Өлеңдер ✍️

  01.02.2022
  252


Автор: Ақан Сері

Әділ мен Ақанның айтысы

Әділ:
Ақан-ау, бұрынғыдай әнің жоқ па?
Ылғи саймен жүресің, дөңің жоқ па?
Ақан, сенде бар дейді үш перизат,
Ағаңа кәрісінің жөні жоқ па?
Ақан:
Атаң сенің Малқара батыр екен,
Батырдың бұрынғы өткен ақыры екен.
Қазақтың қара ақымағы қайда десем,
Жиылып Құттыбайда жатыр екен.
Әділ, сен тура жолды басқаның жоқ,
Бірдей боп бақ-дәулетке тасқаның жоқ.
Патшадан наград тілек етсеңдағы,
Басынды наследникпен қосқаның жоқ.
Әділ:
Алармын ұрып-соғып борсығымды,
Айналдырып шығарып ұршығыңды.
Өнерге мен сабадай толықсимын,
Жаныма байлатарсың торсығыңды.
Ақан:
Әділ-ау, ойлап тұрсам ақылың жоқ,
Бар болса тіпті оның пайдасы жоқ.
Толған торсық сықылды мен толғаймын,
Құр саба неге керек қымызы жоқ?!
Әділ:
Есенбай бәріміздің атамыз-ды,
Қисық болсаң түзерсің қатаңызды.
Ежелден Әділ ағаң емес пе еді,
Біздің неге алмайсың батамызды?
 Ақан:
Есенбай бәріміздің атамыз-ды,
Қашан мен алушы едім батаңызды.
Қисық ағаш секілді қыңыраясың,
Тезге салып түзермін қатаңызды.
Әділ:
Алдында Әділ ағаң елестеді,
Қайда жақсы жиылса кеңеседі.
Қатамызды түзесең түзерсіз,
Ағаң сенің Меңдібай молда емес пе еді?!
Ақан:
Біздің елдің күлдің бе ағасына,
Сөзім енді келеді арнасына.
Сенің ағаң Арыстанбай емес пе еді,
Біреудің дұға қылған моласына?
Әділ:
Билік, ерлік, балуандық қылдым қанша,
Қызметімді көп көрген жұртым барша.
Ежелден баян түгел сол атаңның
Сен емес пе ұрыншақ мал табарша?
Ақан:
Әділ-ау, тіл тигізбе біздің затқа,
Жамандап шет боларсың әрі ұятқа.
Еркесі еліміздің біз боламыз,
Атымыз белгілі ғой әрбір жаққа.
Әділ:
Бір кезде жүруші едік топта сайрап,
Жігіттікте біз жүрдік гүл-гүл жайнап.
Бәйге алмаған жерім жоқ екі дайда,
Топтан озған мен жүйрік шырқап жайнап.
 Ақан:
Суындай тас бұлақтың сығылғансың,
Торғайдай қорқып ұшып бұғынғансың.
Несіне, Әділеке, мақтанасың,
Шыңғыстан қорыққаныңнан тығылғансың.
Қайын атаң Тілеуғабыл кесірінен,
Тоқадан екі қабат жығылғансың.
Әділ:
Сөзімнің менің айтқан жөні жоқ па,
Ақан-ау, біздің сөзге енді тоқта.
Үш әйел бар дейді ғой бір басыңда,
Кемпірінің енді маған жөні жоқ па?
Ақан:
Малғара бабаң сенің батыр екен,
Арыстанбай батырлардың ақыры екен.
Ақмақты қайда екен деп іздеп жүрсем,
Бұл үйде ыңырсып кеп жатыр екен.
Құр өтірік жаланы жауып алдың,
Баяғы ит мінезбен қауып алдың.
Мақтаншақ өзін-өзі көтергенді
Ішінен Құттыбайдың тауып алдым.
Бойыңа біткен сенің белгілерің,
Қағазға сорып басып салып алдым.
Жыныңды көптен бергі арылмаған,
Тулақша бір-ақ сілкіп қағып алдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу