
Мəссаған, математик Ақаң екен.
Есептен бес алуға оқталып ем,
Жоқ жерде тəртіп бұзып, ұсталдым мен.
Жағымнан Ақаң сонда салып қалды,
Қалыңдау алгебра кітабымен...
Бұл бір сөз біразырақ күлу үшін,
Ақаңды еске сақтап жүру үшін.
Қысқасы, бұл мектепте біз де оқыдық,
Кейінгі балақандар, мұны түсін.
Арылып бойымыздан көп кемістік,
Есейіп жылдан жылға, біздер өстік.
 Тырп етпей, қатар түзеп тұрушы едік,
Шияптың саңқылдаған даусын естіп.
«Ақыным, айтпайсың, деп, бізді неге?»
Қымбатты Зура тəтей, өкпелеме.
Мен неге ұмытайын ұстазымды,
Бейнесі Жылгелдінің көңілімде.
Өмірдің асуы көп өткел бермес,
Онжылдық – ұл мен қызға үлкен белес.
Ерғазы Қайриямен бірге оқыды,
Екеуін қосып айтпау мүмкін емес.
Оқытқан тəрбиелеп мұғалімдер,
Жан сырын мұғалімнің ұғар кімдер?
Есмақан Қағидаға сабақ берген,
Есіме түсіп кетті сонау күндер.
Əсима жалт қарайды Шалбай десем,
Екеуі жандай тату, қандай десең.
Сабағын жан-тəнімен түсіндірген,
Солардай жас мұғалім болсын Əсем.
Бұл күнде жету қиын туған жерге,
Сіздерге осы өлеңім – сəлемдеме.
Сəлем де Əбілкəрім Мейрашына,
Сəлем де Байбатыров Сəденге де.
Нұрсұлу! Тойларыңа бұл – шашуым,
Сендермен бірге шалқып, мен тасыдым.
Жайнасын алтын ұя, орта мектеп,
Ең қымбат, ел ішінде, ең асылым.
Алматы, 1992 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу