Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  108


Автор: Жарасбай Нұрқанов

АҚАН ƏНІ

Кешкісін қалжырап қайтқаныңда,
Кез болсаң Ақан əнін айтқанына:
Алдыңнан самал есіп кеткендей бір,
Жазғы күн жаймашуақ төккендей нұр;
Үлбіреп ақша бұлттар ауғандай боп,
Тал түсте жылы жаңбыр жауғандай боп;
Керіліп кемпірқосақ қалды білем,
Жапқандай қара нарға қалы кілем;
Қосылған бұйра бұлақ сылдырынан,
Жас құрақ, жасыл бұта сыбдыры ма?
Бозторғай торғын көкте сайрағандай,
Кең тоғай, болат шалғы қайрағандай;
Жаныңды жанып-жанып алатұғын,
Сусыл-ау сұқсыр үйрек қанатының.
Мөлдірде қалтқының сəл қалтылдауы,
Əуе де алтын шабақ жалтылдауы;
Сал толқын сақинасын таққандай мол,
Шыжымдап тереңнен ау тартқандай қол;
Түскендей батар күннің жалқыны əнге,
Адасқан қараша қаз қаңқылы əлде;
Əлде бір сыңар аққу сыңсуындай,
Теңіздің теңселіп кеп тыншуындай;
Айдында айдың қасқа жолындай боп,
Заңғарда жанған жұлдыз шоғындай көп;
 Аңқытып хош иісін жалбыздайын,
Аулақта томсарғандай жалғыз қайың;
Мұң шалып, мұнартқан бір тылсым жайға
Əкетер Ақан əні шым-шым, майда...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу