Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  123


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ҚЫРКҮЙЕКТІҢ ТАҢЫ

Шай кеседей сағаттың шылдырынан
Шырт ұйқысын бұздырып тұрды ма ұлан?
Терезенің шілтерін серпіп еді:
«Жігітсің!» деп Күн тəтей күлді бұған.
Сергек таңы қырқүйек айының бұл,
Жинар енді еркелік айылын ұл.
Бұла күндер бұлағын болдың кешіп,
Айдынына білімнің қайығын бұр.
Өзі гүлдей,
қолына гүл ұстаған,
Бүлдіршінге бүгін бұл – тұңғыш қадам.
Тұңғыштарды қанша жыл қарсы алды ұстаз,
Самайынан соншама күміс табам.
Желбіреген көгілдір галстугі,
Жеткіншектің көбіне таныс түрі.
Қол ұстасып алғанда алтыншылар
Оныншылар өзінше қалыс тұрды.
Шəлкем-шалыс мінезі бар-ау ептеп,
Шаң боратты бір бала. Байқа, тек, тек!
 ...Қарпаңдардың талайын жиып алып,
Кісі қылып шығарар, шіркін мектеп!!
Əне, күміс қоңырау күмбір қақты,
Күлім қаққан шəкірттер кіріп жатты.
Тыныш қалып əпсəтте бүкіл мектеп,
Ең алғашқы сабақ та жүріп жатты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу