Өлеңдер ✍️

  02.02.2022
  116


Автор: Светқали Нұржан

Жампоз інгенде жан тарту

Анасы жарытпаған сәби қай малдың сүтімен ауызданса, мінезі соған тартады.
Халық ұғымы.

Маң, маң бір басқан, паң басқан,
Топшы шудасын шаң басқан,
Түйеде — текті жампозым,
Мөлт ете қалған жанарың—
Жұлын-өзекті тіліп бір түскен алдаспан!
Япырмай, неге қарадың
Көзіңді менен алмастан? —
Адамнан Зият — қарағым,
Таныдың білем иеңді —
Талайдан бері ат ізін кеткен салмастан.
Босатып менің жүйемді,
Қадама бұлай көзіңді. —
Мезгілде кінә — алға асқан.
Ұғар ма екенсің сөзімді
Сағыныш, нала арбасқан.
Серік қып желік — сезімді,
Ерткен де кеткен өзімді
Шағылды қырлар,
Сағымды жылдар жалғасқан...
Айтатын саған арызым—өлең,
Бошалап астым көп қырдан.
Жайым бар сенше қазығыма мен
Боталап қайтып кеп тұрған.
Аманмын, шүкір, қауіп, қазадан,
Әйтсе де тәнді арыттық. —
Құлапты өркешің ауыт қажаған,
Бейнетке туған жарықтық.
Жастық шарабы санамды жуып,
Көктемдер кештім сәруар,—
Жүрсің бе сен де сораңды қуып,
Ащыға құмыр жануар?!
Құладым талай жарға бір өзім,
Аңдамай басып аяқты.
Өзіңнен жұққан арда мінезім
Жегізді қанша таяқты.
Сағыммен енді жарыса алам ба?—
Тайраңшыл дәурен озды, әні,—
Жаңғырып кетті тағы санамда
Ботақан-шақтың
боздауы...
Амал не, мен де талай оқталдым
Жетуге елге қашып бір...
Орынын енді ала ноқтаңның
Мұрындық, бұйда басыпты.
Тағдыр тезіне көнеді екенсің,
Өткен соң бастан жұт неше. —
Кез-келген жерге шөге кетесің,
Бұйдаңнан тартып "шұқ" десе!..
Дегенмен кейде шалғайға маңып
Кетемін — арбап сыбызғы- үн.
Татыған шақта таңдайға дәмі
Өзіңнен татқан уыздың.
Жанымды сонда қозғап қыр әні,
Жүректегі иіп тұмса-мұң —
Жырымда менің боздап тұрады,
Жырақтан жеткен бір сарын... 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу