Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  183


Автор: Жарасбай Нұрқанов

АУҒАНСТАН

Арқауы өркеш-өркеш таулар легі,
Тағдыры тастай қатты ауған елі.
Обырлар момақанға көз алартып,
Бабырлар əлсін-əлсін жаулап еді.
Күншығыстан, Күнбатыстан
Найза сілтеп төнді дұшпан.
 Құмдай борап келген жаумен,
Арпалысқан Ауғанстан.
Көгінде нөсер бұлты көрінбеген,
Көңілде – қайғы бұлты сөгілмеген.
Тынымсыз соққанында ауған желі,
Сұрықсыз өгей тартар өмір деген.
Езгі жаншып өкпе тұстан,
Борыш қаптап, қарыз қысқан.
Жоқшылықтың тозағында,
Азап шеккен Ауғанстан.
Өзені жазда кеуіп қалатұғын,
Өзегі тəулік бойы талатұғын.
Болаттай тотқа төзіп, отқа түсті,
Жолатпай ағылшынның ала туын.
Отаршылдық – кəрі мыстан,
Құлдық торын құрды тұстан.
Қорлық жолға көнген емес
Антқа берік Ауғанстан.
Арылмай көне заман заңдарынан,
Жаңылмай келген бірақ арманынан.
Жас ауған елі бізбен етене еді.
Ең алғаш тəуелсіздік алғанынан.
Мығым достың қолын қысқан,
Бейбіт елдің жолын құшқан.
Тату-тəтті көршіліктен
Айнымаған Ауғанстан.
Ауғанға соқты жаңа сəуір желі,
Арманға жетелейтін тəуір лебі.
Еркіндік тұңғыш рет ту көтеріп,
Əділдік алғаш рет дəуірледі.
 Азат құстай самғап ұшқан,
Сəуір туын асқақ ұстан.
Осы бағыт, осы жолдан
Аумағайсың, Ауғанстан.
Жанардан қасіреттің жасы құрғап,
Жаңарған толқындармен тасы, мұрғаб.
Қаласы Кабул-Бағлан, Герат-Ғазна,
Арасын жалғастырсын асыл мұрат.
Аңсап күткен əуел бастан
Жаңа дəуір – жаңа дастан.
Таудай биік талаппенен
Алға басқан Ауғанстан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу