Өлеңдер ✍️

  02.02.2022
  105


Автор: Светқали Нұржан

Жын-шайтан жайлы жыр

Әжем айтқан ертектерде —
Кіл сойқан
Үрейімді ұшырушы ед жын-шайтан.
"Шайтан деген бұл неғылған сорлы жұрт?!"
Деп ойлаушы ем...
Асылдарды қор қылып,
Жүретін-ді олар ылғи ертекте
Адамдыққа, адалдыққа тор құрып.
Бұл күндері сенбесем де ертекке,
Осы өлеңді бастағам жоқ мен текке.
Әлі күнге көрмесем де жын-шайтан,
Шын шайтанмен болатындай бір сойқан.
...Күні кеше орталықта селк еттім,
Бәлкім, бұл да шарпуы ма ертектің?
Бір келіншек сүйіп алып нән итті,
Ерінінен жалап тұрды еркектің.
Басқаша емес, жын-шайтаннан қорыққан
Тап осылай болады екен, соны ұққам.
Ертөстіктей сезіндім мен өзімді,
Шойынқұлақ, Бекторыға жолыққан.
Бұл да құрсын! —
Тай қазанда пісетін
Етті көріп, сыздап кетті тіс етім.
Иттің етін жейтіндерді естуші ек,
Жейтіндер де көбейіпті кісі етін.
Бұл да құрсын! — Абайға да Қасымға,
Тас сыбаған қылығыңды жасырма!
Адам етін жеуде не тұр, тәйірі,
Адам жанын жейтіндердің қасында?!
Бұл күндері сенбесем де ертекке,
Осы өлеңді жазғаным жоқ мен текке.
Әлі күнге көрмесем де жын-шайтан,
Жын-шайтанмен болатындай бір сойқан.
Шымшық құсап жем болатын қырғиға,
Күйзелсем-ақ ой туады ылғи да.
Ашып айтсам, сондағы ойым мынау-ды:
Заманаға бейімделіп сұм әлгі,
Ертектерде кездесетін кіл сойқан —
Кісі кейпіне енген шығар жын-шайтан?..
Әжем байғұс, "шайтан өлмес," — деуші еді,
Сол ұғымның менде қапты бөлшегі.
Ібілістер жайлап мәрмәр кеңсені,
Құл қылардай, езіп мәңгі еңсені.
...Сен не біліп мәз боласың күрсінсем,
Мен — Адаммын!
Ал сен, айтшы! —
Кімсің сен?..
Осы сауал — қалқандай боп құлағы,
Менің мәңгі қарсы алдымнан шығады.
Қалалар тұр — мәрмәр үйі қаптаған,
Бәлкім, Адам, бәлкім, Жынның тұрағы...

1983 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу