Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  143


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЖИЫРМА ЖАС

Айтсаң айт от-жалынды жиырма жасты,
Жігері шым қопарып, шыңнан асты,
Жаңа бір жарқын істі бастап берген
Үлгісі бірден-бірге мыңға ұласты.
Білімнің қайнарынан сусындаған
Жиырма жас ақ алмастай қылшылдаған.
Сыймастай портфеліне сырлары мол,
Өнерпаз, өршіл болып тусын да адам.
Заводтың зəулім цехын меңгергендер,
Құрметтің нақ төрінен мен көрген ер.
Бұлардың жасағынан жасқанады
Кей көше бұрышында сенделгендер.
 Күнге өрлеп, құрылыс тасын биіктеткен,
Жарты əлем жанарына сыйып кеткен.
Екпінді еліміздің жігіт-қызы
Өздерін еңбегімен сүйікті еткен.
Туған жер намысымен елде қалған
Көрдің бе бойжеткенді фермалардан.
Табасың танаптардан бозбаланы
Кеудесін асқақ арман кернеп алған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу