Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  123


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ҚОШ КЕЛДІҢДЕР

 


Қош келдіңдер, төрге шық,
Украин бауырлар.
Ақ пейілі көл-көсір
Алдарыңда ауыл бар.
Тақыр кілем жайғаным –
Таза жиған егінжай.
Қонағуар аймағым
Аталмаған тегін, жай.
 Дастарқаны – даласы,
Асыл дəмі – дəні бар;
Бас тартады баласы,
Қазақ сыйын қабыл ал.
Днепрдің ақынын
Есілімде қарсы алам,
Көз ұшынан шақырып,
Қол бұлғайды тал саған.
Қарттарымыз қаумалап,
Жастарымыз қол соғар;
Жанарыңды баурап ап,
Көңіліңе ой салар:
Украин, қазақ көп,
Қатар тұрған қауышып.
Достық барда – ғажап көп,
Айта алмайсың тауысып.
Ежелден-ақ еліміз
Арманы бір егіздей;
Ұлан-байтақ жеріміз
Қайнары бір теңіздей.
Ақын Тарас жерінде
Қазақ жігіт қан төкті,
Ақын Абай елінде
Украин тер төкті.
Күндер өтті бұлыңғыр,
Достық – бізге мол мұра.
Қосылсыншы бүгін бір
Домбыра мен Бандура!


1966 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу