Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  146


Автор: Жарасбай Нұрқанов

О, ҚЫЗЫЛЖАР!

Атың сенің елге мəлім,
Естіген жұрт қызығар.
Сен дегенде менің əнім,
Үзілмейді, Қызылжар!
О, Қызылжар, Қызылжар!
Еркін өмір арнасында
Ержеткен ұл, қызың бар.
Сұлу Есіл жағасында
Суың кəусар, Қызылжар!
О, Қызылжар, Қызылжар!
Туған жердің ажарына
Шіркін көңіл ынтызар.
Аңсарым да, назарым да
Саған ауған, Қызылжар!
О, Қызылжар, Қызылжар!
Тартқан сымдай көшелерің,
Өн бойыңда қызу бар.
Өскен сайын өсе бергін,
Көркем қала – Қызылжар!
О, Қызылжар, Қызылжар!
Самал ескен əсем жазың,
Əр перзентің сағынар.
Ақ бораның, сары аязың
Ыстық бізге, Қызылжар!
О, Қызылжар, Қызылжар!
Аңсап жүрген кеудемізде
Ақ жалын бар, Қызылжар.
Алты алаштың зердесінде
Мағжаның бар, Қызылжар!
О, Қызылжар, Қызылжар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу